Ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттің мызғымас тірегі

0
53
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Ұлттық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің берік негізі. Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан геосаяси өзгерістер, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және ұйымдасқан қылмыстың жаңа әрі күрделі түрлерінің көбеюі ұлттық мүддені қорғау мәселесін бұрынғыдан да өткір күн тәртібіне шығарып отыр. Терроризм, сыбайлас жемқорлық, есірткінің заңсыз айналымы, адам саудасы, киберқылмыс және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру сияқты қатерлер қоғамның қауіпсіздігіне ғана емес, мемлекеттің орнықты дамуына да елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан, мұндай сын-қатерлерге қарсы тұру құқықтық жүйені үздіксіз жетілдіруді, құқық қорғау органдарының әлеуетін нығайтуды және қылмыстың алдын алудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды талап етеді.

Осы орайда белгілі заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Шекішұлы Қоғамовтың айтар ойы қашанда маңызға ие.

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ БЕРІК ҚАЛҚАНЫ

Марат Қоғамов ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қай кезде де мемлекеттің ең басты басымдығы болып қала беретінін айтады. Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздіктің ахуалына қылмысқа қарсы күрестің, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа, есірткінің заңсыз айналымына, адам және қару саудасына қарсы іс-қимылдың төмен тиімділігі елеулі әсер етуі мүмкін екені даусыз. Мұндай қылмыстардың ауқымын мынадай деректер айқын аңғартады: 2025 жылдың қыркүйегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операция жүргізіп, Алматы қаласында Қазақстан тарихындағы әрі әлемдегі ең ірі біржолғы партиялардың бірі саналатын 13 тонна 183 келі кокаин тәркіледі. Сонымен қатар, 2023 жылы мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заңдар топтамасын іске асыру барысында қылмыстық жолмен алынған бір триллион теңгеден астам мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған қоса заңсыз табыс иелеріне бес триллион теңгеден астам көлемде әлеуметтік міндеттемелер жүктелді.

Осы көрсеткіштердің өзі-ақ ұйымдасқан қылмыс пен оның түрлі нысандарының мемлекет ұлттық қауіпсіздігіне қаншалықты зор қатер төндіретінін айқын көрсететін айтады Марат Шекішұлы. Бұл тұжырымды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі деректері де растайды. Мәселен, 2023 жылы тіркелген 140 272 қылмыстың 6 184-і адамдар тобы арқылы жасалған болса, оның ішінде тек ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауға бағытталған ұйымдасқан қылмыстық топтардың үлесіне 184 дерек тиесілі болды. 2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 132 778 / 6 602 / 417 болса, 2025 жылы 123 990 / 7 309 / 362 деңгейіне жетті.

Бұл мәліметтер қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданыстағы заңнама мен оны қолдану тәжірибесі жоғары технологияларды кеңінен пайдаланатын қазіргі заманғы қылмыстық әрекеттердің ауқымы мен күрделілігіне әлі де толыққанды әрі пәрменді түрде тосқауыл қоя алмай отырғанын аңғартады.

Марат Қоғамовтың айтуынша, соған қарамастан мемлекет бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдар жасап келеді. Мәселен, өткен жылы Қылмыстық-процестік кодекске қылмыстық процестің жаңа тетігі – қатар жүргізілетін қаржылық тергеп-тексеру институты енгізілді. Бұл институт сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүзеге асырылатын кешенді шараларды қамтиды. Оның мақсаты – Қылмыстық кодекстің 48-бабына сәйкес тәркіленуге жататын мүліктің заңсыз жолмен алынғанын дәлелдейтін мән-жайларды анықтау, зерттеу және әшкерелеу, сондай-ақ қылмыстық активтерді жасыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау, заңсыз кірістердің қозғалысын бақылау, оларды бұғаттау, тәркілеу немесе заңды иелеріне қайтару жөніндегі шараларды жүзеге асыру. Бір сөзбен айтқанда, бұл қылмыстық процестегі жаңа құқықтық құрал қылмыскерлерді қоғамдық қауіпті әрекеттерді жасауға мүмкіндік беретін материалдық негізден айыруды көздейді.

Марат Шекішұлы мұның өзі жеткіліксіз екенін жасырмады. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылданса, қылмыстық сот төрелігінің тиімділігі едәуір артар еді. Мұндай заң халықаралық қауымдастық аса қауіпті деп таныған ұйымдасқан қылмыстың барлық түрлерін қамтып, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларымен өзара үйлесім табуы қажет. Сондай-ақ, онда аса қауіпті қылмыстық әрекеттерді тергеп-тексерудің арнайы құқықтық тетіктері айқындалуға тиіс. Бұл қоғам мен мемлекеттің қылмыстың алдын алу әлеуетін күшейтіп, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырады. «Бұған бізді Біріккен Ұлттар Ұйымының 2000 жылғы Ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы конвенциясының қағидалары да міндеттейді», – дейді М. Қоғамов.

ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІН ДЕ ЕСКЕРУ МАҢЫЗДЫ

Марат Шекішұлының айтуынша, бұл мәселеде шет мемлекеттердің тәжірибесін де ескерудің маңызы зор. Көптеген ел ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін арнайы заңдар арқылы реттейді. Автордың 2005-2011 жылдары АҚШ пен Италияда жүргізген ғылыми зерттеулері осы елдердің заңнамасы кешенді тәсілге негізделгенін көрсетті. Мұндай жүйе қылмысты тікелей орындаушыларды ғана емес, оны ұйымдастырушыларды да жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

Мәселен, АҚШ-тағы негізгі құқықтық актілердің бірі – 1970 жылы қабылданған RICO заңы. Ол рэкетпен және сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған қылмыстық ұйымдармен күресуге бағытталған. Бұдан бөлек, ақшаны жылыстатуға және жемқорлыққа қарсы заңдар да маңызды рөл атқарады. Италияда да мафияға қарсы заңнаманың тиімді жүйесі қалыптасқан. Соның ішінде 1965 жылдан бастап қабылданған, кейін 1982, 1991, 1992, 1994, 1996 және 2008-2011 жылдары толықтырылған Антимафиялық заңдар кодексі күні бүгінге дейін табысты қолданылып келеді.

«Осы бірегей халықаралық тәжірибеге қатысты, оның ішінде заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару және оларды құқықтық тұрғыдан реттеу жөніндегі менің ұсынымдарым 2023 жылы қабылданған тиісті заңдарды әзірлеу барысында ескерілді», – дейді Марат Шекішұлы.

Оның айтуынша, Қылмысқа қарсы тиімді заңнама, ең алдымен, қуатты әрі үйлесімді жұмыс істейтін құқық қорғау жүйесіне сүйенуге тиіс. Бүгінде бұл жүйенің негізін Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Қаржылық мониторинг агенттігі құрайды. Жалпы алғанда, олардың ұйымдық құрылымы елдегі қылмыс деңгейіне қарсы тұруға жеткілікті деуге болады. Дегенмен, «Заң және тәртіп» қағидатын толық жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдарының құқықтық, материалдық-техникалық және технологиялық әлеуетін үздіксіз әрі жүйелі түрде күшейте беру қажет.

Марат Шекішұлы кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тергеу комитеті жинақтаған тәжірибені де назардан тыс қалдырмаған жөн екенін айтады. Ірі тергеу-оперативтік құрылым ретінде қалыптасқан бұл тәжірибе бүгінде экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл мысалында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметінде өз жалғасын тапқан. Белгілі бір дәрежеде негізгі және қосалқы функциялардың арақатынасы тұрғысынан бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өкілеттіктердің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілуі арқылы да көрініс тапты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіруді қажет ететін аса маңызды мемлекеттік міндет. Қазіргі заманның сан қырлы қауіп-қатерлері мемлекеттен батыл шешімдер қабылдауды, қылмысқа қарсы күрестің құқықтық тетіктерін жетілдіруді және құқық қорғау органдарының әлеуетін ұдайы нығайтуды талап етеді. Әсіресе, ұйымдасқан қылмысқа қарсы тиімді іс-қимыл жасау, заңнаманы заман талабына бейімдеу және құқық үстемдігін орнықтыру – ұлттық мүддені қорғаудың басты кепілі. Заң мен тәртіпке негізделген жүйелі мемлекеттік саясат қана қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, елдің тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатының артуына және Қазақстан Республикасының қауіпсіз әрі қуатты мемлекет ретінде өркендеуіне берік негіз қалайды.

 Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here