Қарқара жайлауына қарай бет алып келеміз. Көңілде ерекше толқу, жүректе жанға жайлы бір тыныштық. Қарқара десе елең етпейтін жан бар ма?! Кеген ауданындағы Қарқара жайлауының аты алысқа кеткен, тарихтың алтын парағына жазылған қасиетті мекен. Қырмызы гүлге көмкеріліп, көкорай шалғынға оранған хан жайлау қымыз бен гүлдің аңқыған иісін ала келеді. Дәл осы жерде әйгілі Қарқара көтерілісінің оты тұтанды. Ұзақ пен Жәмеңке сынды қаһармандардың жүрек тербер сөзін тыңдау үшін қалың ел жиналған Ереуілтөбе де осында. Хан жайлаудың төрінде атақты Қарқара жәрмеңкесінің ізі, Ұлы Жібек жолының бір соқпағы сақталған. Бұл өлкенің топырағына ұлы қаламгерлер Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров табан тіреп, шығармаларына шабыт алған. Қарқара табиғаттың көркі ғана емес, ұлт рухы мен тарихының үнін сақтап тұрған қасиетті мекен.

Аспанмен астасқан айбынды Алатаудың баурайы, мың сан гүл көмкерген кең жайлау, самал желмен тербелген көк майса. Осы бір көркем мекенде қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрі қайта жаңғырып, ұлттық рухтың ұлы мерекесіне айналған «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-спорттық фестивалі салтанатты түрде басталды. Бұл жолғы мерекенің мәні бұрынғысынан да ерекше. Биылғы дүбірлі мереке қазақтың көрнекті ойшылы, әділ биі, ел бірлігінің темірқазығына айналған Абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды. Сонымен қатар алғаш рет республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар күнтізбесіне еніп, еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың басын қосты.
Таң шапағы жаңа ғана тау шыңдарын алтын түске бояй бастағанда-ақ Қарқара жайлауы бұрын-соңды болмаған қарбаласқа бөленді. Ақ шаңқан жүзден астам киіз үй бой көтеріп, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген этноауыл алыстан менмұндалайды. Қолөнершілердің көрмесі, зергерлердің бұйымдары, қылқалам шеберлерінің туындылары, ұлттық тағамдардың хош иісі, сабадан құйылған қымыздың жұпар лебі – бәрі де келген жанды қазақы дүниенің тереңіне жетелейді. Ұлы даланың сайын төсінде өткен айтулы шараға еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам ағылып келді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан секілді бауырлас мемлекеттерден келген меймандар да қасиетті Қарқара төрінен табылып, қазақтың бай рухани мұрасына куә болды.
Мерекеге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, Президенттің ұлттық құндылықтарды сақтау мен төл мәдениетті дәріптеуге айрықша мән беретінін атап өтті.
– Президент айқындаған ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи мұраны сақтау және дәстүрді жаңғырту саясаты осындай игі бастамалар арқылы нақты жүзеге асып келеді. Қуантатыны бүгінде «Қымызмұрындық» еліміздің көптеген өңірінде қайта жаңғырып, туристердің де ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Қасиетті Кеген жерінде өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық бірегейлікті бекемдей түсетін тағылымы мол мереке екеніне сенімім мол. Ата-бабадан аманат болып жеткен асыл мұраны заман талабына сай жаңғыртып, оны кеңінен насихаттау баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде қымыз өндірісіне жаңа технологиялар енгізіліп, оны сақтау, өңдеу және әлемдік нарыққа шығару мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бұл ұлттық мұра мен заманауи жаңашылдықтың үйлесімді үндестігінің айқын көрінісі, – деп пікір білдірді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Ол Хантәңірінің бөктері, Қарқара жайлауы мен Мыңжылқы алқабы Қазақстанның табиғи жауһарлары екенін айтып, мұндай этнофестивальдер қазақ мәдениетін әлемге танытып, халықтың рухани тұтастығын нығайтатынын жеткізді.


Фестиваль барысында сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев соңғы үш жылда мерекенің ауқымы бірнеше есе артқанын атап өтті.
– Биыл «Қымызмұрындық» мерекесі алғаш рет республикалық мәдени күнтізбеге енгізілді. Бұл фестиваль мәртебесінің артқанын айғақтайтын маңызды қадам. Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін туристердің қызығушылығын арттырып, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен танытуға жол ашты. «Қымызмұрындық» ұлттық дәстүрді дәріптейтін мереке ғана емес, оқиғалық туризмді дамытатын, халқымыздың мәдени мұрасын насихаттайтын және өңірдің ерекшелігін айшықтайтын бірегей алаң, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Аймақ басшысы Кеген өңірінің туристік әлеуетіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы ғана Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркінде 600 мыңға жуық турист болған. Ал жалпы Алматы облысына келген туристер саны 2,5 миллионнан асқан.
– Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантәңірінің бөктері, Қарқара жайлауы бүгінде Қазақстанның туристік брендіне айналып келеді. Біздің мақсат туристер санын көбейту ғана емес, олардың қазақ халқының тарихын, мәдениетін және табиғатын тереңірек тануына мүмкіндік жасау. Сондықтан экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасымен толық үндеседі, – деп өз ойын білдірді облыс әкімі.
Қатар-қатар тігілген киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Әр ауыл көздің жауын алар көрмелерін алға тартыпты. Киелі келісаппен дән түйген, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтіреді. Ат әбзелдері, қол өнер туындылары молынан ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің неше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн-жоралғыларымызға деген, қымбатты қол өнерімізге деген қызығушылығы мен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық. Бұл әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз. Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты – жастарға өнеге, тағылым ету болып табылады.


Мереке аясында республикалық деңгейдегі ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген сайыпқыран спортшылар бақ сынады. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлері көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты. Сонымен қатар қазақ эстрадасының танымал өнер жұлдыздары қатысқан думанды гала-концерт ұйымдастырылып, мерекенің шырайын аша түсті. Ауқымды мәдени шараға 30 мыңнан астам адам жиналып, Қарқара төрі думанға бөленді. Хан жайлауда 250 киіз үй тігіліп, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға 2 тонна қымыз ұсынылды.
Мерекенің қызған шағында өткен аламан бәйге де жұртшылықтың ерекше ықыласын аударды. Екі жүзге жуық шабандоз бақ сынаған дүбірлі додада сәйгүліктердің жүйріктігі мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсті. Бәйгенің жүлде қоры да ауқымды болды. Бас жүлдені иеленген жеңімпазға Jetour X70 FL Prestige автокөлігі табысталса, екінші орынға – 2,5 миллион теңге, үшінші орынға – 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл – ұлттық спортқа көрсетілген қолдаудың нақты көрінісі. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған сайыстардың бірі – «Түйе палуан» бәсекесі болды. Күш пен қайрат сыналған бұл дода көрермендердің делебесін қоздырса, ежелден келе жатқан «Қошқар көтеру» сайысы ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте паш етті. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген азамат оны өз жүлдесі ретінде иеленді. Ал «Алыптар сайысы» нағыз күш иелерінің тартысына ұласты. Қатысушылар найза лақтырып, темір шыбық иіп, ауыр тасты көтеріп жүріп, 100 келілік бөренемен жаттығу жасап, тіпті 500 келілік арбаны сүйреп, өздерінің ерен күш-қайратын көпшілікке паш етті. Әр кезеңі тартысқа толы өткен додада үздік шыққан жеңімпазға 1,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлде табысталды.


Мың жылқының дүбірі – сайын даланың рухын оятқан сәт
Фестивальдің ең әсерлі әрі көпшіліктің жадында ұзақ сақталатын көрінісі Кеген ауданындағы ипподромда өтті. Кең байтақ дала төсіне дәл бір мезетте мыңға жуық жылқы шығарылып, қазақ халқының жылқыға деген құрметі мен көшпелі өркениетінің айбынын айшықтаған таңғажайып көрініс көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Төрт жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль тарихында мұндай ауқымды жылқы шеруі алғаш рет өткізілді. Дүбірлеген мың жылқының тұяқ үні Қарқараның қасиетті даласын жаңғыртып, көрермендердің жүрегіне ұлттық рух пен мақтаныш сезімін ұялатты. Ипподромды кернеген дүбір, еркіндіктің символына айналған тұлпарлардың тегеурінді шабысы қазақ даласының кешегісі мен бүгінін жалғаған ерекше көрініске айналды. Мыңдаған көрермен бұл тарихи сәтті тік тұрып, ұзақ қол шапалақпен қарсы алып, ұялы телефондарына түсіріп, тамсана тамашалады. Жай ғана жылқы шеруі емес, ұлт рухын асқақтатқан, ата дәстүр мен бабалар мұрасын ұлықтаған тарихи сәт болды.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, елімізде бір шара аясында мұндай көлемде жылқы шеруін өткізу бұрын-соңды болмаған.
– Бұл «Қымызмұрындық» фестивалі тарихындағы айтулы белес. Биыл мереке алғаш рет республикалық мәртебеге ие болып, ұлттық мәдени күнтізбедегі маңызды іс-шаралардың қатарына қосылды. Әлмерек бабаның 368 жылдығымен тұспа-тұс өткен думанды той халықтың зор ықыласына бөленді. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қатар, шетелдік туристер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер майталмандары қатысты. Бүгінде «Қымызмұрындық» Кеген өңірінің ғана емес, күллі қазақ жұрты асыға күтетін ұлттық рухты ұлықтайтын, дәстүр мен мәдениетті тоғыстырған тағылымды мерекеге айналды, – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Оның айтуынша, алғашқы жылмен салыстырғанда фестивальге келушілер саны он есеге жуық артқан. Аудан әкімі фестивальді ұйымдастыруға 250-ден астам кәсіпкердің атсалысқанын айтты. Шара шығындарының басым бөлігі жеке инвестиция есебінен қаржыландырылса, аудандық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген.


– Қарқараның қасиетті төрінде ұйымдастырылған Қымызмұрындық мерекесі маған ерекше әсер қалдырды. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен қонақжайлығын кеңінен танытатын үлкен мереке екен.Табиғаттың әсемдігі, халықтың дарқан көңілі, ұлттық ойындар мен өнерпаздардың өнері бәрі үйлесім тауып, ерекше атмосфера қалыптастырған. Осындай игі бастамалар ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, қазақтың бай мұрасын әлемге танытуға үлкен үлес қосады деп сенемін, – дейді шетелден арнайы келген мейман.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің тұсынан көк түтін шұбатылып жатса, қазақтың сүт тағамдарына толы ақ дастархандары қонақтарынан босаған жоқ. Ел-жұрт бие байлайтын ағайынның шаңырақтарынан табылатын бесті қымыз, дөнен қымыз секілді көптеген атпен ерекшеленер түрлі-түрлі қымызынан дәм татты. Қонақжай шаңырақтардан қымыз иісі аңқып, ән мен жырға да кезек беріліп жатты. Қара домбырамыздың майда қоңыр үні түңліктерді желпінтіп тұрды. Сөйтіп, жаздың шуақты күнінде ұлттық рухымыз асқақтап, сан қырлы өнеріміздің мейманасы тасыды.
Қарқарадағы бір күн тұтас бір ғасырдың шежіресін көз алдыңа әкелетін тағылымды сапар болды. Мұнда өткеннің өнегесі мен бүгіннің тынысы, бабалардың аманаты мен болашаққа деген сенім тоғысты. Қымыздың қасиетін, жылқының киесін, ұлттық ойындардың рухын, қазақтың дарқан көңілі мен кең пейілін әлемге тағы бір мәрте паш еткен «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісіне айналды. Қарқара төрінде жаңғырған бабалар үні, дүбірлеген тұлпарлар, көкке көтерілген ақ тілектер – бәрі де бір ғана ақиқатты аңғартты: ұлтының тамырынан нәр алған халықтың рухы ешқашан әлсіремейді. Осындай тағылымды тойлар қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап қана қоймай, қасиетті даламызды әлемге танытатын рухани көпір болып қала беретіні сөзсіз.
Индира БІРЖАНСАЛ









