Қазақ халқы үшін Ту – жай ғана мата емес, жүректің айнасы, елге деген адалдықтың символы. Reddit қолданушылары Қазақстанның туын әлемдегі ең әдемі ту деп бағалады. Алайда, оның қалай жасалғанын, қанша талас-тартыс арқылы қабылданғанын аз адам ғана білетін.
Сол Көк Тудың артында – 1 200 қатысушысы бар байқау, билік эшелондарындағы қызу пікірталастар, бәрін өзгертуге тырысқан депутаттар және мемлекеттің символын өз қолымен тігіп, елдің сенімін арттырған бір суретші тұрған еді.
«Qazaq» газеті мемлекеттің рухын жасаған сол бір тұлға туралы және осы оқиғаның егжей-тегжейін былай баяндайды.
Қазақстанның туын әлемдегі ең әдемі деп таныған қолданушылар дұрыс айтқан. Оның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әйгілі суретші Шәкен Ниязбеков (1938-2014) болатын.
1992 жылдың басында тәуелсіз Қазақстан өзінің мемлекеттік символдарын – Туын, Елтаңбасын, алғашқы Әнұран сөздері мен музыкасын жасауға арналған байқау жариялап, мемлекеттік символдар комиссиясына 1 200 ту ұсынылады.
Республика жаңа ғана тәуелсіздік алғандықтан, куәгерлердің айтуынша, патриотизм факторлары байқауда қызу талас тудырған. Көпшілік материалдық марапат үшін емес, елге деген сүйіспеншілікпен қатысқан. Сол жылы инфляция рекордтық деңгейге жеткендіктен, бастапқы сыйақы байқау аяқталған кезде құнсызданып кеткен тұғын.
Байқауға қатысушылардың ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, тарихшылар, жазушылар, суретшілер және министрлерге дейін болды. Бұл таңқаларлық емес, байқауға барлығының да қатысуға құқығы болды. Айталық, АҚШ-тың тәжірибесі әлемге үлгі, міне, сол алпауыт мемлекеттің туын бір кездері үй шаруасындағы әйел жасағаны көпшілікке белгілі.
Шәкен Ниязбеков сол кезде тәжірибесі мол суретші еді. Ленинград өнер-индустрия институтында студент кезінің өзінде-ақ теледидар корпусын жасау байқауының, кейін «Миру – мир» плакат байқауының жеңімпазы атанған. Алматыда да көптеген байқауларға қатысып, жеңістерге жетіп, мысалы, астаналық парадқа арналған жаңа алаңды безендірген.
Ту жасауға ол жарты жыл уақытын жұмсаған. Бірегей нұсқаны жасау үшін әлемдегі барлық ту үлгілерін зерттейді. Басқа қатысушылар үш түсті, қызыл, сары, қоңыр түсті ту жасаған болса, ол көк түсті, жіңішке жасыл реңкі бар түсті таңдап, сол қажетті түсті матаны қала бойынша іздеп, бірақ таппайды. Ақырында көк матаны Ленинград өнер училищесінде бірге оқыған курстасының әйелі, «Сымбат» сән үйінде суретші болып жұмыс істейтін адам тауып береді.
Сөйтіп, табылған матадан туды өзі қолмен тігіп, күнге көтерілген қыранды және ою-өрнекті жарқыраған алтын түсті материалдан кесіп, үтікпен матаға жапсырып шығады.
Бастапқыда оның туы төртінші орынды иемденіп, қорытынды нәтижесінде мемлекеттік символдар комиссиясы бірінші орын береді. Бірақ, жеңімпаз деп санау ерте болатын, себебі соңғы шешімді Жоғарғы Кеңес қабылдайды. Онда тағы да біраз пікірталас орын алады. Десе де, ол көп депутатты өз жағына тарта білді. Кейбіреулер туға міндетті түрде шеңбер қосу керек деп талап еткенде, Ниязбеков: «Кешіріңіз, ол қазір Қырғызстанда бар. Неге біз қайталауымыз керек? Басқа символдар жоқ па?» – деп жауап берді.
Келесі біреулері: «Қазақстан мұсылман мемлекеті болғандықтан, жарты ай болсын», – деді.
«Мен өз дінімді құрметтеймін, бірақ, бұл дегеніміз, біз туымызды мешітке сай етіп жасауымыз керек деген сөз емес», – деп өз нұсқасын қорғады автор.
Тағы біреулері сегіз қырлы жұлдыз ұсынды, бірақ ол Әзербайжан туында бар еді, төртіншілер – басқа нұсқалар. Оларға Ниязбеков көп мән бермеді, өйткені оның туының соңғы нұсқасын әлі ешкім көрмеген еді. Ақырында депутаттар алдында Көк Ту күнмен бірге көтерілгенде, құптаған көпшіліктің дауысы басым түсті.
Неліктен көк түсті таңдағаны дауыс бергеннен кейін белгілі болды. Шәкен Ниязбеков: «Көпұлтты Қазақстанның халықтары өмір сүретін көк аспан бөлінбейді», – деді бір ауыз сөзбен.
Тек ою-өрнекті сәл өзгертуге тура келді. Кейін, бірінші президент Назарбаевтың ұсынысымен, ұлттық мотивтер одан әрі айқын және терең етіп безендірілді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы 1992 жылғы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясында бекітіліп, 6 маусымда ресми түрде көтерілді.
Түйін сөз
Қазақстан Туының артында елге деген шынайы сүйіспеншілік, қажырлы еңбек пен патриотизм жатқан еді.
Көк аспан, алтын қыран, ою-өрнектің әр деталі – халықтың бірлігін, тәуелсіздіктің қадірін бейнелейді. Елдің символын қорғаған Шәкен Ниязбековтің ерлігі бүгінгі ұрпаққа – өз Отанын сүйіп, қадірлеу керектігінің үлгісі екені анық.
Бұл Ту – бізге ғана емес, әлемге де Қазақстанның біртұтастығын, батылдығын паш етеді. Көк аспанымыз бүтін, ел болашағы жарқын, ал әр қазақтың жүрегіндегі адалдық пен сүйіспеншілік – мемлекеттің ең мықты тірегі.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ












