ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ЕСЕП БЕРДІ

0
2057

Бүгін, 30 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев онлайн және офлайн форматта есептік кездесу өткізді.

Ректор жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмысы, инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік мәселелері туралы баяндады. Сондай-ақ 2020/21 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, көшбасшы университеттің алдағы даму жоспарын таныстырды.

Жиынға ҚР Президенті әкімшілігі, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік құрылымдар мен елшіліктер, ЖОО ректорлары, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жергілікті қала, аудан әкімдіктері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мектеп ұстаздары мен университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, білім алушылар, жұмыс берушілер, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағымдағы жылы өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында: «Білім алдағы онжылдықтағы біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс», – деп атап айтқан болатын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы жолдауында: «Қазақстандық білім мен ғылымның алдында ауқымды, кезек күттірмейтін міндет тұр  – тек жаңа тенденцияларға ілесіп қана қоймай, сонымен қатар бір қадам ілгерілеп, тенденциялар қалыптастыру қажет», – деген болатын.

ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев «университет тарихының, оқытушылардың, ғалымдардың және студенттердің кәсіби деңгейінің жоғарылығының арқасында университет жаһандық бәсекеге қабілеттілікке ие» екенін атап өтті.  

Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына кіреді, олар – М.В.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Сондай-ақ университет жоғары бағаға қол жеткізіп, QS Stars Rating System халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» артықшылығына ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.

Білім ордасы университеттің кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Оқытушы-профессорлар құрамының штат саны шамамен 2,9 мыңды құрайды, оның ішінде 1,2 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және 350-ге жуық PhD докторлары бар.

Университет профессорларының арасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар.

ҚазҰУ-дың 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегерлері, бұл республика  бойынша алғанда 20 пайызды құрайды. Грант аясында оқытушылар әлемнің жетекші университеттері – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде біліктілік арттырды. Халықаралық конференцияларға қатысып, монографиялар мен оқулықтар шығарды. Университеттің 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс оқыды.

Оқытушыларды материалдық ынталандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде жалақы екі рет көбейді. Бірінші рет ақпан айында 20 пайызға, екінші мәрте Білім және ғылым министрінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйекте көбейтілді. Енді оқытушылардың ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушы үшін – 312 мың, доцент үшін – 389 мың, профессор үшін – 500 мың теңге.

Жалпы алғанда, университет елдегі грант иегерлерінің жалпы санының шамамен 7 пайызын қабылдады. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алуда. Біз 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу міндетін қойдық. Бұл мақсатқа жету үшін  Түркияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Арменияда филиалдар ашылады.

Сондай-ақ біздің университетте оқуды талантты жастар көбірек таңдауда. Егер өткен жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 508 болса, осы жылы – 1058, яғни екі есеге көбейді. Біздің түлектер республика  және шет мемлекеттер бойынша ең көп сұранысқа ие. Түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94 пайызды құрайды. 2021 жылы біз әлемдегі ең жақсы университеттердің QS рейтингісінде түлектердің жұмысқа қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірдік. «Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында.

Биыл халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленген жаңа үлгідегі дипломдар алғаш рет берілді. Бұл қадам университеттің беделі мен имиджін одан әрі арттырады.  650-ден астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда, олардың 120-сы АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен бірлескен қосдипломды бағдарламалар. 

92 бағдарлама ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Жыл сайын білім берудегі перспективалық трендтерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын өзектендіру жүзеге асырылады. Осылайша ағымдағы жылы 100-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Жаратылыстану-ғылыми және инженерлік-техникалық бағыт бойынша: неврология, киберфизика, цифрлық экономика, биологиялық инженерия, робототехникалық жүйелер, басқарудың зияткерлік жүйелері, экологиялық инженерия, табиғи-техногендік тәуекелдер және т.б.

Бүгінде университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көшбасшы. Рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым университетке тиесілі. Университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді.  Еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдықтары бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды.

Жас ғалымдарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер жас талантты ғалымдарға арналған  мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанады. Университет басымдықтарының бірі білім алушыларды әлеуметтік қолдау болып табылады. Әлеуметтік осал санаттағы 1000-нан астам «өте жақсы» және «жақсыға» оқитын студенттер, жоғары спорттық жетістіктері үшін оқу ақысына 10-нан 25 пайызға дейін жеңілдік алады.

Сондай-ақ дарынды студенттерді қолдау үшін демеушілік қаражатты белсенді түрде тартамыз. Демеушілеріміздің қатарында 650 білім алушыға стипендия төлейтін 50-ден астам ұйым мен компаниялар бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қазақстандық және халықаралық спорт аренасында белсенді өнер көрсетуде. Токио олимпиадасында студенттер мен түлектер төрт қола медаль алып келді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл студенттер қаласы. Мұнда республиканың барлық өңірлерінен келген жастар оқиды. Кампус аумағында толыққанды білім беру мен бос уақытты өткізуге арналған тұтас кешен жұмыс істейді: жаттығу залы, спорт алаңдары және секциялары бар спорт кешені, студенттерге арналған білім беру, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсететін «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, 300 орындық интернет-кафе,  сондай-ақ жеке кинотеатр бар.

Қазіргі уақытта жеті оқу корпусында сыртқы мердігерлерді тартпай, университет қызметкерлері жөндеу жүргізді. Үш оқу корпусында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

Жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру алдыңғы қатарлы білім беру-ғылыми инфрақұрылымды құруды талап ететінін атап өту қажет.

Сондай-ақ шамамен 70 000 м2 қосымша аудиториялық қор мен зерттеу зертханаларына қажеттілік бар. Осыған байланысты қазіргі оқу корпустарын түбегейлі жаңғырту және жаңаларын салу талап етіледі. Үшіншіден, 2,5 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер тұрғын үйге мұқтаж.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында кампусты дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленгеніне тоқталды.  Онда жатақханаларды қайта құру және салу, оқу корпустарын қайта құру және салу, қызметтік тұрғын үй салу  көзделген.

Аталған мәселелерді шешу үшін университет ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, жатақханалар салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ қаржыландырудың түрлі тетіктері қарастырылуда және сыртқы инвестицияларды тарту жоспарлануда.

Университет ректоры сөзін қорытындылай келе: «Қазіргі уақытта университет ұжымы жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге ұмтылуда. ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін болады», – деп атап өтті.

Университет басшысының баяндамасынан соң, студенттер, оқытушылар мен БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді басшылық бақылауына алды және келіп түскен барлық ұсыныстар өз деңгейінде қаралатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here