Қазіргі әлемде мемлекеттердің қуаты тек экономикалық әлеуетімен немесе әскери мүмкіндігімен ғана өлшенбейді. Қоғамдағы тұрақтылық, азаматтардың өзара сенімі мен бірлігі – кез келген елдің ең басты капиталы. Әсіресе сан алуан этнос пен мәдениет өкілдері өмір сүретін мемлекеттер үшін этносаралық келісім – бейбіт өмірдің ғана емес, орнықты дамудың да негізгі шарты.
Қазақстан – тарихи тағдыр тоғыстырған түрлі этностардың ортақ Отаны. Әр кезеңде қазақ жеріне қоныс аударған көптеген халық бүгінгі күні елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуының ажырамас бөлігіне айналды. Осы тарихи ерекшелік Қазақстанды этностық әралуандылықты тиімді басқарудың өзіндік тәжірибесін қалыптастырған мемлекет ретінде танытты. Алайда қоғамдық келісім – бір рет қол жеткізіп, мәңгі сақталатын құндылық емес. Ол уақыт талабына сай үздіксіз нығайтуды, жаңаша көзқарасты және сын-қатерлерге дер кезінде жауап беруді қажет етеді.
Жаһандану үдерісі, ақпараттық кеңістіктің ықпалы, геосаяси өзгерістер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы этносаралық қатынастарға да жаңа талаптар қойып отыр. Мұндай жағдайда қоғамдық келісімнің беріктігі ең алдымен ортақ азаматтық құндылықтарға, заң үстемдігіне, әлеуметтік әділеттілікке және өзара құрмет мәдениетіне сүйенуі тиіс.
Сондықтан Қазақстандағы этносаралық қатынастарды зерделеу – өткенге баға беру ғана емес, елдің ертеңіне көз жүгірту. Бұл тақырып қоғамдық тұрақтылықтың тетіктерін, мемлекеттік саясаттың тиімділігін және ұлттық бірлікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін саралауға жол ашады.
СЕНІМ МЕН БІРЛІКТІҢ ФОРМУЛАСЫ
Жаһандық геосаяси текетірестер шиеленісіп, ақпараттық соғыстар өршіген бүгінгі заманда кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы оның әскери немесе экономикалық қуатымен ғана өлшенбейді. Ең басты қауіпсіздік кепілі – қоғамның ішкі тұтастығы мен этносаралық келісім. Жүзден астам этнос өкілдері мекендейтін Қазақстан үшін бұл мәселе – жай ғана әдемі ұран емес, мемлекеттіліктің сақталуы мен дамуының негізгі формуласы.
Қазіргі әлемде сыртқы күштердің өзге мемлекеттердің ішкі саясатына ықпал ету үшін этностық және діни картаны белсенді қолданатынын көріп отырмыз. Шекаралас аймақтардағы қақтығыстар, ақпараттық кеңістіктегі арандатулар кез келген елдің ішкі жігін ашуды көздейді. Мұндай жағдайда Қазақстандағы этносаралық татулық – ұлттық қауіпсіздіктің басты құралына айналды.
Ішкі тұрақтылық бұзылған жерге инвестиция келмейді, экономика дамымайды, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі жоғалады. Сондықтан, еліміздегі бейбітшілікті сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың тікелей жауапкершілігі.
«Сенім мен бірліктің формуласындағы» ең негізгі элемент – мемлекеттік тілдің рөлі. Бұрын қазақ тілі тек бір этностың тілі ретінде қабылданса, бүгінде ол – барлық қазақстандықтарды ортақ ақпараттық, мәдени кеңістікке біріктіретін негізгі күшке айналып келеді.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент уақыт өте келе қазақ тілі этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына және біртіндеп осы үдеріске келе жатқанымызға сенімді.
«Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық», – деген болатын ел Президенті.
Сарапшылардың пайымдауынша, тілдік интеграция мәжбүрлеу арқылы емес, қажеттілік пен өзара құрмет негізінде жүруі тиіс. Өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі – олардың елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық өміріне толыққанды араласуына, бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Тіл – бөлуші емес, біріктіруші құрал.
Осы ретте Қазақстанның көк паспорты ұлттық бірегейліктің айқын нышанына айналып келе жатқандығын да атап өткеніміз абзал. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр.
Көк паспортымыздың әлемдегі абыройы күннен-күнге асқақтап келеді! Бұл – Қазақстанның жаһандық ықпалы мен геосаяси салмағының артқанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда шетелдіктер елімізді жай ғана қыдырып көретін жер емес, тұрақтап қалып, өмір сүруге қолайлы қауіпсіз мекен ретінде тануда.
Расында да бұл – кездейсоқтық емес. Еліміз беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттердің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43 орынға табан тіреген.
БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ
Тарихтың алуан түрлі бұралаң жолдары мен тағдырдың жазуымен сан мыңдаған қандастарымыз атамекеннен жыраққа кетіп, шет жерлерде қоныс тепті. Алайда, дүниенің қай бұрышында жүрсе де, олардың жүрегі әрдайым «Қазақстан» деп соғады. Себебі, бұл өлке – барша қазақтың қасиетті де тарихи Отаны. Ең бастысы, шетелдегі ағайынның басым көпшілігі жаһандану заманында да ана тілі мен ата дәстүрін, ұлттық кодын берік сақтап, қадірлей білуде.
Егемендік алған жылдардан бастап Қазақстаннан өз тарихи отанына қоныс аударған 4 миллионға жуық отандасымыз бүгінде әлемнің әр түкпірінде жүрсе де, қазақ елінің қамқорлығын ұмытпай, мәдени байланысын берік сақтап келеді. Олар Германия, Польша, Израиль сияқты елдерде тұрса да, үйлеріне Көк туды іліп, қазақша сөйлеп, Наурыз мейрамын бірге тойлайды. Бұл байланыс барша қазақстандықтар мен шетелдегі отандастарды бір үлкен отбасы ретінде біріктіреді, ал отбасы құндылықтары – мемлекеттің тұрақтылығы мен жарқын болашағының негізі.
Қазақстанның этносаралық саясаты жаңа кезеңге өтті. Ендігі мақсат – азаматтарды этностық ерекшелігіне қарай бөле-жармай, барлығын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру. Ол құндылықтар – Ата заңды құрметтеу, отаншылдық, еңбекқорлық және заңға бағынушылық.
Әрбір азамат өзінің этностық мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтай отырып, ең алдымен өзін «Қазақстан азаматы» ретінде сезінгенде ғана бірліктің формуласы нақты нәтиже береді. Біздің паспортымыздың түсі де бір, Отанымыздың тағдыры да бір.
Мен кәсіби еңбек тәжірибемде Алматы облысы Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқардым.
Алматы облысы – еліміздегі этнос өкілдері ең тығыз қоныстанған аймақ. Сондықтан да өңір тұрғындарымен етене байланыс, тиімді қарым-қатынас орнату маңызды міндет екендігі ескерілді. Осы міндетті іске асыру үшін өңірде «Dialog» сарапшылар алаңын құрдық. Аз ғана уақытта бұл платформа аймақта бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеп, «Біртұтас ұлт» идеясы аясындағы баянды бастамаларды іске асыруға ұйытқы болды. Елімізде ең алғашқылардың бірі болып Алматы облысы этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Медиация бойынша семинар-тренингтер сериясы өткізілді. Нәтижесінде өңірдің әрбір ауданынан болашақ кәсіби этномедиаторлар пулы қалыптастырылды, этномедиация саласы институционалдық тұрғыдан рәсімделді. Облыстық ҚХА маңызды мерекелерді атап өтудің жүйелі механизмін іске қосты. Атап айтқанда, жекелей кешенді жоспарлар даярланып, оның шеңберінде 5 мыңнан астам түрлі бағыттағы іс-шара өтті. Өңірдегі этносаралық қатынасты дамыту мақсатында «Ырыс. Ынтымақ. Келісім» атты жалпыхалықтық рухани-танымдық акциясы бастау алды. Ассамблея жанындағы Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің жұмыстары жүйеленіп, бағыт-бағдары айқындалды. Ассамблея қызметінің маңызын арттыратын циклды медиа жобалар жүзеге асырылып, БАҚ-пен өзара ықпалдастық артты. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі этносаралық қатынасты дамытуға ұйытқы болып, қоғамдық келісімді сақтауға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеу. Бұл – жүйелі жүзеге асқан жұмыстардың бір парасы ғана.
Жалпы алғанда, Алматы облысы – жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақтың астында, бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан бірегей аймақ. Сондықтан да бұл өңірдегі этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді сақтау мәселесі – аймақ дамуының басты кепілі әрі мызғымас діңгегі болып саналады.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 105-тен астам этнос өкілі өмір сүреді. Түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан бұл өлкеде қоғамдық келісімді сақтау – өздігінен келе салған бақыт емес. Бұл – мемлекеттің салиқалы саясаты мен жергілікті халықтың даналығының жемісі. Аймақтағы қоғамдық келісімді нығайтуда этномәдени бірлестіктер елеулі еңбек сіңіріп келеді. Олар тек өз мәдениетін ұлықтап қана қоймай, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде бірігудің озық үлгісін көрсетуде.
Қоғамдық келісімді сақтауда тек ресми институттар ғана емес, халықтық дипломатия да маңызды рөл атқарады. Алматы облысының Іле, Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің беделі өте жоғары.
Жергілікті жерлерде қандай да бір түсініспеушілік туындай қалса, алдымен осы ел ағалары мен ақ жаулықты аналар алға шығады. Олар жастарға сабырлық пен төзімділікті, өзара сыйластықты уағыздап, кез келген мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, өңірде медиация институты белсенді дамып келеді. Бұл – қандай да бір дау-дамайдың алдын алудың және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралы.
Алайда, бейбітшілікті сақтау тек биліктің ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Біздің күшіміз – әралуандығымызда, ал бірлігіміз – сол әралуандықты үйлесімділікке ұластыра білуімізде.Қорыта айтқанда, Алматы облысындағы қоғамдық келісім – ел дамуының мықты іргетасы. Алатаудың етегінде орнаған бұл достық пен бірлік алдағы уақытта да еліміздің жарқын болашағына қызмет ете бермек.
«БІЗ – ӘРТҮРЛІМІЗ, БІРАҚ БӘРІМІЗ ТЕҢБІЗ»
Ұлттық бірлік пен этносаралық тұрақтылық «Бәріміз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген басты формулаға сүйенеді. Мұнда азаматтардың этностық тегі, діни нанымы мен әлеуметтік мәртебесі емес, олардың теңдігі алдыңғы орынға шығады. Мемлекеттік стратегияның өзегі де осы әділдік ұстанымында жатыр. Сондықтан ішкі саясатта үстірт ұрандар мен популистік қадамдарға орын жоқ. Әрбір шешім нақты ахуалды ескере отырып, байыпты әрі жан-жақты сараптама негізінде қабылданады.
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық сын-қатерлер кезеңінде кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы оның ұлттық тұтастығы мен қоғамдық келісіміне тікелей байланысты. Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен ішкі саясатының басты доктринасы – «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Бұл жай ғана ұран емес, күнделікті өмірде нақты нәтижесін беріп отырған құқықтық әрі әлеуметтік формула. Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ де тең жағдай жасауды басты міндет санайды.
Қазіргі таңда мемлекет ішкі тұрақтылықты қорғауда популистік, асығыс әрі үстірт шешімдерден бойын аулақ ұстайды. Саяси риторика мен байбаламға негізделген ұрандар қоғамды бөлуге ғана қызмет ететіні белгілі. Аналитикалық зерттеулер көрсеткендей, қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды факторы – мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас құралына айналуы. Бүгінде Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктер жанынан қазақ тілін тегін оқыту курстары мен «Мәміле» клубы сияқты сұхбат алаңдары ашылған. Тілді меңгеру деңгейінің артуы түрлі этнос өкілдерінің елдің қоғамдық-саяси өміріне толыққанды кірігуіне мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, «Әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидасы – мемлекетіміздің іргетасын шайқалтпай ұстап тұрған басты тетік. Ресми деректер мен байыпты талдаулар көрсеткендей, ұлттық бірлікті сақтау – үнемі бақылау мен заң үстемдігін қажет ететін үздіксіз процесс.
Жандар АСАН,
саяси шолушы










