Ұсыныс: Қайыр ханға еңселі ескерткіш қою керек!

0
881

Тарлан тарих сыр ғып, жыр ғып шертеді: Шыңғыс ханның аяуы білмес, қатігез, қайсар ұлы Шағатай екі жүз әскерімен кіп-кішкентай Отырарды алты ай бойы ала алмады. Ала алмаған себебі – Отырар халқының бірлігі бекем, рухы асқақ, ел басқарған көсемі Қайыр хан дара туған дана еді, қайсарлығымен де, ерлігімен де дара еді.

Алты айдан кейін де ала алмайтын еді, егер бір сатқын Шағатайға Отырардың қақпасын ашып бермесе. Қаһарлы Шыңғыс ханның алдында тұтқын болып отырып та тізе бүкпей асқақтап тұрды өр рухты Қайыр хан. Дара туған дана батырдың ерлігі ақиқатпен астасқан аңыз болып жетті бүгінге. Отырардың өр рухты ер перзенті Қайыр ханның есімі мен ерлігі халықпен бірге жасап келеді.

Өкініштісі, елін сүйген, есімі ерліктің символына арналған рухты ерге құрметтеуіміз кемшін.

Өлген соң да ораламыз рух боп,
Шыға келіп айқасамыз көрден біз, – деп мажар ақыны Шандор Петефи жырлағандай, өлген соң да аңызға айналған, ерлігімен ел мен ердің рухын асқақтатып тұрған Қайыр ханға Отырарда, Астана мен Алматыда еңселі ескерткіш қоятын кез келді.

Қайыр хан ескерткіші жастың да, жасымыстың да патриоттық сезімін оятып, халықтың рухын асқақтатуға қызмет етер еді.

Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Махмұд Қашқари атындағы
«Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін»
халықаралық сыйлығының иегері

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here