Ғылым дамуы – ел болашағы

0
906

Қазіргі уақыттағы әлемде табиғи апаттардың орын алуы, жаһандық климаттың өзгеру жағдайлары, жер сілкінісі, су тасқыны еліміз үшін үлкен зардаптар мен шығындарға әкелді. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде билік құрылымдарымен қажетті қалыпқа келтіру іс-шаралары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, халықтың қолдауымен елімізде белсенді азаматтардың көмек іс-шаралары да ұйымдастырылуда.

Еліміздің алдында азаматтарымыздың амандығы, әл-ауқат, тұрмыстық жағдайларын қалыпқа келтіруге қолдау жасау маңыздылығы артып отыр.

Табиғатта орын алатын осындай төтенше жағдайларда апаттың алдын алу, себеп-салдарын айқындау, болжау, тиімді іс-шараларды ұйымдастыруда ғылыми зерттеу орындарының, тәжірибелі ғалымдардың рөлі өте маңызды. Президентіміздің: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деген пікірімен толық келісемін.

Ғылым саласын дамыту – ғалымдардың жалақысын жеткілікті деңгейде  көтеру, ғылыми зерттеу орталықтарының жұмыстарын қаржыландыру, ғылымға жастардың қызығушылығы мен ынтасының артуын мемлекеттік қолдаумен және жастардың білім деңгейінің бәсекеге қабілетті болу әлеуетімен тікелей байланысты болады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің өркендеп дамуында ғылымның ел игілігі үшін қызмет етуіне басты назар аудара отырып, ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артатындығын атап өтті.

Әлемде ғылыми технологияның қарқынды дамуы, жасанды интеллект дамыту преспективасы қоғамының барлық саласына еніп, адамдардың тұрмыс тіршілігіне әсер етіп отыр. Сондықтан елімізде осы саланы дамыту мен игеру, халық игілігі үшін пайдалану маңызды бастама болатыны айқын.

Елімізде ғылым саласын дамытуда жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған мүмкіндіктерді арттыру, ғылыми кадрлардың сапасына көңіл бөлу маңызды бастама екеніне толық қосыламын.

Елімізге ғылым саласына шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тартумен қатар, жас мамандарымызды шетелде тәжірибе алмасуына, білімдерін жетілдіруіне мүмкіндіктерді жетілдіру де маңызды.

Дархан МАМЫТҚАНОВ,
философия және саясаттану факультеті
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы
с.ғ.к., аға оқытушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here