Ректор Алматы қаласының жастарымен кездесті

0
1186

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау Республикалық қоғамдық штабы жұмысының аясында Алматы қаласының жастарымен кездесті. «Alatau Creative Hub» инновациялық орталығында еркін форматта өткен жүздесуге қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен түрлі жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Сайлауалды штабтың Алматы қаласы бойынша төрағасы Жансейіт Түймебаев жастарға алдымен саяси науқанның маңызын кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылған басты бағыттарға тоқталды. Онда экономика, әлеуметтік сала және аймақтық саясат бойынша түбегейлі өзгерістер қарастырылғанын жеткізді. Жиылған жастарды ел болашағына бей-жай қарамай, ҚР Президенті ұстанған әділетті Қазақстанды құру бастамасын қолдауға және оны құруға өзіндік үлес қосуға шақырды.

«Кез келген мемлекетте басты ұстаным – патриотизм. Мен өз мемлекетімді, елімді, жерімді қорғаймын деген сезім. «Бар қазақ – бір қазақ» деген ұранымыз бар. Ертең оқу бітіріп, маман атанып, жұмыс істейсіздер. Сол кезде қандай қоғамда өмір сүруді қалайсыздар, таңдауды бүгін жасауға тиіссіздер», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қалалық штаб төрағасы әлемдегі шиеленіскен жағдайлардан мысал келтіре отырып, мемлекетті қорғау және оның кемелді келешегін ойлау жастарға міндет екенін қадап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық еткен үш жылда елімізде орын алған  көптеген оң өзгерістерді атап өтіп, алдағы «Әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» қағидасына сүйенген жаңа мемлекеттік саясаттың мәні мен маңызын түсіндірді.

Сондай-ақ кездесуде Жансейіт Түймебаев бастаған штаб өкілдері жастардың талап-тілектерін тыңдап, мазалаған сұрақтарына жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here