ҚАТАРЫНАН ҚАЛМАҒАН ҚАРЛЫҒАШТАР немесе Желтоқсан ардагері Бану Олжабайқызы

0
1014

Халқымыз сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздігімізге жасалған қадамның бірі болған Желтоқсан көтерілісі. Шын мәнінде, тұла бойларында ұлтым, қазағым, қаным деген намысы бар, рухы мықты, патриоттық сезімдері от болып лаулап, құрбы-құрдастарынан, курстастарынан, еңбектес әріптестерінен қалмай алаңға шыққан, бір мақсат, бір мүдде, бір тілектен табылған мыңдаған жастардың бәріне құрметпен қараймыз. Сол 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан кезіндегі жалынды жастар.

Біз сөз еткелі отырған Бозымбаева Бану Олжабайқызы Кеген ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы мектептен қанаттанған қыз. Жастайынан зерек, ұғымтал, ақылды болып өскен қыз жақсы оқыды. Қатарластарынан кейін қалған жері жоқ. Сол құрбы-құрдастарымен бірге қатарластарынан қалмай асыл да асқақ арманының құшағында жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырды. Ол тұста қалаған институтқа түсу – қол жетпес армандай еді. Конкурста сәл ғана бағасы жетпей құлап, бір жыл, екі жыл талпынып жүріп түсетіндер көп болды. Банудың да алғашқы қадамы сәтсіз болып, Алматы қаласындағы № 1 наубайханаға жұмысқа орналасып кетті. Ондағы ойы жұмыс істей жүріп, келесі жылы қайтадан талпыну болатын. Бұл тұп-тура 1986 жыл еді. Желтоқсанның 16 күнгі жағдайды келесі күні естіген Бану көңілін тыншыта алмады. Өздері әкелеріндей жақсы көретін Д. Қонаевтың орнынан алынып, Қазақстанның басшылығына Мәскеудің тікелей үстемдік етуінен, ұйғарымымен Г. Колбин деген бір орыстың келгені ашу-ызаларын туғызды. Тағы да сол қазақ қызына тән қайсарлығы, өжет мінезімен қатарластарынан қалмай алаңдағы жастардың қасынан табылды.

«1986 жылғы желтоқсанның 17 жұлдызында Алматының қысқы аспаны сондайлық түнеріп тұрды. Түске таяу сағат 11-дің шамасында бала күннен бірге өскен жан құрбым Гүлсара Жақашбаева екеуіміз алаңға қарай батыл бет алдық. Алаң толы жастардың айбарлы үні алыстан естіліп жатты. Жақындаған кезде біз де «Менің Қазақстаным!» атты әнге қосылып, ұрандатып кеттік. Көппен бірге «Республикамызға қазақ басшысының орнына қазақ келсін! Колбин кетсін!» деп бар дауысымызбен айқайладық. Бір уақыт та қалың солдат алаңды тазарта бастады. Шын мәнінде, қолдарындағы дубинкамен аясыз ұрып-соға бастады. Қанша дегенмен бойымызды үрей билеп, жан-жаққа ығыса бастадық. Сөйтіп, жүріп жан құрбымнан ажырап қалыппын. Бір мезет арқамнан ауыр соққы тиді. Дене-бойымды билей алмайтын қалге түстім. Көзім қарауытып, өзіме-өзім келе алар емеспін. «Шынымен маған да жарық дүниемен қоштасу сәті таяна түсті ме?» деген ой санамнан жүріп өткені сол еді, бір қазақ жігіті орнымнан тұрғызып, жетегіне алды. Сол сәтте дубинканың ауыр соққысы тағы да жотамнан тиіп, тізерлей құладым. Жігітті де солдаттар ұстап алып кеткен сияқты. Басым айналып, бойымды билей алмай, біраз жатып қалдым. Осы кезде Ұлы Отан соғысына қатысқан атам ойымы орала кетті. «Батыр бабаларыңның ұрпағысың Бану! Өзіңе-өзің мықты бол! Денеңді тік ұстап, алға жүр!» деп рух бергендей болды. Өзіме-өзім жігер беріп, орнымнан тұрдым. Менің орнымнан тұруымды күтіп тұрғандай екі солдат екі жағымнан ұстап алып, қол-аяғымды жерге тигізбей алаңның жанындағы темір қоршаудың ішіне кіргізді. Басы жарылған, беттері мен қолдары қызыл қанға боялған жігіттер мен қыздарға толы екен. Әйтеуір қайдан келгенін білмеймін бірлі-жарым мейірбикелер жандары қалмай көмектесіп жатыр. Тордың іші қызыл ала қан. Нағыз қырғынның өзі дерсің. Бойымды үрей билеп, жан-жағымнан Гүлсарадай құрбымды іздей бердім. Бір кезде «Бану, Бану!» деген таныс үн естілді. Ол да мені іздеген болуы керек. Үмітім оянып, шын қуанып, жан-жағыма қарасам, пальтосының жағасы жыртылып, салбырап кеткен Гүлсараны біраз жерде екі милиция қызметкері сүйреп, әкетіп барады екен. «Гүлсара, Гүлсара» деп айқайлай бердім. Менің дауысымды ести қойған жоқ. Сүйреген күйі оны көлікке отырғызып әкетті. Бірнеше сағаттан кейін өзіме-өзім келіп, бойымды ыза мен намыс кернеп, құрбымды ойлап тағы да жастармен бірге алаңға қарай ұмтылдым. Бірақ, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бізді қайтадан ығыстыра түсті. Әрекетімізден ештеңе шықпайтынын білген соң үйге қарай бет алдым», – дейді Бану сол бір ызғарлы күнді, қасірет толы шақты есіне алып. Бану ол кезде Алматы қаласындағы әкпе-жездесінің үйінде тұратын.

Басынан өткендерін жүрегіне жақын жандарға айтуға батпады. Тіс жарған жоқ. Жұмыстан келген сыңай танытты. Жылы үйде өзіне-өзі келген соң жан құрбысын іздеп, тұрып жатқан пәтеріне барды. Гүлсара жоқ болып шықты. Біраз уақыт күтіп, амалы таусылған соң қайтадан үйіне келді. Өңі бозарып кеткен Бануды әкпесі біраз сұраққа алды. Ештеңе болмағанын, Гүлсараның үйіне барып келгенін айтып, олардың көңілін жайландырып қойды. Алайда, жан құрбысы ойынан шықпады. Ұйқысыз таңын атқызып, ертесі тағы да іздеп барса, Гүлсара бар болып шықты. Жүрегі орнына түсіп, жөн сұрасты. Жағдайын білді. Сөйтсе солдаттар мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері алаңды тазарту іс-шараларын жүргізіпті. Түрмеге сыймағандарын қаланың сыртына, Қаскелең жаққа айдалаға апарып тастапты. Гүлсара да соның бірі болып көрмегені жоқ, адасып жүріп әрең-пәрең үйін тауыпты. Қатты ауырып жүрген арқасын құрбысына көрсетпеген де кімге көрсетеді?! Банудың арқасын көрген Гүлсара «Масқара, арқаң көгеріп кетіпті-ғой» деп үрейлене тіл қатты. Иә, Банудың денесіне түскен жара жазылғанмен арада бір адамның ғұмыры Желтоқсан көтерілсінің жүрегіне түсірген жарасы жазылған жоқ. Сұрқай көрініс, ызғарлы күн, билікке қарасты күштің әрекеті ешқашан жадынан шыққан емес. Бір мақсатқа, бір тілекке бірігіп, әрекет жасаған, аяусыз соққыға түскен қазақ жастарының биік рухы, өр намысы, Отаншылдық сезімі, қайтпас қажыры, мұқалмас жігері көз алдында қалып қалды. Араға төрт жыл салып, Бану секілді азаттықты аңсаған, ел егемендігін көксеген жастардың арманы орындалды. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Мәскеудің, орталықтың үстемдігінен құтылды. Аңсаған күннің басымызға бақ болып қонғанына 32 жыл болды.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан барша жастар қуғын мен сүргінге түсіп, бірі оқудан, бірі жұмыстан шығып, сұраққа ілініп жатқан тұста Бану  жүрек қалаған жігітімен тұрмыс құрды. 1987 жылдан бері қарай Жалаңаш ауылында өмір сүріп келеді. Үш баласын өмірге әкеліп, соларды бағып-қағып, қанаттандырып, қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отырған жайы бар. Өмірінен, басына жазылған тағдырынан көрген қиындықтары аз емес. Майдангер атасының ұрпағы, кешегі Желтоқсанның ызғарына қарылған қыз емес пе, ауыртпалықтардың бәрін иығымен көтеріп, осы күнге жетті. Тек қана мынау жарық дүниеден тым ерте аттанып кете барған аяулы жарын ойласа, жанарына жас келіп, қамығып қалады. Қазіргі таңда Бану Жалаңаш ауылындағы жекеменшік әріптестік негіздегі «Кәусар-Інжу» балалар бақшасында жұмыс істейді.

«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі қатарластарынан қалмай Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Бану Бозымбаеваны «Желтоқсан ардагері» медалымен марапаттады. Сөйтіп, мерейі асқақтап, үлкен қуанышқа кенелді. Иә, қатарластарынан қалмай келе жатқан Банудай замандасымыздың жақсылықтары алда.

ИНДИРА БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here