ҚазҰУ ғалымдары сот археологиясының қалыптасуына қатысуда

0
693

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары сталиндік кезеңдегі жаппай қуғын-сүргіннің толық бейнесін жаңғырту мақсатында Талғар ауданы Жаңалық ауылында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда. Отандық археологияда алғаш рет ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге байланысты қайғылы оқиғалар зерттелуде.

Әлемде көптеген ғылыми орталықтар қазірдің өзінде әртүрлі ғылым салаларының әдіснамасы мен жетістіктерін қолдана отырып, жеке және ортақ бейіттерді (ортақ молаларды) іздеуде сот археологиясы мәселелерімен айналысуда.

Қазақстанда сот археологиясын қалыптастыру ҚР МСМ тарапынан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі арқылы қаржыландырылған «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер» атты гранттық бағдарлама аясында жүзеге асып отыр.

Жоба жетекшісі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байқонақов.  Бағдарламаның зерттеу тобына қазақстандық «Әділет» еріктілер тарихи-ағарту қоғамының мүшелері, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі, Саяси репрессиялар музейі, Генетика және физиология институты, Алматы қаласы сот-медициналық сараптама институтының ғылыми қызметкерлері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы т.б. кірген.

Бір айға жуық уақыт бойы жоғарыда аталған мекемелер қызметкерлері репрессияға ұшыраған адамдардың сүйек қалдықтарын анықтау және сталиндік кезеңдегі жаппай репрессияның тұтас бейнесін толыққанды қалпына келтіру мақсатында Жаңалық ауылында (Талғар ауданы) археологиялық қазба жұмыстарын  алғаш рет жүргізіп жатыр. Далалық зерттеулерде археологияның дәстүрлі әдістемесі, сондай-ақ негізінен тарих ғылымында, антропологияда, криминалистикада, сот-медициналық сараптамада, популяциялық генетикада және т.б. қолданылатын заманауи көпсалалы әдістер кеңінен қолданылуда.

Қазба жұмыстары барысында қуғын-сүргінге ұшыраған 30-дан астам адамның сүйек қалдықтары, сондай-ақ «қызыл террор» туралы куәландыратын жеке заттар, тұрмыстық заттар мен басқа да материалдар табылды, олардың нәтижелері бойынша жақын арада Қазақстан археологиясында «сот археологиясы» деген жаңа бағыт қалыптасатын болады. Алынған материалдар Сталин дәуірінің командалық-әкімшілік режимінің сұмдық фактілерін көрсететін музей коллекцияларын толықтырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here