Қарындас қауымның қамқоршысы

0
1506

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап халқымыздың поэзия әлеміне де, рухани әлеміне де енген бір сыршыл өлең еліміздің өлең сүйер қауымының, оның ішінде бозбала қауымның бойтұмарына айналды. Ол – әйгілі ақын Ғафу Қайырбековтің «Алматыда көшесі бар Гогольдің…» деп басталатын атақты өлеңі еді:

«Айхай шіркін,
Алматыда көктемде,
Аппақ күміс ай сәулесін төккенде.
Сол көшемен жібек толқын секілді
Тамаша ғой қыздар көшіп өткенде»,

– деген жолдарына арқау болған аяулы оқу орны жалпы қарындас қауымына айырықша қамқор сезіммен қарайтын ұлт зиялылары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Нұртас Оңдасынов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров қолдауымен соғыстың соңғы жылдарында ашылып, қазақ елінің жоғары білім саласы үшін де, ұлттық интеллигенцияны қалыптастыру үшін де тарих сахнасына ерекше құбылыс болып енген еді. Ол – бүгінгі 80 жылға жуық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Университет бүгінде әлемдік рейтингтерде өзіндік орны бар, еліміздегі жетекші педагогикалық оқу орнына айналды. Еліміздің түпкір-түпкіріне жүздеген мың педагог даярлап, әйгілі ғалым, ұстаз, өнер мен спорт жұлдыздарын тәрбиелеген оқу ордасын әр жылдары елімізге белгілі тұлғалар басқарып, университеттің материалдық-техникалық базасы мен білім беру сапасын, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға ұмтылды.  Сондай ректордың бірі – қазақ тіл біліміндегі көрнекті ғалым, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Жаратылыстану ғылым академиясының, сондай-ақ Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев еді.

Профессор Сейілбек Исаевтың ҚР ҰҒА-ның қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы институтынан бастау алған өмір жолы 1968 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында (қазіргі университет) жалғасын тапты. Бұл оқу орнындағы еңбек жолын қатардағы оқытушылықтан бастаған Сейілбек Мұхамеджарұлы кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарып, институт ректоры дәрежесіне дейін көтерілді.

Аса сезімтал сирек лингвистикалық түйсік иесі ретінде қазақ тіл ғылымының дамуына айырықша үлес қосқан Сейілбек Мұхамеджарұлының зор ұйымдастырушылық қабілеті, еліміздегі білім беру жүйесіндегі, соның ішінде ұстаздар ұстаханасына айналған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде болған оң өзгерістерге ықпал еткенін атап өткен ләзім. Алдымен профессор бұл лауазымға жоғарыдан тағайындалу арқылы емес, ұжымдағы және еліміздің өзге оқу орындарындағы білікті ғалымдардың бәйгеге түскен сайлауынан басым дауыспен жеңіп шығу арқылы тағайындалған еліміздегі санаулы ректорлардың бірі болды. Бүгінгі мақаланың басым бөлігі профессор Сейілбек Исаевтың қазіргі Қыздар университетінің дамуына қосқан үлесі турасында болғанымен, оны еліміздің жоғары білім саласын дамытуға қосқан серпінді үлесі деп қабылдаған дұрыс болар.

Профессор Сейілбек Исаевтың университетті басқарған жылдары Кеңес үкіметінің ыдырап, еліміз Тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы он жылдығына, одақ құрамынан шығып, дербес мемлекет құруға талпынған өтпелі кезеңдегі экономикалық қиындықтарға тұспа-тұс келді. Жасыратын несі бар, еліміздегі жылу жүйелері шетелдік компаниялар қолына өткен кезде өзге де жоғары оқу орындары сияқты Қыздар институты да өз жұмысын екі айға тоқтатуға мәжбүр болды. Заманның осындай қиын кезеңінде, оның үстіне өзге одақтас республикалардағы қыздарға арналған институттар жабылып, «бұл институт та өз міндетін толығымен өтеді» деген дақпырт үстемдік құрған кезде білім ордасын басқару ісі оңайға түскен жоқ. Институттың имиджін көтеріп, келешек даму бағыттарын айқындап, заман талабына сай ілгерілеумен бірге, қоғамдағы алып-қашпа пікірлермен толассыз күресуге тура келді. Ғалым-басшы тікелей осы тақырыпқа қатысты жиырмаға жуық мақала жазып, сұхбат берген екен. Сондай сұхбаттарының бірінде: «Басты артықшылығымыз да, бұйырған бақытымыз да институттың тек қана қызғалдақтай қыздарымызға арналғандығы және оның мемлекет қамқорлығына алынғандығында. Бойжеткендердің басым көпшілігі – арман арқалап алыстағы ауылдан келгендер. Солардың үкілі үмітін өшіріп алмасақ, мамандығына деген жүрек қалауын, кәусар көңілін шоққа су сепкендей басып алмасақ деп жанталасып жүрген жайымыз бар. «Әттең тонның келтесі-ай» дегізіп, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан да жайлар кездеседі. Оған себеп – бөлінген қаражаттың уақытында тимеуі», – дейді («Қыздарға қамқорлықта шек болмауға тиіс»). Байқағанымыздай, басты мақсат ретінде «басшылардың үдесінен шығу» емес, «білім қуып келген бойжеткендердің үкілі үмітін өшірмеу» ұстанымының таңдалуы – басшының шынайы азаматтық бет-бейнесін айқын көрсетеді. 

«Тіпті қазіргі кезде ең ілгері дамыған ел болып саналатын Жапония мен Америка Құрама Штаттарында бірнеше қыздар колледждерінің бар екендіктерін бізде ескеріп жатқан ешкім де жоқ. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республика үкіметінің қаһарлы жаудың еліміздің басына екіталай күн туғызған сонау Ұлы Отан соғысының кезіндегі мейлінше ауыр қиыншылыққа қарамастан ерекше, тарихи, мәдени, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан мән беріп, дүниеге келтірген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының өткен 46 жыл ішінде, өзінің алдына қойылған мақсаты мен міндетін қандай дәрежеде орындап келгендігіне және алдағы уақытта да  ойдағыдай орындай беретініне сеніміміз кәміл», «Қыздар институтының керегі бар ма, жоқ па?» деуге әуестенушілер де адамгершілік тұрғыдан ойланып, бұдан былай мұндай өрескел пікір таратудан аулақ болар деп ойлаймыз», – деген пікірлер қалай дегенмен де қалыптаса бастаған көзқарастарға лайықты тойтарыс бола алды.  Бұл да ғалым азаматтың бір университеттің тағдыршешті мәселесіне қатысты мәселелерге тойтарысы ғана емес, еліміздің түпкір-түпкірінен келген қаракөздерімізге арнап осы институтты ашқан алдыңғы толқын зиялы қауым аманатына адалдығы, қала берді болашақ ұлт тәрбиешісі – қазақ қыздарына жасаған қамқорлығы еді.

Сейілбек Мұхамеджарұлы алдымен үлкен ғалым ретінде институттың ғылыми, инновациялық, халықаралық, ғылыми-әдістемелік қызметтеріне айырықша серпін берді. Сол кездің өзінде институттың ұстаз ғалымдары 24 тақырыпты қамтитын, ауқымды, түрлі ғылыми көкейкесті мәселелерді шешуге арналған зерттеу жұмыстарын жүргізсе, оның ішінде 13 тақырып Қазақ КСР-нің басқа да ғылыми-зерттеу институттарының бағдарламасына сәйкес жүргізілген. КСРО Ғылым академиясының Қолданбалы физика институты мен Өзбекстан Ғылым академиясы Стародубцев атындағы Физика-техникалық институтының теориялық физика кафедрасымен ынтымақтаса отырып, шаруашылық шарт негізінде де арнаулы тақырыпта бірлесе зерттеу жұмысы жүргізілген, химия, биология кафедрасының оқытушылары ҚазМУ-дың ғалымдарымен бірлесе отырып, Гурьев облысындағы экологиялық ахуалды зерттеуі және мұнай көздері мен оны өндіруге байланысты зерттеу жұмыстарына қатысса, филологтар А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен М. Әуезов атындағы Әдебиет институтымен бірлесе іргелі зерттеу жұмыстарын жазуға қатысқан. Осы жылдары институт Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Киев, Минск, Пермь сияқты Одақтағы аса ірі ғылым мен мәдениет ордаларының жоғары оқу орындарымен ғылыми-шығармашылық байланыс орнатқан.

Ректорлық қызметке келгенде алғашқы қолға алған маңызды шаралардың бірі – бұрын-соңды институт тарихында болмаған аспирантура ашу ісі. Ол қазіргідей Астана арқылы шешілетін мәселе емес еді, ол үшін 1990 жылы Мәскеуге барып, үлкен еңбекпен ашылды. Алғашқыда бес мамандық бойынша ашылған аспирантура мамандықтарының саны тоқсаныншы жылдардың аяғында жиырмаға жуықтады. Ректор тарапынан аспирантураға түсу үшін институтты үздік бітіріп кеткен түлектерді іздеп табуға арнайы тапсырма берілген, сол бақытқа ие болғандардың алғашқыларының бірі ретінде профессор Сейілбек Исаев пен сол тұстағы ұстаздарымыздың трайбализмнен ада, ғылымға адал көзқарастары үшін тағзым жасар шәкірттерінің көп екендігін айтқым келеді. Ғалым мұнымен тынбай, институт тарихында тағы да алғаш рет 1993 жылдан бастап төрт мамандық бойынша кандидаттық дисертация қорғау кеңесін ашты. Білікті ғылым докторларын жинады. Сол 1990 жылдары Қыздар институтындағы қазақ тілі кафедрасы тіл ғылымы бойынша ғылым докторының саны көп республикадағы бірден бір кафедра болды. Мұндай ғылыми әлеует дәл сол тұста қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ-да да жоқ еді.

Қазіргі кездегі оқытудың кредиттік жүйесінің элементтері бұдан 30 жылдай бұрын енген екен. Өйткені, академиялық ұтқырлық мәселесі деген сол шығар, білікті ғалымды жер-жердегі облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарына дәріс оқуға шақыратын. Ғалым сол жақтағы білікті жас кадрларды аспирантураға шақырып, ол жердегі ғылыми әлеуеттің өсуіне де айтарлықтай үлес қосты. Олардың қатарында ғылым докторлары Ақтөбеде Ж. Тектіғұлова, Астанада Г. Сыздықова, Өскеменде Г. Құсманова т.т. көптеген шәкірттерін атауға болады. Қазіргі кредиттік технологияға сәйкес студенттің оқытушы таңдау мәселесінің элементтерін де сол кезде көрдік. Профессор Сейілбек Исаевтың дәрісін тыңдауға Алматыдағы өзге іргелі оқу орындарының студенттері келетін. Ал, шетелдерден Канада, Үндістан, Корея мемлекеттеріндегі университеттерімен келісімшарт жасалып, бірнеше студент сол елдерде білім алса, Қытай, Швейцария мемлекеттерінен қазақ, орыс тілдерін үйренуге біздің институтта білім алуға стажер, ізденушілер келген.

Білім беру орындарының басты миссиясы – сапалы маман даярлау екенін баспасөз беттерінде де, әр түрлі дәрежедегі алқалы жиындарда да баса айтатын: «…бүгінгі жас маман мамандық саласында бірыңғай үш міндетті атқара алатын болуы керек; ол зерттеуші ғалым, яғни мамандық саласының ғылыми негіздерін білетін, қажет болған жағдайда оның жекелеген мәселелері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізе алатын, соның негізінде әр түрлі ақпараттарды талдап, орын орнына пайдаланатын болуы керек. Сөйтіп, ол басқарушы, менеджер, теориялық білімін кез келген жағдайда іс жүзіне асыра алатын маман болуы керек. Міне, осындай талаптарға сай маман ғана бүгінгі құбылмалы өмірде өз орнын лайықты таба алады». Бұл жолдардан ғалым басшының нәтижеге бағдарланған біліммен қатар, бүгінгі уақытқа сай, бәсекеге қабілетті, креативті, зерделі тұлға қалыптастыру жолын ұйымдастыруға деген құлшынысы айқын байқалады.

Білікті басшы сапалы маман даярлаудың кілті – мемлекеттік стандартта екеніне мән беріп, оған сындарлы талдау жасайды: «…мамандыққа байланысты мемлекеттік стандарттың өзінде оның мәні неде деген басты сауал айқындалмай қалған сияқты. Ол сол жасалған, бекітілген мемлекеттік стандарттың мазмұнынан, пән сандары мен бөлінген сағаттарынан байқалады. Мысалы, әрбір оқу жылына орта есеппен 1 700-1 800 сағат белгіленген. Әрбір оқу жылы қысқы, жазғы демалыстарды, сынақ-емтихан сессияларын есептемегенде 37-38 аптадан тұрады. Сонда әрбір аптаға 45-46 сағат, кейде тіпті 51 сағатқа дейін жоспарланады екен. Осындай өте тығыз және көп сағаттық жүктеме шәкірттерге сапалы теориялық білім алуға, ол білімдерін практикалық тәжірибеде қиналмай қолдана алуға мүмкіндік бере ме? Екіншіден, мемлекеттік стандартқа әлі де болса басы артық пәндердің орын алуы, салмақты да салиқалы талдау, таңдаудың нәтижесі емес деген ой келеді». Бұдан 30 жылға жуық уақыт бұрын профессор Сейілбек Исаев көтерген бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Сейілбек Мұхамеджарұлы институтта бар мамандықтардың сапалық өсуіне жағдай жасап қана қойған жоқ, бірқатар жаңа мамандықтар ашып, жаңа оқу пәндерін енгізуге қол жеткізді. Олар: еңбек және қазақтың декоративтік өнері, қазақтың ұлттық билері, әлеуметтік-ұлттық психология, шет тілдерін меңгерген аудармашы-референт, биология және фермерлік шаруашылық негіздері, әлеуметтік-мәдени сервис және туризм мен іскерлік байланыс, құжаттану және құжат ісін жүргізуші т.б. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, көп қажыр-қайратты талап ететін іргелі істер еді.

Қоғам сұранысын ескере отырып, жаңа мамандықтар ашу туралы 1995 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде берген сұхбатында былай дейді: «Педагогтар дайындаумен қоса мектепке дейінгі мекемелер тәрбиешілерін, кітапханашы, қазақтың қол өнері, тігін істерін модельдеу, пішу, тігу, музыка, хореография мамандықтарына үйретеміз. Биология пәніне қосымша фермерлік шаруашылық негіздерін қоса оқытамыз. Мектепке дейінгі бүлдіршіндер психологы, ағылшын, неміс тілдері мамандығын дайындауға, игеруге жол ашылған. Құжаттану және құжат ісін жүргізуді бір адамдай меңгеруге мүмкіндік бар. Аудармашы-референт мамандығын игерем деушілерді де қолдаймыз» – десе, соңғы жылдары білім беру жүйесіне енген интегральды оқыту, қосымша білім беру бағдарламасы, қоғамдық сананы рухани тұрғыда жаңғырту мәселелері осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын профессордың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қамтылады: «Сонымен бірге, пәнаралық байланыс пән түрлеріндегі ортақ жалғастылық жағдайлар, сол арқылы тұтас бір өмірлік құбылыстың бір-бірімен байланысты әр түрлі қырлары, олардың белгілі дәрежеде бірлікте қаралуы әлі де жетімсіз сияқты. Мәселен, мамандық пәндерінің диалектикасы (философиясы), ондағы этнопедагогикалық сипаттар, рухани байлықтың әркез көрінісі мен дамуы бірлікте қаралуы тиіс. Сондықтан да, жалаң тарихшы, жалаң тіл маманы, жалаң экономист түрінде қалудың күні өтті. Міне, осы құбылыстар да мемлекеттік стандарттың оқу жоспарларынан өзіндік орнын алып, болашақ маманның қоғамдық көзқарасын, мамандық парасатын қарастыруда үлкен орын алуы тиіс». Ғалымның бұл пікірі де «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту деп көрсетілген басты мақсатына күні бүгін жазылғандай үндесіп тұрғанын мойындауымыз керек.

Ғалымның оқулық сапасына қатысты пікірлері де бір төбе. Жоғарыдағы мақалада оқулық сапасына қатысты төмендегідей пікір білдіреді: «Білімнің сапалылығы, ең алдымен, оқулыққа байланысты. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі ескірген, бүгінгі күн талабына сай емес. Сырты өзгергенмен ішкі мәні, мазмұны үлкен өзгеріске түспеген, қазақстандық сипатқа әлі толық ие бола алмай отыр. Сондықтан да, ұстаздардың өзінің білімін жай ғана жетілдіріп қоймай, жаңа жағдайларға байланысты өтпелі кезеңдегі қайшылықтар мен күрделілігі сарапқа салынып, соны талдап, шәкірттердің теориялық білімін тереңдете, практикалық дағдыларын ұштай білетін білімдарлық деңгейін өрістей түсу қажет болып отыр». Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдау тауып, кейіннен «Оқулық» орталығының ашылғанын жақсы білеміз. Өзі де оқулық жазу ісімен айналысып, республикалық конкурста ғалым ұсынған оқулық жеңімпаз болып танылған. Орта мектептің 6, 7-сыныптарына арналған бұл оқулықтар «Қазақ тілі» оқулығы туралы қалыптасқан сол кездегі стереотипке төңкеріс жасаған, жаңа бағыттағы оқулық болды. Біріншіден, оқулық авторлығына білікті мектеп мұғалімі Күләш Назарғалиеваны авторлыққа қосты. Бұл да автордың оқулық жазу ісіне асқан жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Өйткені, қандай сұңғыла ғалым болса да, күнделікті оқушылармен жұмыс жасап жүрген ұстаз болмаса, оқу материалын сұрыптауда қателікке жол беруі мүмкін. Оқулық жазу саласындағы осы ұстаным – ғалым мен мектеп мұғалімінің тандемі – қазіргі кезде оқулық авторларына қойылатын басты өлшемге айналды.

Екіншіден, оқулық материалдары ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәтіндерден тұрды.

Үшіншіден, жаттығу мәтіндері бұрынғы оқулықтардағыдай теориялық мәселені дәйектейтін әр автордан жұлынып алынған жеке-жеке сөйлемдер алынбады. Бұл жөнінде белгілі педагог ғалым Өмірзақ Озғанбаев: «…жаттығу мәтіндері біртұтас ұғым беретін, баланың сөйлеу тілін жетілдіретін, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратын шешендік сөз үлгілерінен, көркем әдебиет туындыларынан алынған үзінділерден іріктелді. Әрине, алғашында соны ойдың тереңіне бармай, бұл оқулыққа сын айтушылар аз болған жоқ. «Бұл тілдің оқулығы ма, жоқ әлде тарих пен әдебиет оқулығы ма?» деп мін тағушылар кездесті. Бірақ, бұл оқулықтар уақыт өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді», – деген еді. Расында да, профессор Сейілбек Исаев енгізген бұл жаңалық әлемдік оқулықтану мамандары мойындаған тілді оқытуда нәтижелі әдіс екен, қазіргі жаңартылған білім бағдарламасы да тілдік қағидаттарды мәтін арқылы танытуға бағытталғандығы Исаев идеясының өміршеңдігін тағы дәлелдеп тұр. 

Білім беру жүйесіндегі ақпараттық технологияның қаншалықты маңызды екеніне мән берген Сейілбек Исаев: «Оқу процесін қазіргі информациялық технологиясыз, компьютерлік білімсіз жүргізу мүмкін емес екені белгілі. Қоғам дамуының бүгінгі кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу-тәрбие жұмысына информатикаландыру проблемалары білім беру мазмұнын жаңартып, жаңғыртудың белсенді бір құрамды бөлігі болып отыр. Бүгінгі таңда бұл проблема өзіндік бар мүмкіндігімен жемісті нәтиже бере алмай келеді. Өйткені, бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне Қазақстан өзінің жоғары білім жүйесі мен мазмұнының белгілі дәрежеде тұйықталып, тұмшаланып қалуы нәтижесінде ене алмай отыр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары даярлайтын мамандардың ғылыми біліктілігінің мәні мен мағынасының бояуы кетіп, белгілі дәрежеде орны өміріне бастауы салдарыған да дүниежүзілік өркениеттік даму кезеңінің өзінде студенттердің информациялық мәдениетінің толық қалыптасып жетілмеуінен ілгері басқан аяқ кері кете береді. Компьютерлік техника арқасында адамның өз жұмысының жаңа құрылымдары қалыптасады. Ой еңбегін ұйымдастыруда оң өзгерістер пайда болады. Сол арқылы жеке басында да, жеке тұлға ретінде де информациялық сипаттардың мәнін түсініп, сол деңгейде жетілу арқылы пайдалану мүмкіндігі туады. Сол арқылы студенттердің дистанциялық оқу, үйрету мүмкіндігі мен қажеттілігі туатындығы ақиқат», – деген арманының қазіргі таңда жүзеге асып, кешегі пандемия кезінде қашықтан оқытудың жаппай жүзеге асқанына бәріміз куәміз. Мәселе филолог ғалымның замана бағытын уақытынан бұрын болжап, қам жасауында.

Сейілбек Исаев ірі ғалым, іскер басшы болумен бірге табиғаты нәзік, өнерге құштар жан еді. Сондықтан да болар, институттың музыка факультеті осы жылдары жаңа биіктерге қол жеткізді. «Ұлар» этнографиялық ансамблі дүниеге келіп, «Өнер – жастан» атты музыкалық клуб пен «Қыз Жібек» эстетикалық клубы жұмыс істеді. Олар сол уақыттарда «Абай», «Біржан – Сара», «Қыз Жібек» операларымен қоса басқа ұлттардың классикалық інжу-маржандарын да сахнаға шығарды. Ұрпақтар сабақтастығы, идеялардың өміршеңдігі деген осы болар, қыздарды ұлттық дәстүр мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды кіріктіру арқылы ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін «Қыз Жібек» клубы ашылып, қоғамда үлкен резонанс тудырған осы бастаманың түпнегізі өткен ғасырда басталғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ғалым идеяларының өміршеңдігі сол – арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі күн талаптарына сәйкес келуінде. Мына бір пікірлерге назар аударайық. Білім беру ісінде ұлттық құндылықтардың маңызы жөнінде: «Біз кейде математиканы өзгертудің не қажеті бар, оны ұлттандырам деу күлкіге қалдырады, математика қазаққа да, орысқа да, кәріске де бірдей деп жатамыз. Әрине, жоғары математика заңдылықтары бірдей шығар, бірақ бәрібір дүниеге көзқарас ұлттық тұрғыда өрбуі керек. Себебі, өз халқын сүйе алмаған ұрпақ өзге елді құрметтей алмайды», – деген ғалым қазақстандық білім беру жүйесінде ұлттық тәрбиенің қоса берілу қажеттігін үнемі насихаттап жүрді. Бұл мәселелер соңғы жылдары айтылып жүрген ұлттық код, тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлер, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырту мәселелерімен сәйкес келіп тұрғанын аңғару қиын емес. 

«Халқымыздың тамаша дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ана білмесе, оны сәбиіне үйретіп, қанына сіңірмесе, халқымыздың тірлігі де, бірлігі де болып келген өрелі дәстүрлерін жас ұрпақ қалай ұстанбақшы?» деген оймен барлық мамандыққа «Халықтық педагогика», «Қазақ халқының салт-саналары мен әдет-ғұрыптары» деген пәндер енгізіп, әр жатақханада ұлттық ою-өрнектермен өрнектеліп, жабдықталған «Ақ босаға», «Ақ отау» атты арнайы бөлмелерді жабдықтау ұлтын сүйген үлкен жүректің ауыл қыздарына жасаған жақсылығының бір парасы ғана. Ал, ғалымның ана тіліне, қазақ тілінің грамматикасы мен әдеби тіл тарихы, лексикографиясы мен салғастырмалы тіл білімі, математикалық лингвистика мен лингвоэкология, тілді оқыту әдістемесі мен қолданбалы лингвистикаға қатысты теориялық тұжырымдары мен шегенді ойларын талдап-таразылау – бірнеше кітапқа татырлық құнды мұра.

«Мен болашақта мемлекеттік жоғары оқу орындарының жұмысы қай жағынан да пысықтала түсіп, ал жекеменшік жоғары оқу орындарының қатары білім сапасына байланысты екшеле береді деп білемін. Бұндай бақылау жасауға мемлекет те мүдделі. Қазақстан 2030 жылға дейін экономикалық, әлеуметтік-мәдени жағынан ғана емес, жоғары білімді мамандар даярлауда да ең жоғары жетістіктерге жетіп, болашақтың барыстарына қажетті таным-білікті қазірден-ақ елеп-екшей түсуге тиіс. Әлемге әйгілі Кэмбридж, Оксфорд, МГУ-дің де аты білім сапасының күштілігімен шыққан. Оларда мықты ғылыми орталық, лаборатория, ғылыми ортамен бірге, әр саланың «аузымен құс тістеген» мықтылары да шоғырланған. Болашақта неге біз де осындай жоғары оқу орындары болмасқа? Меніңше, бүгінде Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдердің алдыңғы қатарлы университеттеріне ақша төлеп, жастарымызды оқыттырып жүргені уақытша ғана шара болса керек. Әйтпесе, осылай жалғаса берсе, қаншама қаржы далаға кетпек? Болашақта сондай іргелі оқу орындарын Қазақстанның өз ішінде жасақтаудың да қамын ойластыруымыз керек. Біз сонда ғана Елбасымыз көрсеткен 2030 жылға дейінгі Тура Жолға түсіп, біз сонда ғана елімізді Болашақтың Барыстарымыз дей алар едік», – деген мазмұндағы 1998 жылғы мақаласының шындығы бүгінде дәлелденіп отыр. Мұндай сөзді ел болашағына алаңдаулы, стратегиялық бағдарды айқындай алатын тұлға ғана айта алса керек. Сөзіміздің дәлелі – инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, күшті ғылыми инфрақұрылымы бар Назарбаев университеті, әлемдік білім кеңістігіне енуге ұмтылған, қарқынды даму үстіндегі динамикалық университет ҚБТУ және т.б. университеттер дәл осы мақсатта ашылған.

Әрине, осындай игі жақсылықтардың бәрі профессор Сейілбек Исаев айтқаннан кейін жүзеге асты деуден аулақпыз. Десе де, қоғамда прогресшіл идеялар ғана өміршең болатыны хақ. Олай болса, тумысынан талантты ғалым, іскер басшы профессор Сейілбек Исаевтың уақытынан оза айтқан осы идеялары дәл қазіргі таңда жүзеге аса бастағанының куәгері сіз бен біз екеніміз анық.

Ол білікті басшы ғана емес, ғажап ұстаз еді. Даңқты қолбасшы Александр Македонскийден қалған: «Мен өзiмнiң ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспiн: әкемнен өмiр алсам, ал Аристотельден өмiрiмдi жақсы өткiзу туралы бiлiм алдым» деген ұлағатты сөз бар. Ұстаздық пен ғалымдық, iзгiлiк пен адамдық сияқты қасиеттердi өз бойына түгел сыйдыра бiлген қадiрлi ұстаз Сейілбек Исаевтың өзiмнiң және өзiммен үзеңгiлес жүрген әрiптестерiмнiң өмiр жолын таңдауына тигiзген ықпалын ерекше құрметпен, шәкiрттiк iлтипатпен еске аламыз. Әдебиетке деген аздаған бейiмдiлiгiмiзге бола филология факультетiн таңдаған бiр топ қыздардың бәрiнiң тiлшi болып шығуына тiкелей Сейiлбек ағайдың ықпалы болғаны сөзсiз.

Сейiлбек ағайдың лекциясын асыға күтетiнбiз. Сол кездегi студенттiк балаң тiлмен айтқанда, оқулықтағы ереже, тұжырымдарда қателiк болатынына көзiмiздi ашып, ғылымға деген iңкәрлiктiң артуына түрткi болған едi. Немiс педагогi Адольф Дистервергтiң: «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты iздеп табуға үйретедi», – деген сөзi бар. Сейiлбек ағай бiз үшiн сондай едi. Әлдебiр проблема туралы ой қозғап, ғалымдардың көзқарасын жайып салып: «Осыған пiкiрiң қалай? Кiмнiң көзқарасын жақтайсың? Неге? Ойланып келiңдершi, келесi сабақта сұраймын», – деп, дәрiсханадан шығып кететiн. Осыдан соң, iзденбей көр. Кiтапханаларға барып, оқып-iзденiп, шама-шарқымызша жауап беруге тырысатынбыз. Жауабымызды байыппен тыңдап, риза болғанда рахаттана күлетiн. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов туралы «Ол өз оқырманының белгiлi дәрежеде бiлiм дәрежесiнiң болуын талап ететiн» деген пiкiр айтылып жүр, бiз үшiн Сейiлбек ағай да сондай едi. Сондықтан болар, кейбiр студенттер  ағайдың лекциясын түсiнбеймiз дегенде менiң ойыма Әуезов туралы айтылған сол пiкiр орала бередi. Ағайдың осы принципiн мен кейiннен қызметтес болғанда өз аузынан талай естiгенмiн. Неге бiз лекцияны жалпыға түсiнiктi болсын деп төмен студентке бейiмдеп оқимыз? Керiсiнше, төмен бiлiмдi студенттi жоғары бiлiмдi студент деңгейiне көтеруге тырысуымыз керек.

Студент шағымда аздап күнделiк жазатынмын. 1987 жылдың 5 қарашасында төмендегiдей жазба түсiрiппiн: «Кеше профессор С.М. Исаевтың сабағы болды. Қазағым деп соғатын жүрегi бар әрбiр қыз үшiн әсерлi сабақ болды. Туған халқы үшiн құрбан болған, бiрақ заман атын атауға тыйым салған қаншама ұлтжанды боздақтар болған десеңiзшi! 18 тiл бiлген Н. Төреқұлов, математик Ә. Ермеков, қазақ лингвистикасының атасы А. Байтұрсынов, ақын-жазушылар М. Жұмабаев, М. Дулатов т.б. Ағай мұны ашық айта алмайды. Ең болмаса бiз бiлсiн дегенi ғой».

Соңғы жолдарды жазуыма ағайдың осы жайттарды баяндағандағы көңiл-күйi, iшкi толқынысы әсер етсе керек. Әлi күнге дейiн есiмде: әлде бiр шарасыздық, өзегiн өртер өкiнiш сезiлдi болмысынан. Коммунистiк партия «Желтоқсан бұзақыларын» жою үстiнде жұмыс жүргiзiп жатқан сол кезеңде, социалистiк идеологияның қолшоқпары болмай (ағай ол кезде факультет деканы едi), осыншама жаны күйзелiп, толқуы ағайдың нағыз ұлтын сүйген ұл екендiгiн дәлелдесе керек. Кейiн қалада қазақ мектептерiнiң көптеп ашылуына, қазақ қыздарына имандылық пен ұлттық тәрбие беруде, қазақ тiл бiлiмi ғылымының дамуына көптiң бiрi емес, бiрегейi ретiнде ат салысқаны көпшiлiкке мәлiм.

Сырт қарағанда талап қойғыш ағайдың iшкi дүниесi нәзiк, сезiмтал едi.  1995 жылы 34 жастағы ағам қастандықпен қазаға ұшырады. Ауылдан келген соң «ректор шақыртып жатыр» дегендi естiп, «ректораттың әлдебiр тапсырмасын бергелi жатқан ғой» деп ойлап қабылдауына кiрдiм. «Қарағым, – деп бастады сөзiн ағай, – өмiрде мәңгiлiк ешнәрсе жоқ. Дүниеге келген адам ерте ме, кеш пе дүниеден өтедi. Ағаңның артының қайырын берсiн», – деп, өзiнiң де дүниеден өткен бауыр, жақындары еске түстi ме, ерекше тебiренiспен жау қолына түскен әйелдiң ханның берген таңдауына ерi мен ұлын емес, бауырын босатып алғаны туралы аңызды баяндады. Ал, мен құдды үйде отырғандай, ағыл-тегiл жыладым. Ата-анамды, бауырларымды сұрап, тоқтау айтты да: «Өмiрдiң өзi ренiш пен қуаныштан құралған. Сенi жылатайын деп емес, қуантайын деп шақырдым. Кандидаттық диссертацияң жоғарғы аттестациялық комиссия сараптауынан өттi. Және «өте жоғары» бағамен өттi, құттықтаймын», – дедi. Бұл оқиғаны еске алып отырғаным: ұстаздың кiсiлiк келбетi мен бойындағы адамгершiлiк қасиетiнiң көрiнiсiне тағзым еткендiктен. Қарамағындағы қарапайым адамдардың қайғысы мен қуанышын бөлiсе бiлу де кез келген басшының назарына iлiге бермейтiнi бар ғой. Еңсем көтерiлiп, кәдiмгiдей қанаттанып қалдым. Кейiн ұстаздың осы қасиетiн әрiптестерiммен, таныстарыммен, студенттерiммен араласу кезiнде де үлгi тұтып жүрмiн.

Көзi тiрi кезiнде-ақ талайларды тайсалтқан, асқар қасиеттерiнiң бiрi – Сейiлбек Исаевтың нағыз ғалымдығы. Қаламынан туындаған оқу құралдары мен монографиялары, тiптi мақалаларының өзi тiл бiлiмiндегi күрмеуi қиын мәселелердi көтерiп, оны шешудегi ғылыми деңгейi, ұстанымы, пiкiр-тұжырымы бұлтартпас дәлелдермен, теориялық дәлдiкпен өрiлiп жататын.

Ағайдың өмiрiнiң соңғы айларының бiрiнде аударма жұмысына байланысты қабылдауында болғаным бар. Көңiлдi екен. Докторлық диссертацияға байланысты ақыл-кеңес бердi, келешекте жазылатын бiр топ шәкiрттерiн авторлыққа қосамын деп ойлаған функциональдық грамматиканың жоспарының қолжазбасын көрсетiп, пiкiрлестiк. Сұрақтар қойдым, аса шабыттана, ыждаһаттылықпен жауап бердi. Шығып бара жатып, содан 13 жыл бұрын 50 жылдық мерейтойына арнап жазған өлеңiмнiң бiр шумағын оқып бердiм.

Үлкендер бар,
Жасымыз бар бұлалау.
Жазылып жүр талай еңбек, жыр-алау.
Туған тiлдi құрметтеймiз,
Ал бiлу –
Исаевтай мүмкiн емес шығар-ау?!

Бұл – жақсы көрiну үшiн емес, шын мәнiндегi шәкiрттiк мойындау едi.

Академик Ә.Қайдаровтың Сейiлбек Мұхамеджарұлын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, қабiр басында айтқан мына бiр сөзi соны айғақтай түссе керек: «Қазақта «ат тұяғын тай басар» деген қасиеттi сөз бар. Бiрақ, бұл сөз Сейiлбекке сыймайды. Оның ғылымдағы орны бос қалды, тiл бiлiмiнде оның орны үңiрейiп тұрады».  Бұл – ғалымға берген үлкен баға. Бiз, шәкiрттерi, қазақ тiл бiлiмiнiң бiртуар тұлғасы, қадiрлi ұстаз, аяулы әкеден бiлiм алғанымыз үшiн бақыттымыз.

Тау алыстаған сайын биiктейдi. Сейiлбек Исаевтың бiз үшiн онсыз да биiк тұлғасы күн өткен сайын биiктеп барады.

Тыныштық ЕРМЕКОВА,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, шәкірті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here