Арманды мақсатқа айналдыратын үлкен орта

0
119

«Адамның адам болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі әсер ететін ең үлкен орта – білім ордасы» деген сөз бар. Мен үшін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті дәл сондай алтын ұяға айналды.

Мен 2023 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Арада бір ай өткен соң грантқа ауысып, студенттік өмірдің жаңа белесіне қадам бастым. Сол уақыттан бастап университет мен үшін тек білім алатын орын емес, арманды мақсатқа айналдыратын үлкен орта болды.

«Жастарға сенім арту – болашаққа сенім арту» дейді. Университет қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Соның нәтижесінде 2-курста Қазақстан студенттері Альянсының Жетісу облысы бойынша төрағасы болдым. Бұл ұйым мен үшін жай ғана студенттік бірлестік емес, өзім секілді белсенді, мақсатшыл жастарды біріктірген үлкен отбасы, жылы орта болды. Осында жүріп нағыз көшбасшылықты, жауапкершілікті және елге қызмет етудің маңызын түсіндім.

Сонымен қатар, Жетісу облысының студенттік омбудсмені атанып, жастар мәселесіне бейжай қарамайтын ортада еңбек ету бақыты бұйырды. «Еңбектің еленгені – адамның жігерін шыңдайды» дегендей, студенттік белсенділігімнің арқасында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Мемлекет басшысының қолынан Алғыс алу мен үшін өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі болды.

Биыл Жаңа Конституцияны қабылдау аясында өткен маңызды кездесулерде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге спикер ретінде қатысып, жастар атынан пікір білдіру мүмкіндігіне ие болдым. Осы бағыттағы еңбегім үшін тағы да Президент Алғысына ие болдым. Бұл – маған артылған сенімнің белгісі деп білемін.

«Білім адамды биікке шығарады, ал орта оны шыңдайды». Университет қабырғасында жүріп Қазақстан делегациясының атынан Тәжікстан мен Беларусь мемлекеттерінде өткен халықаралық форумдарға қатысып, сөз сөйледім. Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен өткен көптеген шараларды ұйымдастыру жұмыстарына атсалыстым. Мұның барлығы менің өмірлік тәжірибемді арттырып, ой-өрісімді кеңейтті.

Әр жетістігімнің артында университет ұстаздарының еңбегі жатыр. Оқытушылар бізге тек білім беріп қана қоймай, әр студенттің бойындағы қабілетті оятып, қанаттандыра біледі. Олардың сенімі мен қолдауы студентке үлкен күш береді.

Бүгінде 3-курсты аяқтадым. Студенттік шақтың қалай тез өтіп жатқанын байқамай қалыппын. «Студенттік өмір – адам ғұмырының ең жарқын кезеңі» деген сөздің байыбын енді түсінгендеймін.

Аз уақыттан кейін бұл білім ордасымен қоштасатын сәт те келеді. Бірақ, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті менің жүрегімде әрдайым арманға жол ашқан, тұлға болып қалыптасуыма себеп болған алтын ұя болып қала береді.

Ақерке ҚЫЗАЙБАЙ,
Гуманитарлық факультеттің студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here