Үміт үзілмесін десек…

0
379
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Баланың күлкісі – шаңырақтың шаттығы ғана емес, қоғамның тыныштығын танытатын өлшем. Ал, сол күлкі мұңға, үмітсіздікке ұласса, бұл бір отбасының емес, тұтас қоғамның жанын ауыртатын мәселе. Өкінішке қарай, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид туралы суыт хабарлар сиремей тұр. Әрбір осындай қайғылы оқиға елдің санасына «неге» деген ауыр сауалды қайта оралтады. Өмірден баз кешу аяқ астынан қабылданатын шешім емес. Оның арғы жағында ұзақ уақыт бойы қордаланған жан жарасы, үнсіз қалған мұң, еленбеген белгі, түсінілмеген сезім жатады. Бала көп жағдайда өз қайғысын сөзбен жеткізе алмайды. Оның жанайқайы кейде мінезінің өзгеруінен, жалғыздықты іздеуінен, бұрын қызық көрген дүниеге немқұрайлы қарауынан немесе өзгелерге байқалмайтын үнсіздігінен аңғарылады. Алайда біз сол белгілерді дер кезінде байқай алып жүрміз бе?

Баланың жан дүниесі – қоғамның аманаты

Қазіргі бала бұрынғы ұрпақ көрмеген ақпараттық кеңістікте өсіп келеді. Әлеуметтік желінің ықпалы, буллинг, оқу жүктемесі, ата-ананың уақыт тапшылығы, отбасындағы түсіністіктің әлсіреуі, психологиялық қысым мұның бәрі бала жанына салмақ түсіреді. Бірақ, осы факторлардың ешқайсысы жеке-дара суицидтің себебі емес. Ең үлкен қауіп баланың ішкі күйзелісінің дер кезінде байқалмай, оның өзін жалғыз сезінуінде.

Мамандар балалар арасындағы суицидтің алдын алуда психологиялық қызметтің, білім беру ұйымдарының және мемлекеттік қолдаудың маңызын үнемі айтып келеді. Дегенмен, баланың жүрегіне ең алдымен отбасының жылуы жетуі тиіс. Өйткені, баланың тағдыры ең әуелі үйдегі қарым-қатынастан, ата-ананың ықыласынан, күнделікті әңгімеден басталады. Сондықтан балалар арасындағы суицид мәселесіне құрғақ статистика немесе кезекті әлеуметтік түйткіл ретінде қарауға болмайды. Бұл ұлттың ертеңіне, қоғамның рухани саулығына тікелей қатысты мәселе.

Әрбір сақталған бала өмірі – сақталған отбасы, сақталған үміт, сақталған болашақ. Себебі, бір баланың амандығы бір отбасының ғана емес, елдің ертеңінің амандығы. Ендеше, балаларды өмірден бездіретін тасадағы себептер қандай? Қауіпті қалай ерте байқауға болады? Ең бастысы орны толмас қайғының алдын алу үшін әрқайсымыз не істей аламыз? Осы сауалдарға жауап іздеу – бүгінгі қоғам үшін кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндет.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі әлі күнге дейін қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті әлеуметтік түйткілдердің бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің әлеуетін арттыруға, мектеп психологтарының біліктілігін жетілдіруге және балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын кеңейтуге басымдық беріліп келеді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың психикалық саулығын нығайтуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Алайда, қолға алынған жұмыстарға қарамастан, ресми статистика балалардың өмірі мен психологиялық саулығына төнген қауіптің әлі де сейілмегенін көрсетеді.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 711 суицид фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Сонымен бірге суицид жасау әрекеттерінің саны 881 жағдайдан 591-ге дейін азайған. Мамандар мұны қауіп-қатер тобындағы азаматтарды ертерек анықтау, психологиялық сүйемелдеу қызметінің күшеюі және алдын алу шараларының белгілі бір деңгейде тиімді нәтиже бере бастағанымен байланыстырады. Дегенмен, бұл көрсеткіштер мәселенің толық шешімін тапқанын білдірмейді. Өйткені, әрбір статистикалық санның артында адам тағдыры, отбасының қайғысы және қоғамның жауапкершілігі тұр.

Ең алаңдатарлығы балалар мен жасөспірімдер арасындағы жағдай. Биылғы жылдың алғашқы үш айында ғана елімізде 52 кәмелетке толмаған жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсағаны тіркелген. Бұл бір тоқсанның өзіндегі ауыр көрсеткіш. Ал, өткен жылы халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан балалар арасындағы суицид деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарында аталды. Мұндай деректер мәселенің тек денсаулық сақтау немесе құқық қорғау саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ алаңдаушылығына айналғанын аңғартады.

Балалардың өмірден түңілуіне көбіне бір ғана себеп әсер етпейді. Отбасындағы түсініспеушілік, ата-ананың балаға уақыт бөлмеуі, буллинг, құрдастар арасындағы қысым, әлеуметтік желінің ықпалы, эмоциялық күйзеліс, жалғыздық сезімі және психологиялық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі бір-бірімен астасып, қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Сондықтан суицидтің алдын алу тек қайғылы оқиға болғаннан кейін әрекет етумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде байқап, балаға қолдау көрсететін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Баланың жан дүниесіндегі өзгерістерге бейжай қарамау, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту, психологиялық қызметтің қолжетімділігін арттыру және қоғамда психикалық денсаулық туралы ашық әрі сауатты түсінік қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Себебі, әрбір сақталған бала өмірі мемлекет үшін де, қоғам үшін де орны толмас қасіреттің алдын алғанмен тең.

Материалдық жағдай мәселені шешпейді

Қоғамда балалар арасындағы суицид көбіне әлеуметтік жағдайы төмен немесе тұрмысы ауыр отбасыларда кездеседі деген түсінік қалыптасқан. Алайда, ресми деректер бұл пайымның шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, өз-өзіне қол жұмсаған кәмелетке толмағандардың 62 пайызы толық және материалдық жағдайы жақсы отбасыларда тәрбиеленген. Бұл суицидтің негізгі себебін тек әлеуметтік немесе қаржылық қиындықтармен байланыстырудың қате екенін аңғартады.

Ата-ананың баласына сапалы білім беруге, қажетті киім-кешек пен тұрмыстық жағдай жасауға ұмтылуы, әрине, маңызды. Бірақ, баланың жан дүниесін түсіну, оның ішкі күйзелісін дер кезінде сезіну, күнделікті көңіл күйіне назар аудару ешбір материалдық игіліктің орнын баса алмайды. Бала үшін ең қымбат құндылық өзін тыңдайтын, түсінетін, жан сырын бөлісе алатын жақын адамның болуы. Егер отбасында өзара сенім мен ашық әңгіме жетіспесе, бала өзін жалғыз сезініп, жан дүниесіндегі ауыртпалықты ішіне бүгуі мүмкін.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіреуі қарбалас тіршілік, қызметтік жүктеме, цифрлық технологиялардың өмірге дендеп енуі және виртуалды қарым-қатынастың басымдық алуы отбасы мүшелерінің бір-бірімен шынайы сөйлесу уақытын азайтқан. Бір шаңырақтың астында тұрса да, бір-бірінің жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік таппайтын отбасылар көбейіп келеді. Соның салдарынан бала өз мәселесін ата-анасымен емес, әлеуметтік желімен немесе қатарластарымен бөлісуге бейім болады, ал кей жағдайда мүлде ешкімге айтпайды.

Психологтер суицидтің алдын алуда материалдық жағдайдан бұрын отбасындағы психологиялық ахуалдың маңызы зор екенін алға тартады. Баланың жетістігін ғана емес, көңіл күйін сұрау, оның пікіріне құлақ асу, күн сайын ашық әңгімелесуге уақыт бөлу және өзін отбасының маңызды мүшесі ретінде сезіндіру оның психологиялық саулығын нығайтатын ең қарапайым әрі ең тиімді қадамдар. Өйткені, балаға ең қажеттісі қымбат сыйлық емес, өзінің қадірлі, қажет әрі сүйікті екенін сезіну.

Балаларды суицидке не итермелейді?

Ресми органдардың мәліметіне сәйкес, әр жағдайдың өз себебі бар. Олардың қатарында: отбасыдағы жанжал, жауапсыз махаббат, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, ұялы телефонды пайдалануды шектеу, мектептегі немесе оқу орнындағы қиындықтар. Соның ішінде ең жиі кездесетін фактор – отбасындағы жанжал көп жағдайда қайғылы оқиғаға себеп болады екен.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі де алаңдатарлық. Дағдарыстық жағдайлардың 62 пайызында нақты себеп анықталмаған. Бұл балалардың ішкі күйзелісін ерте анықтау тетіктерінің әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Ал, 7,6 пайыз жағдайда себеп ретінде отбасындағы жанжал көрсетілген.

12 жылдан астам тәжірибесі бар психолог Лейла Мирас сырт көзге бәрі жақсы көрінетін баланың ішінде ауыр күйзеліс болуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, қауіптің алғашқы белгілері: ұйқы мен тәбеттің өзгеруі, көңіл күйдің ұзақ уақыт төмен болуы, бұрын ашық жүрген баланың тұйықталуы, агрессияның күшеюі, оқуға деген қызығушылықтың жоғалуы, денедегі өзіне-өзі зақым келтіру белгілері. Маманның айтуынша, мұндай өзгерістер байқалғанда уақыт күтпей, психологқа жүгінген дұрыс.

Психологтың айтуынша, баламен күніне кемінде бес минут сапалы сөйлесу оның өмірін сақтап қалуы мүмкін. «Қалың қалай» деген жалпылама сұрақтың орнына «бүгін өзіңді қалай сезіндің», «менің көмегім қажет болды ма», «сені не алаңдатты» деген нақты сұрақтар қойған жөн. Ең бастысы – бала айтқан сырын кейін оған қарсы пайдаланбау. Өйткені, бір ғана орынсыз сөз ата-анаға деген сенімді жоғалтып, баланың ішкі әлемін мүлде жабуына себеп болуы мүмкін.

Мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр?

Соңғы жылдары елімізде балалардың психикалық денсаулығын қорғау мен суицидтің алдын алуға бағытталған жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Өңірлерде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы, мектеп психологтарының кәсіби біліктілігін арттыру, қауіп тобындағы балаларды анықтаудың бірыңғай алгоритмін енгізу, педагогтерді депрессия, буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін ерте тануға үйрету, білім беру ұйымдарында әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бағдарламаларын іске асыру және жасөспірімдерді ерте психологиялық скринингтен өткізу мұның барлығы балалардың жан саулығын сақтауға бағытталған маңызды қадамдар. Бұған қоса, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия профилактикалық жұмысты күшейтіп, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік қызметтер мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударып келеді. Бұл мемлекеттің балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамайтынын көрсететін жүйелі жұмыстар.

Дегенмен, қандай мемлекеттік бағдарлама қабылданса да, түрлі алгоритм енгізілсе де, баланың жүрегіне жол табатын ең сенімді мекен отбасы болып қала береді. Мамандардың ортақ пікірі де осыған саяды. Өйткені, баланың жан дүниесін ешқандай технология, қызмет немесе ең білікті маман ата-ананың мейірімі мен күнделікті жанашырлығының орнын баса алмайды. Материалдық молшылық, беделді мектеп немесе сан түрлі үйірме баланың өзін қауіпсіз, қадірлі әрі сүйікті сезінуіне кепілдік бермейді.

Суицидтің алдын алу қайғылы оқиғадан кейін әрекет ету емес, балаға күн сайын көңіл бөлу мәдениетін қалыптастыру. Оның көңіл күйін сұрау, айтқанын тыңдау, ойын құрметтеу, қиын сәтте қасында болу кез келген алдын алу бағдарламасының өзегіне айналуға тиіс. Өйткені, бала ең алдымен өзін түсінетін, сөзіне құлақ асатын және қандай жағдайда да қолдау көрсететін ортаны өз үйінен табуы қажет.

Тобықтай түйін

Баланың өмірін сақтап қалу кейде күрделі емде де, қымбат жобада да емес, уақытында айтылған бір жылы сөзде, шынайы әңгімеде, қамқор жанның ықыласында жатады. Сондықтан балалар арасындағы суицидтің алдын алу тек психологтың, мұғалімнің немесе мемлекеттік органның міндеті емес. Бұл әр ата-ананың ар алдындағы жауапкершілігі. Себебі, бүгін біз қорғай алған әрбір бала – ертеңі нық, рухы берік, болашағына сеніммен қарайтын Қазақстанның кепілі.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here