Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғылыми мен білімнің ғана емес, ұлт руханиятының да ұлы шаңырағы. Желтоқсан айы – Алаш баласы үшін өзгеше мәнге ие мезгіл. Алаш идеясының іргетасы қаланып, Алаш автономиясы құрылып, Алаш рухы асқақтаған да осы ай. Алаш арыстары жазықсыз ажал құшып, шейіт болған да желтоқсан айы. Алаштан қалған байтаққа ие болып, ел тізгіні қолға алынған ай да желтоқсан айы. Желтоқсан оқиғасы да бұл айда болғаны, Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі де желтоқсанда тойланатыны әмбеге аян.
Ордалы ұлы шаңырақ – ҚазҰУ биыл «тоқсанда». Жыл басынан бері тоқсан жылдық мерейтойға арналған ірілі-кішілі іс-шаралар бір-біріне ұласуда. Әлемдік деңгейдегі танымал универститеттердің алдыңғы жүздігінде көш бастап тұрған еліміздегі ең ірі ғылым ошағын қалай ұлықтау да артық болмасы анық. Соншама көп ғылыми, әдеби, мәдени басқосулардың соңғы бір легі желтоқсан айының алғашқы жартысында іркес-тіркес өтті. Филология факультеті, түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұстаздары мен докторанттары қатысқан бірнеше маңызды іс-шараларды санамалап көрсетсек төмендегідей.
** ** **
4-ТДМ «Сапалы білім» аясында және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90-жылдығына орай филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы, журналистика факультеті мен Т. Жүргенов атындағы Мәдени-ағарту, шығармашылық клубымен бірлесе отырып, 2024 жылы 29 қарашасында «Көркем шығармаларды оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Көркем шығармаларды зерделеудің жаңа бағыттарын, әдістері мен тәсілдерін айқындау негізінде жаңа технологияларды пайдалана отырып, әдеби шығармашылықты зерделеудің неғұрлым тиімді жолдарын анықтау; әдеби білім берудің қазіргі заманғы тұжырымдамасының инновациялық және практикалық маңыздылығын ашу мақсатында өткен конференцияға әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының педагогтары, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.
Конференция қонақтары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ақын Сауле Мағазбекқызы Досжан, Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейтжанов Зұфар Нұрсапаұлы, Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі ф.ғ.д., доцент Мауленов Алмасбек Анықбекұлы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, ҚазҰУ түркітанушы (PhD) докторанты Әділет Ахметұлы болды.
Қазақстанның әр жерінен қатысып, баяндама жасаған мамандар мен жас ғалымдар марапатталды. А. Байтұрсынұлы, Т.Жүргенов, З.Сейтжанов, Т.Нұрмағамбетов және С.Досжан атындағы сыйлықтар тағайындалып, таңдаулы баяндама авторларына табыс етілді.
** ** **
3-желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Механика-математика факультетінде «Алаш қозғалысы және Ұлттық мемлекет идеясы» атты конференция өтті. Математика 24-5 тобының бірінші курс студенттрінің ұйымдастыруымен өткен шараға факультет ұстаздары, студенттері және Алаш тақырыбын зерделеп жүрген жастар қатысты. Ұйымдастырушылар А. Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, ҚазҰУ түркітанушы докторанты (PhD) Әділет Ахметұлын құрметті қонақ ретінде шақырды. Конференцияда Алаш партиясы, Алаш-Орда өкіметі, Алаш автономиясы, жалпы Алаш қозғалысы тақырыбында жастар жарыса баяндама оқыды. Алаш тақырыбында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, пікірталас өрістетілді. Арыстардың шығармашылық мұрасы еске алынып, өлеңдері оқылды.
Ұйымдастырушылар қонаққа А. Байтұрсынұлының жазба мұралары, әліпбиі және төте жазудың шет елдерде қанат жаюы туралы құнды сауалдар қойды. Жиын соңында Ә. Ахметұлы ұстаздар мен студенттерді А. Байтұрсынұлы музей-үйіне жиі келіп тұруға, екіжақты меморандум жасауға шақырды.
** ** **
8-желтоқсан – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн. Осыдан 87 жыл бұрын желтоқсан айында Алаш көшбасшысы шейіт болған. 6-желтоқсан (жұма) Ахмет Байтұрсынұлы музей-үй ұжымы ұлы тұлғаны еске алып, мазмұнды іс-шара өткізді. Алматыкітап Баспасы ұжымы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазұу Филология Факультеті Түркітану кафдерасының докторанттары тағылымды басқосуда бірге болды. Айталық, Алматыкітап баспасының вице-президенті Әсима Рысқұлбекова, көркем әдебиет бөлімінің редакторлары Бұлан Жамбыл, Адина Жүсіп, белгілі аудармашы Шынар Әбілда, ҚазҰУ түкітанушы докторанттары Гүлзат Қаспақбаева, Дәмелі Біләлова қатарлы қонақтар Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне келіп, тағзым жасау шарасына қатысты. Ұстазды ұлықтау шарасы Әбіш Кекілбайұлын еске алумен ұласты.
Басқосу аясында «Заңғар қаламгер Әбіш Кекілбайұлының «Ұстаз ұлағаты» атты баяндамасының маңызы мен мәні» атты танымдық дәріс те қатар жүргізілді. Тағылымы мол жиынға аталған қонақтармен бірге музей-үй ұжымы түгелдей қатысты. Музей-үй жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет танымдық дәрісті жүргізді. Дәрісте ұлт ұстазы мен әйдік жазушы арасындағы рухани байланыс турасында әңгіме-кеңес, сыр-сұхбат жасалды. Дәрістен кейін музей-үйдің ғылыми қызметкері, түркітанушы докторант (PhD) Әділет Ахметұлы тақырыптық экскурсия жүргізді. Игі-жақсылар жиналған ізгі шараның соңында Ұлт ұстазының рухына арнайы құран бағышталып, дұға оқылды.
** ** **
9-желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоратының 15 қабатындағы үлкен конференция залында ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д. профессор Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі түркі терминологиясы: даму бағыттары, тіларалық байланыстар» көшбасшылық дәріс болды. Дәріске ғалымдар, ұстаздар және филология факултетінің студенттері, магистранттары және докторанттары қатысты.
Маңызды шарада Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. ҚазҰУ-дан қанат қаққан жастүлектің академик ғалым болып оралып, бүгінгі таңда қазақ тіл білімі саласында ұшан-теңіз еңбектер жазып, үлесін қосып келе жатқан Ш. Құрманбайұлының ғылымдағы жетістіктерін алқады. Ғалым ұстазына зор алғысын білдіріп, аталған тақырыпта көшбасшылық дәрісін жүргізді. Дәрістің қатысушыларға берген тағылымы мол, ғылыми ақпарат аясы кең болды. Дәріс соңында қатысушылар мен ғалым сұрақ-жауап арқылы сұхбаттасып, қазақ терминологиясының түйткілді мәселелері талқыға салынды.
Міне желтоқсан айын басталғалы ұлт ғылымының ұлы ұясында Алаш мұрасы ұлықталған шаралар жалғасын табуда. Мұндай игі бастама, ізгі шаралардың көп болуы әсіресе, ғылым жолына сапарын бастаған магистрант, докторанттарға берері аз болмасы анық.
Авакова Раушан Амирдинқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Утемгалиева Насихат Адайхановна – PhD, доцент м.а., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Ахмет Әділет – PhD докторант, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті