Карантиндегі кино: «Стоп! Камера!»

0
5514

Қазақстанда жылына шамамен 70-тей фильм жарыққа шығады. Соның қырыққа жуығы прокат арқылы қалың көрерменге жол тартады. Қалғандарын Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы халықаралық фестивальдерге арнап түсіреді.

Прокатқа шыққан фильмдерге де сұраныс жоғары. Соның нәтижесінде елімізде соңғы бес жылда кинозалдың саны 249-дан 320-ға жетті. Барлығы 96 кинотеатр жұмыс жасайды. Мәселен, 2018 жылы 17,8 млн қазақстандық кинотеатрға бас сұғып, 18,4 млрд теңгеге киноға билет сатып алды. Соның 82%-ы отандық фильмді көрді.

Биыл Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» туындысының төртінші бөлімі Қазақстан кино тарихындағы ең табысты фильм атанды. Атап айтқанда, 45 күн бойы прокаттан түспеген «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясының кассалық түсімі 1,1 млрд теңгені құрады. 2016 жылы отандық франшизаның алғашқы «Бизнес по-казахски» туындысы 299,7 млн теңге табысқа кенелсе, 2017 жылы «Бизнес по-казахски в Америке» 581 млн теңге, 2018 жылы «Бизнес по-казахски в Африке» 772,3 млн теңге жинады. Ал, былтыр көрерменнің сұранысына ие болған ондаған отандық кино прокатқа шықты. Айталық, мемлекеттің қолдауымен түсірілген Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі 508,2 млн теңге, Нұртас Адамбайдың «Әкім» фильмі 700 млн теңге, Құралай Анарбекованың «Брат или брак-2» фильмі 377,1 млн теңге кассалық түсім тапты. Өкінішке қарай, биыл карантин Қазақстанның киноөндірісіне кері әсер етеді.

ҚР «Кинематография туралы» заң аясында былтыр Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Бұл орталық қызметінің негізгі бағыты – ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту. Аталған орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті жобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, кинематография саласында субсидиялар беру іске асады. Осы бір жылдың ішінде бірнеше фильм қаржыландырылды. Сөйтіп, Қазақстан киноөндірісіне жаңа серпін берді.

Қазіргі пандемия жағдайында сол Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының биылғы жоспарына еніп үлгерген фильмдерді карантиннен кейін қайта жалғастыруға мүмкіндік бар. Ал, жекелеген режиссерлер өздері тапқан қаржыға түсіріп жатқан туындылардың жағдайы күрделі. Коронавирус оларды шығынға батырады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының материалдық қолдауына ие болған Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмі карантинге байланысты түсірілімі басталмай жатып тоқтады. Мысалы, фильмнің кейбір кадрлары көктемде түсірілуі керек еді. Коронавируспен алысып жүргенде көктемнің де аяқталуына аз уақыт қалды. Енді режиссер не фильмнің сценарийін өзгертеді, не келесі көктемді күтеді.

Әрине, өндірістің ұзақ уақытқа тоқтап қалуы фильм бюджетінің шығынын көбейтеді. Осылайша, мемлекеттің қолдауына үміт артпайтын басым режиссерлер тығырыққа тіреледі. Өйткені, олар туындыларын жеке инвестордың қаржысына түсіреді. Карантинге дейін фильм түсірілімі аяқталып, жұмыс продакшен алдында тоқтаса, онда кинотеатрлардың есігі айқара ашылғаннан кейін туындыны прокатқа шығарып, шығынға батудың алдын алуға  болады. Ал, жұмыс фильм түсірілімінің ортасында тоқтаса, онда шығынды қазірден санаудан басқа амал жоқ. Демек, Ақан Сатаев сияқты мемлекеттің қаржысына кино түсіретін режиссерлер ғана жұмысын жалғастырады. Оларға бюджеттен қаржы қарастырылып қойған. Дегенмен, карантиннен кейінгі мемлекеттік қаржыландыру мәселесі басы ашық күйінде қалды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы да кедергіге кезікті.

«Бүгінде карантинге байланысты өндірістік жұмыстар тоқтап тұр. Біздің питчингті жеңіп алған 17 фильмнің төртеуі ғана аяқталды. Солардың тұсаукесерін осы көктемде өткізу жоспарланған еді. Енді олар күзде ғана көрерменге жол тартады. Қалған 13 картинаның «тағдыры» әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, түсірілу уақыты кейінге шегеріледі», – дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Төрағасының орынбасары Айдархан Әділбаев.

Айдархан Әділбаевтың сөзіне сенсек, бірінші питчингті жеңіп алған туындылар қалайда жарыққа шығады, ал наурыздың басында, төтенше жағдай мен карантин жарияланар алдында өткен екінші питчингте жеңіске жеткен фильмдердің мәселесі кейін май шаммен қаралады. Қаржыландыру қайта қарастырылуы мүмкін. Бұл фильмдердің түсірілімі осы мамыр айы мен жазда басталуы тиіс болған-ды.

Отандық кинематографистер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұл салаға бағытталған бюджеттің қайта қарастырылатынына алаңдаушылық білдіреді.

«Туындаған мәселелердің оңтайлы шешілуіне барымызды салып жатырмыз. Продакшен басшыларына фильм бюджетін қайта қарауларын өтіндік. Алдымен жобалық құны жоғары көрсетілген жобалардың қаржыландырылуы қайта қарастырылады. Екі питчингте де аса жоғары бюджетпен келген жобалар болды. Басы артық шығындарды бюджеттен қысқарту керек. Біз әрқайсыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өйткені, бұл орталық пайда табуды көздейтін продюсерлердің жұмысын қаржыландырмайды, әлеуметтік тақырыптағы дүниелерді қолдауды мақсат етеді. Пайданы көздегендер фильм бюджетін жоғары көрсетуден емес, прокаттан ақша табулары керек», – деп түсіндіреді Айдархан Әділбаев.  

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Төрағасының орынбасары питчингке бір жарнамалау бюджетінің өзі 250-300 млн теңге болатын жобаларды продюсерлер әкелетінін айтады. Ал, шын мәнісінде, ол қызметке Қазақстанда 10-20 млн теңге де жетеді. Жалпы, Қазақстанда қысқаметражды фильмге 10 млн теңге, комедия, мелодрама, детектив жанрындағы толықметражды фильмге 100-180 млн теңге, тарихи фильмге 700-800 млн теңге жұмсалады.

Айта кетейік, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2019 жылы 18 жобаны қаржыландырды. Биылғы жылы 20 жобаны қаржыландыру көзделді. Дегенмен, коронавирусқа байланысты қаржыландыру көлемі қысқартылуы мүмкін.

«Семьянин», «Жена – не стена», «Келинка тоже человек» сияқты фильмдердің продюсері Әсел Сәдуақасованың айтуынша, осы көктемде көрерменге жол тартпақ болған отандық режиссерлердің фильмдері бар. Олар елдегі карантиннің аяқталғанын асыға күтіп отыр. Кинотеатрлардың жұмысы жанданғаннан кейін отандық фильмдерге сұраныс артады. Осы сәтті пайдалана білгендер үлкен олжаға кенеледі. Өйткені, киномандар кинотеатрды қатты сағынды.

Айта кетейік, Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» комедиясының үшінші бөлімі де коронавирустың құрбаны болды. Тұсаукесері кейінге қалдырылды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here