Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың назарына!
Өткен жиырмасыншы ғасыр – дүниені дүрліктірген екі бірдей дүниежүзілік соғыспен, Ресей империясындағы саяси төңкеріспен таңбаланған уақыт. Сонымен қатар, бұл кезең адамзатқа екі бірдей жарқын әрі жасампаздықтың үлгісін көрсете білді.
Олардың біріншісі – 1928 жылдың 13 сәуірінде авиация әлі қарқынды дами қоймаған кезде кеміс Кель мен ирландиялық Фицмористің ұшақпен Атлант мұхитын шығыстан батысқа қарай кесіп өтуі еді. Екіншісі – аштықтан әлі арыла қоймаған ауылдастарының, жалпы ел-жұртының нәпақасы үшін алпысқа таяған шағында егіс даласына шығып, соғыс жылдарында өнім алуда үлкен жетістіктерге жеткен, тары дақылынан әлемде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізген Шығанақ Берсиевтің еңбегі болатын. Ол 1943 жылы өмірден өтті.
Кеңес Одағында «сталинизм» кезеңі деп бағаланатын 30-50 жылдар аралығы, әсіресе Қазақстан үшін, алапат ашаршылық пен қуғын-сүргінге толы ауыр уақыт болды. Отбасылардың арасына іріткі түсіріп, халықты бір-біріне жау еткен саясат жүргізілді. Соның салдарынан геноцидке (грек және латын тілдерінен шыққан, «тұқым-тұяғымен құрту» деген мағынаны білдіретін ұғым) ұласқан қасіретті кезең қалыптасты.
Осы ауыр жылдарға Екінші дүниежүзілік соғыс та қосылды. Онсыз да қажыған халықтың еңбекке жарамды азаматтары майданға аттанып, ауылдарда негізінен қарттар, әйелдер мен балалар қалды.
Осындай қиын жағдайда жасы алпысқа толған Шығанақ Берсиев ауылда қалған шал-кемпірлердің, әйелдердің және қолынан кетпен ұстау келетін санаулы қарасирақ жеткіншектердің көмегімен тары егуге кірісті. Тұқым аз, егістік көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жоқ, оны игеретін адам күші де жеткіліксіз еді.
Мұндай жағдайда Шығанақ үшін бүгін біз айтып жүрген «рекорд» ұғымы болған жоқ. Диқанның басты мақсаты – аз ғана жерден барынша мол өнім алып, айналасындағы халықты аштықтан аман алып қалу еді.
Осы мақсат жолында ол төрт жыл бойы жыл сайын бұрынғы көрсеткіштерін жаңартып, бесінші жылы өнім көлемін «ғылымның болжауынан да асырып», дүниежүзінде қайталануы екіталай жетістікке жетті. Ұлы еңбегімен қатар оның өмір жолы да осылайша аяқталды.
Бұл жетістік туралы төрткүл дүние білді. Қазақтың Шығанағы әлемнің сан алуан тілдерінде аталып, құрметке бөленді. Алайда кейіннен атақты диқан ең алдымен өз елі мен жерінде ұмытыла бастады. Әңгіме енді елінің есінен шыққан сол Шығанақ туралы болмақ.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметі елдің соғыс зардаптарынан арылып, даму жолына түскенін, жаңа өрлеу кезеңі басталғанын көрсету мақсатында 1949 жылы Мәскеудің көрікті аймақтарының бірі – Останкинода Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін ұйымдастырды.
Қысқа мерзім ішінде Мәскеудің ажарын аша түсетін ғимараттар, оранжереялар және түрлі көрнекі құрылыстар бой көтерді. Ең басты жаңалықтардың бірі – әр республиканың жеке павильондарының ашылуы болды.
Көрмеге дүниежүзі алдында кеше ғана сұрапыл соғыстан жеңіспен шыққан, енді даму жолына бет алған Кеңес Одағының ғылым мен техникадағы, білім, өнер мен тұрмыстағы жетістіктерін танытатын үздік үлгілер қойылды. Олардың барлығы қатаң іріктеуден өткізілгені анық еді.
1949 жыл – Иосиф Сталиннің мемлекет басшылығында отырған кезеңі. Саяси қуғын-сүргін бәсеңдегенімен, толық тоқтамаған, тәртіп қатаң сақталған уақыт болатын.
Қазақстан павильонының кіреберісінде ұлттың екі ұлы перзенті – Шығанақ Берсиев пен Жамбыл Жабаевтың монументтік мүсіндері тұрды.
Көрме жұмыс істей бастаған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Кеңес Одағынан және шетелдерден келген 1,5 миллионнан астам көрермен қазақ павильонына арнайы ат басын бұрды. Сол жерде елдің еңбектегі жасампаздығын бейнелеген Шығанақ Берсиев пен мәдениетіміз бен өнеріміздің биігін танытқан жыр алыбы Жамбыл Жабаев қатар тұрып, қазақ халқының рухын танытқандай әсер қалдырды.
Екеуі де бүкіл Одаққа танымал тұлғалар еді. Жамбылдың шығармалары, әсіресе 1940 жылдары, орыс тіліне аударылып, ел басшылығына да, қалың жұртшылыққа да кеңінен таныла түсті.
Ақынның Ленинград қаласы жау қоршауында қалған кезде жазған «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі қоршаудағы қалаға жеткізіліп, көшелерге ілініп, қала тұрғындары мен оны қорғаған жауынгерлерге рух берді. Бұл оқиға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде, әсіресе Ресейде, ұзақ уақыт ұмытылған жоқ.
Жамбыл 1945 жылы өмірден өтті. Жыр алыбына риза болған елі ақын есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Қазақстанның әр аймағында ұлықтады. Содан бері Жамбыл есімі облысқа, оқу орындарына, аудандар мен ірі елді мекендерге, республикалық өнер орталықтарына беріліп келеді. Ал Одақ аумағынан асып, шетелдерге де танылған Шығанақ есімінің елдегі ресми атауларда қалмағаны таңдандырады.
Қиындықта шыңдалған тұлға
Ол кезде Үкімет басшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді. 1904 жылы туған ол өзі де жастайынан таршылық пен жоқшылықтың ауыртпалығын көріп өскен. Небәрі 34 жасында ел басқару ісіне келген күннен бастап халқының жоғын түгендеуге, ел дамуына қызмет етуге белсене кірісті. Оның биліктегі он үш жыл ішінде жүзеге асырған, бағыт берген істерінің игілігін арада қаншама уақыт өтсе де, жұрты әлі көріп келеді.
1943 жылы Нұртас Оңдасынов ауырып жүрген Шығанақтың жағдайын білу, дәрігерлерге қарату мәселесін шешу және диқан еңбегімен өз көзімен танысу мақсатында екі қанатты ұшақпен Ойыл ауданындағы Қарасу деген жерге келді. Шығанақ егін салған бұл өңір шалғай далада орналасқан еді.
Дала желінің екпіні қатты болатындықтан, ұшақты құлатып кетпес үшін қанаттарын қазыққа байлатып қойды. Үкімет басшысы төрт жыл бойы жалғасқан мол өнім алудың қыр-сырын өз көзімен көріп, диқан еңбегінің ерекшелігіне қанықты. Жоғары өнімнің тек жанқиярлық еңбекпен, нақ Шығанақтай «толық адамның» қажымас қайраты мен мұқалмас жігерінің арқасында келетінін түсінді.
Ел басқарған, аз уақыттың ішінде жігерлі қайраткерлігімен танылған парасатты басшының алдында диқан да артық сөйлемеді, асып-тасып мақтанбады. Шығанақ алпыс екі жасына дейін отаршылдықтың, кейін елді ақ пен қызылға бөлген төңкеріс пен қантөгістің, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы аштық пен босқыншылықтың, жаппай қуғын-сүргіннің ауыр зардаптарын бастан өткерді. Соған қарамастан адамдық қасиетін жоғалтпай, тұтас тұлға болып қалыптасты.
Оның өмір жолы мен болмысы туралы әңгімеде, әрине, терең ойлар мен үлкен түсініктер айтылды. Нұртас Оңдасынов Шығанақтың тек еңбек адамы емес, дана әрі парасатты тұлға екенін таныды.
Диқан еңбегі Үкімет басшысына таңсық дүние емес еді. Ол да жас кезінде ауыл шаруасының қыр-сырын көріп өскен. Әкесі Оңдасын (Дәндібай атасы) кезінде ауыл-аймаққа шебер диқаншылығымен, жайсаң мінезімен, адамға жақындығымен қадірлі болған.
Шығанақ өзінің мағыналы еңбегі мен өмір жолы арқылы ұлы тұлға екенін дәлелдеді. Оның есімін кезінде Одақтың көптеген өңірлері мойындап, «Берсиевшілдік» қозғалысы қалыптасты. Соғыс жылдарында Ленинград тұрғындарына вагондап тары жөнелткен сапарында партия мен мемлекет басшылығындағы екінші адам Георгий Маленковтың өзі бірге жүріп, Кремльді және Мәскеудің көрнекті орындарын аралатып, оған ерекше құрмет көрсеткені де белгілі.
Алайда Шығанақты сирек кездесетін феномен, жарқын жаратылыс ретінде тану үшін оның кім болғанын, қайдан шыққанын, қандай өмір жолынан өткенін түсіну қажет еді. Ал мұндай таным ешқашан жеңіл-желпі болмайды, өйткені оның өмірі өте күрделі тарихи кезеңдермен астасып жатыр.
Отыз алты жасына дейін оның елі мен ата-бабасының жері Ресей империясының құрамында болды. Ол өз мекенінде табылған нәпақасын теріп, қоныс аударушыларға жалданып, ауыр тіршілік кешті.
Ұлы диқанның өмір жолы қазақ тарихының драма мен трагедияға толы кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Ол өмір сүрген ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейінгі аралық алпыс жылдан астам уақытты қамтиды.
Отыз алты жасына дейін қазақ жерін империялық билік өз заңдары арқылы Ресей мемлекетінің меншігі деп таныған кезеңде қазақ халқы өз жерінде жалдамалы еңбекке көбірек тәуелді бола бастады. Дәстүрлі мал шаруашылығының өрісі тарылып, мал саны азайды.
Кеңестік насихатта көп айтылған қазақтың кедейленуі де осы кезеңдерден бастау алды. Оған дейін ауыл болып, қауым болып өмір сүрген халқымызда кеңестік үгітте көрсетілгендей жаппай кедейшілік болмаған.
Республикалық «Ана тілі» газетінің 2021 жылғы 12 мамырдағы санында жарияланған материалда тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова былай деп жазады:
«XVIII ғасырдың екінші жартысында жазылған «Сиюй цзюнь чжидада» қазақ байларының әрқайсысында он мың жылқы мен сиыр бар, ал олардың қойларына сан жетпейді. Кедей адамдардың өзінде бірнеше жүз жылқысы мен сиыры, бірнеше мың қойы бар, олар ұзақ өмір сүреді».
Осы жолдарға қарағанда, кешегі «кедей» деп жүргеніміз «бай емес» деген ұғымды ғана білдіргендей көрінеді. Шын мәнінде, бұл түсініктің бүгінгі мағынасы – отаршылдық саясат қалыптастырған, кейін кеңестік билік күшейткен кедейлік екеніне көп жағдайда назар аудара бермейміз.
Шығанақ та халықтың дәл осы ауыр кезеңіне тап келген тұлға еді. Бұл уақыт дәстүрлі «бай» ұғымының орнын «орта шаруалар» тобы басып, мал-мүлкі аз адамдар «байғұс» аталған, ақырында екі миллионға жуық қазақ қырылған ашаршылыққа, 125 мың адамның қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адамның атылған қасіретті жылдарына алып келді.
Шығанақтың диқаншылық жолға түсуінің басты себебі – жердің империя меншігіне өтіп, шұрайлы өңірлердің отаршылдардың қолына қарауы еді. Соның салдарынан шөл мен шөлейт аймақтардағы жайылымдар тарылып, көшіп-қону жүйесі бұзылып, мал шаруашылығына қауіп төнді.
Осыған дейін балықшылықпен, аңшылықпен айналысып, қоғамдық қызметтерде де еңбек еткен Шығанақ қай ортада болса да тиянақтылығымен, мұқияттығымен, ауызша есепке жүйріктігімен ерекшеленді. Алайда ауылдың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, егіншілік сол кезде тек ерінбеген адамдардың қосымша тіршілігі саналатын.
Жерден айырылып, тұрмысы қиындаған халықтың күнкөрісі төмендеген шақта Шығанақ бар күшін тары және басқа да көкөніс дақылдарын өсіруге жұмсады. Оның ойында атақ немесе рекорд болған жоқ. Негізгі мақсаты – зорлықпен тарылған шаруашылық жағдайында халықты сақтап қалу еді.
Ол отызыншы жылдардағы ашаршылықты өз көзімен көрді. Ендігі қауіптен халықты тек азық болатын дәнді дақылдар ғана құтқара алатынын түсінді. Шығанақ диқаншылыққа осындай тарихи қажеттіліктен келді.
Материалдың басында айтылғандай, «сталинизм – КСРО-да 30-50 жылдары басқарудың әміршіл-әкімшіл тәсіліне, партиялық диктатураға, жеке басқа табынушылыққа және көсемнің шексіз билігіне, демократияны толықтай басып-жаншуға негізделген қоғамдық-саяси жүйе» («Культурология. Энциклопедический словарь». К.М. Хоруженко. Ростов-на-Дону, «Феникс», 1997 ж., 461-бет).
Бұл кезең – кеше ғана Ресей империясының отаршылдық қысымынан ұлттық табиғи болмысынан айырылған халықтың енді большевизм әкелген алапат ашаршылық пен әр отбасына дейін жеткен қуғын-сүргін қасіретін бастан өткерген уақыты еді. Адам мен адам арасындағы сенімге сызат түсіріп, халықтың санасына үрей ұялатқан сол кезеңнің зардабы әлі де толық зерттеліп, ғылыми тұрғыдан бағасын алуы тиіс.
Ал әзірге қуғын-сүргін тарихы көбіне атышулы «үштіктің» қызметімен ғана байланыстырылып айтылады. Әрине, «үштікті» ақтау туралы сөз болуы мүмкін емес. Бірақ сол жүйені дүниеге әкелген, оған жол берген және оны жүзеге асырған мемлекеттік саясаттың өзі де назардан тыс қалмауы керек.
1938 жыл – қуғын-сүргіннің шарықтау шегіне жеткен кезең. Қаңтардың 15-і күні Иосиф Сталин Кремльде Жоғарғы Кеңес депутаттарын қабылдап, сөзін депутаттарға емес, большевизм талаптарына сай қуғын-сүргін саясатын жүргізіп отырған төтенше комитеттер – ЧК қызметкерлерін қолдауға және мадақтауға арнады.
Бұл жиында жүздеген мың адамды түрмеге қамап, жазалауға қатысқан ЧК қызметкерлері мен Ішкі істер халық комиссариатының басшысы Ежовтың әрекеттеріне қолдау білдірілді. Ел атынан сайланған депутаттар мен басшылық мұны қуғын-сүргінді одан әрі күшейту жөніндегі нұсқау ретінде қабылдады.
Онсыз да зорлықпен орнаған большевиктік жүйе өз қарама-қайшылықтарымен өмір сүрді. Бұл жағдайды әлемге әйгілі жаратылыстанушы ғалым, академик Владимир Вернадский (1863-1945) «Біз психоздық жағдайда өмір сүрдік» деп сипаттаған.
Ал В.Лениннің сенімді серіктерінің бірі болған, Кеңес Одағын ондаған жылдар бойы басқару ісінде жоғары қызметтер атқарған Анастас Микоянның естеліктерінде қуғын-сүргін жылдарындағы «біз бәріміз де тыңшы болып, жаппай қырағылық көрсетуге тиіспіз» деген ұстаным, ал елуінші жылдары жеке басқа табынушылықты сынау кезінде «біз бәріміз де ол кезде жексұрын болдық» деген пікірлер кездеседі.
Яғни сол заманның кесірі басшыға да, қосшыға да әсер етті. Осындай жаппай үрей мен рухани күйзеліс жайлаған кезеңде Шығанақ секілді тұлғалар адамдық қалпын сақтап, жасампаз еңбегімен қараңғылық арасындағы жарық сәуле секілді көрінді.
Қазақ тұрмысына жан-жақты жасалған қалың қысым тұтас ұлттың, жеке адамның, тіпті ең бастысы – өзінің кім екенін тану мүмкіндігін шектеп, санаға шабуыл жасады. Осындай жағдай ауыл болып, ағайын болып, ынтымақпен өмір сүрген елдің бір бөлігін сөз тасушыға, тыңшыға, жала жабушыға айналдырды. Азғантай ағайынын өзі аңдып, өз ортасына зиян келтіретін адамдар пайда болды.
Елді азып-тоздырған осындай жүйеден жасампаз Шығанақ секілді тұлғаның шығуы мүмкін деп ешкім ойламас еді.
Отыз жеті жасқа келген шағында – ол кезең үшін адамның өмірден қажи бастайтын шағы саналатын – Шығанақ бірнеше тарихи апаттың куәсі болды. Тек империяны ғана емес, «бүкіл дүниені дүр сілкіндірген» Қазан төңкерісі, бір елді, бір ауылды, тіпті бір отбасын бір-біріне қарсы қойған азамат соғысы, отызыншы жылдардағы алапат ашаршылық, әр отбасының қасіретіне айналған айдау мен ату, жаппай қуғын-сүргін – мұның бәрі елуінші жылдарға дейін жалғасқан ауыр кезеңдер еді.
Осындай заманақырдай ауыр ортадан Шығанақтай ірі тұлғаның қалыптасуы мүмкін бе? Мұны түсіну қиын.
Сол кезеңдегі халықтың көпшілігінің дүниетанымы шектеулі болды. Арнайы білім де, жүйелі тәжірибе мен тағылым да болған жоқ. Негізгі тіршілік мал шаруашылығына байланысты еді. Ауыл адамдары анда-санда шағын жерге дән сеуіп, азын-аулақ өнім алатын. Қарасулық шағын ауыл да бұдан өзге егіншілік мәдениетін көрмеген еді.
Адамзат тарихының тым көне кезеңдерінде, homo sapiens тіршілігін терімшілікпен жалғастырған дәуірде, табиғаттан табылған алғашқы азықтардың бірі – түрлі жабайы өсімдіктермен бірге тары дақылы болған.
Тарының тарихы, дананың ізі
Осы жерде көне Қытай мифологиясындағы тарыға байланысты аңыз еске түседі. Қытай аңыздарында дақылдарды өсіріп, халыққа таратқан тұлғалар батыр ретінде құрметтелген. Солардың ең алғашқысы – егіншіліктің бастауын танытқан Хоу-цзы («Патша-Тары») деп аталады.
Аңыз болғанымен, бұл әңгіме тіршіліктің бастауын философиялық тұрғыдан түсіндіреді. Қысқаша айтқанда, адамзаттың бастауын білдіретін Ілкі Ана Құдай ғарыштан жерге келіп, сәбиін қалдырып кетеді. Бұл жер сулы, нулы, жайлы мекен болған екен. Жазда жайылымға шыққан сиыр тұқымдас буйволдар өзенге су ішуге келгенде, сәбидің қатты жылаған дауысын естіп, оны емізіп асырайды.
Уақыт өте күздің салқыны түсіп, буйволдар жылы жаққа қайтатын кез келеді. Бірақ сәбиді өздерімен бірге алып кете алмайды. Амалсыздан қимастықпен қоштасып кетеді.
Бала қайтадан жылай бастайды. Оның дауысын күзгі жортуылда жүрген қасқырлар естіп, тауып келеді. Бірақ қасқырлар жақындап үлгермей, көктен аяқтары ұзын екі алып құс ұшып келіп, баланы көтеріп әкетеді де, ұясына орналастырады.
Құстар сәбиді даладағы дақылдардың дәндерімен қоректендіріп өсіреді. Бір күні олар қайта оралғанда, ұяда бала болмай шығады. Жан-жағына қараса, бала жерде жүріп, қолындағы ағаш бұтағымен топырақты қопсытып жатқанын көреді. Құстар оның тіршілікке бейімделгенін түсініп, орман үстінен айналып ұшып, аппақ қанаттарын қағып қоштасып кетеді.
Сөйтсе, бала құстар әкелген дәндерді жерге егіп жүрген екен. Ілкі Ана Құдайдан тараған адамдар көбейіп, азық табу қиындаған кезде, олар бала тұрған жерге келеді. Сол кезде алқаптағы көрініске таң қалады.
Егістіктің жанында жалау секілді жайқалған бұршақ, одан әрі сары түсті асқабақ, қатар түзеген алтын түсті бидай өсіп тұр. Алайда олардың ішінде әсіресе тары дақылы көз тартады. Масақтары масақпен, дәндері дәнмен иықтасқандай. Қос дәнді қара тары, қою масақты қызыл тары, аппақ тары – бәрі де ерекше көркем еді.
Адамдар бұл өсімдіктерді бұрыннан білетін. Бірақ олар табиғи ортада, қалың шөптің арасында сирек кездесетіндіктен, үнемі табыла бермейтін. Ал енді арамшөптен тазартылған егістікке қарап, таңданыстарын жасыра алмады. Сол сәтте тары алқабы екіге жарылып, арасынан бала шыға келеді. Егістікке таңданған адамдар: «Хоу-цзы! Хоу-цзы!» деп айқайлайды. Бұл қытай тілінде «Патша-Тары» деген мағынаны білдіреді.
Бұл атаудың басқа дақылдарға емес, дәл тарыға қатысты айтылуы назар аудартады. Сондықтан да Қытай күні бүгінге дейін тары дақылының ежелгі отаны ретінде қарастырылады. («Книга для чтения по истории древнего мира». Москва: «Просвещение», 1981. 106-бет.)
Аңызда алғашқы адамдардың шағын тобын Тары-Патша Хоу-цзы егін өсірудің қыр-сырына үйретті делінеді. Ал ХХ ғасырда мол өнім алып, бүкіл әлемді таңғалдырған Шығанақ Берсиевтің қайталанбас еңбегі «Шығанақ Берсиевшілер қозғалысы» деген атпен бүкіл Кеңес Одағында кеңінен тарады.
Тары дақылы адамзат тарихында ертеден белгілі. Алғашқы қауымдық қоғам кезінде терімшілік нысаны ретінде кең пайдаланылған бұл дақыл гректерге де, Цезарь дәуіріндегі римдіктерге де мәлім болған. Страбон тарының Галлия жерінде аштыққа қарсы сенімді азық болғанын жазса, Плиний де осы пікірді қолдаған («Словарь античности». Издательство «Прогресс», Москва, 1988 г., стр. 466).
Үш мың жылдан астам тарихы бар тары дақылын өсірумен айналысқан үш құрлықтағы халықтардың ешқайсысы бұрын-соңды қол жеткізбеген өнімді Ойыл ауданындағы Қарасу сияқты шөлейтті шағын алқаптан алпыс жастан асқан қарапайым қазақ шалы қалай алды?
Мұны дүниетанымы тар адамдардың түсінуі қиын еді. Тіпті үлкенді-кішілі билік басында отырғандардың да мұндай құбылыстың мәнін толық түсінуге деңгейі жетпеді. Соның салдарынан ел билігі ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғаға лайықты атау беріп, есімін мәңгі есте қалдыру ісінде дәрменсіздік танытты. «Болмайтынды болдырған» ұлы адамның өзі де ұмытылып, өзгелерге де ұмыттырыла бастады.
1943 жылы Шығанақ соңғы әрі ең жоғары өнімін алған кезде Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі, биолог әрі агроном ғалым, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының президенті Трофим Лысенко оған жеделхат жолдап: «Сіз ғылым болжағаннан асып өнім алдыңыз», – деп жазды.
Мәскеулік қаламгер Геннадий Фиш Шығанақтың таңғаларлық жетістігіне арнап «Болмайтынды болдырған адам» атты очерк жазды. Әлемнің көптеген елдерінде Бертольд Брехттің «Тары» дастаны оқылды. Америка ақпарат құралдарында Шығанақты «тары докторы» деп атады. Себебі олар Шығанақ еңбегінің жай ғана жоғары өнім емес, адам мүмкіндігінің шегін кеңейткен ерекше құбылыс екенін түсінді.
Иә, олар түсінді. Ал біз әлі күнге дейін толық түсіне алмай келеміз.
Иосиф Сталиннің Шығанаққа телеграмма арқылы майдандағы армияға көмек ретінде көп мөлшерде астық бергені және ұшақ пен танк колоннасын жасақтауға 50 мың сом қаржы қосқаны үшін алғыс білдіруі де осы 1943 жылға сәйкес келеді.
Сталин алғысын оңды-солды бере бермейтін басшы еді. Ал Шығанақ бұған дейін де еңбегімен мойындалған болатын. Шамамен 1940 жылы өнім алудағы екінші рекорды үшін ол елдегі ең жоғары марапаттардың бірі – Ленин орденімен марапатталды. Осыдан кейін «Правда» газетінде көлемді мақала жарияланып, оның есімі бүкіл Одаққа тарады.
Сол жылдары тары өсіру ісі «Берсеевшілер қозғалысы» деген атаумен кең өріс алды. Әсіресе Ақтөбе өңірінде бұл бастама халыққа үлкен жігер берді. Шығанақ көрсеткішіне бәрі бірдей жете алмаса да, оның тәжірибесін жалғастыруға деген талпыныс ерекше болды.
Диқанға алғыс айтып, тәжірибесімен бөлісуін сұраған хаттар бұл кезеңде толастамады. Шығанақ өсірген тары ашыққан халыққа азық болды.
Сол 1943 жылдың жазында Үкімет басшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов Шығанақты өзімен бірге Мәскеуге алып барып, Кремльде денсаулығын тексертті. Дәрігерлер диқанның сырқаты асқынып кеткенін, енді емге көнуі қиын екенін айтты.
Оңдасынов өзінің естелігінде: «Біз бұл жағдайды күйзеліспен қабылдадық. Диханға шындықты айтудың амалын таппай, «дәрігерлер қорқынышты ештеңе жоқ дейді, жазып берген ем-дәрісімен жақсарып кетерсіз» деп қимастықпен шығарып салдық», – деп жазады.
Шығанақ елге оралғаннан кейін көп ұзамай оның соңғы егіні орылды. Диқанның соңғы егісінен гектарына 201 центнер өнім алынды. Бұл хабар тез тарап, бүкіл дүниені дүр сілкіндірді.
Осылайша Кеңес Одағының басылымдары Шығанақты бүкіл әлемге «Болмайтынды болдырған адам» деп таныстырса, есімі дүниеге әйгілі академик диқанның өнім көлемі «ғылымның болжауынан да асып кетті» деп бағаланды. Ал алыстағы Америкада оны «тары докторы» деп атады.
Осындай мойындауға ие болған адамға елімізде лайықты атау беруге не кедергі болды? Феноменнің табиғатын танып, оның мәнін дәл бағалауға біздің біліктілік деңгейіміз жетпеді ме? Үш ғасырлық патшалық отарлық пен кеңестік езгі қалыптастырған сана әсерінен әлі де арыла алмай келеміз бе?
Бұл пікірлерді кездейсоқ айтылған сөз деуге болмайды. Біріншісі – өсімдік ғылымының ірі маманы, Одақтағы жетекші ғалымның бағасы. Екіншісі – ғылым мен техникада әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналатын Америка Құрама Штаттарының пікірі.
Бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін, бірақ өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында дүниежүзіндегі пайдалы өсімдіктердің тұқымдарын жинау, сақтау және зерттеу мақсатында жүргізілген ғылыми экспедициялардың алдыңғы қатарында америкалық ғалымдар болған.
Сондықтан олардың Шығанаққа «доктор» деген атау беруі жайдан-жай емес еді. Бұл – өсімдіктің табиғатын, оның мүмкіндігін терең түсінетін елдің шынайы бағасы болатын.
Оған мысал ретінде әйгілі ботаник ғалым Роктың еңбегін айтуға болады. Ол алапес ауруын емдейтін өсімдік бар екенін естіп, сол өсімдікті іздеп табу үшін сол кезде ақ адам аяғы баспаған Сиамның (қазіргі Таиланд) таулы әрі шатқалды аймақтарын қауіп-қатерге қарамай аралап шыққан.
Бұл мысалдар Шығанақтың тары өсірудегі теңдессіз жетістігін шетел жұртының шынайы мойындағанын көрсетеді.
Сонда қарапайым қазақ диқанын өсімдіктер ғылымының президенті, одақтық ғылым академиясының академигі және дүниедегі ең озық елдердің бірі қалайша осындай деңгейде бағалады деген сұрақ туындайды.
Бұл сұрақтың жауабы біреу-ақ – таным.
Осы орайда италиялық ақын Франческо Петрарканың (1304-1374): «Танымнан өзге ләззат бар деп білмеймін», – деген сөзі еске түседі («Петрарка. Росад». Москва, 1997 ж.).
Осы ойды белгілі жазушы-журналист, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Бауыржан Омаровтың Қаныш Сәтбаев туралы жазған «Қаныштың құпиясы» атты мақаласында келтірілген ежелгі латын мәтелі де толықтыра түседі: «Тамшы тасты теседі күшпен емес, көп тамып; адам ғалым болады күшпен емес, көп танып» («Егемен Қазақстан», 12 сәуір, 2025 жыл).
Шығанақ атыз басында күні бойы кетпен ұстап жүрген қарапайым шаруа ғана емес еді. Оның үлкен ұлы Махмұдтың естеліктері негізінде жазылған «Шығанақ Берсиев» кітабында және басқа да деректерде айтылғандай, ол егінді баптау мен күтудің генетика, биология, математикалық есеп, селекция және тыңайтқыш қолдану сияқты ғылыми негіздерін табиғи зердесімен, ерекше қабілетімен меңгерген.
Селекциялық ізденістерінің нәтижесінде «Шығанақтың ақ тарысы» немесе халық арасында «Ақбикеш» аталған тарының жаңа сорты дүниеге келді.
«Салмақтылығынан басын әзер көтеріп тұратын келдектің біреуін қолмен үгіткенде бес мыңнан астам дән шықты. Орта есеппен кез келген келдектен екі мың дән алуға болады» («Қазақ әдебиеті». 4 том. 587-бет. Алматы, 1979 жыл).
Шығанақ егінді күту мен баптау барысында күн сәулесін, ай жарығын, кей кездері Каспий теңізі жақтан соғатын шынбын-шіркейлі желді де есепке алған.
Диқан осындай тәжірибелік және танымдық ізденістерін үнемі жетілдіру арқылы жылдан-жылға өнімді арттыра берді. Ақырында 1943 жылы «болмайтынды болдырған» деген бағаға лайық, дүниеде қайталануы қиын рекордтық көрсеткішке жетті.
Ал біз, кейінгі ұрпақ, кейде бұл жетістікті соғысқа кеткен еңбекке жарамды азаматтардың орнына қалған азын-аулақ қарттар мен қолына кетпен ұстауға шамасы жеткен балалардың ғана еңбегі секілді қабылдаймыз. Шығанақ соларды жай ғана бастап жүргендей көрінеді.
Ең өкініштісі – мұндай үстірт түсініктің үлкенді-кішілі билік өкілдерінің арасында да кездесуі.
Ел ішінде «қазақтың қара шалы» деген сөз тіркесі жиі кездесе бермейді, бірақ айтылады. Оның сирек қолданылуы – бұл жай айтыла салатын ұғым емес екендігінен. Егер бүгінгі цифрлық, ақпараттық, жасанды интеллект дәуірінде бұл сөз ұмытылса, оны заман талабына қажет болмай қалған түсінік деп қабылдауға болар еді.
Ал өткен кезеңдерде «қара шал» ұғымы ерекше мағынаға ие болған. Хандар мен билер де осындай тұлғалармен ақылдасқан. Бұл тіркестегі «шал» сөзінің мағынасы түсінікті – жасы үлкен, тәжірибелі адам дегенді білдіреді. Ал «қара» сөзі мұнда түсті емес, күш, қуат, молшылық, көптік сияқты астарлы мағыналарды білдіреді. Яғни «қара шал» дегеніміз – ақылы толысқан, ойы орныққан, қайраты бар, өмір тәжірибесі мол адам бейнесі.
Шығанақтың кім болғанын бір ғана үйреншікті тұжырыммен түсіндіру мүмкін емес. Оның білімін, болмысын, табиғатын тануға философиялық пайымдар ғана көмектесетіндей.
Жоғарыда айтылғандай, Шығанақ табиғатынан сабырлы, қандай жағдайда да асықпайтын, аптықпайтын, ойланып сөйлейтін, алыс пен жақынды тең бағалайтын, әділдігі әр ісінен көрінетін тұлға болды. Оның өмір жолын зерттеген адам осыған көз жеткізер еді.
Осы тұрғыдан қарағанда, Шығанақ бойындағы қасиеттер философиядағы стоицизм ілімімен үндеседі. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда пайда болған бұл ілім адамды өмірдің қандай қиын, қатал жағдайларында да рухани қалпын сақтап, сабырмен өмір сүруге үйретеді.
Бұл – Шығанақ философия пәнін оқып, стоицизм ілімін меңгерді деген сөз емес. Керісінше, ол бұл ілімді білмесе де, табиғатынан бойына біткен орнықтылық, сабырлылық қасиеттерінің арқасында кез келген қиындыққа төтеп беріп, әлем таныған Шығанақ тұлғасына айналды.
Білімнен биік – даналық
Көне грек ойшылы Гераклиттің (б.з.д. 540-480 жж.) «Мен ешкімнен ақыл алған жоқпын, өзімді өзім зерттедім, өзімнен өзім үйрендім» деген сөзі агробиология, агротехника, ботаника ғылымдарын арнайы оқулықтар арқылы меңгермеген Шығанақтың өмір жолына да жақын келеді деуге болады.
Айта кету керек, стоицизм (қазақша «орнықтылық» ұғымына жақын) адамның өзін жетілдіруіне, адамгершілік қасиеттерін дамытуына негізделген ілім. Большевизм дәуірінің қасіретті кезеңінде сол орнықтылықтан айнымай, қарапайымдылықты, сабырлылықты, әділетке ұмтылысты, бастаған ісіне деген табандылықты сақтап қалу оңай болған жоқ.
Баласы инженер Махмұдтың естеліктері негізінде жарық көрген кітапта айтылғандай, Шығанақ өз білігін тек сыртқы ортадан алған адам емес, оны өзінің ішкі қуаты мен табиғи зердесі арқылы қалыптастырған тұлға еді.
Стоицизм ілімінде адамды игілік пен рухани биіктікке жеткізетін екі жол айтылады: бірі – философиялық тағылым, яғни адамның ерік-жігері мен ақыл-санасы; екіншісі – руханилық. Шығанақ бойынан осы екі қасиеттің де болғанын оның өмір жолынан көруге болады.
Ғалым болу үшін ғылымды оқып, білім алу қажет болса, дана болу – адамның табиғи болмысы мен рухани тереңдігіне байланысты. Шығанақ өміріне көз жүгірткенде, осындай танымдық әрі тарихи үндестіктер байқалады.
Салыстырудың шегі болмайды. Оның мәні уақыт пен кеңістікке байланысты өзгеріп отырады. Осы ойға байланысты, әңгімеміздің желісіне орай, бұдан бес мың жыл бұрын тұрғызылған Египет пирамидалары еске түседі.
Сол дәуірде Жоғарғы және Төменгі Египет бірігіп, адамзат тарихындағы алғашқы өркениеттердің бірін қалыптастырды. Ел билеушісі – фараон Джосер өзін құдайлық сипаттағы тұлға ретінде танытып, бұрын-соңды болмаған алып құрылыс салуды мақсат етті.
Бұған дейін ағаштан, қамыстан, шикі және күйдірілген кірпіштен салынған құрылыстар болса, енді Джосер фараон-құдайдың құдіретін танытатын, тастан қаланған ғаламат ғимарат қажет болды.
Ол кезеңде фараон Күннің ұлы, Гор құдайдың жердегі бейнесі, Осирис құдайдың жалғасы ретінде қабылданды. Сондықтан ойға алынған құрылыс сол сенімнің тасқа айналған көрінісі болуы тиіс еді. Алайда ол заманда құрылыс өнері бүгінгідей жүйелі білімге, арнайы оқытуға, ғылыми тәсілдерге негізделген сала болған жоқ. Адамдар оны көбіне тәжірибе мен табиғи қабілет арқылы меңгерді. Сонда да елге үш құдайлық сипатпен танылған фараон «болмайтынды болдыра алмаса», оның құдіреті қайда? Өз қолынан келмеген істі жүзеге асыратын дана адамдар халық арасынан міндетті түрде табылады. Сұңғыла жандар әр заманда да болған, бола береді.
Сөйтіп, адамзат тарихында алғаш рет «дана» деген ұғыммен танылған тұлғалардың бірі – Имхотеп еді. Ол ақыл-парасатымен де, ісімен де кейінгі ұрпаққа жеткен, діни қызметкер, жазушы, дәрігер ретінде өз дәуірінен биік тұрған адам болды. Тіпті екі мәрте Құдай дәрежесіне көтерілген тұлға ретінде танылды.
Джосер патша тұсында барлық пирамидалардың құрылысына басшылық жасаған да осы Имхотеп болатын. Әрқайсысының салмағы екі тоннадан асатын қашалып, тегістелген тас бөлшектерін 147 метр биіктікке көтеріп, арасына пышақ жүзі өтпейтіндей дәлдікпен қалау тәсілдері бес мың жылдан бері «ғылымның болжамына да дес бермейтін» жұмбақ күйінде қалып келеді.
Орайы келгенде айта кететін бір жайт бар. Қазақ тіліндегі «перғауын» сөзі де осы ұғыммен сабақтас болуы мүмкін. Пирамиданың алғашқы атауы ежелгі мысыр тіліндегі «үлкен үй» деген мағынаны білдіретін «пер-о» сөзінен шыққан деген пікір бар.
Ал Осирис құдайының атына байланысты белгілі ақын, ғалым Олжас Сүлейменовтің зерттеулерінде айтылған тұжырым да назар аударарлық. Оның пікірінше, бұл атаудың түбірі «өс» сөзімен байланысты. Ғалым әлемдік сөздіктерді салыстыра зерттей келе, бұл сөздің қазақ тілінен өзге көптеген тілдерде кездеспейтінін көрсеткен.
Келесі бір сәйкестік – жоғарыда айтылған стоицизм ілімі. Үшінші ұқсастық – Ватикандағы Сикст капелласындағы адамзат өнерінің ұлы туындысы, Микеланджело Буонарротидің Інжіл тақырыбындағы фрескалары.
Рим папасы Микеланджелоны суретші емес, мүсінші ретінде танығанына қарамастан, капелла күмбезін безендіру ісін оған тапсырды. Ұлы шебер бұл күрделі жұмысқа 33 жасында кірісті. Биіктігі отыз метрге жуық ғимараттың төбесінде төрт жыл бойы шалқасынан жатып сурет салды.
Осы ауыр еңбектің салдарынан оның денсаулығы қатты нашарлады: буын ауруына шалдықты, омыртқасы қисайды, құлағына бояу тамшылары түсіп, сырқатқа ұшырады. Тіпті ұзақ уақыт бойы басын төмен түсіре алмай, шалқайған күйде кітап оқуға мәжбүр болды.
Арада бес ғасыр өтсе де, Микеланджелоның бұл туындысы адамзатты таңдандыруын тоқтатқан жоқ.
Шығанақ та әуелден диқаншылықпен айналысқан адам емес еді. Қазақ халқы біртіндеп отырықшылыққа ауыса бастаған кезде, Ойылдың қуаң даласында күнкөрістің бір амалы ретінде ауыл тұрғындары тары егумен айналысты. Қуаң климат жағдайында бұл дақыл бір жылы жақсы өнім берсе, бір жылы өнімсіз қалатын.
Кейін Ойыл өзенінің суын түйешығыр арқылы жоғары көтеру мүмкіндігі пайда болып, егіс көлемі біртіндеп ұлғая бастады. Ал суармалы жағдайда өнімнің арта түсетінін байқағаннан кейін, Ақтөбеден су шығаратын құрылғылар әкелінген соң ғана Шығанақ тары өсіру ісіне түбегейлі кірісті.
Одан кейінгі тарих белгілі.
Микеланджело адамзатқа таңғаларлық шедеврін ауыр еңбек пен денсаулық азабына қарамастан төрт жылда аяқтады. Ал Шығанақ «болмайтынды болдырып», «ғылымның болжамынан асып», Америка тарапынан «тары докторы» деген атауға ие болып, әлемді таңғалдырған ең жоғары көрсеткішке бес жылдың ішінде жетті.
Ол ауыр сырқатпен соңғы өнімін алып, 1943 жылы жеткен ұлы жетістігінен кейін көп ұзамай, 1944 жылдың көктемінде өмірден өтті.
Алпыс жасында ғана тары өсіруге ерекше ден қойған қазақтың қара шалы бес жылдың ішінде дүниеде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетіп, әлем назарын аударды. Ол халық жадында «Дана шал» ретінде қалуға тиіс еді.
Шығанақ есімін мәңгі сақтау мақсатында Нұртас Оңдасыновтың басшылығымен мемлекеттік комиссия құрылып, бірқатар шараларды жүзеге асыру міндеттері белгіленді. Бұл шаралар соғыстың төртінші кезеңіндегі елдің ауыр жағдайы ескеріле отырып жасалды. Сондықтан республика деңгейінде де, жергілікті жерде де орындауға болатын нақты міндеттер қарастырылды.
Алайда 1951 жылы Нұртас Дәндібайұлы басқа қызметке ауысқаннан кейін бұл жоспарлар толық жүзеге аспай, аяқталмаған күйінде қалды.
Сол аяқталмаған істің салдары бүгінде атақты диқан есімінің халық жадынан алыстауына әкелді…
Ұмыт қалған ұлы диқан
Қазір Шығанақ туралы сөз болғанда, көпшіліктің есіне екі дерек қана түсуі мүмкін. Оның бірі – жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы. Екіншісі – кезінде «Қарасу» аталған, рекордтық өнім алынған алқаптағы жалғыз тұрған «Даңқ мұнарасы».
Бұл ескерткіш 1947 жылы белгілі сәулетші Төлеу Бәсеновтің жобасымен салынған. Оның мақсаты – дүниеде теңдесі жоқ өнім алған диқан еңбегінің биігін бейнелеу еді.
Мұнараға жоғары көтерілетін айналма баспалдақ бір жағынан Шығанақтың рекордқа жету жолындағы өрлеуін білдірсе, екінші жағынан көне тарихтағы атақты Зиккурат мұнараларын еске салатын сәулеттік шешім ретінде көрінеді.
Алайда сол бір мағыналы, ақ мәрмәрдай жарқыраған ескерткіш бүгінде ешкім көп бара бермейтін, адам аяғы сирек басатын дала төсінде сексен жылға жуық уақыт бойы жалғыз тұр.
Далада тұрған тарихи-сәулеттік ескерткіш бүгінде қашан, қалай, кім тұрғызғаны белгісіз, ұмыт қалған көне мазар секілді. Оған ешкім арнайы барып, тағзым етпейді, апаратын жол да жоқ.
Осы жерде жоғарыда айтылғандай, екі қанатты қарапайым ұшақпен әдейі келіп, диқанмен пікірлескен, кейін ол өмірден өткен соң есімін есте қалдыру мақсатында басқа шаралармен бірге осы «Даңқ мұнарасын» тұрғызуға тапсырма берген сол кездегі үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов еске түседі.
Ал бүгінде бұл ескерткішке тіпті ауылдық округ басшысы да ат ізін салмайды. Иә, бүгінгі ел басқарғандар да, қарапайым жұрт та Шығанақ феноменін терең түсінбей, ұмыт қалдырып бара жатқандай.
Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы жарық көрген қырқыншы жылдардың өзінде елеулі сынға ұшырады. Мұны жазушының өзі де мойындаған. Бұл пікірлер 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы «Нобель» баспаханасынан жарық көрген «Шығанақ Берсиев. Тағдыры мен тағылым» атты кітаптың 129-бетінде келтірілген.
Қысқаша айтқанда, романда большевиктік насихаттағы еңбекқор, «социалистік жаңа қоғам шаруасының алдыңғы қатарындағы» Шығанақ бейнесі бар. Бірақ қалайша «болмайтынды болдырып», бүкіл әлемді таңғалдырған, табиғи болмысымен дараланған Шығанақ толық көркемдік деңгейде сомдалмаған деген пікір айтылады.
Әрине, бұл тұжырымды тұлғаны толық ашу үміті мен талабы тұрғысынан ғана қабылдау керек шығар. Себебі қазақ көркем әдебиетінің тарихында Абайдың тұлғасын «толық адам» деңгейінде терең танытқан жалғыз биік үлгі – дана Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы.
Мұхтар Әуезовтің бұл ұлы шығармасы тек Абайдың поэзиясы мен ойшылдығын талдауға арналған еңбек емес. Оның мәні – кемеңгерлік табиғатын, ұлы тұлғаның болмысын көркемдік қуатпен ашуында.
Тарихты жасайтын – көпшілік қана емес, өмірге сирек келетін дара перзенттер. Сондықтан қазақ дегенде Абай еске түседі. Халық өзінің көшбасшы тұлғаларын танығанда ғана дұрыс жолын айқындап, рухани биігіне көтеріледі.
Түптеп келгенде, тарих дегеніміз – адам, ал адамдар – ұлттың ұлық перзенттері. Халқымыз Абайын таныды. Бірақ ұлы ақын жалғыз емес. Абай секілді дара тұлғаларымыздың болмысын Мұхтар Әуезов сипаттағандай көркемдік деңгейде ашу – келер ұрпақтың міндеті.
Олар елге де, тарихқа да, ұрпаққа да керек. Ғылымда – Шоқан, ағартушылықта – Ыбырай, батырлықта – Бауыржан Момышұлы, елдік бағытта – Өзбекәлі Жәнібеков сияқты тұлғаларымыз бар. Шығанақ та осы қатардан орын алуға тиіс.
Алайда Шығанақ тақырыбы әлі толық зерттелген жоқ. Елде де, өңірде де «шығанақтанушылар» қалыптаспаған. Оның туған күнін атап өту, еңбегін кеңінен насихаттау да жүйелі жолға қойылмаған.
Осыдан жиырма жыл бұрын бір топ жанашыр азаматтар диқанның туғанына 125 жыл толуын атап өту туралы мәселе көтерген еді. Бірақ өңір басшылығы оған аса назар аудара қоймады. Тек республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 24 тамыздағы санында «Шығанақ – қазақ елінің еңбек паспорты» атты көлемді мақала жарияланғаннан кейін ғана бұл мәселеге көңіл бөлінді.
Сол шара барысында Ойыл ауданындағы музейге Шығанақ есімін беру, Қарасу жеріндегі шағын ауыл мектебіне оқу құралдарын табыстау сияқты жұмыстар атқарылды. Алайда одан кейінгі жылдары ауқымды, есте қаларлық шаралар көп байқала қоймады.
Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжіне Шығанақ есімін беру туралы ұсыныс тек он алты жылдан кейін жүзеге асты. Ал оның кеуде мүсіні облыс орталығының көрнекті орындарының біріне емес, қаланың шығыс шетіндегі елеусіздеу жерге қойылды.
Ұлы адамның ескерткіші мұндай жерде тұрмауы керек, оны халық көп көретін, лайықты орынға шығару қажет деген ұсыныстар бірнеше әкім қатысқан жиындарда айтылды. Бірақ нәтиже болмай, ескерткіш әлі де сол орнында тұр.
Осындайда «Біз қандай елміз?» деген сұрақ еріксіз ойға келеді. Тіпті Астана қаласынан да Шығанақ есіміне бір көше беруге лайықты орын табылмай келе жатқаны өкінішті.
Шығанақты арнайы зерттеген ғалымдар мен зерттеушілер мектебі қалыптасқан жоқ. Ғабиден Мұстафиннің романының қалай, қандай жағдайда жазылғанын да көпшілік біле бермейді.
Еске сала кетсек, жазушы диқан өмірден өткеннен кейін, 1944 жылы арнайы тапсырмамен Ойыл ауданына жаз айында келеді. Ол бұрын көрмеген өңір, таныс емес орта еді. Соғыс әлі жүріп жатқан кез. Елдегі еңбекке жарамды ер-азаматтардың барлығы майданда болатын. Ауылда негізінен қарттар, әйелдер мен балалар қалған.
Аудан басшылығында да қуғын-сүргіннің салқыны әлі сезіліп тұрған уақыт еді. Жазушының Шығанақ туралы қойған сұрақтарына жауап беретін адамдардың өзі ауыр кезеңді бастан өткерген, ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қажыған жандар болатын.
Бұл – саясатқа қайшы келген бір ауыз сөздің өзі адам тағдырына қауіп төндірген қатал заман еді. Сондықтан адамдар жазушының сұрақтарына сақтықпен қарап, толық әрі еркін пікір айта алмады. Оның үстіне, жазушының ойындағы биік тұлғаны ашуға қажетті нақты деректер мен терең түсініктер де сол ортада жеткілікті болмады.
Осындай жағдайда ел ішінен естігенін, білгенін жинақтаған жазушы бар болғаны екі ай шамасында жүріп, жылдың қалған төрт-бес айында шығармасын аяқтап, 1945 жылы баспадан шығарды. Демек, романда Шығанақтың өмірі мен табиғатын терең ашатын, ғылыми тұрғыдан маңызды деректердің аз болуының бір себебі осы жағдайлармен байланысты болса керек.
Сондықтан да «шығанақтану» осы уақытқа дейін дербес ғылыми зерттеу саласы ретінде қалыптасқан жоқ. Ал белгілі бір тұлғаны тану, оның өмір жолын зерттеу ең алдымен ғылыми әдісті қажет ететіні анық.
Бүгінде оқырман қолына тиіп отырған «Тары тарихы» атты кітаптың басқа еңбектерден ерекшелігі – Шығанақ туралы алғаш рет ғалымның дайындауымен жарық көруінде. Филология ғылымдарының докторы, Бейімбеттанушы, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Серікқали Бәйменше үшін Шығанақ тақырыбы да, оны зерттеу де жақын дүние болды. Ол сексенінші жылдары Ақтөбе облыстық газетінде қызмет атқарды.
Елдегі немқұрайдылық пен енжарлықтың салдарынан 1948 жылы Мәскеудегі одақтық «Огонек» журналында орыс тілінде жарияланған, бірақ қазақшаға аударылмаған Ресей жазушысы Геннадий Фиштің Шығанақ туралы көлемді көркем очеркін С.Бәйменше 1986 жылы алғаш рет қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынды.
Кейін шығармашылық, ғылыми және мемлекеттік жоғары қызметтерде жүрсе де, Серікқали Бәйменше елдік мәселелерге үнемі мән беріп келді.
Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі екі рет жабылып, үшінші рет Ресей Федерациясының меншігі ретінде қайта ашылған кезде, бұрынғы Қазақстан павильоны аталған көрікті ғимараттың алдында Шығанақ пен Жамбылдың монументалды мүсіндерінің сол қалпында сақталуына да Серікқали Бәйменшенің еңбегі бар. Ол кезде ол Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде жауапты қызмет атқарып жүрген еді.
Шығанақтың туғанына 145 жыл толуы қарсаңында жарық көрген жаңа кітап – диқан өмір сүрген кезеңдегі әртүрлі басылымдарда жарияланған, бірақ көпшілікке белгісіз болып келген материалдарды жинақтап, араб және латын қарпіндегі деректерді аудару арқылы дайындалған құнды еңбек.
Бұл кітап ұлы диқанның ұмыт қалған өмір жолын қайта қарап, зерттеуге, зерделеуге мүмкіндік беретін соны туынды ретінде бағалауға лайық.
Ал әзірге әлемге әйгілі еңбекті қазақтың қара шалы болып бастап, өмірді тану мен тәжірибе арқылы үлкен даналыққа жеткен, дүниені таңғалдырған тұлғаны өз елімізде толық танып, бағалай алмай келеміз.
Неге екені белгісіз, бірақ бізден алыс елдердің өзі Шығанақ есімін ұмытпаған сияқты.
Оған дәлел – 2006 жылы Германиядан Ойылға Шығанақты іздеп екі зерттеушінің келуі. Олар бұл өңірден нені көріп, қандай ой түйіп қайтқаны көпшілікке белгісіз. Бірақ олардың іздеу сапарының өзі Шығанақ феноменінің халықаралық деңгейдегі қызығушылық тудырғанын көрсетеді.
Әлемде тары дақылының 400-ге жуық түрі бар. Ол Азия, Америка және Африканың қоңыржай климатты аймақтарында өседі.
2023 жылдың тамыз айында Жапониядан Ойылға Шығанақ феноменін қырық жыл бойы зерттеп келе жатқан «Осака Гакуин» университетінің профессоры, этноботаник ғалым Эмика Такеи келді.
Осака – Жапониядағы ірі экономикалық және мәдени орталықтардың бірі. Осы университеттің профессоры, өсімдіктер әлеміне қатысты халықтық білім мен тәжірибені зерттеуші этноботаниктің бес мың жарым шақырымнан астам жол жүріп, Алматы арқылы Ақтөбе облысына, одан Ойылға келудегі мақсаты – Шығанақ өсіріп, әлемге танытқан тарыны өсіру мен жинаудың диқандық тәсілдерін зерттеу еді.
Ол тарының құрамындағы пайдалы заттарды немесе оны өңдеудің мүмкіндіктерін зерттеу үшін келген жоқ. Оның мақсаты – Шығанақ тәжірибесіндегі адам мен табиғат үйлесімін, диқанның ерекше әдістерін түсіну болатын.
Алайда ол Ойылдан не көрді?
Ештеңе.
Шығанақ есімін әлемге танытқан егістік алқап бүгінде шөп басқан, үнсіз жатқан далаға айналған.
Ғалым ұзақ жылдар бойы атақты диқанның елі мен жерін көруді, сол жерде тарыны қалай өсіріп, қалай жинағанын өз көзімен тануды армандап келген екен. Бұл дерек облыстық «Актюбинский вестник» газетінде жарияланған он төрт жолдық шағын ақпараттан ғана белгілі болды. Басқа республикалық немесе облыстық басылымдардан мұндай хабар кездеспеді.
Ал оған республика мен облыс билігінің назар аудармағанына таңғалудың өзі қиын. Себебі мұндай енжарлық бізде бұрыннан қалыптасқан жағдай секілді.
Тары – сөктік қалпынан дайын тағамға айналғанша бірнеше өңдеуді қажет ететін дақыл. Ол бидай секілді бірден ұнға айналып, тағам бола қалмайды. Алайда қоректілігі, елуден астам түрлі тағам жасауға жарамдылығы, ұзақ сақталатын қасиеті жағынан оның құндылығы ешбір дақылдан кем емес.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында 2023 жыл «Халықаралық тары жылы» деп жарияланды. Иә, біз ұмытып жүрген нәрсе көп. Ең өкініштісі – нені және кімді ұмытып жүргенімізді өзіміз де толық сезінбей келеміз.
Отаршылдықтың ауыр зардабынан шыққан, кейін Кеңес Одағы аталған саяси жүйе құрамындағы халықтарға большевизмнің зорлық-зомбылық саясатын әкелді. Жетпіс жыл бойы жалғасқан бұл кезең ашаршылық, қуғын-сүргін, тоқырау мен дағдарыстар арқылы талай ұлт пен ұлыстың тағдырына ауыр із қалдырды.
Шығанақтың бүкіл өмірі осы жүйенің драмасы мен қасіретіне тұспа-тұс келді. Ол сол дәуірдің барлық ауыртпалығын көрді. Бірақ соған қарамастан адамгершіліктен, әділдіктен, ақыл-парасаттан айырылмай, қандай қиындыққа да мойымай, биік адамдық қасиетін және жасампаздық рухын сақтап қалды.
«Тәжірибеде көрінгендей, табиғат дарын бергендерді де, ерекше сұлулық сыйлағандарды да бақытсыздыққа ұшыратады. Өйткені екеуі де поэтикалық жаратылыс». (Дени Дидро, «Солон 1767 года»).
Бүгінгі түсінік бойынша арнайы ғылыми білім алмаған, орта ғасыр ғылымы әлі қалыптаспаған ерте заманда өмір сүрген Имхотеп инженерлік ой мен құрылыс өнерін тек өз зердесі арқылы меңгеріп, адамзат тарихындағы ғажайып құрылыстың – Египет пирамидаларының бой көтерілуіне жетекшілік етті. Сол пирамида бес мың жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениетінің жұмбағы болып сақталып келеді.
Ал тағамдық құндылығы тас дәуірінен бастау алатын тары дақылы адамзат тіршілігінің терімшілік кезеңінен бері үш құрлықтағы ондаған халықтың тұрмысында жалғасып келеді. Бірақ осы мыңжылдықтар бойы өсірілген дақылдан Шығанақ алған өнімнің теңдесі әлі күнге дейін қайталанған жоқ.
Дүниеде мәңгілік жаратылыс жоқ. Уақыт өте келе Египет пирамидаларының да тозатын күні келуі мүмкін. Бірақ ойландыратыны – оның сақталуы емес, сол алып құрылыстың ғылыми жүйелі білім, арнайы оқу мен заманауи тәжірибе жоқ дәуірде адам ойының биік мүмкіндігімен жүзеге асуында.
Демек, күрделі есептер мен таңғаларлық шешімдер, нақты тәсілдер мен үйлесімді жобалар қағазға, сызбаға түспес бұрын алдымен сирек дарын иелерінің санасында пайда болады екен.
Имхотеп біздің бүгінгі түсінігіміздегі ғалым емес еді. Ол арнайы оқу көрмеген, ғылыми тәжірибеден өтпеген, бірақ бар білімі мен зердесі өз бойында жинақталған дана адам болатын. Қажетті сәтте оның бойындағы сол білім ашылып, шешілмес жұмбақтың шешімі табылды.
Адамзат тарихындағы ең көне әрі сол қалпында сақталған ғажайып құрылыс – Египет пирамидаларымен салыстырарлық басқа мысалдың жоқ екені белгілі.
Бұл әңгіменің Шығанақ тақырыбына қатыстырылуы – пирамиданы Қарасудың шағын егістік алқабымен салыстыру емес. Мұнда мәселе екеуінің көлемінде де, ғылымның өзінде де емес. Мәселе – ғылымды дүниеге әкелетін Даналықта.
Осыдан елу ғасыр бұрын «болмайтынды болдырып», адамзат таңданысына айналған Имхотептің даналығы мен осы заманда «болмайтынды болдырған» қазақтың қара шалы Шығанақтың табиғи қабілеті арасында рухани үндестік бар. Бұл – қазақ халқының мерейі, ұлт жадында сақталуға тиіс құбылыс.
Сөйтіп, ұлы тұлғаның жұртшылық талабымен орнатылған ескерткіші адамның өзі сирек баратын, көзден таса қалтарысқа қойылып, елде Шығанақтың тек елесі ғана қалғандай күйге түсті.
Мәдени вандализм дегеніміз – осы.
Идош АСҚАР, Ақтөбе қаласы











