Тарихын ұлықтай алған халықтың ғана болашағы баянды. Ұлттың рухани тамыры тереңде екенін танытатын ең қастерлі құндылықтың бірі елге тұтқа болған тұлғалардың өнегелі өмірін ұрпақ санасына сіңіру. Себебі, өткеннің тағылымы бүгіннің тұғырына, ертеңнің бағдарына айналғанда ғана ұлттық құндылықтардың өміршеңдігі сақталады. Осындай тағылымды мақсатты ту еткен «Бозымұлы Сары би және билік дәстүрінің ұрпақтарға ұласуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция Алматы облысы, Кеген ауданының Жалағаш ауылында өтіп, қазақтың билік дәстүрі мен елдік мұратын жаңа қырынан зерделеген маңызды ғылыми әрі рухани басқосуға айналды. Тағылымды жиын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Кеген ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, академиктер, тарихшы және әдебиеттанушы ғалымдар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Сары би бабаның ұрпақтары мен ауданның зиялы қауымы қатысты. Жиын барысында қазақ қоғамындағы билер институтының мемлекет басқарудағы орны, құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызы және Бозымұлы Сары бидің ел тарихындағы айрықша рөлі жан-жақты ғылыми тұрғыдан сараланды. Баяндамашылар Сары бидің әділ билігі, көрегендігі, ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтаудағы еңбегі, ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы туралы тың деректер мен тарихи пайымдарын ортаға салды.
Конференцияның ашылуында сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Сары би тұлғасының бүгінгі қоғам үшін де маңызын ерекше атап өтті.
– Сары би халқымыздың әділдікке негізделген билік дәстүрінің жарқын көрінісі. Оның өнегелі өмірі, ел тағдырын таразылаған кемеңгер шешімдері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осындай ғылыми басқосулар арқылы біз тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға аманаттаймыз. Бұл елдік рухты нығайтатын маңызды бастама, – деп пікір білдірді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Жиын аясындағы маңызды оқиғалардың бірі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлының «Бозымұлы Сары би» атты кітабының тұсаукесері болды.Кітап авторы бұл еңбектің жазылу мақсаты туралы ойын былай жеткізді:
– Біз тарихи тұлғаларды дәріптеу үшін емес, тарихи шындықты сөйлету үшін еңбек етеміз. Сары би қазақтың билік мәдениетін қалыптастырған, елдің тұтастығы мен бірлігіне қызмет еткен аса көрнекті қайраткер. Оның өмір жолын ғылыми деректер негізінде жүйелеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық әрі ғылыми парызымыз», – деді ғалым.
Конференция барысында сөз сөйлеген ғалымдар билер институтының қазақ қоғамындағы құқықтық жүйені қалыптастырудағы орнына кеңінен тоқталып, Сары бидің әділдік қағидаларын бүгінгі заманмен сабақтастыра талдады. Олар ұлттық бірлік пен елдік сананы нығайтуда осындай ғылыми басқосулардың мәні ерекше екенін атап өтті. Тағылымды шара концерттік бағдарламамен түйінделді. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілдері халық әндері мен тарихи туындыларды орындап, көрермендерді ұлттық өнердің мөлдір бастауларымен қауыштырды. Күмбірлеген күй мен сырлы ән ғылыми жиынның рухани мазмұнын тереңдете түсіп, бабалар аманатының өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтады.


Бозымұлы Сары би – әділдік пен парасаттың, ел бірлігі мен даналықтың символына айналған тарихи тұлға. Оның өмір жолы мен билік дәстүрі бүгінгі ұрпақ үшін тағылымға толы өнеге. Осындай ғылыми-практикалық конференциялар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, тарихи тұлғалардың мұрасын жаңа қырынан танытуға, олардың өнегесін кейінгі буын санасына сіңіруге жол ашады. Сары бидің әділ сөзі мен кемел ойы уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, елдік пен бірліктің темірқазығы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.
Индира БІРЖАНСАЛ









