Шудың жаңа тынысы: инвестиция, экономика және мүмкіндік

0
6623

Елдің экономикалық дамуы ең алдымен өңірлердің өркендеуімен өлшенеді. Ал, өңірдің өркендеуі инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту сияқты нақты істерден көрінеді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір өңір инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыс істеуі тиіс. Әкімдердің қызметі, ең алдымен, тартылған инвестиция көлемі, ашылған жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындары арқылы бағалануы керек. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, әкімшілік кедергілерді азайту – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басты міндеті», – деп нақты міндет жүктеген болатын.

Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында жүйелі жүргізіліп келеді. Әсіресе, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы орналасқан Шу өңірінде инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жобаларды жүзеге асыру ісі қарқын алған. Осыған орай әлеуеті зор Шу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен әңгімелескен едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

Инвестиция – өңір дамуының басты тетігі

– Бақытжан Оразалыұлы, әңгімемізді өзіңіз өскен ортадан бастасақ. Тұлғаның қалыптасуына туған жердің, отбасы тәрбиесінің ықпалы ерекше екені белгілі. Балалық шағыңыз, алған тәліміңіз, мемлекеттік қызметке келу жолыңыз туралы оқырманға кеңірек айтып берсеңіз.

– Менің туған өлкем – Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданы. Әкем 1985 жылдары Тараз қаласына қоныс аударып, зауытқа жұмысқа орналасты. Ол кісі отбасының жағдайын жақсарту үшін екі жерде қатар еңбек етті. Анам ұзақ жылдар мейірбике болып қызмет атқарды. Біз екі ағайынды болып өстік. Балалық шағым, мектептегі қызықты кезеңдерім, жастық дәуренім қазіргі Тараз қаласындағы Аса шағын ауданында өтті.

Ата-анамыз бізді адал еңбекке, қарапайым болуға, елдің қамын ойлауға тәрбиеледі. Бүгінгі қызмет жолымда сол кісілердің берген тәрбиесінің орны ерекше деп білемін.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бір-екі жыл елордада жұмыс істеп көрдім. Алайда, туған жерге деген ықыласым басым түсіп, 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметке келдім. Еңбек жолымды Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жетекші маман болып бастадым. Кейін осы басқармада бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқардым. Ал, 2023 жылдың 18 қаңтарынан бастап Шу ауданының әкімі қызметіне тағайындалдым.

Осы уақыт аралығында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар жұмыстар жүйелі түрде қолға алынды. Бүгінде жоспарланған жобалардың кезең-кезеңімен орындалуына күш салып келеміз. Жалпы, ауданның қазіргі ахуалы тұрақты, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табуда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге инвестиция тарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жаңа өндірістер ашу және тұрақты жұмыс орындарын көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктеп келеді. Президент тапсырмасы Шу ауданында қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл бағытта қандай нақты нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жиындарда инвестиция тарту мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға шетелдік және отандық инвесторларды жан-жақты қолдау, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру жөнінде нақты тапсырмалар беріп отыр.

Біз де осы міндеттерді басшылыққа алып жұмыс жүргізудеміз. Бүгінде тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы инвесторларға белсенді қызмет көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде ауданымыз индустрия мен инвестицияның жаңа орталықтарының біріне айналып келеді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ауданымызда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 115,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 85,2 млрд теңгеге артық. Нақты көлем индексі 365,0 пайызға жетіп отыр.

2026 жылы жалпы құны 443,7 млрд теңгені құрайтын 5 ірі өндіріс жобасын іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ауданның өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемін 130,0 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да тұрақты жалғасуда. Өткен жылы әлеуетті инвесторлармен 30 кездесу өткізілсе, биылғы 5 айдың өзінде 17 кездесу ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жалпы құны 1,13 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың барлығы аудан экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Шудағы серпінді жобалар

– Шу ауданында бүгінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымы кеңейіп келеді. Бұл жобалардың әрқайсысы аудан экономикасына, халықтың жұмыспен қамтылуына және өңірдің өндірістік әлеуетіне қандай нақты серпін береді? Ең маңызды жобаларға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Әрине, кез келген инвестициялық жобаның ең басты нәтижесі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өндірістің дамуы, экспорт көлемінің артуы және өңір экономикасының нығаюы. Сондықтан, әрбір жобаны біз тек өндіріс орны ретінде ғана емес, ауданның болашағына салынған инвестиция деп бағалаймыз.

Бүгінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ең ірісі – жүгеріні терең өңдейтін «SHENGTAI BIOTECH CO. LTD» кәсіпорны. Бұл – еліміз үшін де, ауданымыз үшін де тарихи маңызы бар жоба. Зауыттың бастапқы кезеңдегі инвестициялық құны 407,6 млрд теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылғанда 1700 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Орталық Азиядағы ең ірі жүгері өңдеу кәсіпорындарының бірі болатын бұл зауыт жылына 3 млн тонна өнім өңдеуге қауқарлы. Қытайлық компания алғашқы кезеңде 1 млн тонна, ал алдағы уақытта 5 млн тоннаға дейін жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа нарығын қалыптастырып, диқандарға да үлкен мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде кәсіпорында жергілікті тұрғындар тұрақты әрі жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарында еңбек етіп жатыр.

Ірі жобалардың бірі – «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының сутегі асқын тотығын өндіретін зауыты. Қазақстандағы алғашқы осындай өндірістің құны 32,0 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 120 жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда компания мамандарды арнайы оқытып, оқу кезеңінде шәкіртақы төлеуді қолға алған. Үш айлық даярлықтан кейін біліктілігін дәлелдеген азаматтар тұрақты әрі жақсы жалақысы бар жұмысқа орналасады.

Қазір ауданда жүзеге асыру сатысында 10 ірі инвестициялық жоба бар. Олардың жалпы жобалық құны 917,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс кезеңінің өзінде 3100 адам жұмыспен қамтылған болса, соның 700-і – Шу ауданының тұрғындары.

Солардың қатарында «JVictorNewEnergy» ЖШС жүзеге асырып жатқан техникалық кремний өндіретін зауыттың орны ерекше. Жоба іске қосылғанда жылына 60 000 тонна техникалық кремний өндіріледі. Инвестиция көлемі 17,7 млрд теңгені құрайды және 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Техникалық кремний – жоғары технологиялы өндірістерде кеңінен қолданылатын стратегиялық өнім. Сондықтан, бұл жобаның маңызы тек аудан көлемімен шектелмейді.

Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында да Шу ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – «М-КАТ Green» компаниялар тобы жүзеге асырып отырған күн электр станциясы. 500 гектар аумаққа орнатылған күн панельдері жылына 100 мВт/сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл жобаға Франция инвесторлары тартылған. Кәсіпорын өңірде экологиялық таза энергия өндірудің үлгісіне айналып отыр.

Сонымен қатар, «ASK Solar Energy» ЖШС күн батареялары арқылы электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда оған 300 гектар жер бөлінген. Жобаның құны 45,0 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда 55 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұндай жобалар ауданымыздың баламалы энергетика саласындағы мүмкіндігін арттыра түседі.

Өңірдегі өміршең жобалардың бірі – «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС. Компания құрылысқа қажетті сэндвич-панельдер, металл конструкциялары және көпір құрылысына арналған болат материалдарын шығарады. Жобаның құны 300 млн теңгені құрайды және 30 жұмыс орнын ашады. Қазіргі уақытта кәсіпорын қажетті шикізатты Қытайдан жеткізуде. Айта кетерлігі, жоғарыда сөз болған жүгері өңдеу зауытының сыртқы қабырғалары дәл осы кәсіпорын өндірген панельдерден құрастырылған. Зауыт жыл сайын 200 мың сызықтық метр сэндвич-панель және 6 мың тонна металл конструкцияларын өндіруге қауқарлы болады.

«Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «ALTYNALAMAS REAGENTS» ЖШС қолға алған натрий цианидін өндіру зауыты. Инвестиция көлемі 40,0 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орны ашылады, оның 30 пайызы жергілікті тұрғындар болады.

Өткен жылдың қорытындысына тоқталсақ, 2025 жылы жалпы құны 66,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылды. Солардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалына қарасты «Shatyrkol-Jaysan Tau-ken ondirisi» кен байыту фабрикасы. Кәсіпорын жылына 1 млн 200 мың тонна кен өңдей алады. Бұрын кен Балқашқа шикі күйінде тасымалданса, бүгінде ол осы жерде өңделіп, дайын концентрат арнайы қаптарға салынып жөнелтіледі. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын едәуір қысқартты. Жобаның жалпы құны 55,7 млрд теңгені құрайды. Фабрикада еңбек ететін 769 жұмысшының 119-ы – Шу ауданының тұрғындары.

Жалпы алғанда, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл бізге жеке инвестиция көлемін 108,1 млрд теңгеге жеткізу міндеті қойылған болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 108,1 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Осы бағыттағы жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке аудан тұрғындары атынан ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да Шу ауданын инвестиция үшін тартымды өңірге айналдыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

Кәсіп пен туризмге қолайлы орта қалыптасып келеді

– Шу ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан, көлік қатынасы мен транзиттік әлеуеті жоғары өңір. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану бағытында туризм саласын дамыту, жол бойындағы сервистік қызметтерді жетілдіру жұмыстары қалай жүргізілуде? Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жобалар туралы айтып өтсеңіз.

– Туризм – бүгінгі таңда экономиканың маңызды салаларының бірі. Бұл бағытты дамыту арқылы өңірдің танымалдығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға мүмкіндік аламыз. Сондықтан, туристер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, жол бойындағы қызмет көрсету сапасын көтеру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Бұл бағытта облыс басшылығы тарапынан нақты міндеттер қойылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Шу ауданының географиялық орналасуының өзі бізге үлкен мүмкіндік береді. Республикалық маңызы бар автожолдардың бойында орналасқандықтан, транзиттік бағыттағы қызмет көрсету саласын дамытуға әлеуетіміз жоғары.

Осы мақсатта 2026 жылы Шу ауданына қарасты Алға ауылдық округінің аумағында, Шу-Меркі-Бұрылбайтал автожолы бойында транзиттік автокөліктер мен жолаушыларға арналған жол бойындағы сервистік қызметті дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды тарту бағытында үш жол қызметі жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

Соның бірі – «Андасбай» жол сервис кешені. Қазіргі таңда кешеннің құрылысы басталды. Оның құрамында жанармай құю станциясы, қонақ үй, асхана және автотұрақ қарастырылған. Жобаның жалпы құны 350,0 млн теңгені құрайды. Нысан іске қосылғаннан кейін 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Кешен бір мезгілде 70 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, «Алға» мотелінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан жол бойындағы қонақ үй қызметін көрсетіп, алыс жолға шыққан жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасайды. Жобаның жалпы құны 150,0 млн теңгені құрайды. Оның аясында 10 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Бірлік ауылдық округі аумағында, Шу-Меркі-Бұрылбайтал автожолы бойында «Нұрлы жер» жол бойы сервис кешені пайдалануға берілді. Бұл кешенде қонақ үй, асхана, техникалық қызмет көрсету орны және 100 жүк көлігіне арналған автотұрақ бар. Жобаның жалпы құны 300,0 млн теңгені құрап, нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы, жол бойындағы сервисті дамыту – тек туристерге жағдай жасау емес, сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беру, халықты жұмыспен қамту және аудан экономикасына қосымша серпін беру деген сөз.

– Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Шу ауданында кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындардың өз ісін бастауына мүмкіндік жасау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Нақты көрсеткіштерге тоқталып өтсеңіз.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдауды елдің экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде белгілеп отыр. Себебі, кәсіпкерлік – жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықтың табысын арттыратын, өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды сала.

Сондықтан, біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалануына жол ашу және олардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету.

Экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, жыл басынан бері сауда айналымы 8,9 млрд теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 102,0 пайызды құрады. Былтырғы көрсеткіш 7,9 млрд теңге болған еді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауданымызда нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба 2019 жылдан бастап 5 ауылдық округте енгізілген. Бағдарламаның кәсіпкерлікті қолдау бағыттары бойынша тұрғындардың 715 өтінімі қарастырылып, жалпы көлемі 4,2 млрд теңгеге несиелер берілді.

Биыл 13 жобаның құжаттары «Тараз» ӘКК-ге ұсынылып, оның ішінде жалпы құны 41,3 млн теңгені құрайтын 6 жобаға несие берілді. Сонымен қатар, құны 65,8 млн теңге болатын тағы 4 жоба қаралу үстінде.

Бағдарлама аясында берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие көптеген жерлестерімізге өз кәсібін ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – ауыл тұрғындарының еңбекке деген ынтасын арттырып, шағын бизнестің дамуына жол ашатын үлкен қолдау.

Қазіргі таңда Шу ауданында шамамен 7 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның құрамына жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және заңды тұлғалар кіреді. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке деген белсенділігін көрсетеді.

Сонымен қатар, Шу ауданы – Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұны біз үлкен мақтанышпен айтамыз. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жер көлемі 139 451 гектарды құрайды. Оның ішінде 32 057 гектар суармалы, ал 107 394 гектар тәлімдік егістік жерлерге тиесілі.

Өңіріміз үшін қант қызылшасы өндірісінің маңызы ерекше. Бұл бағытта ауданымыздағы ірі әрі бірегей кәсіпорындардың бірі – «Qyzylsha Zher» ЖШС. Компания заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану арқылы егістік өнімділігін арттыруға, су ресурстарын үнемдеуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге басымдық беріп отыр.

2026 жылы компания 700 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлап, өнім көлемін арттыруды көздеуде. Өсірілген өнім көршілес Меркі ауданындағы қант зауытына жөнелтіледі деп күтілуде.

Жалпы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салаларын қатар дамыту – ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттырудың басты бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Бақытжан Оразалыұлы, әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Байжан ЕМБЕРДІ

ТҮЙІН СӨЗ

Шу ауданының бүгінгі даму бағыты – нақты істер мен жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Өңірде өндіріс орындары ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асып, кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту, жол бойындағы сервистік қызметті жетілдіру, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы бастамалар ауданның экономикалық мүмкіндігін кеңейте түсуде.

Әрбір жаңа жоба – тек қаржы тарту ғана емес, ең алдымен халыққа жаңа мүмкіндік, жастарға жұмыс орны, елдің ертеңіне жасалған маңызды қадам. Шу өңірі өзінің табиғи және экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, заманауи өндіріс пен кәсіпкерлікке қолайлы аймақ ретінде қалыптасып келеді.

Алдағы міндет – осы қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі бастамаларды жалғастыру. Өйткені, өңірдің өркендеуі – елдің дамуына қосылған үлкен үлес.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here