Жүзбай СЕРІК: «Адам сұлбасын ғана көретін деңгейде болсам да, жарықты сезіну – үлкен нығмет»

0
2153

Таяуда Алматы қаласындағы «Alatau Creative Hub» атты кітапхана, коворкинг әрі арт-орталығында ел руханиятына елеулі үлес қосып жүрген қоғам белсендісі, мәдениет жанашыры, ақын Жүзбай Серіктің «Өмір-Ғайып» деп аталатын жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Бұл тағылымды шара – «Мирас-А» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, Qazaq инклюзив театрының негізін қалаушы, «Kozimnin qarasi» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде де танылған азаматтың шығармашылық жолындағы маңызды белес болды.

Әдеби кешке зиялы қауым өкілдері, қаламгердің жақын-жуықтары мен рухани дүниеге бейжай қарамайтын оқырман қауым жиналып, жаңа еңбектің куәсі атанды.

«Өмір-Ғайып» кітабында бүгінгі қоғам үшін ең күрделі де көкейкесті мәселелердің бірі – тастанды балалардың тағдыры тереңнен қозғалады. Автор бұл шығарма арқылы адам баласының жауапкершілігін, ата-ана аманатының салмағын, отбасы атты киелі ұғымның мәнін ашып көрсетуді мақсат еткен. Туындыда үш түрлі отбасының өмірі салыстыра суреттеліп, әрқайсысының жүріп өткен жолы оқырманды бейжай қалдырмай, терең ойға жетелейді.

Кездесу барысында ақын өз еңбегінің өзегін төмендегі жыр жолдарымен өрнектеді:

«Өмір жайлы саған бір сыр айтамын,
Сырымды айтып, сәл мұңайтамын.
Кей тұсында өзіңе сын да айтамын,
Сынмен қоса ақтарылып, шынды айтамын.
Оқы да үңіл заман келбетіне,
Ойлан, түңіл, толқы, серпіл, тербетіле.
Осы еңбегім болса екен титтей үлес,
Мейірім жетпей жатқан жер бетіне…»

Осылайша, ақынмен ашық әңгіме өрбіп, «Өмір-Ғайып» кітабының жүрекке жетер ойы мен азаматтық үні кеңінен сөз болды.

«АҚЫНДЫҚ ӨНЕР МАҒАН НАҒАШЫ ЖҰРТЫМНАН ДАРЫҒАН»

– Жүзбай аға, әдебиет әлеміне қадам басуыңызға не түрткі болды? Ақындық жолға келуіңізге қандай себеп әсер етті?

– Меніңше, әр адам дүниеге өзіне ғана тән бір қабілетпен келеді. Бірақ, сол қасиетті ерте сөндіріп алмай, керісінше, дамыта білу – үлкен жауапкершілік. Ал, ақындық өнер маған нағашы жұртымнан дарыған деп ойлаймын. Себебі, нағашы жағым сөзге жақын, өлеңге бейім адамдар еді. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, соларға ұқсауға талпынып келемін.

Өмір деген – үздіксіз қозғалыс. Сол қозғалыстың ішінде ой да жетіледі, сана да өседі. Адам қоғаммен араласа жүріп, өз болмысын таниды, қабілетін ашады. Көз алдымда өтіп жатқан тағдырларға бейжай қарай алмадым. «Неге осының бәрін ақ қағазға түсірмеске?» деген ой жиі мазалайтын. Кейінгі ұрпаққа сабақ болса, қоғамға титтей де болса пайдам тисе деген ниетпен жаза бастадым. «Өмір-Ғайып» атты кітабым – өмірден алынған, тағдырдың талқысын көп көрген Аяла есімді жас қыздың хикаясы.

– Алғашқы өлеңіңіз қашан жазылды?

– Мектеп қабырғасында, төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде алғаш рет өлең жаздым. Бір қызға ғашық болып, жүректегі сезімді жеткізгім келді. Сегіз шумақ өлең туды. Артқы партада отырып, алдыңғы қатарда отырған қызға жасырын ұсындым. Бірақ, ұстазымыз байқап қалып, хатымды сыныптың алдында оқып беріп, ұялтты. Алғашқы өлеңім «Сүйем сені, жаным деп айтуға ұялам…» деп басталатын. Жылдар өте, мектеп бітірер шақта сол өлең тағы алдыма шықты. Содан кейін ұзақ уақыт қолыма қалам алмадым.

– «Өмір-Ғайып» кітабының жазылуына не себеп болды?

– 2009 жылдан бастап тастанды балаларға қатысты ауыр жағдайлар өмірімде жиі кездесті. Бірде қоқыс жанына тастап кеткен тірі сәбиді иттер талап жатқан жерінен аман алып қалдық. Сол сәттен бастап «Неге осындай ауыр тағдырлар менің жолымнан жиі шығады?» деген ой маза бермеді. Кейін перзентханамен келісіп, бір жылға дейін сәбилерді уақытша қамқорлыққа алып, бағып-қағып, есім беріп, бесікке бөлеп жүрдік. Әрбір анамен жеке сөйлесіп, балаларды өз анасының құшағында қалдыруға тырыстық. Содан бері он бес жылдан аса уақыт өтіпті.

«Тәрбие көзі – отбасынан басталады» атты пьеса жазып, оны мектептер, колледждер мен университеттер сахнасында қойдық. Қазір «Жоламан» спектаклі көрерменге жол тартуда. Қазақ инклюзивті театрын құрдым. Ондағы өнерпаздар – ерекше жандар.

Ал, «Өмір-Ғайып» кітабы – көп жылғы үнсіз еңбек пен ішкі арпалыстың жемісі. Бұл – ойдан шығарылған дүние емес. Әр бетінде жүрек үні, көзбен көрген көз жасы бар. Баласы үшін жанұшыра шырылдаған ананың жан күйзелісі, нәрестенің тағдыры суреттеледі. Бұл кітапты атақ үшін емес, дүниеге келген әр сәбидің бауы берік болсын деген ниетпен жаздым. Жастарға ой салып, өмірде тура жолды таңдауға себепкер болса – мақсатымның орындалғаны.

– Кітабыңыздың атын неге «Өмір-Ғайып» деп қойдыңыз?

– Өйткені, өмір тек қуаныштан тұрмайды. Оның ішінде сынақ та бар, ауыртпалық та бар, жауапкершілік те бар. Адам өз ісінің нәтижесін көреді. Кейде сол нәтиже күтпеген, ғайыптан келгендей әсер қалдырады. Кітапта дәл осы шынайы өмір көріністері баяндалады.

«КӨРКЕМ МІНЕЗ ТАНЫТУ – РУХАНИ ТАЗАЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ»

– Туған жеріңіз туралы не айтасыз?

– Мен Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келдім. Қоқиқаздары қалықтаған Шалқар көлі бар, табиғаты ерекше өңір. Балалық шағым сол жерде өтті. Суға түсіп, табиғатпен етене өстім. Кейін білім іздеп, қазіргі Астана қаласына қоныс аудардым. Туған жер – мен үшін қасиетті. Ол – тек мекен емес, рухтың бастауы.

– Жан тазалығы деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Жан тазалығы – сабыр, ұстамдылық, байсалдылық. Ашу мен қызғаныштан, менмендік пен тәкәппарлықтан аулақ болу. Қазақ «Жаным – арымның садағасы» деп арды бәрінен биік қойған. Біреудің арына тіл тигізбей, жұртқа жылы сөйлеп, көркем мінез таныту – рухани тазалықтың белгісі.

– Дінге көзқарасыңыз қандай?

– Аллаға сенемін, дінім – ислам. Намаз оқимын, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамын. Рухани дамуға мән беремін, салауатты өмір салтын таңдадым.

– Мектепте қандай оқушы болдыңыз?

– Тәртіпті, белсенді оқушы едім. Ата-анамның сенімін ақтауға тырыстым. Домбыра тартып, өлең айтып, қоғамдық шараларға белсене қатысатынмын.

– Аға, өмірдің күйбең тіршілігінде, еңбек жолында кедергілер кездесіп жатады. Сіз үшін ондай тосқауылдар болды ма?

– Мен үшін өмірде алынбас асу, өтпес кедергі жоқ деп есептеймін. Әр сәттің қадірін біліп, алға қойған мақсатқа асықпай, бірақ нық қадаммен жетуді әдетке айналдырдым. Жүрекке жүгініп, сабыр сақтай жүріп, күнделікті тіршілікте алдымнан ашылып-жабылып жатқан есіктердің бәрінен сынбай өтуге тырысамын. Рухани өмірде де жүрекпен тыңдап, кеңістіктің өзгерісін сезіне білу маңызды.

– Балалық шаққа ой жүгіртсек. Адам өміріндегі ең жарық, ең бейқам кезең – балалық дәурен. Сол шақта кітапты көп оқыдыңыз ба?

– Бала күнімде тақпақ жаттағанды ерекше жақсы көретінмін. Ал роман, повесть секілді көлемді прозалық шығармаларға жастық шағымда шыдамым жете қоймады. Оқыдым, бірақ ерекше құмарлық бола қойған жоқ. Жастықтың өз желігі, өз қарқыны бар ғой.

– 2026 жыл – жылқы жылы. Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар көп, ниет бар. «Өмір-Ғайып», «Жоламан» атты еңбектерімді ары қарай дамытып, кинотуынды ретінде жарыққа шығарсам деймін. Әрине, ол үшін қолдау қажет. Қазіргі таңда күнделікті қалам тербеп, жүрекке ой салатын мотивациялық кітап жазып жатырмын. «Басталды, таяқ жерге тасталды» деп аталатын бұл еңбек өмірден түңіліп, торығып жүрген жандарға арналады. Театр қойылымдарын шетел сахналарына шығару да ойымда бар. Арманым – өз театрымды салу. Комедиялық қойылымдар дайындап, халқымның көңілін көтеріп, жүрегіне қуаныш сыйласам деймін.

– Көз жанарыңызға ота жасалып, біраз қиындықтар көрдіңіз, алайда соған қарамастан елге қызмет етіп, талай жанға қолдау көрсетіп келесіз. Бұл жол қалай өтті?

– Алғаш рет 2009 жылы көзіме ота жасалды. Сол кезде де мойыған жоқпын, жұмыс істедім, көлікке отырдым. 2015-2016 жылдары екінші мәрте ота жасалды. Ал, 2017 жылы жанарым мүлде көрмей қалды. Соның бәрін Алланың сынағы деп қабылдадым. 2018 жылы Алла тағала көзімді саңылау етіп қайта ашты. Адам сұлбасын ғана көретін деңгейде болсам да, жарықты сезіну – үлкен нығмет. Қиындық көп болды, достарымнан айырылдым. Бірақ отбасым, бала-шағам жанымда болды. Солардың қолдауы мен үшін ең үлкен тірек.

«МЕН ҮШІН ШАБЫТ – ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН ТУАДЫ»

– Сізді поэзиядан бөлек театр, сахналық өнермен де байланыстырамыз. Өзіңізге қай өнер жақын?

– Өнер – мәдениеттің өзегі, алтын қазынасы. Ол адамның ішкі әлемін, болмысын айқындайды. Сондықтан өнерді бөліп-жарып қарамаймын. Әсемдікке, сұлулыққа ұмтылу – адам табиғатына тән қасиет.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Денсаулыққа ерекше мән беремін. Таңертең он шақырымдай жаяу жүремін. Күнді «Аллаға тәубә» деп бастап, денені шынықтыруды әдетке айналдырдым. Қайырымдылықпен айналысамын, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырамын. Ерекше жандарға қолдау көрсетіп, олардың армандарына жол ашуға тырысамын. Көзім әлсіз көрсе де сурет саламын, қолөнермен айналысамын, сазбалшықтан мүсіндер жасаймын. Театр сахнасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдадым. Алла қаласа, алда тағы да жаңа кітаптар жарық көрмек.

– Достарыңыз көп пе?

«Жаным жүдеп, жабыққанда дос керек,
Сағыныштан зарыққанда дос керек», – дегендей, Аллаға тәубә, айналаңды таспен емес, доспен қоршасын дейді ғой. Достыққа адалмын, берікпін. Қолымнан келгенше жанымдағы жандарды қолдап, барымды бөлісіп, шынайы ниетпен жанашыр болуға тырысамын.

– Кейбір суретшілер мен жазушылар «шабыт жұмыс үстінде келеді» дейді. Сізге шабыт қалай келеді?

– Мен үшін шабыт – өмірдің өзінен туады. Әр ісімді халқыма, қазақ еліме деген ықыласыммен, жүрек жылуымды арнау ниетімен бастаймын. Сол жолда шабыт өздігінен келеді, алға жетелейді. Қуанамын, шаттанамын, содан кейін ой да, өлең де өз арнасын табады.

– Қазір қолыңызға ақ қағаз бен қалам берсек, не жазар едіңіз?

– Ахмет Байтұрсынұлының:

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес, бір күнгісін…» – деген өлең жолдарынан бастағым келіп тұр. Театрдағы ерекше жандардың қанатын кеңге жайып, уайым мен дерттен алыстатқым келеді. Қазақ «Жетімін жебеп, жесірін жылатпаған» халық қой. Шағырай шешеннің «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адалдықтың белгісі» деген сөзі бар. Сол адалдықпен қолдап, елді биік мақсат пен асқақ арманға бастайтын ақ жолды кеңейтсек деймін.

Әмин! Жақсылық жасайық, халқым үшін есігіміз әрдайым айқара ашық болсын! «Өмір-Ғайып» кітабым сатылымда, одан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Келе жатқан Рамазан айы мүбәрак болсын! Ұстаған оразаларымызды Алла қабыл етсін!

– Сөз соңында қазақ еліне қандай тілек айтар едіңіз?

– Халқым аман болсын, ел-жұртым тыныш ұйықтасын, мемлекетімізде соғыс болмасын. Қазақ тілі мен дінін қадірлеп, өз ана тілінде еркін сөйлеп жүрсе екен деймін. Халқымыздың саны артып, жұртымыздың ырысы таси берсін. Ауру-сырқаудан аман болып, экономикамыз өркендей берсін. Аман жүріп, бақытты ғұмыр кешейік. Сөзімді «Шүкір дейікші» деген өлеңіммен аяқтағым келеді:

Көрінбес перде жапса да тұнық жанарды,
Тәуба деп жүріп ғаламды сүйем, ғаламды.
Сынағын беріп тағдырым маған үйреткен,
Өмірге күліп, өмірге күліп қарауды.

Қараймын күліп бейтаныс болған ақ таңға,
Шуағы бітпес ғибратты сұлу шақтарға.
Адамдар біздер түсінбейміз ғой көп жайды,
Шүкір демейміз нығметтер жауып жатқанда.

Шүкір дейікші бауырың бүтін, бас аман,
Жарық сыйлады, ғұмыр сыйлады Жасаған.
Хан сарай салып, хандығын жерде құрса да,
Жердің бетінде қалмайды мәңгі еш адам.

Шүкір дейікші он екі мүше сау кезде,
Ойдағы ақыл, бойдағы қайрат бар кезде.
Жанарың бар ма жарықты көрер бауырым,
Шүкір ет онда нұр берген Алла ол көзге.

Шүкір дейікші қайтеміз босқа сенделіп,
Бақытын іздеп келген ғой мынау жерге жұрт.
Иман мен шүкір жеткізер бізді мұратқа,
Еркіне қойсаң жығады орға пенделік.

Тәуба дейікші аяғың аман, қол аман,
Отбасың аман, жан жарың аман, бала аман.
Аспандағы айды аңсамас еді күрсініп,
Көрінбес көзге бақытын білсе әр адам.

Шүкір дейікші қайтеміз босқа күрсініп,
Бізсіз де мынау жалғаса алар тіршілік.
Жүрекке ауыр, уайымнан арыл шүкір де,
Жалғанда мынау жаныңның емі құлшылық.

Аспанға қара, тастарға қара шыңдағы,
Ай, күнге қара, гүлдерге қара қырдағы.
Жаны жоқ дейсің жарықтық жансыз болса да,
Жаратушыға мақтауын айтып тұр бәрі.

Сырымды аштым өлеңмен сырлы әуенмен,
Қазағым менің қайратты халық дегенмен.
Алласын ойлап алаңсыз жүрген ағайын,
Бәріңді жақсы, бәріңді жақсы көрем мен!

Сұхбаттасқан: Әсел Қанатқызы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here