Ақиқат айғағы

0
147
Сансызбай Жиентаев пен Серік Шайман

Кешегі кеңестік кезеңде күн құрғатпай шығатын, көлемі кең дастарқандай мол пішілген облыстық газеттің жан алып, жан беретін қара қазанында қайнап, кейін теледидардай жедел хабар тарататын ақпарат құралдарының апыл-ғұпыл сынынан өткенімен, оның тілі барынша шұрайлы. Сөйлемдері майдан қыл суырғандай жүрекке жылы нәр беріп, санаңды сәулелендіреді.

«Торғай толғауы»: Белгілі журналист Серік Шайманның жаңа кітабы жарық көрді

Автордың былтыр Астанадағы «Есіл» баспасынан шыққан «Торғай толғауы» атты кесек туындысы негізінен үш бөлімнен тұрады. «Талбесік тәмсілі» бөліміне повесть пен әңгімелер енген. «Мезгіл мінберінде» бөлімінде эссе, публицистика, аналитика және сұхбаттар топтастырылған. Ал, «Дала демі» деп аталатын бөлігі таза очерк, суреттеме жанрына жатады. Соған қарап Серік Шайманды бұл жинағында новеллист, эссеші, публицист әрі очеркист ретінде қырынан танылған қаламгер деуге болады. Ортақ жетістігі – тіл байлығы, образды ойлау машығы, философиялық толғаныс иірімдері арқылы бүгінгі заманның дертіне ыстық шоқ сала білуі. Әдеби жанрлардың мүмкіндігін пайдаланып, өткір әлеуметтік мәселелерді орайын тауып оқырманға ұсына білуі.

Оқып көрелік. «Көк бөрі мен ортеке» – бұл жинақтағы көлемі жағынан ең шағын новеллалардың бірі. Әйтсе де, көтеріп тұрған жүгі зіл-батпан. Оқиға даланы суреттеуден басталады. «Шаңқай түс. Тас төбеге көтерілген шілденің күні жер апшысын қуырып тұр. Ыстық буған дала тылсым тыныштық құшағында. Алакөлдің киіктің жатағы аталатын қырат бетінде ошақ орнындай етіп қазып алған жерге бауырын төсеп, марғау қалғып жатқан киік үйіріне көз сүрінеді. Құдды бір туарылып жатқан нән асқабақ сияқты, көкпекті қыраттың үсті сап-сары».

Одан әрі осы жерді бетке алып, кезекті бір шайқаста жеңіліс тауып, пәрше-пәршесі шыққан кәрі теке мен екінші бір тұста киіктің жатағына қапыда бас салып, олжаға батпақ болған көк бөрі суреттеледі. Қасқыр өзіне тән сақтықпен жылқының қураған бас сүйегін тістеген күйі оны қалқан тұтып, төрттағандап жылжыса, кәрі текенің бар ойы – киіктің жатағына жетіп жығылу. Санасы сансырап жатқан бұл байғұсқа не болды деп ойлайсыз? Кәрілік пе, әлде ауру ма? Жоқ, екеуі де емес. Жақында ол үйірін сақтап қалу үшін жас текемен жекпе-жекке шыққан. Сонда алдыңғы аяғының буынына тиген соққы сүйегін жарып жіберіп, оған сарысу ұялап, күп болып ісіп кеткен. Автор оның осы сәттегі мүшкіл халін былай суреттейді:

«Жас кезінде бұл да кәрі текені үйірге жолатпай айдап шығып еді. Бірақ, тап мынадай қаныпезерлікке бармаған. Мынау бір сұмпайы, сұмырай екен. Соққысы да зілдей, ішкі сарайын қапсырып тастады. Бауыр мен өкпеде не қалды дейсің, көкірегі сыр-сыр етеді. Қас қылғандай, ұмасы ісіп, кешеден бері кіші дәреті де зорға жүретін жағдайға тап болған. Қалта қабы қабынып, бұтына сыймай талтаңдап келеді».

Қаламгер осы арада өзіне тоқтау сала алмай, басына пәле тілеп алған кәрі текенің сілікпесін шығара суреттейді де, екінші бір тәсілге көшіп, оқырманға оның ішкі ой-толғамын ұсынады. «Кәрі теке құмдауыт жерге тізерлеп жата кетті де, көзін жұмып, қилы-қилы ойға берілді». Сонда ол не ойлады, қандай жай есіне түсті дейсіз ғой. Әрине, күні кеше осы жерде дүниеге келгені, қайғысыз-мұңсыз жастық шағы, тіршілік рақатынан ләззат алған бақытты күндері. Бірақ, бертін келе заманның өзгергені, тұқымдастарының соңғы уақытта түрлі-түрлі ауруға ұшырап, жүздеп, мыңдап қырылып қалатыны, аспаннан темір-терсектің қалдықтары түсіп, ауаның ластанғаны, адамдардың дүниеқоңызданып, қаныпезер, қатыгез болып кеткені оған түсініксіз.

Байқайсыз ба? Қаламгер киіктің ішкі монологын беру арқылы замана зарын, өмірде орын алып жатқан жағымсыз көріністердің себебін іздейді. Адамдарды сана биігінде қалуға шақырады. Журналист бұл көріністерді ойдан шығарған жоқ. Оның нақты дәлелдері өмірде орын алды. Киік мүйізін сатып пайдакүнемдік жасағандар ұсталды, сотталды. Тіпті, Үкімет тарапынан киік аулауға тыйым салынды. Қазір оларды арнайы жасақтар қорғайды.

Серік Шайманның «Кек алу» деп аталатын екінші бір әңгімесі де адамдар бойындағы дарақылық, мақтаншақтық, тойымсыздық, қанағатсыздық, жағымпаздық сияқты жағымсыз қасиеттерді әшкерелеуге арналған. Әңгіме тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінен басталады.

Бұрын пәлен жыл совхоз директоры болған бас кейіпкер Дәрімжан қалаға жақын жерге қоныстанып, егіншілікпен айналысады. Қолы жүріп, байиды. Кеудесіне өркөкіректік ұялап, өзін зиялы, елге сыйлы адамдардың қатарында көрсеткісі келеді. Әкім-қараларды, атақты адамдарды төңіректеп, солардың жанында суретке түсіп қалуға, теледидардан жиі көрінуге тырысады. Тіпті, журналистерге ақша беріп: «Қарағым, мені анықтап түсір, объективте көбірек ұсташы», – дейтіні де бар. Бертін келе оққағар ұстап, қыз-келіншектерге қырындап, серілік те құрады. Жас тоқал алып, ұлан-асыр той жасап, Мәскеуден әнші шақырып, шала бүлінеді. Мұнысы, әрине, қырық жыл отасқан бәйбішесі мен есейіп кеткен ұлдарына ұнамайды. Бәйбішесі Зәмзагүл күйеуі тоқал алғаннан кейін арақатынасын біржола үзіп: «Әп, бәлем, Дәрімжан, көрсетемін саған. Ішкеніңді ірің, жегеніңді желім қыламын», – деп өз-өзіне серт бергендей болады. Арадағы қатқан мұздай осы жағдай келе-келе кек алу, есе қайтару сияқты асқынған ойға ұласады.

Автордың суреттеуінше, көп ұзамай мұның да орайы келіп қалады. Жас тоқал алпамсадай оққағармен ойнас үстінде ұсталады. Шал ашудың буымен әйелді екі мәрте қамшымен осып өткенімен, одан әріге бара алмайды. «Ел құлағы – елу. Ертең бұл әңгіме сыртқа шығып кетсе, кеше ғана жер-жапанға дабыралап той жасаған тоқалы есігіндегі оққағарымен ашына екен деген сөз жалпақ елге жайылмай ма? Сонда ағайын-туыстың, бала-шағаның бетіне қалай қараймын? Одан да жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырған дұрыс шығар», – деп шешеді.

Тағдырдан озып кете алмайтын шарасыздық деген осы. Мұны ең алдымен бәйбішесі бірден сезеді. Ол тоқал мен оққағардың байланысын өз пайдасына шешуге тырысады. Сөйтіп, үштік одақ құрылады. Оққағар мен тоқал дүниені жыланша жалмаған коронавирусты сылтау қылып, Дәрімжанның ертерек көзін жоюды көксейді. Мақсаттары – байлығын басып қалу. Ал, бәйбішенің мақсаты – тоқал алғанын кешіре алмаған пендешіліктен туған әйел кегі.

Ақыры жанына ауру батып, әлім-бәлім жатқан Дәрімжанды тоқал мен оққағар ебін тауып тұншықтырып өлтіреді. Елдің бәрі Дәрімжанды жаман аурудан қайтыс болды деп ойлайды. Бірақ, жаназа шығару үстінде тағы бір оқыс жағдай болады. Қаламгер оқиғаны шиыршық атып, шегіне жеткізе өрбітіп, бұрын-соңды болмаған, ұғымға жат, құлақ естіп, көз көрмеген сорақы көріністі көлденең тартады. Түпнұсқаға зер салыңыз.

«Әдетте молда мүрдені шығарып жатып: «Марқұм жақсы адам ба, қарызы бар ма?» – деп сұрайды ғой. Сонда жиналған көпшілік арасынан біреу:

– Қарызы бар. Ол жақсы адам емес, – деп саңқ ете қалады. Шалдың балалары да, жиналған жұрт та үрпиісіп қалады.

– Ой, бұл кім?! Қандай найсап?! Не дейді, не тантып тұр? – деп дауыс шыққан жаққа жалт-жалт қарайды.

Орта бойлы, қатқан қара қайыстай болып күнге күйген, көзі бадырайған бір адам намаз рәсімін жасап жатқан молдаға жақындай береді. Амалы қалмаған молда оң қолын көтеріп:

– Уа, халайық! Мынау бұрын-соңды болмаған, адам естімеген жайт болып тұр. Айтылған сөз – атылған оқ. Қаншалықты ауыр болса да, мына пенденің датын тыңдамасқа шара жоқ. Біз Алланың алдында бір адамды жалған дүниеден фәни дүниеге аттандыру рәсімінің үстінде тұрмыз. Бұл жерде беделге салу да, жалған сөйлеу де мүмкін емес. Сондықтан сабыр сақтаңыздар, – деп жиналған жұртқа басу айтады. Содан кейін жаңағы адамға жақындап:

– Сен кімсің? Қайдан келген адамсың? Не айтпағың бар? – дейді.

– Айтсам былай, – дейді әлгі адам. – Дәрімжан директор болып тұрған кезде бірнеше жыл жұмыс істедім. Үйінің де шаруасын істеп, отпен кіріп, күлмен шықтым. Ақыры бірнеше жылғы еңбекақымды бермей алдап кетті. Ол ешқашан халықтың қамын ойлаған жақсы басшы болған емес. Парторг екеуі күні бойы шахмат ойнаудан қолы босамайтын. «Қойшыға жарықтың керегі не?» деп бөлімшелерге электр жарығын да тартқызбады. Он жыл бойы бастық болып жүріп, үш қатарлы мектептің құрылысын аяқтамады. Сол мектеп ауылымызда әлі тұр. Совхозды сорып байыды…

Жаны күйген болуы керек, Дәрімжанның үлкен ұлы жаңағы адамды көкжелкесінен бүріп алып, шетке қарай сүйрей жөнелді.

– Әкет әрі! Қазір табаныңды жалтырат! – деп айқайлап, оны одан әрі сөйлетпеді».

Ал, Зәмзәгүл кемпір болса: «Ә, Дәрімжан, түбіңе жеттім, кегімді алдым. Жай кетпедің бұл дүниеден. Халық алдында қарабет болдың. Дүние-боқты өлгенше қудың, тоймадың, тойымсыз болдың. Енді сол боқпен көмілдің», – деп ойлады.

Әңгіме осылай аяқталады. Адамдардың бетіндегі бетперде сыпырылады. Тыр жалаңаш шындық қана қалады. Қатал үкім, ауыр шешім. Арқаң мұздап, денең түршігеді. Бірақ, ақиқаттан асып қайда барасың? «Беу, дүние-ай, ақиқат ақтарылмай, шындық шырылдамай қалар ма? Мынау дүние-дүние болғалы оның ащы запыранын жұтпаған кім бар екен?» деп айқайлағың келеді.

Қаламгердің осы жинаққа енген жиырма екі әңгімесінің біраз бөлігі әйел мен еркек арасындағы мәңгілік тақырып – махаббат пен ғазауат, зорлық пен зомбылық, күйіну мен сүйіну сияқты сезім сергелдеңіне арналған. «Ескексіз қайықтағы» жастай жесір қалған Бәтиманың адамдық намысын таптамақ болған Жұмабектің жеңілтек әрекеті, «Айқаракөздегі» тұрмыс тауқыметінен жезөкшелік жолға түсіп, кейін есін жиған Айқаракөздің көпірден құлап өліп, жетімдер үйіне үш мың доллар ақша қалдыруы, «Шырғалаңдағы» әуелі шешесіне, кейін сол әйелдің өзіне ғашық болған қызына көңілі ауған Аман-Ғалидың жан тебіренісі, «Қара баладағы» студенттік шақта шоқ басып, негрден бала көтерген Сағиланың трагедиясы, «Сол келіншектегі» өзінің белсіз екенін білгеннен кейін бес жыл отасқан әйелінен безіп кеткен жігіт пен әйелінің жан азабы, «Сылаң қыздағы» басшылардың қолжаулығына айналса да, Жоғарғы Кеңестің депутаты болуды армандаған Бегайым сұлудың бақай есебі – бүгінгі өмірдің ащы шындығын баян еткен шынайы да шымыр шығармалар. Олардың әрқайсысы «Біз осы қайда бара жатырмыз? Қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз? Мақсатымыз қандай?» деген сауалдарды көлденең тартады.

Публицистика, аналитика мен очерк – журналистің оң жамбасына келетін төл жанрлары. Бұл бағытта Серік Шайман көсіліп те, жосылып та жазады. Бір ерекшелігі – кәдімгі мақаланың өзін әдеби тілмен өрнектейді. Жазғанда қазақы шұрайлы ой орамдарын, сөз тіркестерін ұтымды пайдалана біледі. «Аяңға қоян алдырмас» атты аналитикалық мақаласына көз салып көрелік. Тақырыбы – өзіміз отыз жыл бойы айтып келе жатқан тіл мен діл мәселесі. Автор оны ертеректе жазғанымен, өзектілігі әлі де сол күйінде сақталып отыр. «Біріншіден, кінә жергілікті билік орындарында. Тілге қатысты мәселеге келгенде кежегесі кері тартып тұрады. Қырық түрлі сылтау айтады. Екінші кінә – қазақтың өзінде. Олар жымысқы саясатты парасаттылық, шовинистік басынуды бауырластық, ұлттық өктемдікті интернационализм деп ұғатын бүгежек пиғыл мен жалтақ ұғымның құлдары. Олар ана тілінің уыз мәйегімен сусындамай, басқа ұлттың тәрбиесін көрген, қазақ тілін қажетсінбейтін маргиналдар», – деп журналист қынжылады. Расында да, арада қанша уақыт өтсе де, тіл мәселесі баяғы орнынан жылжи қойған жоқ.

Журналистің очерктері нақты кейіпкерлерге, шаруашылық пен экономика мәселелеріне арналғанымен, әдеби тілмен жазылғандықтан көркем шығармадай әсер қалдырады. Мысалы: «Қарауындағы алты жүзден астам саулықтың дені қыста қоздаған-ды. Жайлауды, даланы сағынған сақа қойлар Ақкөл аңғарына қарай лап қойғанда, қуана ойнақ салған марқа төл соңғы көштің сәнін келтіріп, бұлтың-бұлтың, тыпың-тыпың басып бара жатты».

Немесе: «Амандық-саулықтан соң үшеуі де бидай көгіне зер салды. Сағым қуған сары белде ол толқын атып, толысып, самал желмен баяу тербеліп тұр. Даланың деміндей дір-дір етеді». «…Түн белдеуден ауа жерге жапалақтап қар түсіп, әп-сәтте ұшы-қиырсыз даланы ақ торғын мамық қар орап алды. Ал, құс ұйқылы қойлы ауылдың қырағы сақшысы – шопан болса, соның бәрін өз көзімен көріп, көңілі алабұртып, ұйықтамай әлі жүр». Осындай кітаптан немесе аңыз-ертегіден емес, өмірдің өзінен алынған образды сөйлемдер шығарманың шырайын келтіріп, очерктерді оқуға оқырманды ынталандыра түседі.

Қаламгер жинағының «Мезгіл мінберінде» деп аталатын бөліміндегі академик, қоғам және мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиевпен, Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиұлымен, Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер Сайран Бұқановпен сұхбаттарында да тарих пен тағылым, ұлттық саясаттың мәйегі, адамдық пен адалдық, еңбексүйгіштік, намысқойлық пен қайсарлық жайы кеңінен сөз болады.

1992 жылы Байқоңыр ғарыш айлағына қазақстандық журналистер тұңғыш рет жіберілді. Соның құрамында болған Серік Шайманның «Байқоңыр, ол қандай?» дейтін үлкен эмоциялық толғаныспен жазылған эссесі ерекше назар аудартады. Журналист онда болған жайларды қызықты етіп баяндай отырып: «Қайтып келеміз. Тағы да әртүрлі ой арбайды. Есімнен Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Едіге Жангелдиннің әрекеті шықпайды. Жан досы Қазанғапты осы Төретамдағы Найман-Ана бейітіне қоя алмай, басын тауға да, тасқа да ұрды ғой, байғұс. Енді, міне, қазақ үшін қасиетті Байқоңырға жол ашылды. Ол апақ-сапақта балалары келіп қалғандай абдырап, Едігенің әйелі Үкібала сияқты: «Құдай-ау, мұныңа мың да бір шүкір! Келгендерің қандай жақсы болды! Құлындарым-ау, бұл өз үйлерің ғой», – деп жатқан сияқты», – деген философиялық тұжырым жасайды. Осы арқылы әлемдік космонавтиканың ең үздік жетістіктерінің бірі саналатын Байқоңырдың қазақтың төл жері екенін меңзейді.

1919 жылдың 27 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті сол уақытқа дейін әкімшілік жағынан Торғай облысының құрамында болған байырғы қазақ жері – Қостанай уезін қазақ үкіметімен келіспестен Ресейдің Челябі губерниясының қарауына беру туралы қаулы қабылдайды (Декреты Советской власти. М., 1973. V том. 73-74-бб.). Бұған Сібір ревкомының ашкөз ұсынысы негіз болады. Дәйегі – бұл өңірде қазаққа қарағанда орыс ұлтының көптігі. Мұның астарын дер кезінде дұрыс түсінген қазақ зиялылары Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және басқалар Мәскеумен келіссөз жүргізіп, қабылданған шешімнің дұрыс еместігін дәлелдей бастайды.

Сол бір қиын-қыстау шақта Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі ретінде арнайы баяндама жасап, бұл шешімге қарсылық білдіреді. Баяндама да, ревкомның қаулысы да Мәскеуге жіберіледі. Алайда ондағылар: «Бұл – тізгінге жармасу, жоғары үкіметті сыйламау. Біз – біртұтас мемлекетпіз, бір қаланың бері не әрі кеткенінен не өзгереді?» – деп қасарысады. Ақыры қазақ үкіметінің уәжі жеңіп, Қостанай қайтадан Торғай облысының құрамына енгізіледі. Журналист осы тарихи деректерді тілге тиек ете отырып, Ахаңның баяндамасынан үзінділер келтіреді, көлемді талдау мақаласын жазады және оны бүгінгі ахуалмен байланыстырып, «Бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген байлам жасайды.

Қаламгердің «Торғай толғауы» атты осы таңдамалы жинағындағы көлемі жағынан да, жазылу мәнері мен тіл көркемдігі жағынан да шоқтығы биік тұрған шығармасы – «Талбесік тәмсілі» атты повесть-эссе. Ол адамның ең бір таза, мөлдір шағы – балалық пен бозбалалық кезеңдегі өмір көріністеріне, ауыл адамдарының қилы-қилы тағдырына арналған. Повестің композициясы ширақ, жеңіл оқылады әрі адамды ойландырады. Бір сөзбен айтқанда, кезіндегі Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» повесі сияқты бір деммен оқылатын, бас-аяғы жұп-жұмыр, олпы-солпысы жоқ шығарма. Әрине, Серіктің бұл повесі Қалихан шеберлігінің шыңына жетпегенімен, өз биігінің деңгейінде қорғасын құйған сақадай алшысынан тұр. Сондықтан да, ол арнайы талдап, талқылауды қажет етеді. Оған бір сәті болғанда оралармыз.

Әзірге айтарымыз – журналист Серік Шайманның бұл жинағы әдебиет әлеміне қосылған бағалы олжа. Оны жүрдім-бардым оқымай, ойлана отырып, әр сөйлемінің астарындағы айтар ойы мен тұжырымдарын сана елегінен өткізсе, шығарманың шырайы ашыла түседі.

Елена БЕКІШ,
филолог,
әдебиет пәнінің оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here