Тарихтың таразысына үңілсек, елдің тағдырын тек найза ұстаған ерлер ғана емес, парасаты мен пайымы биік аналар да айқындағанын аңғарамыз. Хандардың есімі хатқа түсті, жорықтары жылнамаға айналды. Ал сол хандарды тәрбиелеп, ұлыстың тұтастығын сақтап, қажет кезде мәміле жасап, мемлекеттің тағдырлы шешімдеріне ықпал еткен ханымдардың өнегесі көбіне көмескі тартып қалды. Бүгінгі тарихи зерттеулер сол үнсіз қалған шындықтың бетін ашып, Ұлық Ұлыс дәуіріндегі әйел тұлғаларының ел тарихындағы орнын жаңа ғылыми пайыммен зерделеуге жол ашып отыр.
Осы өзекті мәселе Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен «Алтын Орда тарихындағы әйелдер: билік, дипломатия және мәдениет» атты ғылыми дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Ғылыми басқосу Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің мемлекет басқарудағы, дипломатиялық қарым-қатынастардағы, мәдениет пен руханиятты дамытудағы тарихи рөлін жан-жақты саралауға арналды.

Ғылыми басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жүйелі зерттеу, ұлттық тарихты жаңғырту және Ұлық Ұлыстың рухани-мәдени құндылықтарын қазіргі заманның танымымен сабақтастыру жөніндегі бастамасы аясында ұйымдастырылды. Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақтың тарихи санасымен ұштастырып, ұлттық жадыны жаңғыртуға бағытталған маңызды ғылыми қадам.
Жиынды ашқан университеттің Басқарма төрағасы ректор Бейбіткүл Кәрімова Алтын Орда тарихын әйел тұлғаларының қызметі арқылы зерделеу тарихи ақтаңдақтарды толықтырып, ұлт тарихын жаңа ғылыми пайыммен тануға мүмкіндік беретін өзекті бағыт екенін атап өтті.
– Ұзақ жылдар бойы тарих негізінен билеушілер мен әскери жорықтар төңірегінде баяндалып келді. Ал бүгінгі тарих ғылымы қоғамның дамуында, дипломатия мен мәдениетте әйелдердің де орны айрықша болғанын дәлелдеп отыр. Сондықтан Алтын Орда тарихын әйел тұлғалары арқылы зерделеу уақыт талабы. Біздің міндетіміз кәсіби білікті маман даярлаумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, тарихи танымы берік, ел мүддесін бәрінен биік қоятын көшбасшы жастарды тәрбиелеу. Осындай ғылыми басқосулар жаңа зерттеулерге серпін беріп, ұлттық тарихтың терең танылуына жол ашады, – деп пікір білдірді Бейбіткүл Кәрімова.
Игі басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Философия, саясаттану және дінтану институты» ШЖҚ РМК Бас директоры Айгүл Сәдуақасова, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының жетекші ғалымдары, Алтын Орда тарихын зерттеушілер, археологтар, шығыстанушылар, мәдениеттанушылар, ислам өркениетін зерттеуші ғалымдар және жас зерттеушілер қатысып, тарихи мұраның өзекті мәселелері төңірегінде мазмұнды пікір алмасты.
Жиынның модераторы, QyzPU Басқарма мүшесі ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Актолқын Құлсариева әйелдердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, дипломатиядағы және мәдени мұраны қалыптастыру мен сақтаудағы тарихи рөліне арнайы тоқталып, Алтын Орда дәуіріндегі көрнекті әйел тұлғаларын ғылыми тұрғыдан зерттеудің бүгінгі таңда ерекше өзектілікке ие екенін атап өтті.
Шараның құрметті қонағы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенова өз сөзінде әйел тұлғасының ұлт тарихындағы орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Ол қыз балаларды білімді, парасатты әрі ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеу ісінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің атқарып отырған жұмысына жоғары баға беріп, бұл оқу орнының ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас буынның тарихи санасын қалыптастырудағы айрықша миссиясын атап өтті.
Әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаева бұл тақырыптың ауқымы кең екенін атап өтті.
– Бұл басқосу түрлі ғылым саласы өкілдерінің пікір алмасуына негіз болды. Өйткені әйелдің мемлекет қалыптастырудағы тарихи миссиясы бір ғана ғылымның аясымен шектелмейді. Әйел отбасының берекесін сақтаған ана ғана емес, ұлттың рухани сабақтастығын жалғаған, қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік тұтастықтың берік негізін қалыптастырған тұлға, – деді әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаева.
Ғалымның айтуынша, осы уақытқа дейін ғылыми еңбектер мен музей экспозицияларында әйелдердің тұрмыстық мәдениеті көбірек зерттеліп келсе, бүгінде олардың саяси ықпалы мен тарихи миссиясына жаңаша баға беріле бастаған.
Тарих ғылымдарының кандидаты Тенлік Далаева соңғы жылдары пәнаралық зерттеулердің жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын айтты.
– Заманауи археология, антропология және генетикалық зерттеулер ортағасырлық кезеңде өмір сүрген, есімі тарих қойнауында қалған әйелдердің тұлғасын қайта жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл олардың ел тарихындағы орны мен қоғамдық ықпалын нақты ғылыми дәлелдер арқылы зерделеуге және тарихи әділдікті қалпына келтіруге жол ашады, – деп атап өтті Тенлік Далаева.
Дөңгелек үстелде ұсынылған баяндамаларда Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің саяси және мәдени мұрасы, Жошы ұлысындағы әйелдердің қоғамдық орны, ортағасырлық ойшылдардың дүниетанымындағы әйел бейнесі, тарихи зерттеулердегі гендерлік фактордың маңызы, музейлік репрезентация мәселелері, сондай-ақ ақсүйек әйелдердің қолөнер мен зергерлік өнердің өркендеуіне қосқан үлесі жан-жақты ғылыми тұрғыдан сараланып, тың тұжырымдар ортаға салынды. Сонымен қатар Баку славян университетінің профессоры Севда Ахундова бастаған шетелдік ғалымдар онлайн форматта қатысып, Алтын Орда тарихы мен әйел тұлғаларына қатысты ғылыми баяндамаларын ұсынып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың мазмұнын тереңдете түсті. Іс-шара аясында қазақ әйелдерінің тарихи рөлі мен қоғамдағы мәртебесін айшықтайтын арт-көрме, сондай-ақ сирек қор басылымдары қойылған тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмелер ғылыми жиынның мазмұнын толықтыра түсіп, ұлттық тарихтағы әйел тұлғаларының рухани және мәдени мұрасын жаңа қырынан таныстыруға мүмкіндік берді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Тарихтың ақиқаты уақыт өткен сайын жаңаша сөйлейді. Кезінде тасада қалған тұлғалар бүгін ұлт жадынан өз орнын тауып келеді. Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің мемлекет ісіне қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан бағамдау тарихтың тұтас болмысын қалпына келтіру. Себебі ұлттың ұлылығы тек қаһарман хандарымен өлшенбейді. Ол сол хандарды тәрбиелеген, ел бірлігін сақтаған, дипломатиялық мәмілелердің дәнекері болған, рухани сабақтастықты жалғаған аналардың даналығымен де айқындалады. Ұлы Даланың ұлық аналары туралы ғылыми ізденістер ұлттық тарихи сананы тереңдетіп, келер ұрпақтың өткеніне деген құрметін арттыратын маңызды рухани қадам.
Индира БІРЖАНСАЛ









