Құрылтай депутаттарының сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінді

0
143

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлім етті. Оның айтуынша, республикалық бюджет былтыр бекітілген кезде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу жоспарланбаған. Осыған байланысты қажетті қаржы Үкімет резервінен бөлінген.

– Сайлау бюджеті аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері негізінде және сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Онда сайлау процесін толық ұйымдастыруға қажетті барлық шығыс ескерілген, – деді Михаил Бортник.

ОСК мүшесінің мәліметінше, қаржының ең қомақты бөлігі – 8,5 млрд теңге – ел бойынша жұмыс істейтін 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Биыл республика бойынша 10 674 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сондай-ақ, бөлінген қаражат есебінен 47 жаңа сайлау учаскесі ашылады. Бұдан бөлек, сайлау бюллетеньдері, плакаттар, ақпараттық стендтер мен әдістемелік материалдар дайындалып, сайлау комиссиялары байланыс, көлік және өзге де қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Шетелдегі дауыс беруді ұйымдастыруға да жеке қаржы қарастырылған.

– Осы мақсатқа Сыртқы істер министрлігіне 124,5 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат Қазақстанның шетелдегі 30 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға және сайлау бюллетеньдерін жеткізуге жұмсалады, – деді комиссия мүшесі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here