Дональд Трампқа Гренландия не үшін қажет болды?

0
4719

Дөрекі қалжыңдарымен, пәтуәсіз мәлімдемелерімен қалың жұртшылықтың сынына жиі ұшырайтын АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен айда өзінің «Twitter» парақшасында Данияға жасаған  орынсыз ұсынысы  әуел  баста еріксіз езу тарттырды. Сөйтіп, Ақ үй басшысы Данияның бұрынғы премьер-министрі Ларс Лёкке Расмуссенге «Гренландия аралына болашақта гольф алаңы мен  сәулетті  саяжай саламын»  деп  қолқа салды. Әйтсе де, ел тізгінін ұстаған Дональд  Трамп  әзілінің астарында бір шындық, ар жағында  бақай  есеп  тұрғаны  тайға таңба басқандай  анық нәрсе. Себебі, 73 жастағы  президенттің тек гольф алаңы мен саяжайға  бола әлемдегі  ең  үлкен аралды 11  триллион  долларға сатып   алуға ұсыныс  білдіруі, білікті кәсіпкердің ұтыларынан гөрі ұтар тұсы көбірек болатындығынан да сыр шертеді. «Qazaq» газеті бүгін Ақ үй басшысының/ АҚШ-тың  Данияның құрамындағы Гренландияға қатысты саясатының астарына үңіледі.

ХІХ ҒАСЫРДАН БЕРІ АҚШ ГРЕНЛАНДИЯНЫ НЕГЕ САТЫП АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

Биылғы 27 маусымда қызметінен кеткен Данияның экс-премьері Ларс Лёкке Расмуссен АҚШ президенті Дональд Трамптың Данияның автономды аумағы болып саналатын, өзін-өзі  басқару  құқығына 2009 жылы ие болған Гренландияны АҚШ-қа сату ұсынысын «мезгілсіз айтылған сәуір қалжыңына» балады. Ол жөнінде америкалық «Bloomberg» агенттігінің шолушысы Леонид Бершидский: «Трамптың идеясы таңғаларлық болып көрінуі мүмкін (өз елі үшін бұл қалыпты жағдай), бірақ бұл АҚШ-ты ұлы держава еткен территориялар нарығын қалпына келтіру туралы ойлаудың мәнісі жоқ дегенді білдірмейді», – дейді.

Рас, ХIX ғасырда АҚШ өз жерінің  көп  бөлігін жер сатып алу арқылы кеңітті. Бұған Франциядан Луизиананы, Испаниядан Флориданы, Ресейден Алясканы, Мексикадан біраз жерді сатып алулары айқын дәлел бола алады. Бұл туралы «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі (Қараңыз: «Доллармен отарлау: АҚШ өзінің шекарасын қалай кеңейтті?», №27 (970), 14.06.2019 ж.). Тіпті, 1860-шы жылдары АҚШ-тың Гренландия мен Исландияны да сатып алуға тамаша мүмкіндігі болды. Осылайша, Ақ үй басшыларының діттеген мақсаттары Канаданы америкалық аумақтармен қоршап, сол арқылы көрші елді өзіне қосып алғысы келді. Әйткенмен, сол заманда Ақ үйдің жоспары аяқсыз қалды.

Артынан Гренландияның АҚШ-тың уысынан шығып кетуіне Ақ үйдің 1917 жылы Данияның колониясы болған Вирджин аралдарын сатып алып, скандинав елінің егемендігін мойындауы себеп болды. Дегенмен, аз уақыттан кейін әлемдегі ең үлкен арал қайтадан Вашингтон үшін стратегиялық маңызы зор аймаққа айналды. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануы Гренландияда америкалық әскери ұшақтардың базасын орналастыру үшін стратегиялық маңызға қайтадан ие бола бастады. Және соғыстан кейін атом бомбасының пайда болуы Гренландияның стратегиялық маңызын одан әрі күшейте түсті. Оған үш фактор әсер етті. Біріншіден, жауды жақын маңнан бомбалауға әскери базаның қажеттілігі туындады. Екіншіден, Гренландия КСРО-ға жақын орналасқандықтан, бәсекелес елдің бүкіл еуропалық бөлігіне қауіп төндіре алатын еді. Үшіншіден, арал барлаушы ұшқыштар үшін өте ыңғайлы база саналады. Содан аралдың қадірі қайтадан арта бастаған сәттен-ақ АҚШ үкіметі Гренландияны сатып алу үшін қайтадан біршама тер төкті. Дегенмен, 1946 жылы американың аралға қатысты жасаған ұсынысы Дания тарапынан қолдау таба қоймады. Сөйтіп, ондаған жылдар жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

Иә, өткен ғасырдың ортасында аралда бар болғаны 600-ден астам даниялықтар тұрғандықтан, қазіргі жағдайға қарағанда сол тұста АҚШ-тың Гренландияны қолқалауы орынды сияқты көрінетін-ді. Уақыт өте келе АҚШ-қа Гренландияны сатып алу үшін тер төгудің қажеттілігі де болмай қалды. НАТО-ның негізін қалаушылардың бірі болып саналатын Дания үкіметінің 1951 жылы АҚШ-пен екіжақты қорғаныс туралы келісімінен кейін Вашингтон Гренландияда әскери база орнатуға, қорғаныс мақсатында әскери қимылдар жасауға рұқсат алды. Тек бұл ғана емес, қазір Гренландия аралының стратегиялық маңыздылығының жаңа қыры байқалып келеді. Жақында ғана Ресей Арктикадағы әскери қуаттылығы жағынан АҚШ-ты шаң қаптырып кетті. Егер АҚШ Гренландиядағы әуе күштерінің базасын нығайтса, Ресей Солтүстік теңіз жолына бақылау орнатудан қалып, соғыс жағдайында Қытаймен күш біріктіруі қиынға соғады. Сондай-ақ, ғаламдық жылынудың салдарынан Гренландиядағы мұздықтардың ери бастауы аралдың табиғи ресурсын пайдалануды жеңілдетіп келеді. Қысқасы, АҚШ-тың Гренландияға «құда түсуінде», Дональд Трамп айтқандай, мұз еріген сәтте салынатын гольф алаңдарынан да көбірек себептері бар болып шығады. Оған төменде арнайы тоқталамыз.

ГРЕНЛАНДИЯНЫ САТУҒА ДАНИЯДА ЕШҚАНДАЙ СЕБЕП ЖОҚ

ХХІ ғасырда бір елдің екінші елден жаңа жер сатып алу саудасының сиреп бара жатқандығы да рас. Дегенмен, мемлекеттер арасындағы жер саудасын бүгінде жоққа шығаруға тағы болмайды.  Мәселен, Тынық мұхитында орналасқан кішкентай Кирибати Республикасы теңіз деңгейінің көтерілуінен қауіптеніп, жері мұхит түбіне кеткен жағдайда, өзінің 115 мың халқын басқа жерге қоныстандыру мақсатында 2014 жылы Фиджи Республикасынан 5 мың 500 акр жерді 9 миллион долларға сатып алды. Мұхиттағы тағы бір ел – Тувалу да осыған ұқсас жоспарларды қарастырып келеді. Алайда, оларға әлі күнге дейін егемендікті беру жағы талқыланбаған. Айталық, Кирибати мен Тувалу халқы қоныс аударуға мәжбүр болған жағдайда, олар тек ата қоныстарынан ғана емес, сондай-ақ өз мемлекеттеріне ие болу құқығынан да айырылады. Олар заң бойынша Фиджи тұрғындарына айналады. Бірақ, жер саудасын тәуелсіз территорияларда жүргізген жағдайда, тұрғындардың құқықтарын шектемейтіндей жағдай жасау керектігін ұсынған мамандар да бар. Мәселен, 2017 жылы Duke University профессорлары Джозеф Блохер мен Миту Гулати БАҚ-та осындай нарық құру және одан туындайтын мәселелерді шешу мүмкіндіктерін қарастырды. Қос профессор халықаралық құқық негіздерінің қағидалары бойынша бір мемлекеттің екінші мемлекетке жерін мәжбүрлі түрде беруіне тыйым салуға ұсыныс жасады. Осыдан барып тағы бір көзқарас пайда болады. Жерді сату немесе беруді билік өкілдері емес, жергілікті халық шешуге тиіс. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық екендігін әрдайым ескеру қажет. Тек тұрғындар келісім берген жағдайда ғана, билік өкілдері халықтың сұранысын қанағаттандырады. Және қазіргі өркениетті әлемде жерді халқымен қоса сату ескі ұғымға айналды. Әйткенмен, мұндай көзқараста болудың Блохер мен Гулати үшін қауіпті тұсы да бар. Олардың пікірінше, тұрғындардың сұранысы саяси жағдайларды өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл жөнінде Блохер мен Гулати БАҚ-та: «Мысалға, 1980 жылдары Ұлыбритания мен Аргентинаның Фолкленд аралына таласқанын алайық. Аргентина аралды өз иелігіне алғысы келгенімен, аралдың 3 400 тұрғыны британ азаматтығында қалуды қалайтындықтарын білдіріп, соны жақтап дауыс берді. Ұлыбритания ондағы әскери әлеуетін сақтау үшін аралға жыл сайын 100 миллион доллар қаржы жұмсайды. Ал, Аргентина арал тұрғынының әрқайсысына 1 миллион доллар бергенде, олар бұл саудаға келісер ме еді?» деп жазды. Профессорлардың бұл пікірі 2014 жылы Қырымның Украинадан Ресейге өткені қуаттай түседі. Өйткені, Украинаға қарағанда Ресейде әлеуметтік жағдай тұрақты, зейнетақы, айлық, жәрдемақы көлемі жоғары болғандықтан, референдумда Қырым халқы Мәскеудің қол астына өтуге қарсы болған жоқ.

Міне, бай мемлекеттердің кедей мемлекеттерден жер сатып алуына мүмкіндік беру де жақсы идея бола қоймас. Бұл жағдайда экономикасы нашар мемлекеттердің тәуел-сіздігіне нұқсан келеді. Содан Блохер мен Гулати жерін сатқан жергілікті тұрғындарға жерді сатып алушы мемлекеттің азаматтығын беруді ұсынады. Десек те, ондай жағдай  тұрғындардың ұлттық көзқарастарына әсер ете алмайды. Мысалы, пуэрторикандықтар АҚШ азаматтары ретінде саналғанымен, олар Құрама Штаттардың халқымен сіңісіп кете алмады. Өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалды. Тіпті, кейбіреуіне өзін АҚШ азаматы ретінде сезіну мүлдем ұнамайды.

Гренландия, әрине, АҚШ-қа сатылмайды. Аралды саудаға салатындай Данияда ешқандай себеп жоқ. Еріксіз беретіндей басына қара бұлт та төне қоймады.

Тағы бір айта кетерлігі, Гренландияның жөні мүлдем басқа. Осыған дейін АҚШ жаңа аумақтарды экономикасы құлдыраған кедей мемлекеттерден мәжбүрлі түрде сатып алып келсе, Дания халқының тұрмысы жақсы бай ел. Қажет болған жағдайда Дания жыл сайын Гренландияға 500 миллион долларға жуық субсидия төлей алады.

АҚШ-қа Гренландия қаншалықты керек болса, Данияға да Гренландия соншалықты керек. Дания аралға иелік етуге бауыр басып қалған және өзін аралдың заңды иесі санайды. Тіпті, Дания билігі АҚШ-тың еркіне көнсе де, 56 мың гренландиялықтар АҚШ азаматы болғысы келмеуі мүмкін.

Қазіргі жағдайда Гренландия Дания тарапынан ешқандай жамандық та, қысым да көріп отырған жоқ. Дания парламенті 2009 жылы аралға автономиялық құқық беруге шешім шығарған. Сонымен бірге, Гренландияның табиғи ресурстарына қатысты негізгі құқықтарды да аралдықтардың өздеріне берген. Табиғи байлық сайып келгенде, Гренландия тәуелсіздігінің негізі болады және Данияның жасаған қамқорлығын, өзін-өзі басқаруға берген мүмкіндіктерін өте жақсы қолдана алады. Осының барлығын ескеретін болсақ, гренландиялықтардың АҚШ-тың төлқұжатына бола, Дания берген қауіпсіздік пен тәуелсіздіктерінен бас тартулары екіталай. Оларға тар заманда АҚШ-қа сатылып кеткен Ресейдің бұрынғы иелігі Аляска үлгі бола алмайтыны анық.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН АРАЛ НЕСІМЕН БАҒАЛЫ?

Аралдың 80%-дан астамын мұздықтар алып жатыр. Халқы шамамен 56 мың адамды құрайды. Теңіз жағалауындағы тұрғындар балық шаруашылығымен айналысады. Және Гренландия табиғи ресурстарға бай арал. Онда мұнай, уранмен қоса, сирек кездесетін металдар тағы бар. Мәселен, неодимий, празодимий, тербий және диспрозий. Бұл металдар қазіргі жоғары технологиялық өндірістер үшін таптырмас сұранысқа ие. Ал, соңғы кезде ғаламдық жылынудың әсерінен мұздықтардың ери бастауы тау-кен өндірісінің жеңілдей түсуіне жол ашып отыр. Экологтардың болжамынша, 50 жылда Гренландиядағы мұздықтар толықтай еріп кетеді-міс. Яғни, болашақта Гренландиядан түсер экономикалық пайда мол болмақ. Демек, әлемдегі бай, жоғары технологиялар саласында көшбасшы, ірі мұнай өндіруші ел ретінде өзінің рейтингтегі орнын сақтап қалу үшін АҚШ-қа Гренландия өте-мөте қажет.

Дегенмен, өткен айда Гренландия билігі Дональд Трамптың аралды иемденуге қатысты білдірген пікіріне, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған қауесетке тіл қатты. Гренландияның СІМ басшысы Ане Лоне Баггер: «Гренландия бизнес жасауға әрдайым дайын. Бірақ, біз аралды ешқашан саудаға сала алмаймыз», – деп кесіп айтты. Осыған дейін әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары «The Wall Street Journal» басылымының дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Ане Лоне Баггер Дональд Трамптың кеңесшілерімен Гренландияны сатуды талқылап жатқандығын хабарлаған еді. Гренландия аралының билігі мен тұрғындары Трамптың бұл ұсынысына қарсылықтарын білдірді. 21 тамызда Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ президенті Дональд Трамптың қыркүйек айының басында Данияға жоспарлаған сапарынан бас тартқанын құптады. Қазіргі президент, бұрынғы шоумен Дональд Трамп та қарап жатпай, Дания билігі АҚШ-тың Гренландияны сату туралы жасаған ұсынысынан бас тартқан соң, сапардың кейінге шегерілгенін жариялады. Дат премьерінің айтуынша, Трамптың бұл шешімі, орынсыз пікірі Копенгаген мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіреді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

АҚШ жерінің ұлғаюына өлшеусіз үлес қосқан 1-ші президент Эндрю Джексон мен 3-ші президент Томас Джефферсонның ізін жалғағысы келген 45-ші президент Дональд Трамптың «сәтсіз болған құдалығы» кейінгі президенттерге үлкен сабақ болатыны анық. Өйткені, бұрынғыдай АҚШ барлық елді билеп-төстей алмайды, азулы елмен иық тірестіре алатын державалар бар. Демек, алған бетінен оңайлықпен қайтпайтын қазіргі Ақ үй басшысы «қыз бергеннен гөрі, жер бергеннің назы көбірек» болатындығын жадында ұстауы тиіс. Болашақта Дания Гренландияны сатуға келісім берсе де, Вашингтон Копенгаген тарапынан қойылатын талаптарды орындауға дайын болуы керек. Ал, ол талапты орындау АҚШ-қа тым қымбатқа түсетіні белгілі.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here