ХХІ ғасырда мемлекеттердің қуаты табиғи байлығымен ғана емес, цифрлық кеңістігін қаншалықты қорғай алатынымен де өлшенеді. Әсіресе, миллиондаған адамның күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін энергетика саласының қауіпсіздігі киберкеңістіктегі сенімді қорғанысқа тікелей байланысты. Энергетика мемлекеттің күретамыры болса, киберқауіпсіздік сол күретамырдың көзге көрінбейтін қалқаны. Цифрлық технологиялар дәуірінде бір ғана кибершабуылдың тұтас өндіріс жүйесін тоқтатып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан, стратегиялық инфрақұрылымды қорғау бүгінде әскери немесе экономикалық қауіпсіздікпен тең дәрежеде қарастырылатын маңызды міндетке айналды. Осындай өзекті мәселелерді талқылап, теория мен тәжірибені ұштастырған энергетика нысандарының технологиялық жүйелерін қорғауға арналған кибероқу-жаттығулары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – энергетика саласындағы критикалық инфрақұрылымдардың кибертұрақтылығын арттыру, автоматтандырылған басқару жүйелерінің қауіпсіздігін нығайту және сала мамандарының заманауи киберқауіптерге қарсы әрекет ету қабілетін тәжірибе жүзінде жетілдіру. Жаттығулар барысында қатысушылар нақты өндірістік ортаға жақындатылған сценарийлер арқылы қауіп-қатерлерді анықтау, олардың алдын алу және жедел әрекет ету дағдыларын пысықтайды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Мемлекеттік техникалық қызметтің Басқарма төрағасы Асқар Жүнісбек, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының жетекші мамандары, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Кибероқу-жаттығуларының ашылу рәсімінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, бүгінгі таңда киберқауіпсіздік ақпараттық технологиялар саласының ғана мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың, цифрлық егемендіктің маңызды тіректерінің біріне айналғанын атап өтті.


– Бүгінде ҚазҰУ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және жоғары өнімді есептеулер бағыттарында ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде 2025 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында Салалық технологиялық құзыреттер орталығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда орталық оннан астам ғылыми бағыт бойынша зерттеулерді жүйелі түрде жүзеге асыруда. Олардың қатарында таза энергетика, дәстүрлі энергия өндіру, электр және жылу желілерін дамыту, жер қойнауын тиімді пайдалану, геология, көмір химиясы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және энергетикалық инфрақұрылымның киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бағыттар қамтылған. Бұл бастамалар ғылымның нақты өндіріспен байланысын нығайтып, энергетика саласының технологиялық қауіпсіздігін күшейтуге және инновациялық шешімдерді өндіріске енгізуге мүмкіндік береді, – деді ректор Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев елімізде цифрлық трансформацияны жеделдету мен жасанды интеллект технологияларын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналғанын айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы биылғы жылды цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялап, алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған. Осыған сәйкес, ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздік салаларын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Вице-министр мұндай оқу-жаттығулары стратегиялық маңызы бар нысандардың қорғалу деңгейін күшейтіп қана қоймай, халықаралық талаптарға сай білікті кадрлар даярлауға да серпін беретінін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысы елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығының негізгі кепілі екенін жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі кезеңде өндірістік және ақпараттық жүйелерді киберқауіптерден қорғау, сала мамандарының кәсіби даярлығын жетілдіру және тәжірибелік оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының және салалық ұйымдардың өзара ықпалдастығы киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, елдің аса маңызды инфрақұрылымдарының қорғанысын күшейтуге жол ашады.
Іс-шараның сараптамалық бөлімінде энергетика саласын цифрландыру кезеңіндегі киберқауіпсіздік талаптары кеңінен талқыланды. Мамандар өндірістік жүйелердің қорғалу деңгейін арттыру, энергетикалық коммуникациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, посткванттық және квантқа төзімді криптографиялық шешімдерді енгізудің өзектілігі жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.
Кибероқу-жаттығуларының тәжірибелік кезеңінде қатысушылар өндірістегі нақты жағдайларға барынша жақындатылған сценарийлер негізінде жұмыс істеді. Олар кибершабуылдарды анықтау, қауіп-қатерлерді талдау, инциденттерге жедел әрекет ету және ақпараттық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, өзара тәжірибе алмасты.
– Бұл оқу-жаттығулардың басты мақсаты – технологиялық желілерге жасалуы ықтимал кибершабуылдарды дер кезінде анықтап, оларға тиімді қарсы әрекет етудің практикалық тетіктерін меңгеру. Себебі, бүгінде электр энергиясы, ауыз су, жылу және халықтың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін өзге де маңызды қызметтердің барлығы цифрлық басқару жүйелері арқылы жүзеге асады. Мұндай жүйелердің қауіпсіздігіне төнген кез келген қатер жеке бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, киберқауіпсіздік мәселесі енді тек ақпараттық технологиялар саласының міндеті емес, ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жүйелеу мақсатында алдағы уақытта отын-энергетика кешеніне арналған мамандандырылған ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтіп, өндірістегі цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және жаңа буын кәсіби мамандарды даярлауға тың серпін береді, – деп пікір білдірді ҚазҰУ кибер-физикалық қауіпсіздік зерттеулер орталығының техникалық серіктесі Артем Коваль.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында командалық сайыстар, киберқауіпсіздікке арналған оқу сессиялары, криптография, деректерді қорғау және заманауи қорғаныс технологиялары бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Мұндай ауқымды оқу-жаттығулары теориялық білім мен тәжірибелік машықты ұштастырып қана қоймай, энергетика саласының киберқауіптерге қарсы дайындығын күшейтуге және еліміздің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.


ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазіргі таңда киберкеңістік мемлекеттердің қауіпсіздігін айқындайтын маңызды стратегиялық алаңға айналды. Сондықтан, энергетика секілді өмірлік маңызы бар салалардың цифрлық қорғанысын күшейту уақыт күттірмейтін міндет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кибероқу-жаттығулары осы талапқа нақты жауап берген тағылымды алаң болды. Мұнда ғылым, мемлекет және өндіріс өкілдері бір мақсатқа жұмылып, тәжірибе алмасып, заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін пысықтады. Киберқауіпсіздік технологиялық мәселе емес, ол елдің энергетикалық тұрақтылығын, экономикалық қауіпсіздігін және цифрлық егемендігін қамтамасыз ететін стратегиялық басымдық. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай оқу-жаттығулар кәсіби мамандардың әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның критикалық инфрақұрылымын қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және цифрлық болашаққа сенімді қадам жасауға негіз қалайды.
Индира БІРЖАНСАЛ









