ӨЖЕТ ҚЫЗ, ӨНЕГЕЛІ АНА

0
831

Біз сөз еткелі отырған Қызайбекова Нұргүл Иманәліқызы Жалаңаш ауылының бір перзенті. Әлі де сол туған ауылынан алыс кетпей туын тігіп, тұғыр етіп, ел мен жер үшін игілікті істерін қамдастырып жүрген айтулы қарлығашы. Қаскелең қаласындағы өз тұсындағы педогогикалық училищенің мектепке дейінгі тәрбие бөлімін бітірген. Мамандығы бойынша бірсыпыра жылдар жұмыс істеді. 2000 жылдан бері қарай кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан жайы бар.

Нұргүл кішкентай кезінен батырлар жырын жаттап, білімнің нәрімен сусындап өскен қыз. Турашыл, адал, өжет мәнезді жан. Тура сөйлейді, екі айтпайды. Жалтақтықты, жағымпазды, өтірік айтқанды жаны қаламайды. Туған Отанын, туған елі-жерін, ана тілін, салт-дәстүрін жанындай жақсы көреді. Мүмкіндігі жеткенше соның бәрін аялағысы, құрметтегісі, мерей биігіне көтергісі келеді. Сол мінезі, өмірлік ұстанған жақсы қасиеттерімен еліне жақты. Жұртының жүрегіне ұялады. Құлдыраңдаған құлын кезінен білімге, еңбекке, өмірге ынтық болып өскен өжет қыз әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде тыныш жата алмады. Училищедегі ең озат, ең белсенді қыз құрбыларын ұйымдастырып, көшеге шықты. Елдің егемендігі, тәуелсіздігі туралы ұрандар айты. «Менің Қазақстаным» секілді патриоттық әндерді шырқады. Соның бәрі билікке қарасты күштік құрылымдардың назарынан тыс қалмады. Нұргүл бастаған қыздар қыспаққа ілінді. Сұраққа алынды. Мәселелері училищенің әкімшілігінде арнайы қаралды. Оқудан, комсомол қатарынан шыққаны, қатаң сөгіс алғаны аз болмады. Болашағынан үлкен үміт күттірер, оқу орнында өзіндік орны бар Нұргүл де оқудан шығып қалмай, соңғы ескертумен аман қалды.

Нұргүл Иманәліқызы қазір Жалаңаш ауылындағы өнегелі отбасының иесі. Дүниеге әкелген күндерін қанаттандырып, олардан немере сүйіп отырған бақытты ана. Әлі сол мектептегі, училищедегі белсенділігі қалмаған. Әсілі, туған елін, ұлтын сүйетін жан тұрған жері, өмір сүрген ортасында соның игілігі, жақсылығы үшін ештеңеден аянып қалмайды. Нұргүл ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы. «Үш Меркі» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Мектептегі қамқоршылық кеңесінің төраймы. Түрлі-түрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып отыратын кәсіпкер, іскер жан. Өзі бас болып аудандық, ауылдық деңгейде өткізген салт-дәстүрге қатысты, ана мен қызға қатысты ізгі шаралары, кештері, акциялары аз емес.

Айналасына шуағын шашып, күлімдеп қана жүретін Нұргүл адамдарға жақсылық жасауға, артына жақсы ізін қалдыруға ынтық. Қарағайы келіскен, орман-тоғай, көк құрағы көз тартқан Жалаңаштай ауылының таза ауасымен тыныстап, мөлдір бұлағынан дәм татып жүрген Нұргүл туған ауылының күндермен көркейіп келе жатқанына, шаңырақтарында өмір оттарының жарқырай түскеніне шын жүрегімен қуанады.

ИНДИРА БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here