Fake news: жалған ақпаратпен күрес

0
1878
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Әйгілі Дүниежүзілік экономикалық форум жаһандық қауіп-қатерлердің ішінде жалған ақпаратты ең басты сын-қатерлердің қатарына жатқызды. Бүгінде фейктен зардап шеккендердің саны миллиардтармен өлшенеді. Материалдық шығынға ұшырап, психикалық күйзеліске түскен азаматтардың да қарасы күрт артып келеді. Әккі қаскөйлердің ықпалымен әдейі бұрмаланған мәліметтер қоғамда дүрбелең тудырып, халықты үрейге бой алдыруда. Киберқылмыскерлердің арбауына түсіп, қомақты қаржысынан айырылғандар туралы да соңғы кездері жиі еститін болдық.

Егер бұрын ақпарат тапшылығы сезілсе, қазір деректердің шамадан тыс көптігі мен оның шынайылығын анықтау басты өзекті түйткілге айналды. Жалған ақпарат – қоғамның санасын улайтын, экономикаға соққы беретін және ең бастысы, мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін қуатты қару. Бұған қарсы тұрудың ең тиімді жолы біреу ғана. Ол – мәліметтерді ресми дереккөздерден тексеру және медиасауаттылықты арттыру.

Жалған ақпараттың қоғамға әсері қандай? Медиасауаттылықты арттырудың қандай жолдары бар? Қазақстанда және әлемде фейкпен күрес қалай жүргізілуде? Осы және өзге де сауалдарға журналистік зерттеуімізде кеңінен тоқталмақпыз.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСУДА

Қазақстанда жалған ақпаратпен күрес бағытында мемлекеттік, құқықтық және қоғамдық деңгейде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл тараптағы негізгі жұмыстар заңнаманы қатаңдатуға, арнайы мониторинг орталықтарын құруға және халықтың медиасауаттылығын арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң аясында жалған ақпарат орналастырған және таратқан жеке тұлғаларға, блогерлерге және БАҚ өкілдеріне ірі көлемде айыппұл салынады. Фейк ақпарат таратқандар тек әкімшілік жаза арқалап, айыппұлмен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылады. Сондай-ақ, дипфейктер мен жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған сурет, аудио, видеолармен күресу үшін арнайы таңбалау талаптары енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпаратпен күрес ешқашан тоқтамау қажеттігін алға тартып, бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын.

«Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни, объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс», – деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес.

«Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік деңгейде жедел әрекет ету тетіктері іске қосылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында 2025 жылы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы құрылды. Қазіргі таңда жалған ақпарат қысым жасау, қоғамдық пікірді бұрмалау және арандату құралы ретінде белсенді қолданылуда. Осындай кезеңде мемлекет жалған хабарларға тосқауыл қоятын жүйелі тетіктерді іске қосуға тиіс. Орталықтың жұмысы коммуникация және ақпаратты талдау саласындағы мамандардың қызметіне негізделген. Бұдан бөлек, орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады. Жұмыстың мұндай форматы ресми түсініктемелерді жедел алуға, ашықтықты қамтамасыз етуге және жалған мәліметтерді тез арада теріске шығаруға мүмкіндік береді.

Орталық өкілдерінің айтуынша, арнайы алгоритм бойынша интернетте күмәнді немесе жалған ақпарат пайда болған кезде құзыретті мемлекеттік органмен бірлесіп талдау жүргізіледі. Оның қорытындысы негізінде ақпаратты ресми түрде теріске шығару немесе растау туралы шешім қабылданады. Орталықтың міндеті – аудиторияға фактілерге негізделген шынайы, сенімді мәліметтерді жеткізу, әлеуметтік желілерде алыпқашпа сөздер мен бұрмалаулардың арбауына түспеу. Орталықтың барлық ресми теріске шығарулары, талдау шолулары мен жарияланымдары https:⁄⁄t.me⁄AntiFakeCenter Тelegram-арнасында орналастырылады.

Жалған ақпаратқа қарсы қарсы күрес орталығы цифрлық медиа кеңістігін қорғап қана қоймай, қоғамды жаңғырту мен ұлттық бірлікті нығайтудың негізіне айналатын жаңа цифрлық мәдениетті қалыптастыруға өзіндік үлесін қоспақ.

«Орталықтың міндеттері Президент белгілеп берген басымдықтармен тікелей ұштасады. Жолдауда ауқымды цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге сүйене отырып, Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру туралы стратегиялық міндет жүктелді. Біздің міндетіміз – отандастарымыздың бойында күмән тудырған кез келген ақпаратты қайта тексеру әдетін қалыптастыру. Әлеуметтік желі қолданушылары бірден болмаса да, уақыт өте келе нақты фактілерді қауесет пен бос сөзден ажыратуды үйренеді. Бұл – түрлі айла-шарғылар мен арандатуларға бой алдырмауға септігін тигізеді деп ойлаймыз», – дейді ОКҚ мамандары.

ЦИФРЛЫ ДӘУІРДЕ МЕДИАСАУАТТЫЛЫҚ АСА МАҢЫЗДЫ ҚАСИЕТ

Тек тыйым салу мен жазалау арқылы фейктерді жеңу мүмкін емес. Сондықтан басты назар азаматтардың ақпараттық иммунитетін қалыптастыруға яки медиасауатын арттыруға жете назар аударылып отыр.  

Жаңалығы желмен жарысқан цифрлы дәуірде медиасауатты болу – бұл интернетте ақпаратты қауіпсіз іздеуге, талдауға, тексеруге мүмкіндік беретін XXI ғасырдың аса маңызды дағдысы десек артық айтқанымыз емес. Бұл дағды жалған ақпарат пен цифрлық қауіптерден қорғанудың басты құралы.

Елімізде көпшілік қауымның медиасауатын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына медиасауаттылық пен цифрлық гигиена негіздері пәндері енгізілуде. Бұл өскелең ұрпақ пен жастардың ақпаратты сыни тұрғыдан талдап, фактіні алыпқашпа сөзден ажырата білуіне көмектеседі. Сонымен қатар, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру үшін тұрақты түрде республикалық және халықаралық деңгейдегі жиындар мен біліктілікті арттыру тренингтері ұйымдастырылады. Мақсат – ұстаздарды медиасауаттылық бойынша инструктор ретінде дайындау. Бұдан өзге, Қазақстанда Factcheck.kz секілді тәуелсіз медиа-ресурстар мен ақпараттық порталдар белсенді жұмыс істейді. Олар қоғамда тарайтын жалған ақпаратты анықтап, азаматтарға деректерді тексеру құралдарын түсіндіреді.

Еліміздің ақпараттық кеңістігін қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты іс-шаралар қолға алынуда. Дегенмен, фейкпен күрестің ең тиімді құралы – әрбір азаматтың желідегі ақпаратқа жауапкершілікпен қарауы және күмәнді мәліметті бөліспес бұрын, оны мұқият сүзгіден өткізуді әдетке айналдыруы.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Әлемде жалған ақпаратқа қарсы күрес қатаң заңнамалық реттеу, IT-платформаларды технологиялық бақылау және халықтың медиасауаттылығын арттыру арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, АҚШ-та бұл бағыттағы жұмыстармен Орталық барлау басқармасына қарасты Шетелдік зиянды ықпалға қарсы іс-қимыл орталығы айналысады. АҚШ заңнамасына сәйкес, сайлау процесі кезінде жалған мәлімет тарату, өтірік ақпарат арқылы сайлаушылардың шешімдеріне әсер ету және фейктердің көмегімен сайлау нәтижесіне ықпал етудің кез келген әрекеті заңсыз болып табылады.

Бұдан бөлек, АҚШ-та Еуропалық Одақтағы сияқты онлайн-платформа иелеріне кез келген тұлға тарататын контенттің шынайылығын қадағалау міндетін жүктейтін барлық штаттарға ортақ федералдық заңнамалық талап бар. Бұл ереже 1996 жылы қабылданып, әлі күнге дейін қолданылып келеді. Дегенмен, АҚШ заңнамасы әлеуметтік желі иелеріне пайдаланушылар жариялаған сенімсіз контентті өздігінен өшіруге рұқсат бермейді. Олар контентті тек ашық саясат шеңберінде ғана модерациялай алады. Мысалы, жазбалардың астына себебін түсіндіре отырып, «Бұл жарияланым сенімсіз болуы мүмкін» деген ескертуді көрсету арқылы ғана шектеледі.

Аргентинада жалған ақпаратпен күресуге бағытталған арнайы заң қарастырылмаған. Дегенмен, бұл – әлемде сенімсіз ақпаратты қадағалайтын арнайы бақылаушылары бар бірегей мемлекет. Мұнда 2020 жылы Аудиовизуалды коммуникацияларды қорғау жөніндегі федералдық басқарма жанынан жаңа департамент құрылды. «Цифрлық медиа мен платформалардағы дезинформацияны және символикалық билікті бақылау жөніндегі обсерватория» деп аталған бұл құрылымның басты мақсаты – азаматтарды жалған әрі алдамшы жаңалықтардан қорғау.

Обсерваторияны құру туралы шешімді Аргентина қоғамының белсенділері бұқаралық ақпарат құралдарына цензура енгізілуі мүмкін деген қауіппен сынады. Билік өкілдері тарапынан құрылым ешқандай жазалау шараларымен айналыспайтынын, тек ақпараттық-талдамалық қызмет атқаратынын ғана көпшілікке түсіндірді. Осылайша, Аргентинада деректерді тексерумен және халықтың медиасауаттылығын арттырумен айналысатын, бірақ ешкімді жазаламайтын әлемдегі тұңғыш дербес мемлекеттік ұйым пайда болды. Бұған дейін мұндай орталықтар тек азаматтық қоғамның бастамасымен құрылатын немесе мемлекеттің қаржылай қолдауына ғана сүйенетін.

Соңғы жылдары жалған ақпаратпен Орталық Азия елдері де белсенді түрде күрес жүргізіп келеді.

Қырғызстанда 2021 жылы қабылданған жалған ақпаратпен күрес туралы заң аясында онлайн-контентті қадағалайтын жаңа орган пайда болды. Жаңа ереже бойынша, сайттар мен әлеуметтік желілер ресми орган жалған деп тапқан ақпаратты 24 сағат ішінде өшіруі керек, әйтпесе бұғаттауға ұшырайды. Сонымен қатар, аталған заң азаматтардың жеке деректерін жинауды міндеттеді. Енді интернет-провайдерлер барлық клиенттерін ортақ тізілімге тіркеуге, ал платформа иелері пайдаланушылардың телефондары мен пошталарын үкіметке өткізуге міндетті. Бұл қадам жергілікті белсенділердің үлкен наразылығын тудырды. Олар мұны аңду мен цензура құралы деп атады. Заңның іс жүзіндегі салдары ретінде, таяуда жемқорлықты әшкерелеумен айналысатын «Kloop» тәуелсіз басылымының бұғатталғанын атап өтуге болады.

Өзбекстан билігі 2022 жылы Қырғызстан заңнамасына ұқсас заң жобасын енгізуге әрекеттенді. Оны ақпарат саласын реттейтін қолданыстағы сегіз заңды біріктіріп, жаңа ережелермен толықтыратын «Ақпарат кодексі» ретінде қабылдау жоспарланған болатын. Бұл құжат тек жалған ақпаратқа ғана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғамға құрметтемеушілік танытатын контентке және ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым салуды көздеді. Қазіргі уақытта бұл кодекстің қабылданғаны туралы ресми ақпарат жоқ. 2022 жылдың желтоқсанында ол тек қоғамдық талқылауға арналған жоба ретінде жарияланған болатын.

Түрікменстанда жалған ақпаратқа қарсы бағытталған арнайы заң жоқ. Дегенмен, БАҚ туралы заңда арнайы бап қарастырылған. Оған сәйкес, өзге тұлғаларға немесе ұйымдарға зиян келтіретін жалған мәлімет таратқан журналистер ресми аккредиттеуінен айырылуы мүмкін. Бұл елде бұқаралық ақпарат құралдары толығымен үкіметтің бақылауында болғандықтан, тиісті рұқсатсыз кәсіби қызметпен айналысу мүлдем мүмкін емес.

Қытайда жалған ақпаратпен күрес қарқынды әрі қатаң жүргізіледі. «Аспан асты елінде» ақпараттық кеңістікті бақылаудың қатаң жүйесі құрылған. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті бұзатын қауесеттерді шығарғаны немесе әдейі таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ Қытайда «Қауесеттерді теріске шығару» платформасы іске қосылған. Жалған ақпарат шыққан жағдайда мемлекеттік онлайн-портал ведомстволардың ресми ұстанымын жедел таратып, жергілікті әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың балама нұсқаларын автоматты түрде бұғаттайды.

Германияны Еуропалық Одақ елдерінде заңсыз контентпен күресудің көшбасшысы деп айтуға толық негіз бар. Заң бойынша әлеуметтік желілер шағым түскен сәттен бастап 24 сағат ішінде жалған деп танылған контентті, жалған айыптаулар мен өшпенділікті қоздыратын ақпаратты өшіруге міндетті. Ал, Швеция мен Финляндияда медиасауаттылыққа үлкен мән береді. Аталған мемлекеттерде сыни тұрғыдан ойлау, үгіт-насихатты тану және фактілерді тексеру бастауыш сыныптардан бастап міндетті мектеп бағдарламасына енгізілген. Швецияда халықты манипуляцияларды анықтауға үйрететін Психологиялық қорғаныс агенттігі де жұмыс істейді.

ТҮЙІН СӨЗ

Цифрлық дәуірдегі жалған ақпаратпен күрес – тек мемлекеттің немесе жекелеген фактчекерлердің ғана міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Технология дамыған сайын фейктердің де түрі өзгеріп, адам санасын манипуляциялау әдістері күрделеніп барады. Бүгінгі таңда медиасауаттылық – жай ғана қосымша дағды емес, виртуалды әлемде аман қалудың, қаржылық және психологиялық қауіпсіздікті сақтаудың басты құралы.

Әрбір «лайк», әрбір «репост» және тексерілмеген ақпаратты чаттарға жолдау – үлкен дүрбелеңнің кішкентай ұшқыны болуы мүмкін екенін түсінетін уақыт жетті. Біз ақпаратты тек тұтынушы емес, оны таратушы екенімізді де ұмытпауымыз қажет.

Ақпараттық гигиенаны өмірлік әдетке айналдыру, кез келген сенсациялық мәліметке күмәнмен қарап, оны ресми дереккөздермен салыстыру – санамызды уланудан қорғайтын жалғыз қалқан. Бұл зерттеуіміз көрсеткендей, фейкпен күрестің ең тиімді бағдарламасы – әркімнің өз ішіндегі сыни ойлау сүзгісі. Ақпарат тасқынында адаспай, шынайылық пен жалғандықты ажырата білу – тұрақты қоғам мен қауіпсіз болашақтың кепілі.

Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы,
саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here