ҚазҰУ-дағы дипломатиялық қабылдау: халықаралық байланыстар жаңа деңгейде

0
794

Қазақ  дипломатиясының тамыры тереңде жатқаны белгілі. Сол дәстүрді жаңа ғасыр талабына сай жалғастырып келе жатқан ең ірі білім ордасының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті. Осы уақыт ішінде факультет еліміздің сыртқы саясат саласына мыңдаған білікті маман дайындап, Қазақстанның дипломатиялық мектебін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Бүгінде халықаралық аренада ел мүддесін қорғайтын кәсіби дипломаттар мен сарапшылардың нағыз ұстаханасына айналған, өз дәстүрі мен беделі бар ірі академиялық орталық. Биыл 30 жылдық белесті еңсерген факультет мерейтойын ерекше сән-салтанатпен атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар факультетінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты дипломатиялық қабылдау ұйымдастырылды. Игі шараға Қазақстандағы дипломатиялық корпус, шетелдік елшіліктер мен консулдықтар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, белгілі сарапшылар және факультеттің әр жылдары түлеп ұшқан түлектері қатысты.

Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өзінің жүрекжарды құттықтауында факультеттің қалыптасу тарихын айрықша атап өтті.

«Халықаралық қатынастар факультеті – біздің университеттің бет-бейнесін айқындап тұрған зияткерлік орталық. 30 жыл ішінде бұл факультет еліміздің дипломатиялық мектебін қалыптастырып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлады. Бүгінгі жетістік – ұстаздар мен ғалымдардың қажырлы еңбегінің жемісі», – деп пікір білдірді Жансейіт Қансейітұлы.

Ректор дипломатиялық корпус өкілдерінің мерейтойға қатысуын факультет үшін зор құрмет екенін атап өтіп, Қазақстанның сыртқы саясатына үлес қосып жүрген түлектерге алғыс білдірді.

Салтанатты рәсім барысында ҚР сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың арнайы құттықтау хатын министрліктің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев оқыды. Онда дипломатия жолына түскен мамандарды тәрбиелеп отырған ҚазҰУ-дың орны ерекше екені айтылды.

«ҚазҰУ – мен үшін кәсіби қалыптасуымның бастауындағы киелі орда. Мерейтой – ұстаздар еңбегіне тағзым етуге, өткенге құрметпен қарауға мүмкіндік беретін сәт», – деп ізгі тілегін жолдаған Ермек Көшербаев арнайы құттықтау хатында.

Шарада БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз сөйлеп, әлемдегі саяси ахуал мен өзгерістер кезеңінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы арта түсетінін жеткізді. Тек, білім мен дипломатияның тоғысқан жерінде ғана бейбітшілікке бастайтын маңызды бастамалар дүниеге келетінін атап өтті. Ресми бөлім соңында дипломатиялық корпус өкілдеріне алғыс хаттар мен мерекелік медальдар табысталды. Сондай-ақ «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумында белсенділік танытқан студент Адриан Давус арнайы марапатқа ие болды. Шара соңында студенттер концерт қойып, факультет тарихына арналған деректі фильм көрсетілді. Қонақтар 30 жылдық жолдың әр белесін көркем суреттеген туындыны жылы ықыласпен қабылдады.

ҚазҰУ-дың көрікті кешінде өткен дипломатиялық қабылдау білім мен мәдениетті, ой мен өрісті тоғыстырған тағылымды сәтке айналды. Әр елден келген өкілдердің жүздесуі жүректерді жақындатып, көзқарастарды кеңейте түсті. Бұл басқосу – университеттің әлемдік өркениетпен үндесіп, рухани көпір орнатудағы айқын қадамы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті – Қазақстан дипломатиясының рухани тірегі. Отыз жылдыққа созылған сара жол еліміздің сыртқы саясатына қызмет еткен мыңдаған маманның тағдырымен ұштасып жатыр. Мерейтой – осы еңбектің бағаланғанының айқын дәлелі. Алдағы жылдарда да бұл қара шаңырақтан ел атын әлемге танытатын дарынды, парасатты, білімді дипломаттар түлеп ұша беретіні сөзсіз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here