Бітімгер ұраны – бейбітшілік және Қазақстанның халықаралық бітімгерлік миссиялары

0
253
Фото: akorda.kz

Бүгінде халықаралық бедел экономикалық немесе әскери әлеуетпен ғана өлшенбейді. Әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлес те мемлекеттің халықаралық аренадағы орнын айқындайтын маңызды көрсеткішке айналды. Қазақстан осы бағытта Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына қатысып, жаһандық тұрақтылықты нығайтуға нақты үлес қосып келеді. Голан жоталары мен Африка құрлығындағы БҰҰ миссияларында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлердің жұмысы – соның айқын дәлелі.

Бейбітшілік жолындағы жауапкершілік

Голан жоталары, Ливан, Конго Демократиялық Республикасы, Батыс Сахара… Бұл атаулар көпшілік үшін әлем картасындағы қақтығыс ошақтары ретінде ғана белгілі болуы мүмкін. Алайда, дәл осы аймақтарда бүгінде Қазақстанның әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиялары аясында бейбітшілікті сақтауға атсалысып жүр. Олардың міндеті – қақтығыстың қайта тұтануына жол бермеу. Өйткені, қарулы қақтығыс басылғанымен, бейбіт өмір бірден қалыптаса қоймайды. Осындай күрделі кезеңде бітімгерлер тараптар арасындағы келісімнің сақталуын бақылап, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрі тұрақтылықты қалпына келтіруге атсалысады.

Қазақстан бейбітшілік жолындағы жауапкершіліктен шет қалған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында еліміз өзін ядролық қарусыздануды жақтайтын, халықаралық диалогты қолдайтын мемлекет ретінде танытты. Семей ядролық полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту және халықаралық келіссөздерге алаң ұсыну – осы бағытта жасалған тарихи қадамдар. Уақыт өте Қазақстанның бейбітшілікке негізделген саясаты халықаралық бітімгерлік қызметпен жалғасты. Қазақстанның әскери қызметшілері қақтығыс аймақтарындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған миссияларға қатысып, бейбітшілік жолындағы міндеттерді атқара бастады.

Бүгінде еліміздің 154 бітімгері жеті халықаралық операцияға қатысса, соның 139-ы Голан жоталарындағы дербес ұлттық контингент құрамында міндет атқарады. Бұл Қазақстанның бітімгерлік саласында жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби даярлық деңгейін аңғартады. Өйткені, дербес ұлттық контингентпен миссияға қатысу әскери дайындықпен қатар халықаралық талаптарға сай құқықтық әрі ұйымдастырушылық жүйені қажет етеді.

Қазақстандық сарбаздар қатысып жүрген БҰҰ-ның бітімгерлік қызметі 1948 жылдан бастау алады. Содан бері әлемнің түрлі қақтығыс аймақтарында бір миллионнан астам бітімгер БҰҰ туы астында қызмет атқарды. 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 29 мамыр Халықаралық бітімгерлер күні болып белгіленді.

Бітімгерліктің белестері

Қазақстанның бітімгерлік жолы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталады. Ел өз Қарулы күштерін қалыптастырып жатқан тұста өңірдегі жағдай да тұрақты емес еді. Тәжікстандағы азаматтық соғыс пен Ауғанстандағы шиеленісті ахуал Орталық Азияның оңтүстік шекарасына қауіп төндірді. Осындай күрделі кезеңде қазақстандық әскери қызметшілер тәжік-ауған шекарасына жіберілді.

1993-2001 жылдары олар ТМД-ның оңтүстік шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты. Бұл Қазақстан армиясы енді ғана қалыптасып келе жатқан уақыт еді. Соған қарамастан, қазақстандық сарбаздар тұрақсыз аймақта қызмет атқарып, шекараны күзету міндетін орындады. Тәжік-ауған шекарасындағы сол жылдар елдің әскери тарихында өзіндік із қалдырды.

Кейін Қазақстан бітімгерлік қызметті жүйелі түрде дамытуға кірісті. 2000 жылы бітімгерлік батальон – «Қазбат» құрылды. Әскери қызметшілерді халықаралық операцияларға даярлау жолға қойылды. Арада үш жыл өткенде қазақстандық инженерлік-саперлік жасақ Иракқа аттанды.

2003 жылдың тамызында басталған Ирак миссиясы бес жылға созылды. Алғашқы инженерлік-саперлік жасақтың құрамында 27 әскери қызметші болды. Жалпы, 2003-2008 жылдары Ирак миссиясына ротациялық негізде 290 қазақстандық әскери қызметші қатысты.

Бұл миссияда қазақстандық саперлерге аса қауіпті міндеттер жүктелді. Соғыстан қалған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды залалсыздандыру олардың негізгі міндеттерінің бірі болды. Бес жыл ішінде қазақстандық саперлер 4 миллионнан астам жарылмаған оқ-дәрі мен басқа да жарылғыш заттарды залалсыздандырды. Олар суды тазарту жұмыстарына да атсалысты, ал әскери дәрігерлер жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Ирак әскери академиясының 572 курсанты қазақстандық бітімгерлердің қатысуымен саперлік іс бойынша дайындықтан өтті.

Ирактағы миссия аяқталғаннан кейін де Қазақстанның бітімгерлік қызметі жалғасын тапты. Отандық әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері БҰҰ миссияларына жіберілді. Ал, 2018 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері құрамында қызмет ету үшін 120 әскери қызметшіден тұратын бітімгерлік бөлімшесін аттандырды.

Ливанда қазақстандық бітімгерлер Үндістан батальонының құрамында қызмет етті. Олар патрульдеуге шығып, бақылау бекеттерінде кезекшілік атқарды.

Арада алты жыл өткенде қазақстандық бітімгерлер тарихында жаңа кезең басталды. 2024 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ миссиясы аясында дербес ұлттық контингентін Голан жоталарына жіберді.

Тәжік-ауған шекарасындағы қызметтен Голан жоталарына дейін отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде Қазақстан бітімгерлік саласында мол тәжірибе жинақтап, халықаралық миссияларға қатысудың жаңа деңгейіне көтерілді.

Жаһандық қауіпсіздіктегі жаңа міндеттер

Соңғы жылдары әлемдегі қарулы қақтығыстардың сипаты өзгерді. Егер бұрын БҰҰ-ның бітімгерлік миссиялары негізінен тараптардың бітім туралы келісімдерінің орындалуын бақылауға бағытталса, бүгінде олардың міндеті әлдеқайда ауқымды. Бейбіт тұрғындарды қорғау, гуманитарлық көмектің қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету, жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру, азаматтық инфрақұрылымды сақтау және жергілікті халықтың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау қазіргі миссиялардың негізгі бағыттарына айналды. Соған сәйкес бітімгерлерге қойылатын талаптар да күшейді. Әскери дайындықпен қатар халықаралық гуманитарлық құқықты меңгеру, шет тілдерін білу және көпұлтты ортада тиімді жұмыс істей алу маңызды кәсіби талаптардың қатарына қосылды.

Осындай жағдайда Қазақстанның бітімгерлік қызметі де жаңа мазмұнға ие болды. Алғашқы кезеңде халықаралық тәжірибе жинақтауға басымдық берілсе, бүгінде халықаралық миссияларда дербес әрекет ете алатын, даярлығы жоғары ұлттық контингент қалыптастыру маңызды міндетке айналды. Бүгінде Голан жоталарында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін бақылаумен қатар патрульдеу, бақылау бекеттерін күзету, жарылғыш заттарды залалсыздандыру және БҰҰ қызметкерлерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету сияқты жауапты міндеттерді атқарып келеді.

Бітімгерлік қызметтің тағы бір маңызды қыры – оның сыртқы саясатпен сабақтастығы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық дауларды келіссөз арқылы шешуді, халықаралық құқық қағидаттарын сақтауды және көпжақты ынтымақтастықты тұрақты қолдап келеді. БҰҰ аясындағы миссияларға қатысу осы ұстанымның жалғасына айналды. Бұл Қазақстанның бейбітшілік мәселесіндегі бастамалары сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен де жүзеге асырылып отырғанын көрсетеді.

Әлемдегі қауіпсіздік ахуалы күрделенген сайын бітімгерлік қызметтің маңызы да артып келеді. Қақтығыс аймағындағы әрбір миссия әскери қызметшілерден кәсіби дайындықты ғана емес, жедел шешім қабылдауды, түрлі жағдайда әрекет ете білуді және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазақстан үшін бітімгерлік қызмет – жинақталған тәжірибені жетілдіруге, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын шыңдауға және халықаралық миссиялардағы міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.

Тобықтай түйін

Қазіргі кезде қауіпсіздік бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейді. Бір аймақтағы тұрақсыздықтың салдары тұтас әлемге әсер етуі мүмкін. Сондықтан бейбітшілікті сақтау ортақ міндетке айналып отыр. Қазақстанның халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуы – осы ортақ іске қосқан үлесінің бір көрінісі. Әлемнің әртүрлі аймағында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қоса бермек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here