Болашаққа салынған инвестиция

0
175

«Balkhash STEAM Serpini» жобасы Балқаштағы білім беру ортасын өзгертіп жатыр. 2024 жылдан бастап «Коунрад» Қоры мен Орталық Азияның Еуразия Қорының арқасында 535 мектеп оқушысы алты бағыт бойынша STEAM элективті курстарынан өтті. Ал, бес мектеп командасы грант ұтып алып, жаздың соңында өздерінің экологиялық жобаларын аяқтайды. Бұл сандардың артында өз күштеріне сеніп, STEAM олимпиадаларында жеңіске жете бастаған, жаңа нәрселерді үйренген мектеп оқушылары мен педагогтердің нақты жетістіктері тұр. Осы жүйелі өзгерістердің барлығына «Balkhash STEAM Serpini» жобасы серпін берді.

Жобаны іске асырудың бірінші жылында сарапшылар мұғалімдермен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірледі. «Коунрад» Қорының қолдауымен кабинеттер жабдықталып, 67 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жеті қалалық мектептен 281 оқушы элективті курстар бойынша оқуды аяқтады. Бағдарлама робототехника, инженерия, 3D-модельдеу, нақты есептерді шешуге арналған Python тілінде бағдарламалау, сондай-ақ STEAM: зерттеулерден жобаларға дейін және аймақ экологиясы сияқты бағыттарды қамтыды. Бұл ауқымды жұмыстың қорытындысы 2025 жылдың мамыр айында фестиваль барысында шығарылды.

Екінші жылы бағдарлама мектеп оқушыларын агротехнологиялар мен энергия тиімділігіне практикалық тұрғыдан үйретуге бағытталған мектеп жобаларының гранттық байқауымен толықты. Ол үшін жобалық командалар экоинжиниринг, тұрақты технологиялар, мектеп фермерлігі және деректерді өңдеу бойынша оқудан өтті. 2026 жылдың ақпан айында өткен STEAM фестивалінде жергілікті 15 мектептің командалары 19 шешімді таныстырды. Олардың бесеуі өз идеяларын іс жүзінде жүзеге асыру үшін бір жарым миллион теңгеге дейін грант алды.

– STEAM тәсілін дамыту мектептерімізді айтарлықтай өзгертті. Қазір оқушылар теорияны жаттап қана қоймай, қаламыз үшін маңызды нақты жобаларды жасап жатыр, – деп түйіндеді Балқаш қалалық білім бөлімінің маманы Берлібек Мағза.

Энергия үнемдеуші технологиялар жобасының басты мысалы – Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейіндегі жылыжайды жаңғырту. Жоба командасының сегіз мүшесінің бесеуі – мектеп оқушыларының өздері. Олар үшін жобаға қатысу – нақты тәжірибе: балалар өз аймағының күрделі климаттық жағдайында автоматика мен ЖЭК-ті (жаңартылатын энергия көздерін) басқаруды үйренуде.

Грант қаражатына жылыжай толығымен қайта жабдықталды. Енді күн панельдері оны автономды энергиямен қамтамасыз етеді, фитошамдар жарықтың жетіспеушілігін өтейді, ал терезені ашатын арнайы құрылғылар температураға өздері әсер етіп, бөлмені желдетеді. Тіпті, мұндағы суару жүйесі де автоматты: сорғы екі жүз құмыраның әрқайсысына суды мөлшерлеп құяды. Осы процестердің барлығын деректерді жинайтын және сақтайтын Raspberry Pi шағын компьютері басқарады.

Жобаның басты құндылығы – мектеп үнемді цифрлық жылыжайға ие болды, ал жасөспірімдер өз жасы үшін сирек кездесетін автоматика, экотехнологиялар және жобалық менеджмент саласындағы практикалық дағдыларды меңгерді.

– Жылыжай STEAM пәндерін оқып-үйренудің нақты алаңына айналды. Бұған дейін бұл кеңістікте негізінен гүлдер өсірілетін, бірақ климаттық жағдайлар мен тұрақты күтімнің болмауы тұрақты гүлденуді қиындататын. Жобаға қатысқаннан кейін мектеп жаңа білім беру ортасын құру мүмкіндігіне ие болды, – деп атап өтті жоба жетекшісі Валерия Подшивалова.

Жобаға балалар мен мұғалімдермен бірге студенттер де қатысуда. Физика мұғалімі Евгения Ким қауіпсіздік пен энергетика мәселелері бойынша кеңес береді, ал колледж студенті Арсений Подшивалов датчиктерді баптауға көмектеседі. Оныншы сынып оқушысы Леонид Зайцев оларды құрастыру мен монтаждауға жауапты, ал сегізінші сынып оқушысы Ксения Оралбекова зерттеу жұмысымен айналысады.

Қалған гранттық жобалар үнемді тұтыну мен жасыл экономиканың ілеспе инфрақұрылымын қалыптастыруда. №1 жалпы білім беретін мектепте заттар интернеті мен экологиялық менеджмент тоғысында зияткерлік платформа құрылды. Датчиктер желісі оқу аймақтарының микроклиматын талдайды, бұл жайлылық индексін бақылауға және ғимараттың энергия шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ә. Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінде тамшылатып суарудың автоматтандырылған кешені енгізілді. Бұл ақылды суару жүйесі суды тиімді тұтынуды қамтамасыз етеді және ресурстарға түсетін жүктемені азайтады.

Жасыл экономика принциптері №12 орта мектептің жобасынан да көрінеді, онда жыл бойы таза микрокөктер өсіруге арналған ақылды жылыжай іске қосылды. Жергілікті өндіріс тасымалдау шығындары мен көміртегі ізін азайтады. Бұл тәжірибені тағы үш мектепте тарату жоспарлануда, бұл Қазақстандағы алғашқы Жасыл мектептер желісін құруға негіз болады. Дәл осы уақытта №4 мектептің командасы топырақты қалпына келтіру және учаскені тұрақты көгалдандыру бағытында жұмыс істей отырып, жылыжайларды бақылау үшін жабық инкубаторлар мен датчиктерді қолдануда.

Бұл тәсілдерді мемлекеттік білім беру саясатына интеграциялаудың маңызды қадамы бағдарламаның ресми түрде танылуы болды. Әл-Фараби атындағы және №9 жалпы білім беретін мектептер, Ә. Бөкейханов атындағы №15 және Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейлер, сондай-ақ №24 мектеп-интернат өткен элективті курстарды өздерінің 9, 11-сынып түлектерінің білім беру туралы куәліктеріне енгізді. Бұл шешім балалардың элективтердегі теориядан бастап гранттық жобаларды қорғауға дейінгі бүкіл жолын ресми түрде бекітті. Аттестатқа енгізілген академиялық сағаттар енді олардың біліктілігін тікелей растайды. Осылайша, мектеп оқушылары партада отырып-ақ жасыл экономиканың нақты секторында сұранысқа ие дағдыларды меңгерді.

Елена Гаркава

Фото жоба архивінен

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here