Түркиенің келесі президенті Ердоғанның күйеу баласы ма?

0
1744

Биыл әлемдегі басты саяси оқиғалардың бірі болған Түркиедегі президент сайлауы мәреге жетті. Режеп Тайип Ердоған 52,14 пайыз дауыс жинап, саяси доданың екінші кезеңінде жеңіске жетті. Түркиенің 13-ші президенті үшін бұл жолғы сайлау өткен науқандармен салыстырғанда маңызды әрі қиынырақ өтті. Басты саяси қарсыласы Кемал Кылычдароғлы өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін айқын дәлелдеді. Десе де, 69 жастағы Ердоған 2,1 млн дауыс алшақтығымен саяси қарсыласынан басым түсіп, ел тізгінін қолға алды. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Түркиені 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз басқарып келе жатқан әккі саясаткер келесі тақ мұрагерін таңдау үстінде екендігін хабарлауда. Сарапшылар бірқатар кандидаттың арасында Ердоғанның күйеу баласы Селжұқ Байрақтардың өзгелерге қарағанда мүмкіндігі жоғары екендігін айтады. 43 жастағы кәсіпкер, «Baykar Makina» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы туралы не білеміз? Ердоғанның оған таңдау жасауында қандай сыр бар? Тарқатайық.

ТАҚ ҮШІН ТАЙТАЛАС

Биылғы жыл Түркие жылнамасы үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Ақпан айында Жерорта теңізінің шығыс жағалауында болған алапат зілзаладан 47 мыңға жуық адам мерт болып, 123 мыңнан астам адам жарақат алды. Соңғы жүз жылдағы табиғи апаттан тұтастай елді мекендер мен қалалар қирандыға айналды. Түркиенің Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарларындағы ғимараттар мен тұрғын үйлер жермен жексен болды.

Табиғи апатпен қатар, 2023 жыл Түркиеде басты саяси науқандардың өтуімен тарих жылнамасына жазылды. Елдегі кезектен тыс президент сайлауы биылғы жылдың 14 мамырында өтті. Бұдан бөлек, түркиеліктер бұл күні парламент депутаттарына өз таңдауларын жасады. Ең басты саяси додаға «Халықтық Альянс» ұсынған Режеп Тайип Ердоған, «Ұлттық Альянс» атынан Кемал Кылычдароғлы және «Аталар Альянсынан» Синан Оған қатысып, сынға түсті.

Сайлаудың алғашқы кезеңінде электораттың басым бөлігінің таңдауы елді 2002 жылдан бері басқарып келе жатқан Ердоған мен оппозиция серкесі Кылычдароғлыға түскен. Атап айтқанда, сайлаушылардың 49,52 пайызы консерватистік және исламистік бағыттағы саясатты ұстанатын Ердоғанға, 44,88 пайызы кемалистік ұстанымдағы Кемал Кылычдароғлыға дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша үміткерлердің барлығы да 50 пайыздан артық дауыс жинай алмады. Сәйкесінше сайлаудың екінші кезеңі 28 мамырда өтіп, Ердоған Кылычдароғлын 52,18 пайыз айқын басымдылықпен жеңді.

Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, ел ішіндегі түйіні тарқатылмаған түйіткілді жайттар мен көп жылдар бойы қордаланған мәселелердің сайлау қарсаңында қоғамда үлкен резонансқа айналуы Ердоғанға қолайсыз тиген. Десе де, мамандар Ердоғанның тұсында Түркиенің әскери және геосаяси салмағы артқандығын да жоққа шығармайды. Атап айтқанда, бүгінде НАТО-ға мүше Түркие Украина мен Сириядағы соғыста басты һәм ықпалды ойыншылардың біріне айналып үлгерді. Бұдан бөлек, Швецияның НАТО мүшелігіне кіруіне үзілді-кесілді қарсылық танытып, тосқауыл қойған.

Халықаралық саясатта үлкен абырой жинаған Ердоған өз халқының алдында сынға ұшырап, ішкі мәселелерді шешуде түрлі кедергілерге тап болуда. Мәселен, ұлттық валюта құнының кейінгі жылдары бірнеше есе кемуі, ақпандағы зілзала салдарын жою, алапат апаттан кейін құтқару жұмыстарының жұртшылықтың көңілінен шықпауы – елде 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз билік жүргізіп келе жатқан Ердоғанның беделіне айтарлықтай сызат түсіргені анық.

Бұл мерзім Ердоған үшін соңғы болуы мүмкін. Біріншіден, Түркие Конституциясына сәйкес президенттікке бір тұлға екі реттен артық сайлана алмайды. Екіншіден, Ердоғанның ұлғайған жасы да елдегі ең жоғары лауазымды атқаруға кедергісін тигізуі мүмкін. Бұл турасында оның өзі де жастарға жол беретінін айтып, президенттік сайлауға соңғы рет түсіп отырғанын жеткізді. Шетелдік ақпарат құралдарында Түркиенің келесі президенті кім болуы мүмкін деген сауал қызу талқылануда. Мың сан долбардың ішінде Ердоғанның күйеу баласы, «Baykar Makina» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Селжұқ Байрақтардың есімі жиі аталуда. Бұл болжамға негіз де жоқ емес. Оның есімі пилотсыз ұшатын заманауи әскери дрондар жасаумен көпшілікке танымал болған. Іскерлігімен қатар білімді һәм білікті азамат.

БӘСІ БИІКТЕГЕН «БАЙРАҚТАР»

Селжұқ Байрақтар 1979 жылғы қазанда дүниеге келген. Әкесі Оздемир Байрақтар Түркиедегі ауқатты кәсіпкерлердің бірі. Ол авиациялық-ғарыштық саладағы құралдар мен робототехника жасайтын компанияның негізін қалаушы әрі қожайыны.

Селжұқ Байрақтар Ыстамбұл университетімен қатар АҚШ-тың Пенсильвания және Массачусетс технологиялық университеттерін тәмамдаған. Бұдан бөлек, Джорджия университетінде докторлық диссертациясын қорғаған.

Бастапқыда авиациялық құрылғыларды модельдеуді хоббиіне айналдырған Байрақтар бақуатты әкесінің қолдауының арқасында түрлі дрондарды жобалаумен кәсіби тұрғыда айналыса бастады. 2009 жылы оның командасы «Bayraktar TB1» пилотсыз ұшағын жасап, оны жан-жақты жетілдіруге кірісті. Нәтижесінде 2014 жылы «Baykar Makina» компаниясы «Bayraktar ТВ2» пилотсыз ұшағын сынақтан сәтті өткізіп, сериялық өндірісті қолға алды. Сол жылдың тамыз айында «Bayraktar TB2» әскери ұшағы пилотсыз құрылғылар арасында ең ұзақ ұшу рекордын орнатты.

Байрақтардың бұл іске белсенді кірісуіне сол кездегі Түркиенің премьер-министрі Режеп Тайип Ердоғанның отандық әскери саланы дрондармен қаруландыру ісін жеделдетуі де түрткі болғаны жасырын емес.

Әлем дамыған сайын жаңа техникалар жасалып жатыр. Соның ішінде әскери өнеркәсіп те қарыштап дамыды. Сондай техникалардың бірі Түркиеде шығарылған – «Bayraktar» пилотсыз аппараттары. 2014 жылы түріктің «Baykar Makina» компаниясы «Bayraktar TB2» деген атпен пилотсыз аппарат шығара бастады. Бұл қару әскери салада төңкеріс жасады. Аталған дрон бес мың шақырым биікте тұрып жердегі нысананы жойып жіберуге қауқарлы. Бұл – елдегі пилотсыз басқарылатын алғашқы дрон болатын. Осы сынақтан кейін Түркие әуеден соққы жасайтын пилотсыз ұшу аппараттарын шығаратын мемлекеттер сапына енді. Бұл аппараттың отын шығыны тым көп емес. Құрылғы сағатына орташа есеппен 10 литр көлемінде жанармай жұмсайды. Сынақтан сәтті өткен «Байрақтарды» Катар, Украина, Әзербайжан және өзге де елдер сатып ала бастады.

2016 жылдан бастап Байрақтардың Ердоғанмен қарым-қатынасы іскерлік қарым-қатынастан отбасылық деңгейге тереңдей түседі. Сол жылдың мамыр айында Ердоғанның кенже қызы Сюмейе мен Селжұқ Байрақтардың некесі қиылып, шаңырақ көтереді.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Түркиенің «Байрақтары» туралы кең көлемді сараптамалық-зерттеу мақалалар арнап, оның ерекшелігі туралы хабарлады. Мәселен, Швейцарияның «Neue Zürcher Zeitung» басылымы «Сирия мен Ливиядағы соғыста мәселені түріктің пилотсыз дрондары шешті. Ердоғанның күйеу баласының бірнеше жылғы табанды ізденісі өз нәтижесін берді» деп жазды.

«Байрақтардың» бәсі Сириядағы соғыста айқын аңғарылды. Мәселен, Идлиб түбіндегі шайқаста сириялық үкімет әскерінің 47 зеңбірегі мен 151 танкісін, 8 тікұшағы мен 3 ұшағының басым бөлігін түріктің ұшқышсыз ұшу аппараттары жойған. Сонымен қатар, «Bayraktar TB2» осы уақытқа дейін Сирияның солтүстігіндегі күрд сепаратистерінің базаларын қиратуда, Ливиядағы әскери іс-қимылдарда, Әзербайжанның Таулы Қарабақ үшін соғыста, украиналық Донбасс сепаратистеріне қарсы әскери операциялар кезінде және 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін Украина оны өз аумағына басып кірген Ресей әскеріне қарсы пайдаланды.

SELF-MADE ТҰЛҒА

Селжұқ Байрақтардың есімі Түркие жұртшылығына кеңінен мәлім. Кәсіпкер туралы қандай да бір ақпарат жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырады. Әлеуметтік желіде де белсенді. Оқырмандарының саны 3 млн-ға жуық. Байрақтарды түркиеліктер табысты кәсіпкер, адал еңбегімен табысқа жеткен тұлға ретінде бағалайды.

Байрақтар кәсіпкерліктен бөлек елдің қоғамдық өміріне де белсенді атсалысады. Отандық ғылымды дамытумен қатар, Түрік технологиялық командасы қорының негізін қалады. Аталған қор жыл сайын авиация фестивалін тұрақты ұйымдастырады.

Коронавирус пандемиясы кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарын өндірумен айналысып, дертке шалдыққан мыңдаған азаматтарға дауа сыйлады. Бұдан өзге, биылғы жылдың ақпан айындағы алапат зілзаладан зардап шеккендер үшін 1 мың үй салып, 2 мың уақытша баспана орнатты. Десе де, күні бүгінге дейін Селжұқ Байрақтар өзінің саяси амбициясы турасында тіс жарған емес. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында болашақта үлкен саясатқа келуі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сарапшылардың айтуынша, Селжұқ Байрақтар Ердоғанның үлкен сеніміне ие әрі Түркие халқының жүрегінен орын алған тұлға. Кәсібилік, табандылық және мемлекетшілдік 43 жастағы Байрақтарды биліктің биік шыңына бағыттауы бек мүмкін. Барлығына тек уақыт төреші.

Жандар АСАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here