Баланың рухын көтеретін спектакль

0
1728

Бірер жыл бұрын белгілі жазушы-драматург Әлібек Байбол – Әлекең электронды поштама жаңа пьесасын жолдаған еді. Оқып шықтым. Сосын екеуара талқыладық. Сонда ол маған бұл туынды «Қуыршақ театрында қойылады» деп қалды. Авторға ештеңе демесем де, бұл қалай болар екен деген күдігім болғаны рас. Енді, міне, сол пьеса ұлы сахнаға жол тартыпты. Шақыру алдық. Театрға келдік.

Пьеса қазақтың маңдайына сыймай кеткен әйгілі боксшы Бекзат Саттарханов турасында. Көз алдыңа бірден былғары қолғап киіп, қарсыласымен жұдырықтасып жатқан боксшы елестейді. Қуыршақ театрының спефикациясын білгендіктен, бұл қойылымды қалай шығарар екен деп ойланып отырдым. Күмән мен үміт аралас ойым шымылдық ашылған соң ғана сейілді.

Жалпы, біздің театрларда соңғы он-жиырма жылдан бері қалыптасқан бір үрдіс бар-тын. Тарихи тұлғалар туралы спектакль қойылады. Жақсы-ақ! Дегенмен сол спектакль бастан-аяқ хронологиялық тәртіпке құрылып, тұлғаның туған сәтінен қайтыс болғанына дейінгі өмір жолын тұтас сөз қылып, бірсыдырғы өтіп жатады. Қызыл сөзден шаршаған көрермен мұндай спектакльдерден қашатыны жасырын емес.

Ал мына спектакльдің негізгі аудиториясы – балалар мен жасөспірімдер. Қолдарындағы смартфондарына телміріп, TikTok пен Instagram-ның 1,5-2 минуттық қысқа видеоларын ғана көретін, қызық болмаса басқа нәрсеге мұрнын шүйіріп те қарамайтын Alpha ұрпақ мұны қалай қабылдар екен деп отырдым.

Ә дегеннен-ақ спектакль көрерменін баурап алды. Қозғалыс, динамика, ырғақ бар. Қазақтың аңыз-миф желісімен құрылған «Чемпион» ертегісі Бекзат батырдың өмірге келген сәтін, киелі Түркістандай атыраптың қасиетін бірер детальмен ғана суреттеп өтті. Сосын, оның қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы ең шешуші кезеңі – Сидней Олимпиадасы сахнасына ауысты. Ринг. Америкалық Рикарду Хуареспен жұдырықтасуы бала көрерменнің қолындағы телефонын тастатып, сахнаға қаратқан ең қызықты мезет, сәтті көрініс болды деп есептеймін. Ортадағы комментатордың сөйлеу мәнері, екпіндетіп, делебеңді қоздыра қайта-қайта «Бұл – бокс! Бокс! Бокс!» деп айтқан сайын көрермен де енді не болар екен дегендей ынтығып отырады.

Драматург пен режиссер (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) тандемі әбден үйлесіп, бірін-бірі өте жақсы түсінгені байқалады. Боксты «Рухтар шайқасы» деп алған. Ең ұтымды әдістің бірі – мифтік танымды араластыру. Бекзат жұдырықтасқанда, «Иә, Аруақ!» деп, аруағы шалқар ата-бабаларымызға сыйынып, Құдайдан медет сұрап,  көкжалға айналып кетеді. Ал қарсыласы америкалық бизон кейпінде келеді. Көкжал да беріспейді. Түрі ұсқынсыз бизон мүйізімен сүзіп, жер тартып, қара терге түсіреді. Екі боксшының да техникасы мықты. Екеуі де қуатты. Айлалы. Раунд сайын рух та алмасады. Ендігіде Бекзат қазақтың қыраны ретінде шүйілсе, қарсыласы американың ұлттық символы бүркіт боп қанатын сермейді.

Көкпар. Бала Бекзаттың ат жалын тартып, көкпар ойнаған кезі. Ұлттық ойынды ойнаған сәттегі балалардың рухтанып, атой салуы, бабаларымыздың тіл қатуы символдық мәнге ие образдар.

Жас көрерменнің қолында қазақтың Көк туы бар. Комментатор «Қазақстан!», «Бекзат Саттарханов!» деген сайын балалар эмоцияға беріліп, орнынан тұрып, қазақтың туын желбіретіп жатады. Хуарестің қатты соққысынан Бекзат құлағанда балалалар да төрешіге қосылып, «Бір, екі…!» деп санай бастайды. Осы мезеттегі тағы бір қызықты көрініс, лирикалық шегініс арқылы бала Бекзат пен батыр Бекзатты бір-бірімен сөйлестіреді. Бала Бекзат  «Бір дегенім – бірлік» деп санамақ айтып, рух шақырып, батыр Бекзаттың намысын оятып, жігерін жанып, орнынан тік тұрғызады. Көрермен залы у-шу. «Бекзат! Бекзат!» деп жақтасып жатыр.

Ең соңғы раундта Бекзат 22\14 есебімен қарсыласы Хуаресті құлатқан көрініс көз алдымнан кетпейді. Төреші орныңнан тұр дегендей белгі беріп, санап жатқанда, залдағы жас көрермендер «Фу!», «Тұрма!», «Саудаң бітті» деп шулап жатты. Ал Бекзат чемпион атанып, арқасына Көк туды асынып шыққанда, бәріміздің көз алдымызға аңызға айналған Сидней Олимпиадасы елестеп, делебеміз қозып, көзімізге еріксіз жас алдық. Міне, сахнаның құдіреті. Өнердің құдіреті.

Мемлекеттік Қуыршақ театры репертуарға өте бай. Театр ұжымы тек ертегі, балалар қойылымдарымен ғана шектелмей, үлкен драма театрларының өзі жүрексіне қоятын Шекспир, Ш.Айтматов шығармаларын сахналап, қуыршақтар арқылы жаңа образ шығарып, талай мәрте халықаралық деңгейдегі фестивальдерден жеңімпаз болып оралды. Түркияның Конья қаласындағы кезекті бір өнер додасында Қуыршақ театры Шекспирдің «Макбетін» ұсынып, түрік ағайынды таңқалдырғанын өз көзіммен көріп, театр ұжымына риза болғанмын.

«Чемпион» спектаклінде Бекзат – Шоқан Құлназаров, Хуарес – Ерсұлтан Тезекбай, Комментатор – Ұлықпан Юсипов, Төреші – Айдын Жақыпбаев, Бекзаттың бапкері – Бақытжан Қаюов, Хуарестің бапкері – Алтай Тәуекелов бастаған әртістер өздеріне жүктелген рөлді ерекше орындап шықты.

Драманың ең басты қағидасы – іс-қимыл, әрекет. Көп оқып, көп ізденетін Әлібек Байбол жан-жақты қаламгер. Әдебиеттанушы ретінде қазақ және әлем әдебиетін, антика кезеңін жата-жастана оқыған ол, осы шығармасына да жаңа да тосын ой қосып, балалар жүрегіне жол тауыпты.

Драматург ретінде өз сүрлеуін тапқан Әлібек Байболдың драмалары Астана, Алматы, Шымкент мегаполистерінен өзге Қызылжар, Кереку, Талдықорған, Өскемен, Түркістан театрларының репертуарын молайтты. Алдағы күндері қаламгердің «Олар…», «Ясыны іздеу», «Жалғызбын демеші…», «Журналист. Қарамерген», «Уақыттың үні» және тағы басқа философиялық, лирикалық туындылары сахнаға дайындалып жатқанынан хабардармыз.

Сөзімізді жинақтай айтсақ, «Чемпион» спектаклі – кассалық спектакльге сұранып-ақ тұрған қойылым. Декорациясы мен реквизиті аз қойылыммен гастрольдік сапарға шығу да оңай. Бекзат туған киелі Түркістаннан бастап, бар қаланы қамтып, жүріп өтсе, аймақтағы балалар мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбиені сахна тілімен жеткізу салмақты болар ма еді…

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here