Медицина мамандық қана емес, адам тағдырына араша түсетін үлкен жауапкершілік. Бұл жолды таңдау жүректегі мейірім мен адамға деген шексіз сүйіспеншілікті талап етеді. Адам өмірін сақтап қалудан асқан сауап жоқ. Бұл ақ халатты абзал жандардың күн сайын үнсіз атқарып жүрген ұлы миссиясы. Аурудың азабын жеңілдетіп, үміті үзілген жанға сенім сыйлау үлкен жүрек пен биік жауапкершілікті талап етеді. Осындай мамандығын өмірлік мұратына айналдырып, туған жерінің тұрғындарына отыз жылдан астам уақыт бойы адал қызмет етіп келе жатқан жанның бірі Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бақбақты ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Гүлмира Болатқызы Бәкірова. Ақ халатқа деген адалдығы, кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеті оны әріптестері үшін үлгі, ал ауыл тұрғындары үшін сенімді дәрігерге айналдырды.
Туған жерге қызмет ету әр адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Ал сол туған ауылында халықтың денсаулығына араша болып, үш онжылдық бойы ақ халатына кір жұқтырмай еңбек ету үлкен азаматтықтың белгісі.
Гүлмира Болатқызы 1969 жылы Алматы облысы Балқаш ауданының Бақбақты ауылында дүниеге келген. 1986 жылы ауылдағы орта мектепті тәмамдап, арман қуып Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Жоғары білім алғаннан кейін көпшілік секілді қалада қалып, мансап қууды емес, туған топырағына оралуды жөн көреді. 1993 жылдан бері өзі өскен ауылда дәрігер болып еңбек етіп келеді. Содан бері мыңдаған тұрғынның дертіне дауа болып, сан адамның алғысына бөленді.
– Бала кезімнен адамдарға көмектесуді армандадым. Ауылымыздағы дәрігерлердің еңбегін көріп өстім. Сол кісілердей халыққа пайдалы болғым келді. Сондықтан дәрігер мамандығын саналы түрде таңдадым, – деп пікірін білдірді Гүлмира Болатқызы.
Бұл таңдау уақыт сынынан сүрінбей өтті. Бүгінде оның дәрігерлік тәжірибесі кәсіби шеберліктің ғана емес, адамға деген жанашырлықтың айқын үлгісі. Дәрігер еңбегінің өлшемі марапатпен емес, адам өмірімен бағаланады. Гүлмира Болатқызы үшін де ең қымбат сый ем қабылдап, сауығып кеткен жандардың шынайы алғысы.
– Кейде науқастың өмірі қыл үстінде тұратын сәттер болады. Осындай кезде дер кезінде көмек көрсетіп, адамның өмірін сақтап қалу – дәрігер үшін ең үлкен бақыт», – дейді бас дәрігер.
Бұл сөздердің астарында жүздеген тағдыр, мыңдаған алаң көңіл мен ақ халатқа деген адалдық жатыр. Қазір ол ауылдық амбулаторияның бас дәрігері. Бір жағынан ұжымды басқарып, медициналық мекеменің жұмысын үйлестірсе, екінші жағынан дәрігерлік қабылдауын тоқтатқан емес. Басшылық қызмет оның ақ халаттан алыстауына себеп болған жоқ. Өйткені ол үшін ең басты міндет кабинетте отырып тапсырма беру емес, науқастың жанынан табылу. Ауыл дәрігерінің еңбегі қашанда ерекше. Себебі ауылда әр маман тек өз ісінің иесі ғана емес, тұрғындардың сенімді кеңесшісі, жанашыры әрі қиын сәтте сүйенер тірегі бола білуі тиіс. Гүлмира Болатқызының өміріндегі басты құндылықтың бірі – отбасы. Ол ұлы Ескелдіні елге қызмет ететін азамат етіп тәрбиеледі. Бүгінде ұлы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ұрпағына еңбекқорлық пен елге қызмет етудің үлгісін көрсете білген жанның өмір жолы кейінгі буынға өнеге. Дәрігердің қызметі жұмыс уақытымен өлшенбейді. Оның мамандығы тәулік бойы жауапкершілік арқалау, адамның амандығын бәрінен биік қою.
Отыз жылдан астам уақыт бойы медицина саласында аянбай еңбек еткен Гүлмира Болатқызының өмір жолы кәсібіне деген адалдықтың, халыққа деген жанашырлықтың және дәрігерлік антқа деген беріктіктің жарқын үлгісі. Уақыт өзгерсе де, медицина дамыса да, адам өміріне деген жауапкершілік пен мейірім ешқашан өзгермейді. Осы құндылықтарды өз қызметінің басты қағидасына айналдырған дәрігердің еңбегі құрметке лайық. Ақ халаттың абыройын асқақтатып, туған ауылына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Гүлмира Бәкірованың еңбек жолы жас мамандарға өнеге, кейінгі буынға үлгі. Өйткені нағыз дәрігердің ең үлкен марапаты халықтың алғысы, ал ең биік атағы адам өміріне араша болған абыройлы еңбек.
Индира БІРЖАНСАЛ









