15 жылдық тарихы бар Астана халықаралық форумы өтті

0
1121

Елордада 8-9 маусым күндері сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және орнықтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы салаларындағы негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған бірегей форматқа ие Астана халықаралық форумы өтті.

Әлемнің 70-ке жуық елінен келген кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты спикерлер «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс» тақырыбында пікір алмасты. Ауқымды шара бағдарламасында 40-тан астам панельдік сессиялар мен бейресми талқылаулар болды.

Форумның пленарлық сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, халықаралық жағдайлар бойынша ең маңызды деген мәселелерді көтеріп, жиынның негізгі миссиясын нақтылай түсті.

«Астана халықаралық форумы, бұл – диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай: Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау. Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау. Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру. Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру. Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту. Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе, бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң болды.

Мықтылардың басы қосылған диалог алаңында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Дүниежүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассани және басқалар спикер ретінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік Астана халықаралық форумы аясында Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысына қатысып, БҰҰ делегациясын, бірқатар белді компаниялардың басшыларын қабылдады.

Міне, халықаралық инвесторларды тарту, елде және әлемде экономикалық саясаттың күн тәртібін қалыптастыру үшін жаңа идеялармен алмасу 15 жылдық тарихы бар форумның тиімділігін көрсетеді.

Айта кетейік, форум Қазақстан астанасында 2008-2019 жылдар аралығында жұмыс істеген Астана экономикалық форумының жалғасы. Пандемияға байланысты үш жылдық үзілістен кейін форум жұмысы қайта жалғасты.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here