Көне сөздің көмбесі немесе Ахмет кітабынан табылған ақырзаман белгілері

0
235

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1924 жылы Орынборда сауатсыз үлкендерге арнап шығарған «Сауат ашқыш» оқулығында бүгінгі ахметтану ғылымының назарынан тыс қалып келген жиырмаға жуық әдеби тақырып бар. Бұл оқулық 1926 жылы Семейде ықшамдалып қайта басылып, алғашқы басылымдағы бірқатар мәтіндер алынып тасталған. Кейінгі көптомдықтар мен ғылыми басылымдарға негізінен осы ықшам нұсқа енгізіліп келді. Біз бұл жөніндегі арнайы зерттеуімізді жариялауға ұсынып отырмыз. Онда Ахметтану ғылымын жаңа ойға жетелейтін бірнеше тың мәтіндік деректер қамтылған.

1924 жылғы «Сауат ашқыштың» «Тақпақтар» бөлімінде (19-24-беттер) фольклорлық және авторлы он үш қысқа жыр берілген. Оның алғашқы бесеуі «Шорман жиғанынан», кейінгі сегізі «Алтынсарыұлы кітабынан» деп көрсетілген. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының халық мұрасын, бұрынғы оқу кітаптарындағы таңдаулы мәтіндерді дереккөзімен бірге сақтап, оқулыққа енгізген әдістемелік ұстанымын көрсететін маңызды белгі.

Біздің назарымызды ерекше аударғаны – «Алтынсарыұлы кітабынан» алынған сегіз өлең. Олар:

«Қас тентекте ми болмас», «Жал-құйрығы қаба деп», «Азған елдің хандары», «Азған елдің қожасы», «Азған елдің молдасы», «Азған елдің биі», «Азған елдің байлары», «Берекесі кеткен елдерде…» деп басталатын шағын жырлар.

Бұл мәтіндер алғаш қарағанда Ыбырай Алтынсариннің төл шығармалары ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда, оларды Шортанбай Қанайұлының Радлов жариялаған мәтіндерімен салыстырғанда, өзара мазмұндық әрі құрылымдық жақындығы айқын аңғарылады. Сондықтан, бұл жырлардың түп негізі халықтық дәстүрден бастау алып, Шортанбай поэзиясында көркем жүйеге түскен, ал Ыбырай оларды балаларға лайықтап іріктеп, кей тұстарын өңдеп, «Қазақ хрестоматиясына» енгізген болуы ықтимал. Бұл мәселе арнайы мәтінтанулық зерттеуді қажет етеді.

Бізді ерекше толғандырғаны – осы сегізінші өлең:

Берекесі кеткен елдерде
Күн қысқарса керек-ті.
Алатаудай атаға
Ұл қышқырса керек-ті.

Бала, бала, бала! – деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпытқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан.
Суық болса жөргетіп,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Айдынды көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Сондай сорлы анаға
Қыз қышқырса керек-ті.

Он тоғыз тармақтан тұратын бұл өлеңнің ана мейірімін суреттейтін ортаңғы бөлігі көпшілікке жақсы таныс. Ал, бізді ерекше қызықтырғаны – алғашқы төрт тармақ пен соңғы екі тармақ.
Бұл шумақтағы «қышқыру» сөзі қазіргі әдеби тілде сирек қолданылатындықтан, оның мағынасы бүгінгі оқырманға көмескілеу көрінеді. Алайда, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» бұл сөзді жеке лексема ретінде тіркеп, «қатты дауыстау, бақыру, айғайлау» деп түсіндіреді. Мысал ретінде Ыбырай, Абай, Шортанбай шығармаларынан және «Түркістан уәлаятының газетінен» үзінділер келтіреді. Бұл XIX ғасырдағы қазақ әдеби тілінде қышқыру сөзінің қалыпты қолданыста болғанын көрсетеді.

В.В. Радлов та өз сөздігінде қышқыр – етістігін «кричать, звать, бранить» деп түсіндіреді. Ал, академик Рәбиға Сыздық Абай тілін талдай отырып, бұл сөздің Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясындағы» мәтінде де кездесетінін арнайы атап өтеді. Демек, қышқыру – Абай, Шортанбай, Ыбырай дәуіріндегі қазақ әдеби тілінің белсенді сөздерінің бірі болған.

Бұл сөздің төркіні жөнінде де қызықты жайт бар. Қазіргі әзербайжан тілінде qışqırmaq тұлғасы «айғайлау, бақыру» мағынасында әлі күнге дейін қолданылады. Кейбір этимологиялық еңбектер бұл тұлғаны жалпытүркілік көне түбірмен байланыстырады. Сондықтан, қышқыр – етістігі қазақ тіліне ғана тән емес, көне түркілік лексикалық қабаттың бір бөлшегі болуы ықтимал. Алайда, бұл тұжырымды нақтылау үшін көне түркі, қыпшақ және оғыз жазба ескерткіштерін арнайы салыстыра зерттеу қажет.

Кейбір өңірлерде қышқыру сөзінің қораздың шақыруына қатысты қолданылғаны жөнінде де ауызша деректер ұшырасады. Дегенмен, қазіргі белгілі сөздіктер мен XIX ғасырдағы жазба мұраларда оның негізгі мағынасы «қатты дауыстау, бақыру, айғайлау» ретінде түсіндіріледі. Сондықтан, қоразға қатысты қолданысты әзірге сөздің ықтимал көне семантикалық қабаттарының бірі ретінде ғана қарастырған жөн.

Біздің назарымызды аударған тағы бір маңызды жайт – Шортанбайдағы:

Асқар таудай әкеге
Ұл қышқырған замана.
Қылсаң жұмыс бітпейді,
Күн қысқарған замана, – деген жолдар. Ақын мұнда қышқырған мен қысқарған сөздерін қатар қолданып, олардың екі бөлек тұлға екенін анық көрсетеді. Бұл – қышқыр сөзінің дербес көне етістік екенін дәлелдейтін маңызды тілдік айғақтардың бірі.

Ахмет Байтұрсынұлының осы мәтінді 1924 жылғы «Сауат ашқышқа» енгізуі де назар аудартады. Бұл – Ахметтің өткен әдеби мұраны жай көшірмей, тарихи жады мен тілдік дәстүрдің маңызды үлгілері ретінде бағалап, жаңа буынға ұсынғанын көрсетеді.

Ескі оқулықтарды, әсіресе XX ғасыр басындағы оқу құралдарын мәтінтанулық тұрғыдан қайта қараудың маңызы зор. Олардан ұмыт қалған көптеген сөздерді, бұрын назар аударылмаған әдеби нұсқаларды және қазақ тілінің тарихи дамуына қатысты жаңа деректерді табуға болады.

Бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы халыққа ұсынған осы шағын ғана өлең бүгін де терең ойға жетелейді. Уақыттың берекесі, ата-ананы құрметтеу, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік сияқты мәңгілік құндылықтар әр дәуірде өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан, мұндай мәтіндерді қайта оқу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани болмысын таразылаудың да бір жолы.

Алатаудай атаға, ақ дариядай анаға ұл мен қыздың қышқырмағанын, елдің берекесі мен бірлігінің баянды болғанын тілейік.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ахмет Байтұрсынұлы. Сауат ашқыш. – Орынбор, 1924.
2. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. – Орынбор, 1879.
3. Шортанбай Қанайұлы. Өлеңдері. Әртүрлі академиялық басылымдар.
4. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т. II. – Санкт-Петербург, 1899.
5. Сыздық Р. Абай шығармаларының тілі. – Алматы: Ғылым, 1968.
6. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. 10-том. Құраст.: М. Малбақов, Н. Оңғарбаева, А. Үдербаев және т.б. – Алматы, 2011.

Әділет АХМЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі»
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here