Университет филиалының бірлескен жол картасы әзірленеді

0
722

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті делегациясының қатысуымен «Ғылымдағы озық жетістіктер» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.  

Шараға Алматы қаласындағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй, Солтүстік-батыс политехникалық университеті Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің директоры Фули Чжан, Материалтану және инженерия факультетінің деканы Цзиньшань  Ли,  профессорлар Ван Хунчян, Чжэ Лю, Хайян Ниу, Сяо Чжан және ҚазҰУ басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында жүргізілген екіжақты келіссөздерге тоқталды. Ресми кездесуде ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған құжаттарға қол қойылып, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы әріптестік келісім орнатылған болатын. Сондай-ақ Пекин мұнай университетімен ынтымақтастық туралы ниет білдіру хаты тапсырылып, ҚХР-дың  ШҰАА География және экология институтымен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасын бірлесіп құру туралы келісім, Шэньчжэнь университетімен өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев: «Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық және техникалық университеттің филиалын ашу ­­серіктестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және қатысушылар арасында ұзақ мерзімді ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндіктер береді. Бүгінгі жиында ҚазҰУ базасында СБПУ филиалын ашудың жол картасын бірлесіп әзірлеу, ақпараттық технологиялар мамандарын дайындау, қос дипломды білім беру бағдарламасын енгізу, студенттік алмасу талқыланды. Сондай-ақ ортақ инновациялық жобаларды қолға алу, зертханалар ашу, материалтану технологияларын, инженерлік ғылымды дамыту жолдары қарастырылды», – деп атап өтті.

Алматы қаласындағы ҚХР-дың бас консулы Цзян Вэй ҚазҰУ-дың  ҚХР-дың 50 жоғары оқу орынымен тығыз қарым-қатынаста екенін жеткізіп, сенімді сенімді серіктестік үшін ризашылық білдірді.

«Екі ел арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға үздіксіз қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Филиал ашу –  екі ел арасындағы ғылым мен білім беру және жаңа формациядағы білікті кадрлар даярлау саласындағы тың жобаларға жол ашады. Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Сиань қаласында орналасқан. 36 мыңнан астам студент білім алады. Жоғары оқу орнында аэронавтика, астронавтика және теңіз техникасы және т.б. техникалық бағыттар бойынша білім беру және зерттеу бағдарламалары бар. Қытайдың техникалық бағытта білім беретін көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі. Academic Ranking of World Universities 2023 халықаралық рейтінгінде топ-200, THE 2023 рейтингісінде топ-600 қатарында және U.S.NEWS 2023 халықаралық рейтингінде 333 орынға ие. Атақты оқу ордасынан физикадан Ли Чжэндао мен химия саласында Харольд Крото Уолтер атты Нобель сыйлығының иегерлері шыққан», – деп атап өтті Цзян Вэй ханым.

Конференция жұмысы компьютерлік ойындар, материалтану, электрондық және коммуникациялық технологиялар бойынша сессия жұмысы  аясында жалғасты.

Айта кетейік, ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасында белсенді академиялық ұтқырлық дамып келеді. 2019-2022 оқу жылында ҚазҰУ-дың 79 студенті докторантура, магистратура, бакалавриат бағдарламалары бойынша білім алды және ғылыми тағылымдамадан өтті. Қытай жоғары оқу орындарындағы жазғы мектептерге қатысты, сонымен қатар 37 профессорлық-оқытушы құрамы Қытайға барып, білімін жетілдіріп қайтты.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да 401 қытайлық студент білім алуда, оның ішінде 168-і мемлекеттік білім гранты бойынша, 233-і келісімшарт бойынша оқуға қабылданған.

Университетте Конфуций институты, синология кафедрасы жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here