Ұлтының мүддесін қорғаған қайраткер

0
2225
Тілеуімбет бейіті. 1878 жылғы карта. Сурет тарихшы Дәурен Аяшиновтың мұрағатынан алынды

«Ит ішпес Алакөл» маңындағы Аңырақай шайқасындағы ұлы жеңістен кейін де қазақ жерін қалмақтардан тазарту үрдісі біраз жылға созылған. Ертістің Кереку өңірінде 1750 жылдарға дейін тынымсыз арпалыс жүріп жатты. Тілеуімбет 1740-50 жылдары сол соқтығыстарға белсенді қатысып, көрсеткен ерлігімен, ұйымдастыру қабілетімен «Батыр» атағына ие болыпты. Ақырғы қиян-кесті шайқас казіргі Май ауданындағы тау бөктерлерінің «Қалмақ қырылған» атанған қойнауларында өткен. Жергілікті қазақтар зор дүрбелеңнен кейінгі бейбіт өмірге көшкенде Тілеуімбет батыр сол жердегі биіктеу таудың етегінде қыстау салып, тұрақтайды.

Он екі ата Арғын ішіндегі Бәсентиін – орналасқан жерінің аумағы, сан жағынан үшінші-төртінші орындағы үлкен ру (әлдеқайда ертеректе Басмыл хандығын да құрған). Көпшілігі Ертістің жағалауын қуалай жайлағандықтан, халық оларды «Тоғай бойы Бәсентиін» деп атаған. Тілеуімбет батыр (1720-1795) Бәсентиін ішінде «Бейсеннің бесеуі» тармағынан шыққан қазіргі Ақсу ауданының Жолқұдық ауылында орын тепкен Бабатай тегінен. Өзінің парасаттылығы, жомарттығы, адалдығы, баурай білетін тіл байлығы мен дипломатиясының арқасында (би рөлін атқаруы да мүмкін) елдің құрметіне бөленгені соншалық, жергілікті халық қыстауының жанындағы ең биік тауды оның көзі тірісінде-ақ «Тілеуімбет тауы» деп атайды. Бұл аңыз емес, 1878 жылы орыстың әскери геодезистері мен картографтарының жасаған картасында «Горы Тлеумбета» деп айға таңба басқандай анық көрсетілген және сол аты осы күнге дейін сақталған.    

Қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылуы басталысымен Патша үкіметі «Уақытша ереже» шығарып, бүкіл қазақ аймағы жер асты, жер үсті байлығымен Ресей мемлекетінің меншігі болғанын жариялаған. Ертістің оң жағалауы Ресейдің ішкі территориясы, сол жағалауы «он шақырымдық далалық кеңістік» аталады да, Сібір казак әскеріне беру және Ресейдің түкпір-түкпірінен келетін қоныс аударушылар үшін әлгі жерлерді босату саясаты іске асырыла бастап, жергілікті халық ол жерлерді пайдалану мүмкіндігінен айырылады.

Қазақтарда мал жайылатын жерлер рулар мен олардың тармақтарының арасында бөлініп, оның пайдалануы қатал бақылауда болатын. Жайылымдық жердің оқыс қысқаруы ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп пен салттың бұзылуына, рулардың және қазақ пен орыс арасындағы қатынастардың ушығуына әкеліп соқты. Әсіресе, «тоғай бойы Бәсентиіннің» жағдайы ауыр халге түсті.

Ертіс өңіріндегі қазақ руларын әскери, шаруашылық және өзара қарым-қатынас салаларында Абылайдың немере інісі Сұлтанмамет сұлтан басқарды. Қазақтардың жағдайын әр жерде өтіп жатқан қалмақтармен қырқыстар қиындатқан. Абылай ханның басқаруымен 1771 жылы тоғауыт қалмақтармен болған шайқастарға Сұлтанмамет сұлтан елу мың әскерімен келіпті. Әрине, арасында Тілеуімбет батыр да болды, бірақ ол ұрыстарға қалай және қандай дәрежеде қатысқаны әзірге белгісіз.

Айта кететін бір жәйт, сол 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болып, Абылай ақ киізге көтеріліп, бүкіл қазақ жерінің ханы аталды. Бірақ, Ресей мемлекетінде кездескен құжаттарда Абылайға сұлтан атағын ғана қосып отырған. Өйткені, империя бодандыққа өткен қазақтардың өз басқару жүйесі болуын қаламады. Ақырында қазақ жерінде хан билігі 1824 жылы жойылды.

Тоғауыттармен болған ұрыстардан кейін Сұлтанмаметтің нұсқауымен Тілеуімбет батыр қазіргі Ақсу ауданының Коряковка форпостына қарсы орналасқан Жолқұдық ауылы жеріндегі туыстары Бабатай арасына біржола көшеді. Осыдан кейін Бәсентиін болысы старшыны қызметі басталады. Ол туралы деректер Омбы облысының Мемлекеттік мұрағаттарындағы құжаттарда орын алады. Ресми құжаттар көп жағдайда сұлтандардың генерал-губернатордың әкімшілігімен хат алмасу түрінде берілген.

Империя Ертістің оң жағалауындағы қазақ жерінде шұғыл түрде орыс атауларымен Железинка, Ямышево (Тұзқала), Семипалатинск, Усть-Каменогорск бекіністерін; Песчаное, Чернорецк, Коряковка (Павлодар), Семьяр, Галицк, Убинка форпостарын салып, бұрынғы жайлауларға баруды қиындатты. Қалмақтармен шайқасып жатқан, өз қол астарына өткен қазақтарға көмектесу Патша үкіметінің ойына да келген жоқ. Керісінше,  қалмақ-қазақ арасы шиеленісе беруін қалады. Жоңғарлар (қалмақтар) Ресейлік Сібірдің оңтүстік өлкелеріне қауіп төндіріп тұрды. 1715 жылы подполковник Бухгольцтің басшылығымен географиялық мақсат желеуімен үш мың адамнан тұратын экспедиция құрылып, Ертістің оң жағалауында бекіністер салу үшін зерттеулер жүргізу тапсырылған. Олар қыстың қарсаңында Тұзқалаға жетіп, бекініс құрып, жазды тосады. Жоңғарлардың шабуылдарынан көп жауынгерінен айырылып, кері қайтуға тура келеді. Қазақтар әлсіресе, оларды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап, өз саясатын жүргізуге оңтайлы болады.

Сұлтанмамет сұлтан, балалары Ұрыс (Наурыз), Иман сұлтандар рулардың батырларын, белсенді абыройлы адамдарын біріктіріп, қазақтардың айырылып жатқан жерлерге қайта ие болу үшін 20 жылдай аянбай жүргізген күресі Ресей үкіметінің қазақтардың өз жерлеріне құқығын ішінара мойындауына мәжбүрледі.

Сол арпалыстың бел ортасында жүрген Тілеуімбет батыр атына заты сай қайсар, батыл адам болған. Омбы мұрағатынан әзірге ол кісіге қатысты 22 құжат табылды. 2018 жылы шыққан «Сұлтанмамет Ертіс өңірінің билеушісі және ХVІІІ ғасырда хан тағына үміткер» (А.Камзин, В.Сирик. Павлодар), «Султанмамет-султан: государственный деятель, дипломат и батыр» (З.Кабулдинов. Алматы), «Султаны и батыры среднего жуза» (Сборник документов. Алматы) кітаптарында және Дәурен Аяшиновтың «Тілеуімбет батыр» брошюрасында ол туралы аз жазылмаған.    

Бір мақаланың шеңберінде барлық құжаттарды сараптап шығу мүмкін еместігін ескеріп, 1788 жылы сәуір-тамыз арасында өткен уақиғаларға ғана көңіл бөлейік.

Коряков форпостының командирі подполковник Д. Корсаков 1788 жылдың 21 сәуірінде Сібір корпусының командирі генерал-поручик Н. Огаревке жіберген рапортында старшина Тілеуімбет батырдың үш казакты тұтқынға алғаны туралы жазады. Казактар кім? Олар бұрын кім болса да, казір Ресей армиясының солдаттары емес пе? Бұл генерал-губернатор үшін сұмдық уақиға. Кез келген уақытта жергілікті халықтың «бұзақылары» империяның әскери адамдарын тұтқындай берсе не болмақ? Енді бұған жол бермек түгіл, ешкімнің ойына да келмес үшін Тілеуімбетті жариялы әшкерелеп, көзін жойып, табын-табын жылқылары мен дүниесін талан-тараж етіп, тұқымының быт-шытын шығаруға жол ашылғандай еді. Әрине, Тілеуімбет оны ойламады емес, ойлады. Дегенмен, татар, башқұрт, орыс көпестерінің қазақтардың саудадан хабары аз екенін пайдаланып, кішкентай айналары мен тарақтарын бір қойға ауыстырып жүргендеріне қарсы шыққанда, қолдау көрсетудің орнына байырғы халыққа тізесін батырып отырған орыс билігіне қарсылық ретінде осы оқыс қимылға басын тігуден тартынған жоқ. Ондай батыл қимылды халқына арқа сүйей алатын ердің ері ғана жасай алады. Тілеуімбеттің ел ішіндегі абыройы мен қадірін ескерген қаһарлы губернатор шорт кете алмады. Өйткені, ол үлкен ылаңға айналып, саяси қателікке ұрындыруы мүмкін еді.

Көрінгенге жем болмауы үшін Ресейге баруға рұқсат қағаздар беріп, Тілеуімбет қазақтарды саудаға баулып, қазақ-орыс сауда қатынасының дамуына зор үлес қосады.

1788 жылы 5 сәуірде Сұлтанмамет сұлтан Огаревке тез шешуді талап етіп, осындай ашулы хат жіберіпті: «Басентиинской волости старшина Тлеумбет-батыр, когда уезжал к Вашему Высокопревосходительству, то в небытность его послана была русская команда, и прибили его жен, и некоторое число имения увезли, и захватили одного киргисца, который и поныне содержится в форпосте Коряковском».

Өзін қазақ даласында Құдайдай санайтын азулы генерал-губернатодың шақыруы Тілеуімбет батырдың шоқтығының биік болғанының және губернатордың оны мойындағанының белгісі. Патша үкіметі өз саясатына бөгет жасамайтын иілгіш көндімбайларды дайындау үшін сұлтандардың, билердің, батырлардың арасына іріткі салуды көздеп, түрлі сыйлықтармен қызықтырып, басқа да жымысқы әрекеттерге барды. Тілеуімбет батырға тістерін батыра алмағандарына күйініп, қоқан-лоқы жасап, қорқытпақ болған. Тікелей қастандық жасауға үлкен дүрбелең тууы мүмкіндігінен қаймықса керек.

Бір қазақ башқұртпен құдаласып, қалың малға елу үш жылқы беріп, қызын алмақшы болса, башқұрт алпыс жылқы, екі түйе талап етіпті. Екеуі Сұлтанмамет сұлтанға жүгінеді. Башқұрт не қазақтың, не өзімен еріп келген екі башқұрттың сөзіне илікпейді. Бұл дауға Тілеуімбет батыр шақырылған екен. Сұлтанмамет сұлтан осы мәселе туралы Огаревке 1778 жылы 27 мамырда жолдаған хатында былайша жазады: «И будучи при том разбирательстве Басентиинской волости старшина Тлеумбет-батыр будущих от адъютанта двух башкирцев киргисцами сильно отнял, приговаривая при том, что наши же у них киргисцы содержатся под караулом, таким же  образом и мы их будем содержать пока наших не отдадут».

Тілеуімбеттің алдына қойған мақсаты – тек кекіреңдеген башқұрттың кеудесін басу ғана емес, қамаудағы қазақтарды босатып алу. Мұндай әрекеттің өз басына қауіп тудыруы мүмкін екенін сезсе де, ол ештеңеден тартынбаған. «Қазағым» деп соққан жүрек осындай-ақ болар.

Абылай хан қайтыс болғанда хан тағына Сұлтанмамает үміткер саналды. Жетпістің маңайында ғана болса да, үлкен жасын сылтау етіп, бас тартқан. Сұлтанмамет сұлтан Абылайдың баласы Уәлиді ұсынғанда, оған нойыс мінезді Қасым сұлтан да қарсы келе алмапты. Сондай ел мойындаған қайраткер Сұлтанмамет сұлтан әлгі дауға Тілеуімбетті қатыстырады. Даулы істі қарауға кім шақырылады? Жүйелі сөз бен билік айтар мүмкіндігі бар адам. Ендеше, Тілеуімбет батыр талай жерде билік те айтқан, бірақ олар бізге жетпеген.

Сұлтанмамет сұлтан мен Тілеуімбет батырдай қолдаушылары Ресеймен арадағы сұрақтарды өзара түсіністікпен шешу саясатын ұстанған. Ресей мен Қытайдай екі алыптың арасындағы елдің түбінде халықтың, жердің тұтастығын солтүстіктегі тым ұзын шекаралас Ресеймен дұрыс саясат ұстанумен ғана сақтап қалуға болатынын жақсы түсінген. Бірақ, өз халқының игілігін қорғағанда абсолютті түрде бағынбай, еңкейе бермей, оқыс қимылдарға барудан тайсалмай, ондайда бірін-бірі қолдап отырған.

1788 жылы 17 тамызда Иман сұлтан Огаревке жолдаған хатында Тілеуімбет туралы берген тапсырмасын батырдың жолдасымен Уәли ханға кетуіне байланысты әзірше орындай алмағаны туралы жазады. Уәли ханның ордасы Омбыдан әлдеқайда алыста. Шақырылмаса, Тілеуімбет сонша жерге ат арытып бара ма? Хан да көрінген көк аттыны қабылдай бере ме? Бұл Тілеуімбет батырдың хан да сыйлаған орта жүздің әйгілі тұлғаларының бірі болғанының айғағы.

1878 жылғы Ресейдің әскери топографиялық картасында көрсетілген Тілеуімбет батырдың зираты қазіргі картамен беттестіру арқылы табылды. Ақсу ауданының Жолқұдық ауылының оңтүстігінде екі-үш шақырымдай  жердегі дөңде орналасқан. Картографтар Тілеуімбет батырды естерінде сақтап, құрмет тұтқаннан зиратын картаға түсірген жоқ. Координаттары мен теңіз деңгейінен биіктігі көрсетілген триангуляциялық нүктелер жоқ кезінде геодезистер сайын далада биік нысан кездессе, оны карта жасауға тірек ретінде пайдаланып отырыпты. Тілеуімбет батыр зиратының еңсесі биік болған шығар. Одан жүз жылдан артық кейін саман кірпіштен салынған мазарлар табиғаттың тегеуірініне шыдас бермей, жермен-жексен болды. Тілеуімбет батыр зиратының қабырғалары жерге әжептәуір кіріп кеткені, табиғаттың мүжгілегені айдан анық. Дегенмен, 230 жылдай уақыт өтсе де, әлі қабырғаларының бір жарым метрдей сақталғаны таңдандырады. Кірпішін құйғанда саманға жылқының жал-құйрығын салып отырған. Бұл көптеген кісінің қатысуын, уақыт пен ұқыптылықты талап ететін ауыр жұмыс. Мұндай мазар тек Тілеуімбеттей халықтың құрметіне бөленген ірі тұлғаларға ғана бұйырған.

Тілеуімбет батырдың өзінен қалған ұрпақ жоқ. Бабатай да жайылған ру емес. «Елу жылда – ел жаңа», Жолқұдықтың халқы өзгерді, ауылда Бабатайдан екі-үш қана үй қалды. Дегенмен, аталарынан Тілеуімбет батыр туралы талай аңызды естіген, Бабатайға еш қатысы жоқ әр жерде бытырап жүрген ауыл ұрпақтары шамаларына қарай қаражат жинап, батыр бабаларына құлпытас орнатуды өз міндеттері санады. Баянауылдан беті тегістеліп қашалған, керекті жазуы бар үлкен тас әкелінді. Бірте-бірте жерге кіріп кетпеуі әрі қисаймауы үшін жер тығыз деңгейге дейін қазылып, бетоннан арматура салынған көлемді плита құйылды да, құлпытас соған кіргізіле орнатылды. Бабамыздың басына тағзым етіп келушілерге мүмкіндік жасау үшін жалпы қабірстанның қоршауына Тілеуімбет батырдың зиратына қарама-қарсы қос есікті, аркасы бар әшекейленген қақпа да қойылған.

Тілеуімбет батыр туралы құжаттар іріктеліп, қажетті мекемелерге тапсырылды.

Білектің күшімен, найзаның ұшымен ерлік көрсетіп, елді қорғаған, халқының қамы үшін басын бәйгеге тігуден тартынбаған зор тұлға, хан да, губернатор да мойындаған қайраткер, ең бастысы, халқының құрметіне бөленген Тілеуімбет батырдың соңғы қонысы қасиетті жердің қатарына енгізіліп, жақын жердегі ауылдың біріне, Павлодар, Ақсу қалаларында көшелерге Тілеуімбет батырдың аты берілсе, қазіргі ұрпақ өз парызын орындап, келесі ұрпаққа елінің, жерінің тарихын сыйлауға үлгі қалдырар еді. Өйткені, өткенін білмеген, тарихын сыйламаған халық бірте-бірте тілінен айырылып, бара-бара құрдымға кетуі әбден мүмкін.

Әнуарбек БАЛҒОЖИН,
Павлодар қаласының Құрметті азаматы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here