

Біз соңғы кезге дейін кеңестік деректерге қарап, Қазан төңкерісінен бұрын Қазақстанда сауатты адамдар бір пайыздан аспаған деп жүрдік. Шындығында, ол заманда халықтың жиырма бес пайызы хат танитын болыпты. Олай болмаған жағдайда атағы әлем оқымыстыларымен теңескен Әбу Насыр әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді ғұлама ғалымдар шығар ма еді.
Қазақ әуеліден дарынды халық. Әсіресе сөзге, оны әсерлеп өлең етіп айтуға жақын. «Сөйлей, сөйлей шешен; көре, көре көсем боласың» деген осыдан шыққан.
Бұрын да, кейін де әр ауылдың айтқан сөзіне ұйыта алатын, бастаған ісіне басқаларды ерте алатын ел ағалары көп болған. Солардың ішінен шешендігімен бүкіл халыққа аты шыққан Жиренше екен. Бірақ, оның әйеліне көзі түскен ханға істер амалы қалмай тұрғанда, Қарашаштың өзі жол тауып, тоқтатыпты деген аңыз да ел есінде қалыпты.
Көсемдерді біздің ел қанша ғасыр хандар әулетінен таңдаған. Сөйте тұра өз арасынан шыққан ержүрек азаматтарын батыр деп, басына көтерген. Жергілікті хан деңгейінде ұстаған. Бүгінде ондай қайраткерлер санатында Шақшақ Жәнібек, Ресей патшалығы Пугачевқа теңеген Сырым батыр, Есет, Исатай мен Махамбет, Қытай жеріне жөңкіле көшкен қалың қазаққа қорған болған Оспан батыр, т.б. аталады.
Көп жағдайда шешендік пен көсемдік билік жүргізуге де мүмкіндік берген. Ол үшін шешен де, көсем де әділдік жолын ұстауы керек болған. Бұл «Тура биде туған жоқ» қағидасы бүкіл қазақ еліне Төле, Қазыбек және Әйтеке билерді танымал еткен.
Дауы жоқ – осы кісілер секілді талай дала алыптарын жарыққа өз ортасы мен заманы алып шықты. Олардың бәрі туа шешен, көсем, не би бола қалды деу шындыққа қиянат. Олар ел ішінде үлкен тәлім-тәрбиеден өтті, тәжірибе жинады. Дарындарын шыңдап, өсіп жетілді. Егер Қаз дауысты Қазыбек бала кезінен билік айта бастады деген аңыз шын болса, оны табиғи үдерістен ауытқыған сирек құбылыс деп түсіну керек.
Ал шешенді де, көсемді де заманы тудырады деген екінші қағиданың ең мықты дәлелін әріден іздемей-ақ, хандық жүйе аяқталып, Ресей патшалығы күйреген соң қалың қазақ тұйыққа тірелген кезде дүниеге келген Алаш орда үкіметі мен оны құруға бел буып кіріскен басшылары мен оларға қолдау көрсеткен жүздеген қайраткерлерді айтсақ та жеткілікті.
Кейінгі дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, батыр болған жерлестеріміз де, бейбіт кезде Еңбек ері атағын алған азаматтарымыз да заман талаптарының жемісі. Бұл атақтарды қолдану Жеңіс күнін жақындатып, соғыста күйзелген шаруашылықты тез қалпына келтіруге көп көмегін тигізді. Олардың ішіндегі Еңбек ері атағы қызмет түрлеріне байланысты берілетін, қазіргі жағдайдың ерекшеліктеріне бейімделген атақ.
Негізінде еңбек түрлері тұрақты кәсіпке айналып, олар сәйкесті мамандар арқылы дамиды. Сондықтан, кез келген кісіге елге танымал жақсылар қатарына қосылу үшін бұрынғыдай табиғи талант, сәйкесті орта мен заман сұранысы аздық етеді. Олар оқып, қосымша білім алып, жоғары дәрежелі кәсіби мамандықтарды игеруі керек. Және үнемі білімдерін тереңдетіп, тәжірибелерін нығайтулары қажет. Сонда ғана қызметтері өсіп, абырой, атақ алуға жол ашылады.
Еңбекақыдан басқа табыс көзі жоқ мемлекеттік қызметте істейтін азаматтарға осындай ынталандыру түрлерін қолдану бұрын да болған, қазір де бар. Олардың ішінде әскери және ғылыми атақтар беру, атаулы сыйлықтар, ордендер мен медальдармен марапаттау кең шеңберде қолданылады.
Бұл жол ғылымға да, ғалымға да ауадай қажет. Өйткені, әлеуметтік-экономикалық дамудың кілті соларда. Ал, бір-ақ сөзбен белгіленіп тұрған осы «ғылымның» ондаған саласы мен жүздеген тараулары бар. Ғалым солардың өзі таңдаған бағытын алдымен еркін меңгеруі, одан соң оны толассыз ізденістер нәтижелерімен байытып, өз ғылыми мектебін құруы керек. Ол сонда ғана өз дүниетанымы мен біліктілігін қажет деңгейге көтеріп, академия мүшелігіне сайлануға, сол арқылы елге танымал азамат атануға талаптана алады.
Менің алған білімім мен жүргізген ізденістерім қалың ел бұрын көп көңіл аудармаған, қазірге дейін қоршаған ортаға пайдасы теңдессіз бола тұра дербес экономика салаларының қатарына кіре алмай қалған орман шаруашылығына байланысты болды. Сол себепті болар ел ғылымы әлемі мен ғалымдарының ортасына кешірек кірдім. Алдымен жаңадан құрылған Қазақ ауылшаруашылығы ғылымдары академиясына (ҚазАШҒА) мүше болып сайланып, бас ғалым хатшы қызметін атқардым. Одан соң алдында ғана жаңа статусқа ие болған Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) арнайы шақыруымен оның бас ғалым хатшылығына ауыстым.
Аталған екі академия да (1996 ж.) алдымен Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің қарамағына беріліп, дербестігінен айырылды. Одан жеті жыл өткен соң (2003 ж.) қоғамдық ұжымға айналдырылды.
Сол жылдары ҰҒА мүшелерінің жалпы саны 198 еді. Олардың толық мүшелері (академиктері) 54, ал мүше-корреспонденттері 144 адам болатын. Академияның алғашқы сайланған (1946 ж.) құрамынан жалғыз С.К. Кеңесбаев бар еді.

Қызметіме байланысты солардың бәрімен әр түрлі жиналыстарда кездесе жүріп, көзтаныс болдым. Біразымен араласып, дәмдес те болуға тура келді. Бүгінде олардың арамызда жүргендері аз да, өмірден озғандары көп. Имандары жолдас болсын.
Арада отыз жыл өтсе де, бәрі бүгінгідей көз алдымда. Сол жылдарда жинаған материалдарым бойынша 2020 жылы «Академические формы организации сельскохозяйственных наук в Казахстане» деген монография шығардым. Оның аты біржақтылау болғанымен, мазмұны кең. Мемлекеттік екі академияның да тарихына шолу жасалған. Оған қоса, онда жадымда жатталып қалған, есімнен еш кетпейтін атақты ғалымдар мен сол академиялардың мүшелерін де атап көрсеткенмін.
Олар кейбір басшылар ойлағандай атаққұмар, жылы орын тапқан шал-кемпірлер емес, әрқайсысы ғылыми мектеп құрған, өз бағытын жете білетін, сөз тие қалса, ізденістерін баяндаудан жалықпайтын, аяғына дейін жете алмайтын, соның жолында жанып кетуге дайын майталмандар болатын.
Солардың ішінен осы мақаламда қазаққа қадірлі бірнеше академиктер туралы қысқа ғана естелік келтіргелі отырмын.
Мен ол кісілердің, ешқайсысымен кәсіптес емеспін. Бірақ, ресми түрде де, жұмыстан басқа уақыттарда да жақсы араластым.
Өзімнің Ұлттық ғылым академиясына ауысып, оның құрамындағы ғалымдармен танысуыма бірінші себепші болған адам Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев еді. Бұл кісі мені қызметке шақырардың алдында ғана баламалы сайлауға түсіп, сол академияның президенттігіне сайланған екен. Оған дейін Кенжекеңді көпшілік ішінде екі-ақ рет көргенмін. Халық «ел құлағы елу» дейді ғой. Мен туралы біреулерден естіген болар. Үш рет шақырып, соңғысында «Сәбит қалқам, сен Г.Ә. Қалиевпен біраз бірге істедің. Ол академияның жұмысын жолға қойғандарыңды естіп жүрмін. Мұнда келгенде алысқа кетіп жатқан жоқсың. Бәріміз бір елге қызмет жасап жатырмыз. Мына академия Ұлттық статус алды. Кел. Маған көмектес», – деді.
Осы сөздерден кейін келісімімді беріп, ертеңіне сондағы қызметімді бастап кеттім. Кенжеғали Әбенұлы менің құжаттар дайындау, шешімдер шығару мен хаттамалар жасауға, тапсырмаларды орындауға байланысты істерімді екі-үш айдай бақылады да, әрі қарай толық сенім білдірді.
Содан бері 30 жылдай бірге жүрдік. Тұлғалық, азаматтық болмысын қасында жүріп көрдім. Сирек қайраткер екеніне көз жеткіздім.
Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми-ұйымдастыру қабілеті өте жоғары еді. Жұмысты беріліп істейтін. Қызметте өзін де аямайтын, өзгені де босаңсытпайтын. Өйткені, нарыққа өту жолында қиындықтар көп болды. Әрі қай жерде қателік жібереді, оған қандай кінә тағуға болады деп аңдығандар жетіп жатты.
Бұл кісі шын лидер еді. Сөзге шебер. Тыңдаушысын еріксіз баурап алатын касиеті болды. Мысы бөлек тұлға болатын. Президиумның кеңейтілген отырысына қаралатын мәселелерге байланысты сала министрлерін шақырып, қатыстырушы еді.
Қызметтен тыс жағдайда жеңгеміз Нағытай екеуі өте қоғамшыл, жолдас-жораларымен хабарласып, жиі араласатын. Өз үйіне қонақ шақыра қалса, Кенжекең ең төменгі жақтағы орындыққа отыратын. Басқа үйге қонаққа барса, төргі орындыққа жайғасатын. Тек шақырылғандардың ішінде Бәйкен Әшімұлы, Салық Зиманұлы, Манаш Қабашұлы бола қалса, төрге сол кісілерді шығаратын.
Мен Кенжеғали Әбенұлы араласатын кісілерді сол академияға барған жазда көре бастадым. Алдымен Манаш Қабашұлы ағайдың, одан кейін Өмірзақ Махмұтұлы мен Кенжекеңнің үйлеріне барып, басқа қонақтарымен дастархандас болып, дәм таттым. Осылай бойым үйреніп, Кенжеғали Әбенұлының дос-жарандарының бірі болып кеттім.
Бұл кісімен ерекше сыйластым. Ол жаныма жақын, рухани азығымның бұлағындай болды.
Өзім Кенжекең туралы тірісінде де, қайтқаннан кейін де бірнеше мақала жарияладым. Ол кісі дүние салған күні «Егемен Қазақстан», «Қазақ», «Қостанай таңы» газеттеріне «Қош, Кенжеке» деген қазанама жазып, онда: «Кейінгі ғасырлар аралығындағы бұлыңғыр заманда қазақ білімі мен ғылымын, қоғамдық ойын жаңаша жалғастырудың басында болған, ұлы жүрек пен мінез иесі Кенжекең ағаммен қоштасу жаныма түскен жара, емі жоқ дерт.
Академик Кенжеғали Әбенұлы сыңар туған жүйрік, өзімен өзі жарысқан, жалғыздық өзіне жарасқан жан еді. Қандай топқа тайсалмай кіретін, қаймықпай қарсы жүретін, ордалы жиындарда ойлы сөз айта білетін, көпшіліктің көңілін тауып, қошеметке ие болатын, тайталасқа түссе, жеңіп шығатын күрескер еді.
Кенжеғали Әбенұлының қабілеті де, мүмкіндігі де мол еді. Оларды мезгілінде ел игілігіне сарқа пайдалана алдық деп те айта алмаймын. Кенжекем бұл өмірде сынбай, бұйырған соңғы бесігіне симай кетіп барады», – деп жаздым.
Бұл сөзім төменде келтірілген Салық Зимановтың Кенжекең туралы бұрынғы Президенттің алдында айтқан ойымен үндес.
Академик Салық Зиманов осы ортаның да, басқа жиындардың да барометрі секілді еді. Бір рет бейресми жиналған кісілердің алдында Кенжеғали Әбенұлы маған сөзді алдыңғылардың қатарында беріп қалды. Ол академияға жаңа барған кезім еді. Әрі бәрінен кіші болатынмын. Көптен кездеспеген кісілер абыр-дабыр болып, сөйлесіп отырған. Және олардың біразын өзім де танымайтынмын. Орнымнан тұра бергенімде төрде отырған Салық ағай көршісімен әңгімесін үзе салып, мен жаққа қарап еді, жұрттың бәрі әңгімелерін күрт тоқтатты. Сөйтіп, ол кісі мені қиын жағдайдан құтқарып қалды. Әйтпесе, оларға мен сөйлейін деп жатырмын, тыңдаңыздар дей алмайтын едім.
Тағы бірде қонаққа жинала қалғанымызда, сол кешті жүргізуді Кенжеғали Әбенұлы маған жүктеді. Ондайда қайда қашып құтыласың, амалсыз алғашқы сөзді зиялылар қауымының ағасы, халыққа белгілі ғалым, бүкіл заңгерлердің атасы деп Салық Зиманұлына беріп жатқан кезімде, Кенжекең «Сәбит бұл ағамыз ғалымдар қауымының пайғамбары ғой, оны да қосып айтуың керек еді», – деді. Мен күмілжіп, ол діни атақ қой дей бергенімде, Сәкеңнің өзі күлімсіреп, «әй Кенжеке-ай, мына сөзің артық қой», – деді еш зілсіз. Шындығында, Алматыдағы оқымыстылар тобы ол кісіні ерекше құрметтейтін.
Салық Зиманұлы қонаққа сирек және көбіне жалғыз баратын. Әрі ондай жерде көп отырмайтын. Бір сағат, әрі кетсе 2 сағат болып, кетіп қалатын.
Ағамыз ұзақ сөзді ұнатпайтын. Өзі қысқа әрі ойлы сөздің шебері еді. 1996 жылдың наурыз айында Академия ғимаратының Құрманғазы көшесі жағынан кіретін залына академиктерді жинап, Нұрсұлтан Әбішұлы сол жерде жаңа құрылған Ғылым министрлігі – Ғылым академиясының Министр-Президенті етіп В.С. Школьникті тағайындады. Жиналыс 18-20 минут шамасында аяқтала бергенде, С.З. Зиманов сөз сұрап, трибунаға жүгіре баса шығып, мен Қалиев пен Сағадиевке қиын жағдайда академиялардың негізгі мен ғалымдар тобын сақтап қалғанына шын ниетіммен алғыс айтамын. Сағадиев жөнінде айтсақ, ол қай үкіметтің де, мемлекеттің де кабинетін басқаруға лайық азамат деп, барлығы екі-үш минут сөйлеп, орнына барып отырды. Ертелі-кеш мұндай сөзді Н.Ә. Назарбаевтың көзінше ешкім айтып көрген жоқ. Бұған тек Салық Зимановтың ғана батылы жетті.
Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық ұжымға айналар алдынан бір күн бұрын (21.10.2003) оның президенті (Серікбек Дәукеев) бөлімшелердің академик хатшыларын жинап алып, ертеңіне сағат онға академиктерді шақырыңыздар, осы мәселені талқылаймыз деді. Сол жолы президент кабинетінде академик Салық Зиманов та отырған. Мен ағамыз бір шаруаларымен келген шығар деген оймен, оған аса көп мән бермей, Дәукеевке «академияның мүше-корреспонденттерін шақырмаймыз ба?» – дедім. Ол: «не, негізгі шешімдерді академиктер қабылдайтынын білмейсің бе?», – деп дүрсе қоя берді. Мен: «бұл шешімді жиналыс қой, әрі олар көп, біліп алып, өз академиямызды құрамыз деп жанжал шығаруы мүмкін емес пе?» – дедім. Осыдан кейін, ол: «сіздің осы сөзіңді естиді де, олар солай істейді» – деді де, бәрімізді айтқанын орындауға таратып жіберді.
Ертеңіне дәл солай болып шақты. Академиктердің көбі назаланып, азы ғана келіп, мүше-корреспонденттер көп жиналып, ҰҒА-ның мүше-корреспонденттері тегіс академиктер атанып, ал өзі қоғамдық академияға айналып шыға келді.
Сол кезде ғана мен Салық Зиманұлының алдындағы күні біз тапсырма алғанда Дәукеевтің кабинетінде неге отырғанын бір-ақ түсіндім. Түсіндім де, ішімнен ұятқа қалдым-ау дедім. Өйткені, біраз ірі академиктер арасында Үкімет ҰҒА-ны қоғамдық қыла қалса, өзіміз жеке элиталық академия құрайық дегендей келісім болған секілді. Ал менің Дәукеевке айтқан сөзім ол кісілердің бұл ойларының орындалуына кедергі жасады. Соны ойлап мен көпке дейін өзімді ол кісінің алдында кінәлі сезініп жүрдім.
Бір реті келген күні Салық ағайдың он томдық шығармалар жинағын алғым келіп, ол кісінің жұмыс орнына іздеп бардым. Оқушылары қарсы алып, Сәкең жолда келе жатқанын айтып, мені кабинетіне кіргізді. Мен ол кісінің кітап сөрелеріне әрлі-берлі көз салып, Мұхамед-Салық Бабажанов туралы жазған шағын кітапшасын тауып алып, одан бірнеше өзіме керек сөйлемдерді көшіріп алдым.
Сол кезде Сәкең де келіп, едәуір әңгімелестік. Сөз арасында ойыма «Горизонт» газетінде басылып, қалада тарап кеткен «Не можем молчать» деген мақала түсіп, оның қайдан шыққанын сұрадым. Оған қол қойдыруға біздің ортамыздан В.Н. Околович, Т.Ш. Шарманов, К.С. Ормантаев және мен қатынасқанбыз. Өзім оны К.Ә. Сағадиев дайындаған шығар деп жүретінмін. Ағай: «жоқ қателесесіңдер. Оны жазған мен болатынмын, ал тарату Кенжеғалиға тапсырылған», – деді.
Ол мақалаға қол қойдыру да оңай болмады. Мысалы, П.В. Своикке В.Н. Околович екеуіміз баратын болғанбыз. Ол сол кезде бір комитетті ме, әлде агентствоны ма басқаратын үлкен үкімет қызметкері болатын. Көп іздеп оны ауруханадан тауып алдық. Дұрыс жазылған деді де, қол қойды. Сосын «Сам себе петлю на шею накидываю. Ну и пусть» деді. Бұл үлкен азаматтық емес пе.
Салық ағамыз (1921-2011) өмірден тоқсан жасында өтті. Биыл ақпан айында туғанына 105 жыл толады.
Академик Өмірзақ Сұлтанғазин сөзге сараң, мінезі ауыр кісі-тін. Бір әңгіме айтса, қысқа қайырып, тоқтайтын. Оны көбіне Райхан апамыз жалғастырып, сол әңгіме қай жерде, қашан айтылғанын, ол кезде қастарында кім болғанына дейін айтып беретін.
Апайдың айтуынша, Өмекең академиядағы президенттігінің соңына қарай Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауына барыпты. Бірақ, ол кісі ана-мынаны айтып, академия жұмысына риза еместігін байқатқан секілді. Сонда Өмірзақ Махмұтұлы: «Екатерина II таққа отырғанда оған жақын досы, Ресей ғылым академиясының президенті Е.Р. Дашкова «Катерина, бұдан былай сенің құлағыңа шындық жетпейтін болады» деген екен», – депті. Бұл сыпайы ғана, бірақ өте дәл – сізге көп мәселе басқаша айтылады деген сөз ғой.
Өмекең осыдан кейін орнын босатып, бүкіл президиум мүшелері де отставкаға кеткен. Бұл кезінде газеттерде жарияланды.
Сол заманда бір-бірімен тығыз араласқан ғалымдардың төрт құбыласы түгел тұрғанда Өмірзақ Махмұтұлы (1996) мен Кенжеғали Әбенұлының (1998) 60 жылдық, Манаш Қабашұлының жетпіс жылдық (2001) мерейтойлары дүркіреп өтті. Өкінішке қарай, осыдан көп ұзамай бұл толайымды топты мезгілсіз келген қазалар азайта бастады.
Арамыздан алғашқылардың бірі болып, жоқ жерде Манаш Қабашұлы Қозыбаев өмірден озды. Бұл көпке түсініксіз және кенеттен келген қаза болды. Сондықтан, тарихи дәлдік үшін осы өлімнің алдындағы кеште болған бір болмашы оқиғаны айта кеткен дұрыс шығар.
Жаңа келген 2002 жылдың 30 қаңтары күні бір топ кісілерді академик Фазылхан Бәйімбетов үйіне шақырды. Бәріміз кешкі сағат алты жарым кезінде жиналып, қарқындатып салқын тамақты көбірек жеп, одан кейін келген етке жөнді қол сала алмай қалдық. Одан соң кішкене үзіліс жасаған кезімізде үлкен тамақтың желінбегенін көріп, Роза жеңгеміз, жер хабар бермесін, бәріміз еститіндей етіп «Мыналар асқан етімді жемей, ысырап қылды. Енді бұларды шақырмаймын», – деп, біресе біз отырған жерге, біресе ас үйіне барып, ылаң салды. Мен соңынан жүгіріп барып, «жеңгей байқа, не деп жүрсің, ұят қой», – деп тоқтата алмадым. Ал, Фазылхан кіріп-шығып, «әй, бұл не болды өзі, не болды», – деп әрлі-берлі жүрді де қойды.
Содан отырыстың ырқы кетті. Фазылханның келіні мен қыздары шай әкеліп, бір-бір кесе ауыз тидік. Одан соң Манаш Қозыбаев тұрып, «Қарағым Роза, қайдасың, жұмыстан аш келген бетіміз. Алдымызға томардай-томардай, лақтырсаң адам өлтірердей бауырсақ пен май қойдың, соларға тойып алдық. Бізде не кінә бар», – деді де, сол қалпы отырмай қол қайырып, шығып жүре берді.
Басқалар да киініп, оның соңынан кетті. Аулаға шықсам, Мәкең бір машинаның алдында отыр екен. Екі беті қып-қызыл болып кетіпті. Жүйкесі қозғалғаны көрініп тұрды.
Сөйтіп, әдетте масайрап, әңгіме-дүкен құрып, түнгі он екі-бір кезінде тарайтын топ, сағат кешкі тоғызға жетпей тарап кетті.
Сара жеңгеміздің айтуынша, сол түні Мәкең ұйқы көрмепті. Бірақ, жедел жәрдем шақыртпаған. Таңертең қызметтік машинасымен орталық ауруханаға бара жатқанда қысылып, жүрегі тоқтап қалыпты.
Апай: «Ағаң осымен біткен шығар», – деп қана айтып үлгерді», – деді.
Мәкеңнің дәм-тұзы сол күні таусылып тұрды ма, әлде алдындағы түнгі ренжігені себеп болды ма, бір құдай біледі.
Манаш Қабашұлы бүкіл қала интеллигенциясы соңғы жолға әскери лафетке салып, үлкен құрметпен шығарып салды. Қаралы жиынды Кенжеғали Әбенұлы басқарды. Аяулы ағасымен маңдайынан сүйіп қоштасты.
Мәкеңнен үш жыл төрт ай кейін дәл осындай ауыр қазаға Өмірзақ Сұлтанғазин ағамыз да душар болды. Ол кісі жетпіске де жете алмай қайтты. Бұл жолы да Өмекеңді шығарып салуға қалың қазақ ғылыми қауымы қатынасты. Жөнелтудің барлық шаруасының басы қасында тағы да Кенжеғали Сағадиев болды.
Бұл тағдырға шара бар ма. Сол Кенжекең Кореяда ішіне операция жасатып, елге аман оралған соң пандемия кезінде 2020 жылы Астанада қайтыс болды. Ағамызды жерлеуге оншақты туыстарына ғана рұқсат етіліпті. Ішінде И.Н. Тасмағамбетов қана болған көрінеді.
Осыдан дәл отыз жылдай бұрын Төрегелді Шарманов ағайдың үйіндегі жеңгеміз қайтыс болып, Кенжекең мені ертіп алып, Төкеңе көңіл айтуға бардық. Ол кісі үлкен күйзелісте отыр екен, біз барғанға қуанып, ішіндегі шерін шығарып, көзіне жас алды. Жұбайы жөнінде «Кенжеш, бұл кісі бір пенделік жасап, маған қарсы келгенін көрген емеспін. Қанша қонаққа шақырғандарға да маған еріп, бірге жүрмейтін. Өмірінде бетіне крем жағып, ернін бояп көрген жоқ. Табиғи қалпында болып, мені мен балаларымызды өсіруге бар болмысымен күш салды. Соған өмірін жұмсады», – деп кемсеңдегенін көзімізбен көріп, біз де эмоцияға бой алдырып, аз-кем босап алдық.
Содан кейін Төрегелді Шарманов мені іш тартып, жақсы көріп кетті. Кездескен жерде: «Әй, Сәкен, қалайсың. Сені Сейфуллинге ұқсатамын, амандық па?» – деп жылы сөйлесуші еді.
Төрегелді Шарманұлы кезінде қазаққа керек құндылықтар туралы «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазып, көпшілікке қозғау салғаны ұмытылған жоқ. Сексендер шамасына келгенде биологиялық жасым елуде деп, тамақтану мәдениеті мен салауаттылықтың сырын ашты. Өзі тоқсан төртке келіп, көп жасаудың үлгісін көрсетті.
Кенжеғали Сағадиев өз мерейтойларына байланысты өмірбаяндарын жазуды 60 жасынан бастап, маған тапсыратын. Олар дайын болғанда салтанатты жиында баяндама жасайтын адамдар таңдайтын. Сондай бір юбилейіне (шамасы 70 жылдығы шығар) басты сөзді, өзі ақылдасқан соң, Төрегелді Шармановқа тапсыруға кеңес бердім. Солай келісіліп, мерейтой күні Төкең үлкен, әрі өте мазмұнды баяндама жасап, сөз арасында «Кенжеғали Әбенович работе отдает всего себя без остатка, не жалеет ни себя, ни работников, коллективом руководит жесто, иногда доведя его до грани жестокости», – деді.
Бұл сөзде шындық бар болатын. Бірақ, ол Кенжекеңе ұнамай қалған болуы керек. Екеуі бір-біріне біраз өкпелеп жүріп, екі-үш айдан кейін түсінісіп, бұрынғы қалыптарына оралды. Міне, осы бір кішкентай штрихтың өзі үлкен адамдардың бір-бірімен сыйластығы әділдікті бүгіп қалуға жол бермейтіндігінің айғағы емес пе.
Академиктер Т.Ш. Шарманов пен К.С. Ормантаевтың достықтары ерекше болатын. Екеуі қосылып Үкімет үйінің алдында аштық жариялап, жатып алғаны көпшіліктің есінде болуға тиісті. Оны естіген Нұрсұлтан Әбішұлы вертушкамен Академия президенті Өмірзақ Махмұтұлының үйіне телефон соғып, «академиктерің палатка тігіп, Үкімет үйінің қасында аштық жариялап жатырған көрінеді, естідің бе, жиып ал», – депті. Өмекең онда барса, Камал Ормантаевқа Роза жеңгеміз зорлап көндіріп, тұзды шай ішкізгелі жатыр екен. Ол «дәл келдіңіз, шай ішейік», – депті. Сонда Өмірзақ Сұлтанғазин «қой, Розаның дәмді күрең шайын үйіңнен ішейік. Жүр», – деп, оның бұл әрекетін тоқтатқызған екен.
Аталған кісілердің ішінде Кенжеғали Сағадиевпен қалжыңдасатын тек Камал Ормантаев болатын. Ол кейде жоғарыда айтылған хатқа қол қойдыруды есіне алып, «ой, Кенжеғали сол кезде не жүруге машина бермеді, не жылынатын тамақ та ұйымдастырмады. Айтсам қол қойдыр. Мақала шыққан соң бәрі болады дейді. Міне, осы күнге дейін ештеңе татырған жоқ», – деп күлдіретін.
Камал Сәруарұлы жабылып қалған педиатрия факультетінің қайта ашылуына көп қажыр-қайратын сарп етті. Өзін халықтың, әсіресе Алматы жұртының бағына жаралған адам десе де болады. Ауырған жерін көрсетіп, ауызбен айтып түсіндіре алатын есі кірген адам емес, жылаудан басқа ештеңе білмейтін балаға диагноз қойып, нәтижелі операция жасау тек осы Камекеңнің бойына біткен қасиеттей көремін де тұрамын. Өйткені, мұндай қиын істі тек терең білімі мен үлкен тәжірибесі бар, ерекше логикасы мен интуициясы бірдей дамыған Камекеңдей адам ғана меңгере алады.
Камал Ормантаевтың да бірнеше мерейтойында болдым. Сыйласып, жақсы араластық. Бейресми жағдайда бұл кісінің мінезі жібектей жұмсақ болатын. Кейде өзі бастап, қалжыңды да араластырып қоятынбыз. Сонда қалайсыз десем, «Атағым дардай, қалтам жұрдай», – деп күліп жауап беретін. Мен: «Қойыңызшы, сіз елдің еркесі емессіз бе, қанша операция жасадыңыз. Пациенттеріңіз өсіп қызметте жүр» десем, «ә, оның бәрін құдай үшін істедім ғой. Әрі әке-шешелері өмірден өтіп кетті. Бәрі маған риза еді. Ал, балалары мені қайдан білсін», – деп тағы күлетін. Шын сөз ғой.
Камал Сәруарұлы да (1936-2025) былтыр, 89 жасында өмірден өтті. Жақында ғана (7 ақпан) жылдық асы берілді. Марқұм соңғы сегіз жыл бойы төсек тартып жатты. Менің әйелім Светлана екеуі 2017 жылы осындай ауруға шалдыққан. Сонда Роза жеңгей екеуіміз оларға қандай дәрі-дәрмек, нендей ем-дом жасау керек екенін бір-бірімізге айтып, іздеп тауып жүрдік. Бірақ, еңбегіміз еш болды. Светлана 2020 жылы Камал Ормантаевтан төрт жарым жыл бұрын қайтыс болды.
Ұзаққа созылған ауруға күтім жасау оңай шаруа емес. Оны Роза жеңгей мен балалары бастап, Камекеңнің туыстары, әріптестері мен қызметтестері қоштап, үлкен адамгершілік деңгейде атқарды.
Аталған ғалымдардың елімізге сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Кезінде олардың бірі министр (Т. Шарманов), екеуі ҰҒА президенттері (Ө. Сұлтанғазин, К. Сағадиев), бесеуі (С. Зиманов, Т. Шарманов, Ө. Сұлтанғазин, М. Қозыбаев, К. Ормантаев) ұзақ жылдар ғылыми зерттеу институттарының директорлары, екеуі (Т. Шарманов, К. Сағадиев) университеттердің ректорлары, ал біразы Жоғары кеңес пен Парламент депутаттары қызметтерін атқарды.
Осыған қарамай өздері тек салмақты, ұстамды қалыпта жүретін. Басы артық сөз айтпайтын. Кеудемсоқтық жасап, өздерін өздері жарнамалауға бармайтын.
Мүмкін сондықтан болар, осы орасан қызмет иелерінің арасынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тек Төрегелді Шарманов ағамызға бұйырды. Оның өзін бұл кісі әбден қартайған шағында, 92 жасқа келгенінде алды. Аруаққа айналған Төкеңнің о дүниедегі достары ол апарған жұлдызға мәз болып, құттықтап жатқан шығар. О қайран да, жалған дүние!
Мен бұл кісілердің ең кіші әріптесі едім. Және академияда құжаттар, ғылыми бағдарламалардың ағымдағы және қорытынды нәтижелерін дайындау мәселелеріне жауапты болдым.
Осы қызметімді істей жүріп, әдеби көздерден бұрын академиялар туралы жазылған материалдарды іздей бастадым. Сонда олардың мүшелері туралы бірнеше анықтамалар бар екенін көрдім. Бірақ, жүйелі түрде жазылған тарихи мағлұматтарды таппадым. Оған қоса екі бірдей ғылым академиялары жабылып кеткенде, олардың көпжылдық қызметтері ешқандай бағаланбай, қорытылмай қалғанына көз жеткіздім. Сол себепті, кеш болса да, осы олқылықтарды толтыруға талпынып, жоғарыда аталған монографиямды жазып шықтым.
Бұл әзірге осы бағытта шыққан алғашқы және жалғыз кітап. Әрі ол ертелі-кеш ел академияларында қызмет еткен, оған мүше болған ғалымдарға арнаған менің жазба ескерткішім десем де болады.
Бұл кітабымда мен ҰҒА-да, ҚазАШҒА-да өз миссияларын абыройлы орындағанын, республика ғылымын еселеп дамытып, қазақ интеллигенциясының бір үлкен тобы болып есептелетін ғылыми элитаның бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шыққандарын дәлелдедім. Оларды жабу кешірілмес кінә екенін, оның еліміздің ғылыми үрдісін 30 жылға ақсатып, жастардың кем дегенде үш ұрпағының ғылымға қосылуын тоқтатып тастағанын ашық жаздым.
Бұл қорытындылар сол кезде көп академиктердің айта алмай кеткен ойларымен үндес екені анық.
Кітабымның соңғы жағында «алдағы уақытта Академияның қайта құрылуы мүмкін» деген едім. Бұл ойым да расталып, қазір жаңа Академия іске кірісіп кетті. Бірақ, айтулы ғалымдар бас қосатын Академияға тек экспертиза мен ғылымның басты бағыттарын саралау аздық етеді. Ол сол басты бағыттардың шешімімен де тікелей айналысуы керек. Және оған барлық ғылыми мүмкіндікті жұмылдыруы қажет. Сонда ғана академия өз миссиясын толық орындайтын деңгейге шығады.
Сәбит БАЙЗАҚОВ, ҰҒА академигі











