Қала мен ауылдың арасын жалғайтын тас жолдан көлік жайдаққа түскелі бір жарым сағаттай болған. Тракторлардың толассыз жүрісінен әбден кедір-бұдыр болған жолда ақ жигули көк шаңды артына тастап жүйіткіп барады. «Сәбеттің» кезінде конвейерден шыққан көлік шұрқ-тесік. Ішке кірген көк ала шаңнан мұрнымыз әбден бітеліп қалған. Ақтөбедегі нағашының тойына баратындар көлікке тиеліп алғанбыз. Жеті жасар мен жол бойы әкемнің алдында отырып, айтқан әңгімелерін тыңдаумен келемін.
Сөз арасында әкем ауылға соғып, аздап демалып алатынымызды айтқан. Жайдақ жолдан шаршаған жүргізушіге әлі төрт-бес сағат басып отыру керек. Аптап ыстықта мынандай көлікте отырған бізге де демалыс керек-ақ. Міне, сол ауылға, «демалыс аймағына» жақындаған сайын көліктің азынаған моторының дарылдаған дыбысы ғана естілді. Артқы орындықта отырғандар қалың ұйқыға кеткен. Жүргізуші жолынан көз алмай жүйіткіп келеді. Ал, әкемнің айтар әңгімесі таусылғандай алаң-ғұлаң етіп айналаға қарап әлек. Өзінің туып-өскен ауылының табиғатын қызықтап, өткен шақты еске түсіріп келе жатқан секілді.
Көп ұзамай ауылға да жеттік. Ең бірінші болып қара шаңыраққа соғатын болдық. Әкемнің әңгімелерінен талай естіген бұл ауыл маған таңсық еді. Жол жүргенде үстінен өткенім болмаса, ауыл ішіне кіріп көргенім жоқ. Бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Тежегіші шықырлап, көлік ескі бір үйдің алдына кеп тоқтады. Сұр «шипыры» көктеп кеткен, қабырғаларынан әк түсіп, сылағы ғана қалған ескі үй. Әкем аулаға кіре сала, алақанымен үйдің қабырғасын сипап ұзақ тұрды. Құдды бір үйді аяғандай, сылағына зиянын тигізгісі келмегендей ерекше жұмсақтықпен, мейіріммен сипағаны сезіліп-ақ тұр. Көк бояумен боялған ағаш есік әбден күнге күйіп, сықпыты кеткен. Құлыптың орнына жіппен байлап қойған үйдің есігін ашып, әкем «бісміллә» деп кірді. Оның ізінен біз де үй ішіне ендік. Терезелерін әбден шаң басқан үйге күн сәулесінің жарығы сығырайып қана түсіп тұр. Басқан сайын сықырлаған едені мазаңды қашырады. Үйді бір шолып шыққан әкем әр бөлмені таныстыра бастады.
– Мынау біздің зал. Мұнда үйдің ер балалары жататынбыз. Мына бөлме үйдің үш қызыныкі. Ал мына жерде ата мен әжелерің жататын. Шыға берістегі бөлмеде әдейі, түнде біз ешқайда шығып кетпесін деп екеуі жатады. Сықырлаған дауысты естісе аталарың аяқ жағында жатқан балдақ ағашымен салып қалатын, – деді сәл жымиып.
Жай ғана түсіндірген жоқ. Оның сол мезетте айтқан әңгімесі мұражайдағы жәдігерлерді таныстырған адамдай шын жүректен, бар ынтасымен айтылған-ды.
Сыртқа қарай шығып мал қораны, монша мен сарайды да көрсетті. Құдды бір сол үйді бізге сатқысы келіп тұрған адамша барлығын тәптіштеп түсіндіріп, көрсетіп әлек. Жалпы бұл үйде адам тұрмағанына 10 жылдан асқан. 2000 жылдардың басында ата мәңгілік сапарына аттанған соң, үйдің үлкендері қалаға, кішілері әжені алып Ақтөбе жақтағы ауылға көшіп кеткен. Ал үйді сатып алатындар табылмаған соң қаңырап бос қалған. Оны да біз сол жерде әкемнің әңгімесінен білдік.
– Үйдің артқы жағында жыра бар. Жазда ауылдың барлығы сол жырадан аққан суға шомыламыз. Біз дәу папаң екеуміз үйдің кішкентайларын, аға-көкелеріңді суға батырып ойнайтынбыз. Үйге дейін тырқыратып қуып, жетектеп жыраға дейін ерінбей әкелеміз де батырамыз. Сосын олар өтірік жылап, бір-екі су жұтқан соң жайларына жібереміз. Үйдің келесі баласын ұстап алып тағы сөйтеміз. Қыстың кезінде итті шанаға жегіп отырғызамыз. Көкелеріңді алдап отырғызамыз да иттен қашамыз. Біздің үйдің Ақтабан деген төбеті болды, соны жегеміз. Артыңнан қуған кезде шананы сұмдық жылдамдықпен сүйреп әкетеді. Шанада отырған көкелерің иманын айтып, бақырып жыламайынша не өзі секірмейінше итті жеткізбейміз. Солай үйдің балаларын «қинағанды» қызық көретінбіз, – деп әңгімесін ерекше жылулықпен, жымиған жүзімен айтуда. Ал үйдің үш баласы әкеміздің балалық кезін қызыға тыңдап, көз алдымызға елестетіп үлгеруге тырысып жатырмыз.
Әкем көше жақ бетке шығып кезекті әңгімесін бастады:
– Мына үйде құрдасым Қуаныш ағаларың тұрды. Құдайы көрші, жандай құрдас екеуміз бірге өстік. Бала кезден допқа, ләңгіге жақын еді. Күннің шыжып тұрған уақытында түскі ұйқыдан қашып соған барамын. Қорғасын құйылған қойдың жүнін алып шығып маған ләңгі тебуді үйретеді. Икемі жоқ мен бес-алтаудан артық тебе алмаймын. Ол соған «жынданып», көшені басына көтеріп: «Міне, былай» деп айқайлап, тағы көрсетеді. Мал жайлап болған уақытта да Қуанышқа келемін. Екеуміз бірге футбол ойнауға ауылдың шетіне барамыз. Ол жерде де допты аяғында еркін ұстап, қарсыласты алдап, «көрермен» қыздардың көзіне түседі. Допты тепкеннен гөрі өзгенің аяғына көп тебетін мен қызуқанды едім. Төбелес шығарамын. Онда да басында ызадан басталған тіресу кейін қыздардың көзіне түсу үшін жекпе-жек төбелеске ұласады, – деген әкемнің сөзіне біз аузымызды ашып қалғанбыз. Жалпы менің әкем бізге бірде-бір рет қол көтермек түгілі дауыс көтеріп көрмеген адам. Оның «жынданғанын» көрген емеспіз. Ұрмай-ақ, қабақ шытпай-ақ тәрбиеледі. Еркелейтін кезінде еркелетіп, артық кеткен кезімізде жай жымиып: «Өй, қой» деген сөзіне иланатынбыз. Міне, сол адамның бала кезінде қызуқанды, төбелеске әуес болғанын бірінші рет естіп бәріміз таңғалдық.
Ауланың сыртында алғашқы темекі шеккен, үйге мас болып атамыздан таяқ жеген, «бешірде» болған оқиғаларын айтып, шөп өртегені, ең бірінші мал сойғаны туралы естеліктерімен бөлісіп отырғанда жарты сағаттай уақыт өтіп кетті. «Бір үйге кіріп су ішіп, жолға шығайық» деген жүргізушінің сөзінен кейін әкемнің ойы да бөлініп кетті.
– Шерханның үйіне кірейік, – деп көршінің ауласына қарай жол сілтеді. Сол мезетте мен жүргізушіні жек көріп кеткенім рас. Өйткені, әкемнің бала кезін аса бір ыстық сезіммен айтқан естеліктері бізге қызық еді. Маған әкем бала болып кеткендей, әңгімелерін күні кеше болғандай мақтаныш сезіммен айтып тұрған өзімнің құрдасымдай көрінді.
Көрші үйдің ауласына кірген кезден-ақ әкемді сол үйдің кемпірі танып, құшақтай жөнелді. Беті күнге әбден күйген әже маған қарап:
– Үйбә-ә-әй, балаң өзіңнен айнымай қалыпты ғой. Кіші ұлың ба? – деп құп-құрғақ ернімен маңдайымнан «шүлп» еткізді. Өз әжемнен басқаға жолап көрмеген мен ол кісіні жылы қабылдай алмағаным рас. Бірақ, әкеме жақын адам секілді. «Су ішеміз де, кері жолға шығамыз» дегенге қарамастан әлгі кісі көлеңкедегі сәкіге сүйреді. Бізді күткен адамдай самаурыны да қайнап тұр екен. Анам келіндік қызметін атқарып, шай құюға кірісті. Әкем бізді, үш баласы мен анамды, жүргізуші кісіні таныстырып болып, қаладағы жағдайы туралы баяндап отыр. Ыстық шайға ыстық күнде зауқы соқпаған мен көп жыбырлап кеттім. Өйткені, астыға төселген киіз әбден қышытып, отырғызбай мазаны алған. Әрі-бері отырып, болмаған соң әкемнің қойнынан өтіп, алдына отырып алдым. Міне, сол сәтте менің көзім бір қызықты шалып қалған еді. Әкем қолына бір қызыл құмырсқаны алып алған. Мен алдына отырарда байқамай қолын қағып қалдым. Ол болса құмырсқа құлап қалмасын деп қолын тез жинап алды. Кейін құмырсқа да әкемнің шынтағынан бастап саусағына дейінгі аралықты шарлап, жейтін дым таппаған соң түсуге ұмтылғандай. Мұны байқаған әкем әңгімесін тоқтатпастан қолын киізге қойып, құмырсқаны жаймен жайына жіберді. Оның сол кезде өзінің туған топырағындағы құмырсқаға да зиянын тигізгісі келмегенін, қолын сілкіп жерге түсірсе жәндік бір жерін ауыртып ала ма деп ойлағанын ол кездегі менің бала түйсігім түсіне қоймаса да, жадына жақсылап сақтап қалған.
Шай ішіліп, әңгіме айтылып болған соң, дастархан басынан тұрдық. Рақметімізді айтып шығып бара жатқанда әлгі әже:
– Біздің жағдай осы. Ауылда-а-а-мыз. Бір-екі сиырымыз бен пенсиямызға күн көріп отырмыз сол. Сендер қаланың қызығына батып кеткенсіңдер ғой. Енді мынау емес пе, 10 жылды артқа тастап барып бір келгенің. Онда да тек жол-жөнекей соғып тұрсың. Балам, бір демалыста ауылға келсеңдерші. Қай үйге кірсең де, сендерді ешкім қуып шықпайды, өздеріңнің туған ауылдарың. Төрін ұсынып, қуана қарсы алады. Сендерді көрсем, марқұм Жәкөшімді көргендей боламын. Бүгін сендер сияқты балаларын жетектеп, құрдастарыңның қастарыңда жүретін кезі ғой. Әттең, Құдайға ешкім қарсы келе алмайды. Әй, айтпақшы тұра тұр, – деп көзіне жас алған әже асыға басып үйге кіріп кетті. Үйден қолына бір орамалды ала шыққан ол:
– Мә, құлыным, қонаққа барғанда тағарсың. «Импортный» орамал, өткенде қаладан «прадәвестер» келіп сатқанда алғам, – деп анама ұстатты. «Ал мынау кенже балаға», деп маған қағаз екі жүз теңге ұстатып жатқанда әке-шешем азар да безер қарсы болды. Әжей олардың қарсылығына қарамастан:
– Тиме, ала ғой. Гүлзаданың немересі – менің де немерем. Бала ғой. Әйтеуір, ақша беретін әже бар деп сені ауылға сүйреп тұрсын. Әкеңді келесіде ауылға алып келсең тағы да ақша беремін. Көп ақша беремін, – деп санаулы тісін жарқыратып күліп алды. Мен де ақша берген әжеге шамалы жүрегім жібіп, кейін өз әжем барын есіме түсіріп сәл ғана күліп, рақметімді айттым.
Көлікке отырып, ауылдың ішін бір-екі айналып, әкемнің кезекті естеліктерін тыңдадық. Мұғалімнің алдында тақылдап сабақ айтып тұрған балаша өткен күндерін әңгімелеген ол сол сәтте шынымен кішкентай балаға ұқсап кетті. Әр естелігін ұйып тыңдап отырған бізді көргенде шабыт алып, тоқтамастан сөйледі.
– Мынау тұрған клуб. Осында талай бидің түбін түсіріп, қызға алғаш сөз айтқанбыз. Мына жер бұрын контор болды. Анау жерде МТМ (машина-трактор шеберханасы – А.Н.), тракторлар тұратын. Мына ойда мен тракторды аударып алғанмын, – деген әкемнің ауылдан шыққанша әңгімесі тыйылмады.
…Ауылдан алыстап, трассаға жақындаған сайын әкем қайта-қайта айнаға қарай бергені есімде. Ол кезде мен оның себебін түсіне қойған жоқпын. Жолға шыққалы бері кішкентай балаша барлық естелігін айтып отырған ол ауылдан алыстаған сайын аз ғана уақытқа оралған «балалығын» тағы артқа тастап бара жатқанын түсінбеген еді. Тас жолға түскен кезде әкем терең күрсінді. Сол мезетте оның бір тамшы жасы менің бетіме түскен. Бірақ, оны әкем және мен ғана білеміз. Жолына қарап келе жатқан жүргізуші, артта отырғандар сезбеген дүниені мен және әкем ғана сезді. Балалық бақытты кезді бастан кешіп жүрген менің жүрегім бір сәтке балалық шаққа оралған әке жүрегінің туған жерге, балалық кезге деген сағынышын сол сәтте ғана сезген еді…
Аслан НҰРАЗҒАЛИ









