«Мүмкіндіктер кезеңі»: Отызында орда бұзған Тәуелсіздік құрдасы

0
4985

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тарлан тарих үшін қас-қағым сәт қана, ал «мың өліп, мың тірілген» (Жұбан Молдағалиев) қазақ халқы үшін ғасырға бергісіз осы 30 жыл ішінде Қазақстан дүниенің төрт бұрышы түгел таныған абыройлы мемлекетке айналды. Тәуелсіздік құрдастары да мемлекетпен бірге өсіп-өнді. Азаттық жылдары туғандар бүгінде орда бұзар жасқа да келді. Соның бірі – Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов. Отыз жастағы «Болашақ» түлегі қатардағы іс жүргізу инспекторынан облыстық басқарма басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті. Міне, отызында орда бұзған біздің бүгінгі кейіпкеріміз осылайша азаттық алған отыз жыл мүмкіндіктер кезеңі болғанын дәлелдей алды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін мемлекетке бергенінен әлі бермегені көп Нұрхан Жасұланұлын ашық әңгімеге тартады.

«ӨМІР ЖОЛЫМДА ЖАҚСЫ АДАМДАР КӨП ЖОЛЫҚТЫ»

Нұрхан Тілеумұратовтың әкесі – дәрігер, анасы – мұғалім. Кішкентайынан белсенді, ізденімпаз болып өсті. Көкірегі ояу, көзі ашық ата-анасы балаларының осы қасиетін дамытуға барын салды. Түрлі үйірмелерге жетектеп апарды.

«Ата-анам мені әрдайым қолдап, бойыма өмірлік құндылықтарды сіңірді. Адамды өмірге ата-анасы әкеліп қатарға қосқанмен, азамат болып қалыптасуына ортасы үлкен үлес қосатыны белгілі. Шүкір, өмір жолымда жақсы адамдар көп жолықты. Тәлімгерлерден мектепте де, жоғары оқу орындарында да, жұмыста да жолым болды. Барлық жерде мені өз ісінің мамандары қоршап алды. Солардың шуағына шөл қандырып, тәлімін көріп өстім», – дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Кішкентайынан білімге құштар болған Хромтау тумасы алдымен Бадамша орта мектебінде жетінші сыныпқа дейін оқып, содан кейін Ақтөбедегі Қазақ-түрік лицейіне (қазіргі дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, – ред.) ауысады. Білімді түлектерімен аты мәлім лицейді «Алтын белгімен» бітіріп, Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінің студенті атанады. Өз ортасында үнемі көшбасшылық қасиетімен көрінетін ол университет қабырғасында да «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» атанған студенттердің бірі болады. Аталған оқу орнын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша үздік бітіреді. Бакалаврдан кейін осы мамандық бойынша магистр дәрежесін де алады.

Еңбек жолы студент кезінде-ақ басталды. Демалыс кезінде Ақтөбе облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында тәжірибеден өткен. Диплом алғаннан кейін ол сол жерге оралып, үш жыл ішінде іс жүргізу инспекторынан бөлім басшысына дейін көтерілді.

«Мемлекеттік құрылымда бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін құзыреттілік деңгейін арттыру қажет екенін түсіндім, сондықтан әрі қарай оқуға бел будым», – дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Бұдан біздің кейіпкеріміздің бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман екенін о баста түсінгенін аңғарамыз.

«ШЕТЕЛДЕ САПАЛЫ БІЛІМ АЛУДЫҢ ТАМАША МҮМКІНДІГІ»

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындап, еліміздің мыңдаған жастарына әлемнің ең озық университеттерінде білім алуына жағдай жасады. Бұл мүмкіндікті мектепті «Алтын белгімен», университетті қызыл дипломмен аяқтаған Нұрхан Тілеумұратовтың қалт жібермейтіні белгілі еді. Талабы таудай, арманы асқақ кейіпкеріміз солай істеді де. Ал, ағылшын тілін еркін меңгерген оған «Болашақ» стипендиаты атану аса қиындық туғызбады.

Мамандық таңдау да маңызды екенін жақсы білетін Нұрхан Тілеумұратовтың таңдауы Ұлыбританиядағы 55 жылдық тарихы бар университетке түсті. Тұманды Альбионда студенттерге қойылар талап жоғары. Ал, Тәуелсіздік құрдасының таңдауы түскен Warwick University-де «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар оқиды. Намысқа тырысқан қазақ баласы сол мықтылардан бір саты жоғары тұрып, таңдаулы университет оқытушыларын таңдай қақтырады. Сөйтіп, Ковентриден Ақтөбеге «Инновациялар және кәсіпкерлік» мамандығының үздік дипломымен оралады.

«Менің ойымша, «Болашақ» – шетелде сапалы білім алудың тамаша мүмкіндігі. Оқу барысында тәжірибелік білімдердің үлкен «багажын» алдым. Онда әр саланың үздіктері өздерінің өмірлік кейстерімен бөлісті. Оқу қиын болды, бірақ өте қызықты және танымды болды. Бұл біліммен қатар өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрететін, тұлғаның жан-жақты қырын ашатын орта ғой. Warwick University менің тұлға болып қалыптасуыма өзінің зор үлесін қосты. Күнделікті өмірге басқа көзқараспен қарай бастадым. Уақыттың қадірін ұқтым. Онда алынған тәжірибені қазір жұмыста да, өмірде де қолданамын», – деп «Болашақтан» алған үлкен әсерімен бөлісті кейіпкеріміз.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, кез келген адамның арманы мен алға қойған мақсаты болады. Сол екеуіне жету жолында аянбай еңбек ету керек. Әрине, бәрі бірден біз ойлағандай болып шықпауы мүмкін. Бірақ, бір қателік, он не жүз қиындық табысқа жету жолына бөгет бола алмайды. Бұған іштей сенімді болу керек. Өйткені, адамның мақсаты жолында төккен маңдай тері түбі ақталады.

Кейіпкеріміз әрқашан өзіне жоғары талап қояды және оны түсірмеуге тырысады. Бұл оның отбасынан алған өнегесі. Оның әпкесі де үздік оқушы болды, университетті қызыл дипломмен аяқтады.

«БІЛІМІМ МЕН БІЛІГІМ СЫНАЛАТЫН УАҚЫТ»

Отанына оралғаннан кейін Нұрхан Тілеумұратов екі жылға жуық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Содан кейін «Kazakh Invest» ҰК АҚ-ның өңірлік директоры болып еңбек етті. Президенттік Жастар кадрлық резервіне де енді. Бір жыл бұрын оған Ақтөбе облысының Кәсіпкерлік басқармасын басқару сеніп тапсырылды.

Нұрхан Тілеумұратов басқармаға бизнес үшін қолайсыз уақытта, яғни пандемия бүкіл елде және әлемде өршіген кезде келді. Яғни, бұл жас басшының білігі мен білімі сыналатын кез.

«Пандемия бизнесті жүргізу жағдайларына түзетулер енгізді. Бірақ, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қолдау шараларын ағымдағы жағдайға бейімдейді, неғұрлым зардап шеккен салаларды ынталандырады, әкімшілік кедергілер азаяды. Оның үстіне бұл саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор екенін түсінемін. Қазір білімім мен білігім сыналатын уақыт. Осы сыннан сүрінбей өтуге барымды салып жатырмын», – дейді Нұрхан Жасұланұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қиындықтарға қарамастан былтыр «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 643 бизнес-жоба мемлекеттік қолдауға ие болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 84%-ға артық. Бұдан басқа, 900 мыңға жуық халқы бар облыста ішкі туризмді дамыту бойынша жобаны іске асыру басталып кетті. Атқарылған жұмыстар да аз болған жоқ. Айталық, аудандар бойынша тур бағыттары әзірленді, өңірдің танымал адамдарын тарта отырып, ақпараттық-таныстыру сапарлары ұйымдастырылды, мүдделі кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілді. Бұл жұмыстар пандемияға қарамастан жалғасып жатыр.

«Облыс әкімі ішкі туризмді дамытудың маңыздылығын әрдайым айтады. Өйткені, біздің өңірімізде мақтануға тұрарлық терең тарихы да, тамаша табиғаты да бар. Оның үстіне өскелең ұрпақтың да тарихты, дәстүрлерді білуі маңызды. Біз осы бағытты дамытқысы келетіндердің барлығымен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Жобаның болашағы туралы айтқанда, тұрғындар тарапынан турларға деген қызығушылықтың артуын тілге тиек етеміз. Неге десеңіз, оған сұраныс бар. Мысалы, visitaktobe.kz сайтына кірушілер қатары көбейіп келеді», – деп түсіндіреді Нұрхан Жасұланұлы.

«БЕРІЛІП ІСТЕГЕН ЖҰМЫСТАН ЖАҚСЫ НӘТИЖЕ ШЫҒАДЫ»

Табысқа жетудің құпиясы неде? Кейіпкерімізге де осы сұрақты төтесінен қойдық.

«Атақты Боб Дилан: «Табыс – таңертең оянып және кешке ұйықтау мүмкіндігі. Және осы екі уақыт аралығында өзіңе шынымен ұнайтын істі істеу», – дейді. Оның бұл пікірімен келіспеске тағы болмайды. Сол айтқандай, қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Беріліп істеген жұмыстан жақсы нәтиже шығатынына сенемін. Оның үстіне табыстың құпиясы қарапайым. Біріншіден, шетелде оқығанда үйреткен дұрыс уақытты басқару. Екіншіден, мақсатқа басымдық беру», – деп жауап берді бұл сұрағымызға кейіпкеріміз.

Рас, біздің бүгінгі кейіпкеріміз сияқты өз ісінің маманы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. «Өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керек» деген сөз осыдан шықса керек. Ал, Нұрхан Жасұланұлының мамандық таңдаудан қателеспегенін түсіндік, енді аз-кем оның отбасына тоқталсақ.

«Асыл жарым бар. Ұлым да аман-есен өсіп келеді. Менің өнімді еңбек етуіме отбасымның да көмегі зор. Бұдан бөлек, жұмыста, әсіресе басшылық қызметте, ұжымның тілін тауып, әркімнің әлеуетін ашу маңызды деп санаймын. Сонда атмосфера қолайлы болады және жұмыс жүз пайызға орындалады», – деп кейіпкеріміз сәттіліктің тағы бір құпиясымен бөлісті.

Жобалық менеджмент негіздерін қолдану, БАҚ пен қоғамға ашықтық, командалық рухты сақтау нәтижелі жұмыс істеуге көмектеседі.

«Ата-анам маған бала кезімде үйреткен құндылықтарды күнделікті өмірде, тұрмыста ұстанамын. Мысалы, кез келген жағдайда адам болып қалу, ұят болмас үшін бәрін ар-ұжданмен жасау сияқты отбасында алған тәрбие – адамшылықтың ең биік қасиеті.  Мен де туған жердің игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастырамын. Ал, жастарға көп еңбектеніп, жан-жақты дамып, шет тілдерін үйренуге кеңес бергім келеді», – деп әңгімесін аяқтады Нұрхан Тілеумұратов.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Адам баласы үшін білімнің орны бөлек. Білімі мол, оқыған-тоқығаны көп жанның жан сарайы нұрға толып, көкірегіне сәуле құйылады. Ойы орнықты, жұмысы жемісті болып, ісі ілгері жүреді. Туған еліне көп пайда келтіреді, өзінің де өмірі мәнді, тұрмысы сәнді болады. Бұған Нұрхан Тілеумұратовтың өмір жолы дәлел. Ал, бұл Тәуелсіздіктің арқасында болғанын кейіпкеріміздің өзі де мойындайды. Ең бастысы, мүмкіндіктер кезеңін пайдалана алған жастардың көп болғаны қуантады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here