Ұлт рухын асқақтататын ұлы құндылықтардың бірі – спорт. Өйткені, спорт жеңімпазды ғана емес, қайсар мінезді, берік ұстанымды, елдің намысын бәрінен биік қоятын азаматты қалыптастырады. Әсіресе, грек-рим күресі білек күшінен бұрын рухтың мықтылығын, төзім мен табандылықты талап ететін өнер. Бұл жолда әрбір жеңістің артында мыңдаған сағаттық жаттығу, талай рет еңсерілген қиындық пен сыннан сүрінбей өткен өмір жатыр. Осындай өмір жолын жеңіспен өрнектеген тұлғалардың бірі – грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының алтын және екі дүркін қола жүлдегері, Дүниежүзілік студенттер ойындарының қола жүлдегері, ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Ербол Қоңыратов. Бүгінде ол Алматы облысына қарасты Талғар ауданының №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жетекшілік етіп, өмірден түйген тәжірибесін жас буынның бойына сіңіруге еңбек етіп келеді. Жеңістің шынайы бағасы неде? Чемпионды шыңдайтын қандай қасиеттер? Спорттағы тәртіп пен өмірлік ұстанымның өзара байланысы қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Ербол Азатбекұлымен кеңінен әңгімелескен едік.

Күрес – мінез қалыптастыратын мектеп
– Ербол Азатбекұлы, күрес сізге ең алдымен не берді: жеңіс пе, мінез бе, әлде өмірлік мектеп пе?
– Күрес адамға ең алдымен мінез береді. Меніңше, мінезі қалыптаспаған адам үлкен жеңіске жете алмайды. Ал, мінез бір күнде пайда болмайды. Ол күн сайын өзіңді тәрбиелеуден басталады. Таңмен таласа оянып, алдыңа нақты мақсат қойып, сол мақсатқа адал еңбекпен ұмтылған сайын адам шыңдалады. Әрбір орындалған мақсат өзіңе деген сенімді күшейтіп, келесі белесті бағындыруға жігер береді. Осылайша, жеңістің қадірін сезініп, еңбектің жемісін көресің.
Спорттағы әрбір құлау мен сүріну жеңіліс емес. Керісінше ол саған қай тұста қателескеніңді көрсететін, алдағы қадамыңды дұрыс жасауға үйрететін үлкен сабақ. Кейде жеңілістен алған тәжірибе жеңістен алған әсерден де құнды болады. Өйткені, ол адамды сабырға, төзімге, өзіңмен-өзің жұмыс істеуге баулиды. Бүгін өткен өмір жолыма көз жүгіртсем, әрбір жеңісім де, әрбір сәтсіздігім де мен үшін үлкен мектеп болғанын түсінемін. Сол өмір мектебі мені шыңдап, мінезімді бекемдеп, қандай жағдайда да мойымауға үйретті. Сондықтан, күрес мен үшін өмірдің өзін танытқан, адамды рухани өсіретін үлкен тәрбие мектебі.
– Азия чемпионы атандыңыз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері болдыңыз. Бірақ, жанкүйерлер көбіне жеңісті ғана көреді. Ал, сол жеңістің тасасында көпшілік біле бермейтін қандай күрес жатыр?
– Спортта ең ауыр қарсылас өзің. Кілемдегі белдесуден бұрын, күн сайын еріншектікпен, қорқынышпен, күмәнмен күресесің. Жеңіліс те болды, жарақат та болды. Кейде бір жыл дайындалған жарысқа қатыса алмай қалатын сәттер кездеседі. Сондай кезде бәрін қайтадан бастауға тура келеді. Бірақ, нағыз спортшыны қалыптастыратын жеңіс емес, сол қиындықтардан сынбай өте білу.
Азия чемпионатының алтынын жеңіп алған сәт өмірімдегі ең қуанышты күндердің бірі болды. Бірақ, сол жетістікке жету үшін қаншама жылдық еңбек, жарақат, жеңіліс, күту мен төзім керек болды. Кейде бір жарақаттың кесірінен бір жылдық еңбегің зая кетеді. Олимпиада, Әлем немесе Азия чемпионатына жолдама алу үшін алдымен Қазақстан чемпионатында топ жаруың қажет. Сондықтан, әрбір жарыстың жауапкершілігі өте жоғары. Осындай қиындықтардың бәрі мені шыңдады. Медальдар уақыт өте тарихқа айналады, ал адам бойында қалған мінез, тәртіп пен табандылық өмір бойы бірге жүретін ең үлкен жеңіс деп ойлаймын.


Спортшыдан басшыға дейін
– Бүгінде спорт мектебін басқарасыз. Басшы болу мен спортшы болудың айырмашылығы неде?
– Спортшы болған кезде өз нәтижең үшін ғана жауап бересің. Жеңсең де, жеңілсең де жауапкершілік өз мойныңда болады. Ал, басшылық қызметтің жүгі мүлде бөлек. Бұл жерде сенің әрбір шешімің тұтас ұжымның жұмысына, жүздеген баланың болашағына әсер етеді. Сондықтан, басшы болу үлкен аманат.
Бүгінде біздің алдымыздағы басты міндет – жас спортшыларға сапалы білім мен кәсіби жаттығуды қатар бере отырып, олардың үлкен спортқа нық қадам басуына жағдай жасау. Ол үшін тәжірибелі жаттықтырушылардың әлеуетін тиімді пайдаланып, балалардың қабілетін ерте анықтауға, оларды жүйелі түрде шыңдауға баса мән береміз. Мектепішілік, аудандық жарыстар ұйымдастырып, үздік шыққан спортшыларды облыстық, республикалық додаларға жолдаймыз. Сондықтан, бүгінгі еңбегіміздің басты мақсаты – елін сүйетін, тәртіпті, білімді, рухы мықты азамат тәрбиелеу. Өйткені, үлкен жеңіс ең алдымен үлкен тұлғаны қалыптастырудан басталады.
– Өзіңіз басқарып отырған спорт мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз…
– Талғар ауданының №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жарты ғасырға жуық тарихы бар, талай чемпионды түлеткен қасиетті спорт ордасы. 1976 жылдан бері бұл мектептің басты мақсаты – ел спортының болашағын тәрбиелеу, халықаралық ареналарда Қазақстанның Туын желбірететін мықты спортшыларды қалыптастыру.
Бүгінде мектепте 57 жаттықтырушы еңбек етеді. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен спорт шеберлері бар. Осындай білікті мамандардың тәжірибесі мен тынымсыз еңбегінің арқасында 1 224 жасөспірім спорттың 11 түрімен тұрақты айналысып келеді. Қазір облыс құрамасына енген 85 спортшымыз бар. Бұл жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Спорттағы жетістік бір күнде келмейді. Оның артында күнделікті еңбек, тәртіп пен табандылық жатыр. Соның нәтижесінде біздің спортшылар Әлем чемпионаттарында 3 алтын, 1 күміс, Азия чемпионаттарында 7 алтын, 18 күміс, 15 қола, Қазақстан чемпионаттарында 46 алтын, 20 күміс, 37 қола, ал, Алматы облысының чемпионаттарында 129 алтын, 102 күміс, 110 қола медаль жеңіп алды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық және республикалық жарыстардағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ, облыстың спорттық өміріне қосқан сүбелі үлесі үшін Талғар аудандық №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Алматы облысындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында ІІ орынға ие болып, арнайы марапатталды. Бұл – бүкіл ұжымның бірлескен еңбегіне берілген әділ баға.
Біздің мақсат өзгермейді. Тек бүгінгі жеңістермен шектелмейміз. Ең бастысы – тәртіпті, білімді, ел намысын бәрінен биік қоятын чемпиондарды тәрбиелеу. Өйткені, ертең Қазақстанның абыройын асқақтататын спортшылар дәл осы спорт мектебінен шығатынына сенемін.


Чемпион тәрбиелеу – елге қызмет
– Жас спортшылардың бойына ең алдымен қандай қасиетті сіңіруге тырысасыз?
– Ең алдымен жас спортшының бойында тәртіп болуы керек. Тәртіп бар жерде ғана еңбек болады, ал еңбек бар жерде нәтиже келеді. Спорттағы әрбір жетістік күнделікті тынымсыз дайындықтың, өзін-өзі жеңе білудің және уақытты дұрыс пайдаланудың жемісі. Сондықтан, жас спортшы ең алдымен өзіне талап қоя білуді үйренуі керек. Екінші маңызды қасиет – бапкерге деген құрмет пен сенім. Бапкердің әрбір айтқан ақылы мен ескертуінің артында үлкен тәжірибе жатыр. Сол себепті тыңдай білетін, тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын шәкірттің өсуі де жылдам болады.
Сонымен қатар, бүгінгі спортшы тек физикалық тұрғыдан мықты болса жеткіліксіз. Ол жан-жақты, ой-өрісі кең, білімді тұлға болуы қажет. Кейде жастар спортты таңдадым деп білімді кейінге ысырып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Білім мен спорт бірін-бірі толықтыратын қос құндылық. Білімді спортшы ойын да дұрыс жеткізеді, өз елін халықаралық деңгейде лайықты таныстырады, өмірлік шешімдерді де саналы қабылдайды.
Тағы бір маңызды қасиет – сабыр мен төзім. Қазіргі жастар жеңісті тез күтеді. Алайда, үлкен спортта табысқа апаратын қысқа жол жоқ. Кейде бір ғана жарысқа бірнеше жыл дайындаласың, кейде жарақат алып, бәрін қайта бастауға тура келеді. Осындай сәттерде мойымай, мақсатыңа адал болып қалу – нағыз чемпионның белгісі.
Мен әрдайым шәкірттерімізге: «Жақсы спортшы болудан бұрын жақсы адам болыңдар» деп айтып жүремін. Өйткені, спорттағы жеңіс уақытпен өлшенеді, ал адамдық қасиет өмір бойы бағаланады. Сонда ғана оның жеңісі де, өмірдегі жолы да баянды болады.
Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет
– Бүгінгі жетістіктеріңізге жол ашқан бапкерлеріңізді атап өтсеңіз?
– Адам ешқашан жетістікке жалғыз жетпейді. Әрбір жеңістің артында сенің жеңісіңе өз жеңісіндей қуанатын, сүрінгеніңде қайта тұрғызатын жандар тұрады. Мен бүгінгі жеткен жетістіктерім үшін ең алдымен ата-анама, ұстаздарыма және өмір жолымда кездескен жақсы адамдарға қарыздармын.
Спорттағы алғашқы қадамымнан бастап бағыт-бағдар беріп, бойыма сенім ұялатқан Рысбек Рамазанұлы ағайым мен Боранбек Темірғалиұлы бапкеріме деген алғысым шексіз. Олар бізге күрес әдісін үйреткен жоқ, адам болып қалыптасудың, еңбекке адал болудың, жеңісті де, жеңілісті де лайықты қабылдай білудің мәнін ұқтырды. Кейде бір ауыз ақылдың өзі спортшының тағдырын өзгертіп жібереді. Мен сондай ұстаздардың тәлімін көргенімді үлкен бақ санаймын.
Спорттағы достарым да мен үшін ерекше жандар. Біз бір залда жаттығып, бір мақсатқа ұмтылып, бір-бірімізді қайрап өстік. Қуанышымыз да, өкінішіміз де ортақ болды. Жеңілгенде жұбататын, жеңгенде шын жүректен қуанатын достардың қолдауы кез келген медальдан қымбат сәттерді сыйлады. Бүгін өзім де шәкірт тәрбиелеп жүрген соң ұстаз еңбегінің қадірін бұрынғыдан да терең түсіне бастадым. Сондықтан, әрбір жас спортшыға: «Жетістікке жетсең, сені сол деңгейге жеткізген адамдарды ешқашан ұмытпа» деп айтып жүремін. Өйткені, ұстазға деген құрмет пен алғыс адамдықтың ең асыл белгісі.
– Сіз талай рет көк Туды жеңіс тұғырына көтердіңіз. Сол сәттерде өзіңізді жеке спортшы немесе тұтас елдің аманатын арқалап тұрған азамат ретінде сезіндіңіз бе?
– Спортшы халықаралық жарысқа шыққан сәттен бастап, ол өз атынан емес, тұтас бір елдің атынан күреседі. Сондықтан, кілемге әр шыққан сайын иығымда Қазақстанның аманаты тұрғанын анық сезінетінмін. Жеңіске жеткенде ең бірінші ойлайтының Әнұранымыз шырқалып, Туымыздың көкте желбірегені. Сол сәтте барлық ауыр еңбек, төгілген тер мен көрген қиындық ұмытылып кетеді. Ол – сөзбен айтып жеткізу қиын, әр спортшының жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше сезім.
Әрине, спорт жолында «қап, әттеген-ай» дейтін сәттер аз болған жоқ. Бес бірдей Әлем чемпионатына қатыстым, бірақ жүлде бұйырмады. Азия чемпионатына төрт рет қатысып, екі қола мен бір алтын медаль жеңіп алдым. Жеңіс те болды, өкініш те болды. Бірақ, мен ешқашан сол сәттерге өкінішпен қарамаймын. Өйткені, әрбір жарыс мені өмірге шыңдады, әрбір жеңіліс сабыр мен төзімді үйретті.
Бүгін сол жолға қарап отырып, бір нәрсеге анық көз жеткіздім: спорттағы ең үлкен жеңіс – ел сенімін ақтауға деген адал ниет. Егер сен бар күшіңді салып, елің үшін аянбай күрессең, онда сен ешқашан жеңілген емессің. Медаль уақыттың еншісінде қалады, ал елге деген қызмет, маңдай термен келген абырой мен адал еңбек – өмір бойы бірге жүретін ең қымбат марапат. Сондықтан, менің өмірлік ұстанымым өзгерген емес: тоқтамау, мойымау және әрқашан алға ұмтылу. Өйткені, чемпиондық мінбер бір күннің еншісі болса, елге қызмет ету ғұмырлық міндет.
– Ербол Азатбекұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












