Астанада шырға тарту бойынша өткен «Тазы Гран-При» байқауы мәресіне жетті. Байқауға 300-ден астам үміткердің арасынан таңдап алынған 69 тазы қатысты. Еліміздің 17 өңірінен келген тазылардың көбі бұған дейін бірталай додаларда топ жарып жүрген белгілі қатысушылар. Арасында енді ғана көпшілік көзайымына айналып келе жатқан жас тазылар да бар. Бұл туралы «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі жазды.

Қазақ тазы спорт федерациясының құрылтайшысы Нұрқожа Ерсайынның айтуынша, Қазақ тазы спорт федерациясы үшінші мәрте жарыс ұйымдастырып отыр. Алғашқы жарысқа 20 өңірден 150 тазы қатысты. Екінші бәсекеге 220 тазы жиналды. Іріктеуге 300-ден аса адам жазылды. Солардың арасынан ең мықты деген 70-ке жуық тазы таңдалды.
Жарыста арландар мен қаншықтар жеке-жеке бәсекеге түсті. 1 шақырымда шырға тартудан жарысқан 70-ке жуық тазы алдымен 12 топта өзара бақ сынады. Әр топта үздік атанған 6 арлан мен 6 қаншық финалға жолдама алды.
Ақтық бәсекеде үздік үштік анықталды. Қатысушылардың арасында әсіресе алматылық тазылар ерекше көзге түсті.
Арландар арасындағы жүлдегерлер:
- І орын – Сылдыр (Алматы қаласы);
- ІІ орын – Сұркиік (Астана қаласы);
- ІІІ орын – Қарақұс (Алматы қаласы).
- Қаншықтар арасындағы жүлдегерлер:
- І орын – Сұңқар (Алматы қаласы);
- ІІ орын – Ерке қыз (Қарағанды қаласы);
- ІІІ орын – Айсары (Қарағанды қаласы).
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 000 000 теңге. Бірінші орын алған 2 тазыға 750 мың теңгеден, екінші орын иегерлеріне 500 мыңнан, үшінші орынға 250 мың теңгеден берілді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақы тазыны сақтау және таныту жөніндегі жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылдың тамыз айынан бері ҚР Президенті Іс басқармасының жетекшілігімен жүргізіліп келеді. Үш жылда Қазақстан кинологтары одағымен бірлесіп, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2023 жылы тамыз айында Қазақстан кинологтары одағы FCI-дың толыққұқылы мүшелігіне өтіп, ұлттық ит тұқымдарын халықаралық аренада таныстыру құқына ие болды. 2024 жылы мамырда Астанада өткен монотұқымды иттер көрмесі кезінде FCI комиссиясы 100 тазыны зерттеді. 2024 жылы 3 қыркүйекте Амстердамда «қазақы тазы» тұқымын әдепкі тану туралы шешім шығып, Қазақстанға оның толыққанды иесі деген мәртебе берілді. Биыл 8 тамызда Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) эгидасы аясындағы «World Dog Show 2025» дүниежүзілік иттер көрмесінде «Қазақ тазысы» ит тұқымы ресми түрде әлемге таныстырылды.
Есбол ТӨРЕҚҰЛ











