Жаһандағы гендерлік жағдай: Мұсылман елдері арасында еліміз екінші орында тұр

0
5095
Әйелдердің құқығы мүлдем шектелген ел – Ауғанстан. Мәселен, билікке тәліптердің келуімен Әйелдер істері бойынша министрлік алдымен таратылды, нәзік жандыларға жұмыс істеуге тыйым салынды, қыздардың мектепте білім алуларына шектеу қойылды, қыз-келіншектер бет-аузын тұмшалап қара жамылып жүруге міндеттелді, олар үйінен 72 шақырымнан арыға ұзап шыға да, көшеде бір өзі жүре де алмайды...

Өткен жылдың шілде айында Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандағы гендерлік жағдай туралы кезекті жылдық есебі жарияланды. Ол ағылшын тілінде «The Global Gender Gap Report» деп аталады. Маңызды құжатта келтірілген дерекке сүйенсек, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 2021 жылмен салыстырғанда 0,9 пайыз өсім көрсетіп, 71,9 пайыз индекспен әлемнің 146 елінің арасында 65-орынға жайғасқан. Осы арада «Дүниежүзілік экономикалық форум гендерлік айырмашылықты қалай есептейді? Қазақстандағы жағдай қандай бағыттарды басшылыққа алып бағаланады?» деген сұрақтардың тууы да заңды. Сондықтан ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтарға жауап іздейді.

ГЕНДЕРЛІК
АЙЫРМАШЫЛЫҚТЫҢ
ЖАҺАНДЫҚ ЕСЕБІ

The Global Gender Gap Report – Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы әлем елдеріндегі гендерлік теңдік туралы дайындайтын есебі. Онда денсаулық сақтау, білім беру, экономика, саясат сияқты түрлі салалар бойынша гендерлік теңдік пен теңсіздік индексі есептеледі. Аталған жылдық есеп әлем елдеріндегі гендерлік теңдіктің даму динамикасын көрсетеді. Елдегі ерлер мен әйелдердің ара салмағын есепке ала отырып, мемлекет ресурстарының қолданылу деңгейіне де сараптама жүргізеді.

Әр елдегі ерлер мен әйелдердің арасындағы құқықтың теңдігіне орай белгілі бір ұпай беріледі. Нәтижелер 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді. 100 ұпаймен бағаланған елде гендерлік теңдік жүз пайыз орнаған деп айтуға негіз бар. Егер арнайы комиссия белгілі бір елге жүзден төмен ұпай беруді жөн деп тапса, демек ол елдегі ерлер мен әйелдер арасында гендерлік айырмашылық бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ, арнайы есепте гендерлік теңсіздікті жоюдың тиімді жолдарын анықтауға арналған салыстырмалы талдау қоса беріледі. Гендерлік теңдікке жетуді көздейтін ДЭФ есебі өзге индекстермен салыстырғанда бұрыннан, 2006 жылдан бері қолданыста бар.

ГЕНДЕРЛІК
ТЕҢДІК
САНАТТАРЫ

Көрсетілген пайыздық индекстер гендерлік теңдіктің ағымдағы жай-күйін төрт негізгі санатқа сүйене отырып есепке алады.

Экономикалық белсенділік. Бұл санаттың өзі үш өлшемді қамтиды: әйелдер мен ерлердің еңбекке араласуы арасындағы айырмашылық, олардың тапқан табысының ара салмағы және қос тараптың лауазымды қызметке тағайындала алу көрсеткіші.

Білімге қолжетімділік. Аталған санат негізінде әйелдер мен ер азаматтар арасындағы сауаттылық деңгейі талқыға түседі. Кез келген деңгейдегі білім алу мүмкіндіктері есепке алынады.

Денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейі. Бұл санат қос тараптың денсаулық деңгейі арасындағы айырмашылықты сараптайды. Кей елдерде ұл баланың дүниеге келуі үлкен маңызға ие. Бұндайда қыз балалардың, яғни жалпы есепте әйел адамдардың азаюы орын алуы мүмкін. Аталған санат осы аралықтағы мәселелерді назарға ала отырып, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына да негізгі бағыт бере айқындайды.

Саяси өкілеттіліктер. Бұл санат аты айтып тұрғандай ерлер мен әйелдердің саясатта ықпалды болып, билікке араласа алу қабілеттілігін бағалайды. Президент немесе премьер-министр лауазымындағылар мен министрлік пен парламентте қызмет ететін ерлер мен әйелдердің саны да есепке алынады.

ӘЛЕМДЕГІ
ЖАҒДАЙ МЕН ЖАЛПЫ
ТЕНДЕНЦИЯ

2022 жылғы гендерлік айырмашылықтың жаһандық есебі барлығы 146 елдің дерегін қамтыды. Ол бойынша гендерлік теңдіктің халықаралық ортақ деңгейі 68,1 пайызды көрсеткен. ДЭФ сарапшыларының есебінше, дәл осы қарқынмен жыл сайын көрсеткіштер көлемі артып отыратын болса, жер бетіндегі барлық әйелдер мен ерлер арасында шамамен 132 жылдан кейін ғана теңдік орнайды. Себебі, гендерлік теңдіктің жалпы көлемі 2021 жылы 67,9 пайыз болса, 2022 жылы 68,1 пайызға жеткен. Әлем елдеріндегі гендерлік алшақтық мәселесіне 2020 жылы басталып, екі жылдай тұтас халықты әбігерге салған пандемия да әсер етпей қоймағаны ақиқат.

Айта кетейік, әлемдегі бірде-бір елде толықтай жүз пайыз гендерлік теңдік орнамаған. Десек те, бұл көрсеткішке жақындай түсіп, 90 пайыздық межені бағындырған жалғыз ел бар. Ол – Исландия. Еуропаның солтүстігінде орналасқан аралды мемлекет гендерлік айырмашылықтың жаһандық есебінде соңғы жылдары тұрақты көш бастап келеді. Ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік былтыр 90,8 пайызды құрады. 370 мыңдай халқы бар парламенттік республиканың үкіметін әйелдің басқаруы да таңсық болмаса керек.

80 пайыздық көрсеткіштен асып, алғашқы ондыққа енген тағы тоғыз ел бар. Жаһан рейтингінде Исландиядан кейінгі орында 86 пайызбен Финляндия тұр. 5,5 млн халық тұратын скандинав елінің үкіметі де әйелдің сенімді қолында.

Үздік үштікті тағы бір Еуропаның солтүстігіндегі скандинав елі қорытындылайды. Норвегиядағы гендерлік теңдік деңгейі 84,5 пайызды құрайды.

Алғашқы ондыққа Жаңа Зеландия (84,1%), Швеция (82,2%), Руанда (81,1%), Никарагуа (81%), Намибия (80,7%), Ирландия (80,4%) және Германия (80,1%) енген.

Аталған тізімде ең жоғары көрсеткішті Африкада Руанда (6-орын), Латын Америкада Никарагуа (7-орын), Азияда Филиппин (19-орын), Солтүстік Америкада Канада (25-орын) көрсетті. Посткеңестік кеңістікте Литва (11-орын) мен Молдовада (16-орын) көрсеткіш жоғары, ал Әзербайжан (101-орын) мен Тәжікстанда (114-орын) көрсеткіш төмен саналады.

Мұсылман елдері арасында ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтық Албанияда (18-орын), Қазақстанда (65-орын), Біріккен Араб Әмірлігінде (69-орын), Бангладеште (71-орын) салыстырмалы түрде аз. Дегенмен, бұл тізімде алғашқы он бестікке енген бірде-бір мұсылман елі жоқ. Алғашқы жүздіктен халқының елу пайыздан астамы ислам дінін ұстанатын әлемдегі 54 елдің жетеуі ғана көрінген (инфографиканы қараңыз).

Тізімнің соңында әдеттегідей Конго Демократиялық Республикасы (144-орын), Пәкістан (145-орын) және Ауғанстан (146-орын) тұр.

ЕРЛЕР МЕН
ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ
АЛШАҚТЫҚ
БОЙЫНША ЕЛІМІЗДЕГІ АХУАЛ

Былтыр Қазақстан жоғарыда сөз болған 146 мемлекеттің ішінде 65-орынға тұрақтады. Жалпы индекс – 71,9 пайыз. Бұл дегеніңіз, 2021 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға артық көрсеткіш дегенді білдіреді.

The Global Gender Gap Report сараптамасы 2006 жылдан бастап тұрақты жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, аталған бағыт бойынша Қазақстанда соңғы 12 жыл ішінде іс жүзінде еш өзгеріс болмағанға саяды. Жыл сайынғы көрсеткіштер бір-бірімен шамалас. 2006 жылы бұл көрсеткіш біздің елде 69,3 пайыз болған. Ал, 2009-2011 жылдары қатарынан 70,3 пайызды көрсеткен. Кейін 2012-2014 жылдары 72,1 пайызға жетсе, 2015 жылы көрсеткіш төмендеп, 71,9 пайызға дейін кеміген. 2022 жылға дейінгі жеті жыл ішінде түрлі сандарды көрсеткен гендерлік алшақтық көрсеткіші былтыр 2015 жылғы деңгейге қайта оралды.

Еліміз 2016 жылғы рейтинг бойынша 144 мемлекет ішінен 51-орынды, 2017 жылы – 52-орынды, 2018 жылы 149 елдің ішінен 60-орынды, 2020 жылы 153 мемлекет арасында 72-орынды, 2021 жылы 156 ел ішінен 80-орынды иеленген. Қорытындылай келе, елдегі гендерлік теңдік бойынша жағдайды тұрақты түрде орташа деп бағалауға болады.

САНАТТАР
БОЙЫНША ЕЛІМІЗДЕГІ
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

Жекелеген категориялар бойынша да жалпы есеп жүргізіліп отырады. Атап айтар болсақ, экономикалық белсенділік категориясы бойынша Қазақстан 75,6 пайызбен 29-орынға жайғасқан. Бұл ретте Лаос Халықтық Демократиялық Республикасы ең жоғарғы 88,3 пайыз көрсеткішті көрсетсе, ең төменгі ұпай 17,6 пайыз иеленген Ауғанстанға тиесілі. Экономикалық белсенділік бойынша Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің ара қатынасы 2016-2020 жылдары 74 пайыздың айналасында болса, бұл көрсеткіш 2021 жылы күрт төмендеп, 72,8 пайыз болған.

Айта кетейік, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 4,3 млн электронды еңбек келісімшартына жүргізген талдауы елдегі жоғары білікті мамандардың негізгі бөлігін әйелдер құрайтынын көрсетіп берген. Ал, басшылық лауазымға көбіне ерлер тағайындалған. Сәйкесінше, ер басшылардың орташа жалақысы әйел басшыларға қарағанда 12,4 пайызға жоғары болып шыққан. Сондай-ақ, белгілі бір сала қызметкерлерін салыстырғанда да ер азаматтар әйелдерге қарағанда 29 пайызға көп жалақы алады. Жалпы еңбекке жарамды халықтың орташа жалақысын есепке алғанда, ерлердің табысы жоғары екені анықталған.

Азаматтар мен азаматшалардың білім алу деңгейіне орай Қазақстан биыл 100 пайыздық көрсеткішпен 27-орынды иеленген. Жалпы бұндай жоғары көрсеткішті әлем бойынша 28 мемлекет көрсетеді. Білім алу саласы бойынша әйелдер мен ерлер бір-бірінен қалыс қалған емес. Сөзімізді соңғы жылдардағы есеп бойынша көрсеткіштің 100 бен 99,5 пайыздың арасында болуы дәлелдейді.

Келесі категория – денсаулық сақтау мен халықтың өмір сүру жағдайына қатысты. Бұл тұста еліміз 97,7 пайыз көрсеткішпен 44-орынға тұрақтайды. Айта кетейік, дәл осы категорияда Беларусь те бізбен иық тіресіп, бір қатарда тұр. 2016 жылы бұл санат бойынша елдің көрсеткіші 98 пайызды құрап, Қазақстан өзге 37 елмен қатар рейтингте бірінші орынға шыққан еді.

Саяси мүмкіндіктер санаты бойынша Қазақстан небәрі 14,3 пайыз көрсеткішпен 103-орында тұр. 2016 жылы 15,3 пайызбен 77-орынға тұрақтаса, кейінгі жылдары көрсеткіш небәрі 13 пайызды құраған. Басқа категориялар сияқты бұл санат та 2021 жылы қайта өркендеп, 14,1 пайызға жеткен. Жалпы есепке сүйенсек, биылғы көрсеткіш тағы 0,2 пайызға өскен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

1908 жылы 15 мыңнан астам әйел АҚШ-тың ең ірі қаласы Нью-Йоркте шеруге шығып, өздеріне сайлау құқығын беруді, жұмыс күнін қысқартуды және ер-азаматтармен бірдей жалақы төлеуді талап еткен еді. Содан бері арада 115 жыл өтсе де, осы үш талаптың үшеуі де толыққанды орындалған жоқ. Әрине, бұрынғы мен бүгінгі әйелдердің жағдайын салыстырғанда жер мен көктей айырмашылықты байқамау мүмкін емес. Десек те, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң да қабылданбаған. Демек, әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылар жұмыс көп.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here