Елімізде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін кеңестік билік жағына шығып, кеңестік құрылыстың орнауы жолында аянбай еңбек етіп, артынан терең із қалдырған Нығмет Сырғабековтің қоғамдық-саяси қызметі қарама-қайшылықты. Оның жеке тұлғасы мен қоғамдық-саяси қызметіне байланысты тарихи еңбектерде екіұдай пікір айтылып келеді. Сонымен, Нығмет Сырғабекұлы кім? Халқымыздың тарихындағы оның тарихи бейнесі қандай? Осы сұрақтарға архив деректері негізінде жауап беріп көрейік.

САЯСАТКЕРДІҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ
Нығмет (Нығметулла) Сырғабеков Ақмола облысына қарасты Петропавл уезінің №7 ауылында дүниеге келген. Саясаткер 1937 жылы тамыз айында өз қолымен толтырған өмірбаянында өзінің жастық шағы жөнінде: «Мен 1900 жылы кедей қазақ отбасында дүниеге келдім. Әкем қазіргі Шет ауданынан шыққан, көшпелі малшы болған. 1883 жылғы белгілі жұттан кейін әкем мал-мүлкінен айырылып, Петропавл уезі, Ақмола губерниясына, қазіргі Қарағанды облысына көшіп, Петропавл көпестерінің табындары мен керуендерінде бақташы болып жұмыс істеді. Олар сол кезде «қыршы» деп аталған.
1912 жылға дейін біздің отбасы жергілікті биліктің отбасылық тізіміне кірмеген, біз «кірме» қазақтар ретінде тіркелдік, яғни көшіп келгендер едік. Сондықтан, 1912 жылға дейін бізде жеке жер үлесі болмады, ал бізден алынған салық ауылдық және болыстық старшиналарға қарыз ретінде төленді.
1912 жылы патша үкіметінің қоныс аудару басқармасы қосымша жер телімдерін анықтау жұмыстарын жүргізіп, отырықшылыққа көшкен ауылдарды жерге орналастыру шараларын бастады. Тек осындай жағдайда ғана ауылдар тұрақты мекендерінен айырылып қалу қаупінен құтыла алатын еді. Біздің болыс халқының жартысы отырықшылыққа көшуге «ниет білдіріп», ата-анам да осы тізімге кірді. Бірақ, біз ең соңынан тізімге кіріп, жер үлесін толық ала алмадық.
Мен 7 жасымнан бастап ауылдағы башқұрт молдаларынан білім алдым. Олар әскери қызметке шақырудан қашып, ауылдарға мұғалім болып орналасқан еді.
1912 жылы әкем мені Петропавлдағы екі сыныптық орыс-қырғыз училищесінің интернатына оқуға берді. 1917 жылға дейін сол жерде оқыдым. 1917 жылы мен оқуымды үзуге мәжбүр болдым, себебі приходтық жоғары мектепке түстім, бірақ жеке пәтерге тұруға мүмкіндігім болмады. Қысқасы, демалыстан кейін үйге қайттым. Қыста ағам қайтыс болды, бүкіл отбасы тифпен ауырды, мен үйдегі жалғыз еңбекке қабілетті адам ретінде отбасыма қамқор болуға қалдым. 1917-1919 жылдары шаруашылықпен айналысып, ағаммен бірге отбасымды асырадым», – деп жазады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Сырғабеков Н.С. №11020 тергеу ісі, архив 05694, 1 т., 177-179 пп.).
НЫҒМЕТ СЫРҒАБЕКҰЛЫ КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖАҒЫНА НЕГЕ ӨТТІ?
Отбасындағы кедейшіліктің және Ресей империясының отаршылдық саясатының зардабын көріп өскен Нығмет Сырғабекұлына жаңадан орнаған Кеңестік биліктің еңбекшілер мен кедей таптың мүддесін қорғаймыз деген ұрандары жанына жақын келді. Кеңес өкіметі де өз билігін нығайту үшін кедей таптың арасынан шыққан жергілікті ұлттың оқыған азаматтарын әртүрлі деңгейдегі билік құрылымдарына тартты. Кеңестік билік 1920 жылдың қаңтар айында Нығмет Сырғабекұлын Петропавл қаласына шақырып, ревкомның қазақ секциясына нұсқаушы етіп тағайындады. Бұл оның өміріндегі алғашқы мемлекеттік саладағы жауапты жұмыс болатын. Жастайынан еңбекке ерте араласып, шыңдалып өскен саясаткер жастығына қарамай еңбекке құлшына кіріседі.
1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Автономиялы Қазақ кеңестік социалистік республикасын құру туралы» декреті бойынша Ақмола мен Семей облыстары Қазақ автономиясына берілгенімен де, бұл облыстарды Қазақстанға қосу бірден іске асқан жоқ. Ұлы орыстық шовинизммен уланған Сібір ревкомының басшылары аймақтың Қазақстанға қосылуына қарсылық көрсетті. Халқымыздың көптеген ұлтжанды қайраткерлерінің табанды түрдегі талабынан кейін ғана 1921 жылы Ақмола мен Семей облыстары Сібір ревкомы қарамағынан Қазақ АКСР-на беріледі. Жаңадан қосылған аймақтағы жергілікті кеңестік органдардың қызметін жандандыру ісінде алда қыруар шаралар тұрған болатын. Бұл жылдары Нығмет Сырғабекұлы Ақмола губерниялық революциялық комитетінің және губерниялық атқару комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарып, жаңадан қосылған аймақтағы кеңестік биліктің орнығуында өзінің үлесін қосумен қатар, өзі де партиялық, кеңестік органдарда жұмыс істеп шыңдалды. Жігерлі жастың белсенді іс қимылы мен аймақтағы кеңестік билікті орнықтырудағы еңбегін ескерген кеңестік билік, оның өтініші бойынша 1921 жылдың қазанында РК(б)П мүшелігіне кандидат етіп қабылдаса, 1921 жылдың желтоқсан айында РК(б)П мүшелігіне қабылдады.
Нығмет Сырғабекұлының қоғамдық-саяси қызметінің үлкен белесті кезеңдерінің біріне оның кеңестік биліктің алғашқы қалыптасуы кезеңіндегі Әділет халық комиссариатында істеген қызметін жатқызамыз. ҚазАКСР әділет халық комиссариаты 1920 жылы қазан айында құрылып, өз жұмысын бастаған алғашқы жылдары оның құрамында бүкіл алашқа аттары мәлім тұлғалар да жұмыс істегенін айта кету ләзім. Мәселен, Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Ресейлік І және ІІ мемлекеттік думаның депутаты болған А.Бірімжанов 1920-1926 жылдары жоғарғы сот құрамында алқа мүшесі, кеңесші, бөлім меңгерушісі сынды жауапты қызметтер атқарды. Әділет халық комиссариатының құрамында Алашорда қайраткері, 1913-1918 жылдары аралығында Орынбордағы сот кеңселерінде қызмет атқарған, 1920 жылы Алашорда таратылғаннан кейін Кеңес өкіметі жағына шыққан С.Қадырбаевта Әділет халкомында қызмет атқарып, жаңадан құрылған Әділет халық комиссариаты сот құрылысын қадағалау бөлімін басқарды. Тағы бір Алаш қайраткері А.Мангелдин Әділет халық комиссариаты, Сырдария губерниялық сотының мүшесі болып қызмет етіп, Әділет халкомы қызметінің жандануында өз үлесін қосты. Қазақстандық партия комитетінің басшылығына Ф.Голощекин келгеннен кейін Әділет халық комиссариатының құрамын жат элементтерден тазарту науқаны жүріп, бұл аталған қайраткерлердің барлығы да өз қызметтерінен шеттетілген еді.
Саясаткер 1922 жылдың қарашасында Ақмола губерниялық партия комитеті бюросының шешімімен Ақмола губерниясы революциялық әскери трибуналының мүшесі болып сайланып, 1923 жылдың ақпанына дейін, ребтребуналдың орнына халықтың сот органдары құрылып, жаңа құрылым өз жұмысын бастағанға дейін жұмыс істеді. Бұл жылдары Әділет халық комиссариатының алдында көптеген қиыншылықтар тұрған болатын. Бастысы, кеңестік жүйенің заңдық қадағалаушы органының негізгі жұмыстарын қадағалайтын және атқаратын мамандардың тапшылығы айқын сезілді. Соның салдарынан көптеген азаматтық және қылмыстық істер қаралмаған күйінде қордаланып жатты. Мәселен, 1922 жылдың 1 қаңтарына дейін бір ғана Атбасар уезінде шешімін таппаған, аяқталмаған 864 қылмыстық, 1 381 азаматтық іс жинақталған. Қазақтар тығыз қоныстанған уездердегі қылмыстық істер мен азаматтық істер орыс тілінде жүргізілді.
Нығмет Сырғабекұлы 1923 жылдың ақпан айында Ақмола губерниялық соты төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бастапқыда арнайы заңгерлік білімі жоқ Нығмет Сырғабекұлына бұл саладағы жұмысты еңсеріп кету оңайға соқпады. Тәжірибенің аздығы, арнайы білімнің жоқтығы, әлі қалыптасып үлгермеген күн сайын өзгеріп жатқан кеңестік заң нормалары да оның жұмысында көптеген қиыншылықтарға соқтырды. Осы кезеңдегі оның қызметіне Ақмола губерниясы партия комитетінің жауапты хатшысы Чернядьев тарапынан: «Сырғабеков жолдас 1923 жылдың 15 наурызынан бастап губерниялық сот төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді. Әзірге өзін қызметкер ретінде көрсете алған жоқ, бірақ дайындалуға үміт бар. Кейбір уақытта қызметкерлерді дұрыс таңдай алмайды және оларды басқара білмейді. Партиялық қызметкерлерімен жолдастық қарым-қатынасы жақсы, бірақ тәртіптілігі төмен. Атқарып отырған лауазымына толықтай сәйкес келе қоймайды, дайындалған қазақ қызметкерлерінің жетіспеушілігіне байланысты тергеу ісінде пайдаланылуда. Маркистік дайындық деңгейі жеткіліксіз, саяси жағдайды әрдайым дұрыс бағалай алмайды. Саяси тұрғыдан толықтай тұрақты емес. Қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда жеткілікті түрде жігерлі және табанды емес. Партияластарымен және жұмыстағы өзіне бағыныштылармен жолдастық қарым-қатынасы жақсы. Айырықша жетістіктері мен елеулі кемшіліктері байқалмады. Ұйымдастырушылық және әкімшілік қабілеттері анықталмады», – деген тұрғыда сипаттама беріліпті (ҚРПА. 141-қ., 17-т., 837-іс, 2 п.).
Біржақты болса да, өз жұмысына берілген сыннан кейін Нығмет Сырғабекұлы заң нормаларын өз бетімен оқып, білімін жетілдіріп отыруға ұдайы көңіл бөледі. Ізденімпаз жігерлі жас заңгерлік мамандардың білімін жетілдіруге арналған арнайы курстардың алдыңғы қатарлы тыңдаушыларының бірі болды. Қысқа мерзім ішінде уездік деңгейдегі Әділет халық комиссариатының білікті қызметкеріне айналды. Алған білімі мен тәжірибесін бөлісу үшін өзі де курс тыңдаушылары алдына жиі барып, дәрістер оқыды. Өзін уездік деңгейдегі қызметінде білікті маман ретінде көрсете білгеннен кейін, республикалық деңгейдегі Әділет халкомына қызметке шақырылады. 1924 жылы Қазақ орталық атқару комитеті төралқасының шешімімен РКФСР Жоғарғы соты қазақ бөлімінің жаңа құрамы бекітілді. Жаңа құрамның төрағасы Т.Мұқашев, мүшелері болып Н.Сырғабеков, А.Голубцов, А.Дамилов, И.Кошкин, М.Демме сайланды. РКФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімінің төрағасы Т.Мұқашев Н.Сырғабекұлының іскерлік қабілетіне былайша сипаттама беріпті: «Жалшы қазақтың баласы, білімі орта, 1921 жылдан РК(б)П мүшесі. Практикалық тәжірибесі 1922 жылдан әскери революциялық требуналда және губерниялық сотта жұмыс істеді. Саяси сауатты және тұрақты. Белсенді және тәртіпті. Жұмысты басқара алады. Әкімшілік және ұйымдастырушылық қабілеті бар. Осы жұмыста және осы қызметте қалдыру орынды. 24/Х.1924 ж.» (ҚРПА. 141-қ., 17-т., 837-іс, 5 п.).
1925 жылы 4 маусым күні өткен РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті хатшылығының мәжілісінде (хаттама №45) Жоғарғы сот Қазақ бөлімінің құрамы туралы мәселе қаралып, Жоғарғы сот Қазақ бөлімінің төрағасы болып М.Атаниязов бекітілсе, Н.Сырғабеков қылмыстық-кассациялық алқа төрағасының орынбасары болды. Осы жылдың желтоқсан айында өткен РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті хатшылығының мәжілісінде Жоғарғы сот Қазақ бөлімінің құрамы жөніндегі мәселе екінші рет қаралып, Жоғарғы сот Қазақ бөлімінің құрамы жаңартылды. Жаңартылған құрамның төрағасы М.Атаниязов, мүшелері болып Атаянц, Сырғабеков, Демме және Бекбатыров бекітіледі. Осы мәжілісте Нығмет Сырғабекұлының қызметі бір сатыға көтеріліп, қылмыстық-сот алқасының төрағасы болып сайланды.
Нығмет Сырғабекұлы Әділет халық комиссариатында істей жүріп, социалистік заңдылықтың орнығуы, сақталуы және оның еңбекшілердің мүддесін қорғауы жолында аянбай еңбек етті. Әділет халық комиссариатында бірге қызмет еткен әріптестері де оның іскерлік қабілетін жоғары бағалады. РКФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімі төрағасының орынбасары Л.Атаянц, қылмыстық-кассациялық алқаның төрағасы А.Демме Нығмет Сырғабекұлының іскерлік және тәжірибелік қызметіне берген пікірлерінде: «Жолдас Сырғабеков Нығметулла 1924 жылдың 17 мамырынан 1926 жылдың 1 сәуіріне дейін РКФСР Жоғарғы сотында жұмыс істеді және қылмыстық-кассациялық алқа төрағасының орынбасары, кейінірек қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, сондай-ақ Жоғарғы сот Қазақ бөлімі президиумының мүшесі болды. Осы жұмысты орындау барысында жолдас Сырғабеков саяси таптық тұрғыдан тұрақты, істі жақсы білетін және жұмысын дұрыс әрі жылдам ұйымдастыра алатын қызметкер ретінде көрінді», – деп оның әріптестері арасында құрметті, беделді қызметкер болғанын атап көрсетеді.
Нығмет Сырғабекұлының іскерлік қарым-қабілетін жоғарғы бағалаған Әділет халық комиссариаты оны 1926 жылы сәуір айында Жетісу губерниялық сотының төрағалығына ұсынады. Жетісу губерниялық сотының төрағалығына ұсынылған кандидаттың ісін қараған Жетісу губерниялық партия комитеті оның кандидатурасына бірауыздан келісім берді. Қайраткер бұл қызметті 1928 жылдың сәуір айына дейін атқарды.
1928 жылдың сәуірінде Нығмет Сырғабекұлы Қызылордаға шақырылып, республика прокурорының орынбасары, Әділет комиссариатының сот құрылымы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ал, 1929 жылдың мамыр айында РКФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімінің төрағасы болып сайланады.
СЫРҒАБЕКОВ МҰСТАМБАЕВТЫ ҚАЛАЙ АЙЫПТАДЫ?
1928 жылдан бастап Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай күрт шиеленісті. Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатын, ірі бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі Қазақ орталық атқару комитетінің қаулысын, егін шаруашылығын арттыруды алға тартып, Ресейден орыс шаруаларының толассыз Қазақстанға қоныс аударылуы қазақ ауылындағы үлкен келеңсіз дүрбелеңнің бастамасы болды. 1929 жылдан басталған Алаш қайраткерлеріне және олармен ниеттес болған қазақтың ұлтжанды қайраткерлеріне қарсы бағытталған жазалау, қуғындау науқаны да қазақ халқының ұлттық мүддесіне қарсы жүргізілген кешенді зардаптың бастамасы еді. Өзінің қарсыластарын қудалап, бірін Қазақстаннан кетуге мәжбүрлесе, екіншісін қызметінен алып қудалаған Голощекин жалғыз емес-ті. Қазақ қайраткерлерін бір-біріне айдап салу тәсілін шебер меңгерген ол «ұлтшылдықпен, байшылдықпен, топшылдықпен күрес» деген ұрандарды бетперде етіп, өзін қолдаған жақтастарды таба білді. Сол жақтастар Голощекинге Алаш қайраткерлерін қудалауда, кеңестік, партиялық әртүрлі лауазымдарда отырған ұлтжанды қайраткерлерді айыптауда зор көмегін көрсетті. Үлкен өкінішке қарай, сол голощекиндік жақтастардың қатарынан Нығмет Сырғабекұлын көреміз. Ол 1929 жылы Қазақ АКСР жоғарғы сотының төрағасы қызметінде жүріп, партия ұйымдарын тазалау комиссиясының төрағасы болып, республикада жүргізіліп жатқан голощекиндік Үлкен террорға тартылды. Ұлтымыздың қайраткерлеріне қарсы жүргізілген голощекиндік саясатқа үн қосты. Голощекин «Сәдуақасовшылдық» деп айдар таққан халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерін «әшкерелеуде» алдыңғы қатардан көрінді. Мәселен, 1927 жылы қараша айында болған партияның VI конференциясында Голощекиннің: «Мен Сәдуақасов деп айтқанда, онда жинақталған «Сәдуақасовшылдық» туралы айтамын», – дегенінен басталды. Өйткені, ол саңлақтарға Сұлтанбеков, Қаратілеуов, Мұстамбаев және тағы басқалар кіреді. Олар «Социализмнің құрылысшылары» деген мысқылды айыптауынан кейін-ақ басталған еді. Бұл қайраткерлерді қудалау одан кейінгі жылдары өршіді.
Голощекиндік партиялық тазалау науқанына алдымен іліккендердің бірі – қоғам және мемлекет қайраткері, Орал губерниясы мен Ақмола губерниясының прокуроры, Сырдария губерниясы орталық атқару комитетінің төрағасы болған, Қазақстандағы голощекиндік диктаторлық билікке тайсалмай ашық қарсы шыққан Ыдырыс Мұстамбаев болды. Ы.Мұстамбаевқа қарсы партиялық тексеру комиссиясы Нығмет Сырғабековтің басшылығымен 1929 жылдың 5 қыркүйегінде жүргізіліп, оған мынандай сұрақтар қойылады:
«1. Қоныс аудару мәселесіне байланысты сіздің күдігіңіздің нақты қорытындысы неде және күдігіңіздің негізі ретінде нақты нені алып отырсыз?
- Жергіліктендіру мәселесінде нақты сіз немен келіспейсіз және сіз нақты нені іске асыру қажет деп ұсыныс жасайсыз?
- Қазақ ұйымының өзінің өсуі, дамуы барысында топшылдық күрестің және партия жолынан ауытқудың қатпарларынан өтуін болмай қоймайтын заңдылық құбылыс деп есептейсіз бе?
- «Сәдуақасовшылдық» томаға-тұйық шаруашылықты мойындайсыз ба?
- Сіз байларды тәркілеуге қарсы болған кезіңізде тәркілеуді жүргізу бағытталған ауылдың әлеуметтік күйінің мүддесін қорғаудан басқа себептер болған жоқ па?
- Ұлтаралық қатынас мәселесіндегі басшылықтың дұрыстығына күдіктенуге қандай нақты дәлелдеріңіз бар?
- Бұрындары үш мәселе жөнінде тексеру кезіндегі сіздің айтуыңыз бойынша, сіз идеялық тұрғыдан оппозициямен неге жақындастыңыз, БК(б)П Орталық комитетіне жазған өтінішіңіз бойынша оппозициядан неге кеттіңіз? Қайда және қашан сіз партия бұқарасының алдында өзіңіздің бұрынғы оппозиция бағытыңызды әшкереледіңіз? «Сәдуақасовшылдықтың» оппозициямен идеялық байланысуының дәлелді себептері жөнінде айтыңыз.
- Сіз шамамен 1927 жылы ұйымдасқан түрде Сәдуақасовпен байланысыңызды үзгеніңізді айттыңыз, идеялық байланыс ісі және соңғы уақытқа дейінгі байланыс қандай жағдайда болды? (ҚРПА. 141-қ., 1-т., 2409-іс, 75-82 пп.).
Бұған дейін де, өзіне бірнеше рет сөгіс беріп, сынаққа сылтау іздеген себептермен партия қатарынан шығарып, негізсіз оңды-солды айыптауларға қарамастан Ыдырыс Мұстамбаев партиялық тазалау кезіндегі жоғарыда берілген сұрақтарға жауап бергенде «бұрынғы қателіктерім, адасуларым» деп кейбір саяси көзқарастан жұмсартып айтқанымен де, «Қазақ автономиясының және қазақ халқының саяси-экономикалық өміріндегі ең маңызды және өзекті мәселелер Қазақстандағы партиялық басшылық, жергіліктендіруді жүргізу және жер мәселесін жүргізуде күдігім бар» деп, алған бетінен қайтпады. Өйткені, дәл осы өзекті мәселелер бойынша бей-берекетсіздік пен шовинистік саясат көрінісі айқын білініп тұрған еді. Сондықтан, ол өз көзқарасынан таймай халқы үшін басын бәйгеге тігеді.
Голощекиндік «партиялық тазалаудан» өткен Ыдырыс Мұстамбаевқа тексеру комиссиясы: «Жолдас Мұстамбаев – идеологиялық мәні партияға буржуазиялық-ұлтшылдық әсер ету болып табылатын «Сәдуақасовшылдықтың» белсенді жетекшілерінің бірі. Ол Қазақстанға сырттан қоныс аударуға қарсы. Жергіліктендіру және ұлтаралық қатынас мәселелерінде оның ойынша жергіліктендіруді жүргізудің қарқыны баяу, ұлтаралық қатынаста шовинизмнің көріністері қарқын алып келеді. Оның «күдіктерінің» барлық түпкі тамыры бетін жасырған тікелей «сәдуақасовшылдық» болып табылады. Ол Қазақстандағы ұлттық саясаттың барлық мәселелері бойынша жетістіктерімізді және социалистік басшылықты саналы түрде көргісі келмейді», – деген қорытынды шығарады.
Өз ұлтының ұлт ретінде өмір сүруіндегі өзекті мәселелерді партиялық тазалау алдында ашық айтқан Ыдырыс Мұстамбаевқа деген сенімсіздік және оны ұлтшылдықпен айыптау одан әрі жүргізілді. 1929 жылы қыркүйектің 16 күні партиялық тазалау комиссиясының төрағасы болған, ұлтшылдарды анықтауда «белсенділігімен» көзге түскен Нығмет Сырғабекұлы Голощекиннің атына жазған қызметтік хатында партиялық тазалаудан өткен Ыдырыс Мұстамбаевтың ісіне қатысты былай деп жазады: «Филипп Исаевич! Сізге Мұстамбаевтың берген түсініктемесінің көшірмесін жіберіп отырмын. Тексеру комиссиясы оны партиядан шығарды, ячейка қолдады және округтік партиялық үштік бекітті. Менің ойымша, Мұстамбаевтың біздің қатарымызда бұдан былай да қалуына, оның ойдан шығарылған түрлі ақымақшылықтары мен «күдіктеріне» шыдауға болмайды. Сонымен қатар, арамыздан аластатылғанымен де, заңсыз түрде біздің партиямыздың мүшесі атын пайдаланып жүрген оның идеологы Сәдуақасовқа да шыдауға болмайды» ( ҚРПА. 141-қ., 1-т., 2409-іс, 69 п.). Нығмет Сырғабекұлының қызметтік хатынан ұлт мүддесін жоғары қойған қос қайраткер тұлғаның тағдырына үзілді-кесілді нүкте қоюға тырысуды байқау қиын емес. Бұл қайраткерлерге бұрыннан өшпенділігі бар Голощекинге керегі де осы еді.
Сонымен қатар, Нығмет Сырғабекұлының ұлтжанды қайраткерлерді «әшкерелеудегі» белсенді жұмысы тек Ыдырыс Мұстамбаевты айыптаумен ғана шектелген жоқ. Мәселен, С.Сәдуақасовқа қарсы баспасөз бетінде кең көлемде жүргізілген саяси айыптаулардың ұраншысы болып: «Сәдуақасовшылдықтың тарихына қарағанда, оның табиғи түріне қарағанда оны әсіресе біздің, Қазақстанның партия ұйымдары елеусіз тастауға болмайды», – деумен «Сәдуақасовшылдыққа» қарсы күрестегі аса белсенділігімен көзге түскен еді (Сырғабеков Н. Ұлтшылдық, Сәдуақасовшылдықпен күрес солғындамасын. Еңбекші қазақ. – 1929. – 16 қыркүйек).
САЯСАТКЕР ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕ ДЕ ГОЛОЩЕКИНДІ ҚОЛДАДЫ
Нығмет Сырғабекұлының қоғамдық-саяси қызметінің қайшылықты кезеңдерінің біріне – оның Егін шаруашылығы халық комиссариатындағы әртүрлі жауапты қызметтерді атқарған кезеңін де жатқызамыз. Ол ұрынған қайшылықтардың мәнін түсіну үшін, артқа шегіне жасап, мәселенің байыбын анықтай кеткеніміз жөн.
«Жер мәселесі – қазақтың тірі, я өлі болу мәселесі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жер қашанда халқымыздың өміріндегі басты мәселе болды. Сонау Ресей империясының отаршылдық саясаты салдарынан өз жерінен айырылған қазақ халқы кеңестік билік кезеңінде сол жерге қайта ие боламыз деген үміті оянғандай болғанымен, артынша-ақ оның алдамшы үміт екенін түсінді. Қазақ үкіметінің құрамындағы жер мәселесімен айналысқан Егін шаруашылығы комиссариатын басқарған наркомдар Әлиасқар Әлібеков және Жағыппар Сұлтанбековтердің кезінде Қазақстанда ушығып тұрған жер мәселесін шешу жолында біршама қадамдар жасалды. Ең алдымен жер телімдерінің нормаларын реттеу, қазақ жерлерінің құнарлығын әрі қазақ жерлерін жаппай егін шаруашылығына айналдырудың тиімділігін анықтау мақсатындағы арнайы зерттеулердің жүргізілуі бұл саладағы алғашқы қадамдар еді. Мәселен, Егін шаруашылығы комиссариатының арнайы шақыруымен Қазақстанға келген профессор С.Швецов бастаған ресейлік ғалымдар зерттеу жүргізіп, зерттеу нәтижесі бойынша 1926 жылы «Тұрмыстық және табиғи-тарихи жағдайдағы қазақтардың шаруашылығы. ҚазақАКСР-ға жерге орналастыру нормаларын әзірлеуге материалдар» атты еңбекті дайындады. Еңбекті Егін шаруашылығы халық комиссариаты баспадан шығарған. Еңбектегі «Қазақстанның тұрмысы және табиғаты» деген мақаласында ғалым С.Швецов былай деп жазды: «Су көздері мардымсыз жабайы кең далада адам тек мал шаруашылығымен айналыса алады, оның үстіне тек көшпелі шаруашылықпен. Малдың қалыптасқан қозғалысын бұзу қазақ халқын асырап отырған кең даланың құнарсыздануына алып келеді. Өйткені, бұл жерде шаруашылықтың басқаша түрін жүргізу мүмкін емес». Яғни, ғалымның тұжырымы бойынша, «Қазақстандағы көшпелі тұрмысты жою – қазақтардың шаруашылығын жоюмен қатар, кең даланы адам тұрғысыз шөл далаға айналдырады» деген ғылыми байлам жасалды. Ғалым жасаған батыл ғылыми тұжырым Қазақ даласын жаппай отырықшы шаруашылыққа айналдырудан және Ресейден орыс шаруаларын жаппай қоныс аударуға тосқауыл болды. Бірақ, бұл ғылыми тұжырым Ф.Голощекин бастаған ресейлік қолшоқпарларға және оны жер саясаты бойынша қос қолдап қолған өзіміздің асыра сілтеушілерге ұнаған жоқ. Олар атойлап қарсы шықты. Жаппай отырықшылыққа көшуді жақтағандар бұдан кейінгі жылдары өздерінің жұмысын кең майданда өрістетті.
1928 жылы 10 қыркүйек күні болған өлкелік партия комитетінің мәжілісінде орталық жер басқармасының бастығы ұлтжанды қайраткер Т.Жаманмұрынов орнынан алынып, оның орнына Н.Сырғабеков тағайындалды. Өз қызметіне кіріскен Нығмет Сырғабекұлы халқымыз үшін өмірлік жер мәселесінде Голощекинді қолдаушылардың бірі болды. Оның жер мәселесіндегі негізгі ұстанымы толығымен голощекиндік бағытпен тоғысып жатты. Партия конференцияларында, пленумдарында жасаған баяндамаларында және баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында жер мәселесін ұлттық сипатта емес, таптық сипатта шешуді жақтады. Ол «Ауыл шаруашылығы жөніндегі байшылдық қисындар мен зиянкестікке қарсы» деген мақаласында С.Швецов бастаған ресейлік ғалымдардың ауыл шаруашылығында қазақтардың қарапайым көшпелі қожалықтарын сақтаудың қажеттігі туралы ғылыми зерттеулерін сынға алды: «Осылай деп Швецов жазды, осылай деп Бөкейханұлы жырлады, мұны азырақ түсін ғана өзгертіңкіреп Смағұл Сәдуақасов секілділер сарнады. Оппортоншылар да осыны сандырақтап жүр», – деп жазады (Сырғабеков Н. Ауыл шаруашылығы жөніндегі байшылдық қисындар мен зиянкестікке қарсы. Қазақстан большевигі. – 1931. – №5. – 4-8 беттер). Яғни, тістегеннің аузында кетіп жатқан қасиетті қазақ жерлерін қайтсе де қорғап қалудың бір амалын қарастырып жатқан ұлтжанды қайраткерлердің іс-әрекетін «байшылдық», «ұлтшылдық» деп айыптады.
Нығмет Сырғабекұлының 1930 жылы «Жерге орналасу және отырықшылыққа айналу туралы» атты еңбегі жарық көрді. Еңбекте бұған дейінгі партия конференциялары мен пленумдарында айтылған Голощекиннің сөздерінен сілтемелер келтіре отырып: «Жолдас Голощекиннің бұл сөздерінің бір бөтені жоқ. Бәрі дұрыс. Оған дәлел, іс жүзіндегі соңғы екі жылдан бергі жүргізілген жер саясатының, жерге орналастырудың нәтижелері», деп оны толық қолдайды.
Нығмет Сырғабекұлы жер мәселесін сөз еткенде Ресей империясы кезіндегі ұлт саясатын да, жүргізілген жер саясатын да оның қазақ халқына тигізген зардаптарын ашып айтқанымен де, тура сол саясаттың кеңестік билік кезінде жүргізіліп отырғанын көргісі келмеді. Тап жауларына қарсы күрестегі еңбекші халықтың мүддесі деген ұранмен кеңестік жер саясатының туын көкке көтерді. «Қазақтың батырақ, кедей, орташаларының тап жауы – бай-жуандар. Олардың басшылары, қанат-құйрықтары – алашордашылдар, жеке ұлтшыл, көр соқыр қағылған-соғылғандар біздің шараларымызды не деп түсіндіреді? Қашан болса да тап дұшпаны, төңкеріс жауы өлерінде тал қармап, теріс ұғыныс, өсек, өтірік таратып жүргені анық», деп кеңес өкіметінің жер саясатын асыра мадақтады. Ал, шын мәнісінде, бұл кезеңде халқымызды алапат аштыққа ұрындырған сталиндік-голощекиндік ұжымдастырудың зардаптарының бастамасы көрініп қалған еді.
1930 жылы 13 мамыр күні өткен өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде Нығмет Сырғабекұлы ҚАКСР Халкомкеңесі жанындағы отырықшыландыру комитеті төрағасының орынбасары және Егін шаруашылығы халық комиссарының екінші орынбасары болып бекітілді. Отырықшыландыру комитетінің негізгі жұмысына отырықшылыққа көшіп, астық өсірумен айналысуға тиіс Қазақ аудандарындағы жұмыстарды ұйымдастыру болды. Ұжымдастыруды жүргізу барысында жіберілген өрескел қателіктер секілді, бұл отырықшылыққа көшіру жұмыстарының қателіктері де шаш етектен еді. Және бұл саясатты да голощекиндік әпербақандық науқанның бір көрінісі деп бағалауға болады. Бұл істе дайындықсыз, нақты белгіленген жоспарсыз жүргізілді. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі тұрмысын ескермей, бірден отырықшылыққа көшірудің қаншалықты зардабы болатынына «бас қатырмай» тұтас бір жүйені бұзуға кірісіп кетті. Бұл іске тікелей жауапты тұлғаның бірі – Нығмет Сырғабекұлы жер-жерлердегі отырықшыландыру жұмыстарымен танысқаннан кейін ашық түрде бұл мәселелерді Үкіметтің алдында көтерді. Нығмет Сырғабекұлы Үкімет төрағасы Ораз Исаевқа жазған хатында: «Отырықшыландыру мәселесіне шындап мән берілмей отыр. Бұл ұйымдардың ешқайсысы аймақтардағы отырықшыландыру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын нақты білмейді», – деп атап көрсетіп, отырықшыландыруды жүргізу жұмыстарымен айналысатын ұйымдардың дәрменсіздігін, ешқандайда жұмыстардың атқарылмағанын мойындауға мәжбүр болады. Айналып келгенде, елді жайлаған ашаршылықтың салдарынан жан-жақты бас сауғалап көшіп кетіп жатқан халық арасында отырықшылыққа көшу мәселесін ұйымдастыру бұл кезеңде тіпті де мүмкін емес еді.
ҚЫЗЫЛ ТЕРРОР ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН САЯСАТКЕР
1933 жылдың бас кезінде қазақ халқының алапат аштыққа ұшырауына тікелей жауапты адамдардың бірі – Голощекин орнынан алынғаннан кейін, оның орнына орталықтың шешімімен Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л.Мирзоян тағайындалды. Оның келуімен Қазақстан үкіметінің құрамында біршама ауыс-түйістер болып өтті. Сол жылдың қыркүйек айында Нығмет Сырғабекұлы Қазақ егін шаруашылығы халық комиссары болып сайланды. Өкінішке қарай, бұл қызмет оның өміріндегі соңғы қызметі еді. 1936 жылдың аяқ кезінен-ақ сонау Мәскеуден басталып, бүкіл Кеңестер елін қамтыған Қызыл террор кезінде Қазақстанда оған алғашқы болып іліккендердің қатарында Нығмет Сырғабекұлы да бар еді. Ол 1937 жылы 22 қазан күні контрреволюциялық буржуазиялық ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде қамауға алынады. Тура сол күні Л.Мирзоянның қатысуымен өткен өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде оны қызметінен алып, ісі НКВД-ға беру жөнінде шешім қабылданады.
Нығмет Сырғабекұлын тергеу ісі 1937 жылдың 30 қараша күні жүргізіліпті. Тергеу ісіне Ішкі істер халық комиссары Залиннің өзі де қатысқан. Тергеуші тарапынан берілген сұрақтарға жауап жиырма бес беттен тұрады. Онда Нығмет Сырғабекұлы 1933 жылдан бастап антисоветтік буржуазиялық ұлтшыл ұйымның мүшесі болғанын, ұйымға Ұ.Құлымбетов тартқанын, Қазақстанның ауыл шаруашылықты аудандарында Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлағанын және тағы да басқа аса ауыр «қылмыстарды» мойнына алады. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің тергеу істерімен танысқанымызда бір анық байқалатын мәселе – тергеушілер тарапынан қойылатын сұрақтардың да және оған берілген жауаптардың да бір-біріне өте қатты ұқсастығы. Яғни, сұрақтар мен жауаптары алдын ала дайындап, тек тергеушінің аты-жөнін ғана өзгертіп отырған секілді әсер қалдырады. Турасын айтқанда, «ауыр азаптап, мойындатқызды» дегеніміз шындыққа келеді.
Нығмет Сырғабекұлына қарсы қолдан ұйымдастырылған жалған айыптаулардан кейін, Ішкі істер халық комиссары Залиннің өзі бекіткен айыптау қорытындысы 1937 жылы 8 желтоқсанда шықты. Нығмет Сырғабекұлы РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтары бойынша айыпталып, онда Қазақ КСР аумағында антисоветтік, ұлтшыл, лаңкестік, тыңшылдық-диверсиялық ұйымның әшкерленгені, олардың мақсаты қарулы көтеріліс ұйымдастырып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкетіп, Жапонияның протекторатындағы буржуазиялық ұлтшыл қазақ мемлекетін құру сынды аса ауыр айыптар алға тартылып, жоғарыда келтірілген айыптаулар негізінде Нығмет Сырғабекұлына мынадай басты айыптар тағылады:
«1. 1933 жылдан бастап тұтқындалғанға дейін антисоветтік ұлтшыл ұйымдардың жетекші мүшелерінің бірі болып, Кеңес үкіметін құлатуға және Қазақстанды Кеңес одағынан бөліп алып, Жапонияның протекторатындағы буржуазиялық-демократиялық республика құруға бағытталған белсенді антисоветтік жұмыс жүргізді.
- Антисоветтік ұлтшыл ұйымның орталығының тапсырмасы бойынша 1933 жылы Шығыс Қазақстан облысында сол ұйымдардың бірінің бөлімшесін ұйымдастырып, ауыл шаруашылығында зиянкестік әрекеттер жасады.
- 1933 жылы ұйымның орталық басшылық құрамына кірді және Қазақстандағы кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырушылардың басшыларының бірі болды.
- Антисоветтік ұлтшыл ұйымдардың басшылары қатысқан бірнеше жиналысқа қатысып, террористік әрекеттерге байланысты мәселелерді талқылауға қатысты.
- Көтерілісті ұйымдастыратын мамандарды ұйымдастыруда үлкен жұмысты жүргізді және Қазақстанның аудандарында бірнеше көтеріліс ошақтарын құрды.
- Жеке өзі антисоветтік ұйымға бернеше адамдарды тартты.
- Ауыл шаруашылығы саласында белсенді бүлікшіл антисоветтік жұмыстарды жүргізді».
Заңдылық тәртіпті қадағалаушы органның өкілі 1-дәрежелі әскери заңгер Соколов айыптау қорытындысы шыққан күні-ақ іспен танысып, мынадай қаулы шығарады:
Қаулы
Мен, Қазақ НКВД шекара және ішкі әскерлерінің әскери прокуроры, 1-дәрежелі әскери заңгер Соколов, осы істі қарап, анықтадым:
Қазақ КСР НКВД антисоветтік, Кеңес өкіметін құлатуды және Қазақ КСР-ін КСРО-ден бөліп алып, Жапония протекторатындағы буржуазиялық мемлекет құруды мақсат еткен ұлтшыл ұйымды әшкерлеп, жойды.
Бұл ұйым кеңес халқына қарсы троцистік және оңшыл элементтермен байланыс жасап, ауыл шаруашылығы саласында зиянды жұмыс жүргізіп, көтеріліс ұйымдастыру және террористік актілер дайындаған. Кеңес өкіметі мен БК(б)П-ға қарсы үгіт-насихат таратқан, сондай-ақ Жапонияның барлау орындарымен байланыста болған.
Тергеу кезінде анықталғандай, Сырғабеков Нығметулла осы ұйымның белсенді мүшесі болған, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарда басшылық қызмет атқарып, ұжымдастыруға қарсы үгіт жүргізген, бай-кулактарды қолдап, олардың мүддесін қорғаған. Іс бойынша қылмыстық істер кодексінің 221-бабына сәйкес жасалып, қылмыстық әрекеті айқындалды.
Қаулы етемін:
- Сырғабеков Нығметулланы РКФСР қалмыстық кодексінің 58-бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтары бойынша КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасына сотқа беру.
- Істі НКВД арқылы КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасына жолдау (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Сырғабеков Н.С. айыптау бойынша. №11020 тергеу ісі, арх. 05694, 2 т., 165 п.).
1938 жылы 25 ақпанда істің ақ-қарасын анықтап жатудан алыс – сталиндік тоталитарлық жүйенің жан алғыш қасапшысы ретінде танылған КСРО әскери алқасының жоғарғы соты РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтары бойынша Нығмет Сырғабекұлына айып таға отырып, істі қорғаушысыз, айыптаушысыз және куәлерсіз қарап, ату жазасына кесу туралы шешім шығарады. Бар жан дүниесімен кеңестік билікке сенген және сол кеңестік жүйеге адал қызмет еткен ол сол кеңестік жүйенің нақақтан жабылған жаласының құрбаны болып кете барды.
1956 жылы өткен партиялық ХХ съезінен кейін басталған жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі үлкен саяси дүмпуден кейін саясаткердің асыл жары Бибіжамал Бақшилованың 1956 жылы 30 шілде күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің алқасына және тағы да басқа жоғары органдарға күйеуін ақтау жөніндегі шағым арыздарынан кейін оның ісін қайта қарау жөніндегі жұмыстар басталды. 1957 жылы қазан айында Нығмет Сырғабекұлының ісін қараған әскери прокурор, әділет полковнигі Лукьянов оған тағылған айыптаулардың заңдық тұрғыдан әділеттілігін қарастыра отырып, онымен бірге қызметтес болған куәлердің жауаптарын есепке ала келе Нығмет Сырғабекұлына тағылған «ауыл шаруашылығында кеңес өкіметіне қарсы ірі зиянкестік әрекеттер жүргізді» деген және басқа да айыптаулардың ешқандай да шындыққа сәйкес келмейтіндігін анықтап, істе қылмыстың жоқтығына байланысты бұрынғы айыптаулардың күшін жою жөнінде істі қайта қарауды КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының қарауына жібереді.
КСРО Жоғарғы әскери алқасының соты 1958 жылы 13 ақпан күні өткен мәжілісінде бұрынғы Егін шаруашылығы халық комиссары Нығмет Сырғабековтің ісін қарап, бас әскери прокурордың қорытындысын негізге ала отырып, ашылған жаңа жағдайларға және құрамында қылмыстың жоқтығына байланысты Нығмет Сырғабековке қатысты 1938 жылы 25 ақпандағы КСРО Жоғарғы әскери алқасының үкімін жою жөнінде шешім шығарады. Осылайша, араға жылдар салып барып, саясаткердің есімі ақталған еді.
Нығмет Сырғабекұлының жанұясына тоқтала кететін болсақ, оның жары Бибіжамал Бақшилова күйеуі сотталып кеткеннен кейін «Халық жауының» жары ретінде айыпталып, сотталады. Жазасын 1938-1946 жылдар аралығында Ақмола облысындағы №26 лагерьде (халық арасында АЛЖИР аталып кеткен, – Д.С.) өтейді. Артында қалған Нариман, Роза, Екпін атты перзенттерін Бибіжамал апамыз өзінің сіңлілерінің қарауына жіберіп, аман алып қалады. Перзенттерінің кенжесі Екпін ол кезде 3 жаста болған. Апамыз сотталып кеткеннен кейін олардың перзенттерін балалар үйіне жібергенде, олардың күндерінің не болатынын ойлаудың өзі қиын. Өйткені, бұл балалар үйі деп аталған түрме іспеттес үйлерде «Халық жауының» балаларына қандай көзқарас болғаны белгілі.
Бибіжамал апамыз жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін жазықсыз сотталған күйеуі Нығмет Сырғабекұлын ақтау және оның сотталып кеткеннен кейінгі тағдыры не болғанын білу мақсатында Қазақ КСР ішкі істер министрлігіне, КСРО әскери трибуналына арызданып көп ізденеді. Тоталитарлық жүйенің НКВД-КГБ, прокуратура, сот сынды бірлескен қандықол жүйелері өздерінің қылмыстарын жасыру үшін Бибіжамал апамызға 1956 жылы шілде айында Нығмет Сырғабеков 1943 жылы 13 шілдеде мерзімін өтеу кезінде қайтыс болды деген қолдан жасалған жалған құжат берген. Соңғы жылдарға дейін осы құжатқа сүйенген саясаткердің ұрпақтары шынайы шындыққа көз жеткізе алмай келді.
Нығмет Сырғабекұлының жеке тұлғасы қарама-қайшылықты. Оның қоғамдық-саяси қызметі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы елімізде болған күрделі тарихи оқиғалармен қабаттаса өрбіді. Саясаткердің жеке тұлғалық өмірінде жетістіктерімен қатар кемшіліктер болғанын да атап өтуге тиістіміз. Әсіресе, қазақ халқына үлкен қайғы-қасірет әкелген сталиндік-голощекиндік тоталитарлық жүйенің ұжымдастыру саясаты мен ұлт қайраткерлеріне қарсы жүргізілген қуғын-сүргін кезеңіндегі таптық күресті ту етіп, әкімшіл-әміршіл жүйені қолдаушылардың бірі болғанын өкінішпен айтамыз. Ең бастысы, саясаткердің өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметін қарастыра отырып, объективті түрді оқырман қауымға жеткізу болып табылады.
Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.











