Жалғассын бейбіт өмір, жарқын заман

0
31

Ойраттармен болған ұлт-азаттық күресте қазақ қолын басқарған аруақты ерлердің бірі – әйгілі жырау Ақтамберді Сарыұлы туралы толғау.

Жоңғарлар тұтқиылдан шапқанда елді,
Аруақты ер, атқа қонған Ақтамберді.
Бойында Аягөздің атойлады ол,
Ойнатып астындағы ақтаңкерді.
Күркіреп күндей дауысы жырын толғап,
«Қазағым, жауға қарсы аттан», – деді.
Жыраудың соңына еріп жырынды ерлер,
Шаңдатып, қайыстыра шапқан белді.
Екі жақ екпіндеген бетпе-бет кеп,
Суғарған қанмен тыныш жатқан жерді.
Қазақтар алғашқыда басым болып,
Желпінтер жеңіс кілтін тапқан да еді.
Амал не үшінші күн дегенінде,
Түсерін білмеген-ді қақпанға енді.
Жау жағы жасырыпты «Жазайылын»,
Қалқа-ғып қалың ағаш жапқан жерді.

Жарлауыт «Жазайылды» орнатқан жер,
Сол ара қазақтарды сорлатқан жер.
Қалың тал көлегейлеп тұрғаннан соң,
Басында байқалмаған ол жатқан жер.
Қалмақтар қашқан болып, қазақ қуып,
Жүйрікпен жүйтки шауып самғатқан-ды ел.
Мұндайда мұрсат барма сақтануға,
Шайнады тек артынан бармақтарды ер.
Оғынан «Жазайылдың» оққа ұшып,
Басында түк түсінбей таңғалып қалды ел,
Қалмақтар және жарды қалқа қылып,
Қазақты қадап атып қандатқан жер.
Қалдырмай оққа ұшқанды алып шығып,
Көл болып көз жастары зарлап қалды ел.
Атанған содан бері «Еңірекей»,
Ерлерді құшағына ап жатқан жер.

Ол ара «Ащысудың» арнасы аққан,
Оның да кей жерлері жарқабақтан.
Ағыны қатты бірақ өзен емес,
Жиналған қар сулары әр қабақтан.
Көз болса кей жерінде бар да шығар,
Бұрқылдап баяу ғана қайнап жатқан.
Бойында осы өзеннің бір кездері,
Сарбаздар елестейді жайрап жатқан.
Солардың жараларын жуған кезде,
Өзен суы дейді жұрт қан боп аққан.
Еңіреген бабалар сонда оларды,
Күңіреніп шетінен жерлеп жатқан.
Жасырынып күн бұлтқа, ай қорғалап,
Ауып түсіп жатты ерлер мінген аттан.
Шайқастарда ел үшін жанын қиған,
Бабалардың ерлігі бізге мақтан.

Сақтанса олар осылай арандай ма,
Қайдан бірақ табанда табар айла.
Отыз мың қол басында Әбілқайыр,
Қайып хан мен болды онда Қабанбай да.
Ақтамберді, Бөгенбай басқалары,
Бір ауызды болса олар жан алмай ма?
Амал қанша береке жетіспепті,
Содан барып ұрынған жаман жайға.
Жоңғарлармен соғыста сонау жылдар,
Сабақ болды бұл шайқас талайларға.
Орыс қанша қалмақты қолдағанмен,
Бұдан кейін тапты оған амал айла.
Аса қиын сәттерде Абылай хан,
Ақтамберді, Жәнібек, Қабанбайға.
Арқа сүйеп басқа да бағыландарға,
Қолдана алды сын сәтте қамал қайла.

Осылай 1718 жыл жазындағы,
Оқиға тарауихқа жазылған-ды.
Қаншама оғыланынан айырылып,
Қайран ел күңіренді қазыналы.
От қарудан оққа ұшқан оғыландарға,
Белгісіз қанша көрлер қазылғаны.
Осындай көк бөрінің ұрпағының,
Жарасы көпке дейін жазылмады.
Өтіпті содан бері қаншама жыл,
Орыны оңай емес табылмағы.
Бүгінде мүрде тегіс жер боп кеткен,
Еңірекей жерінің маңындағы.
Ал оған бір ескерткіш орнатқан жөн,
Ұрпаққа үлгі болар танымдағы.
Ол енді бабаларға құрмет қой,
Тәуелсіз еліміздің таңындағы!

Арада бес жыл уақыт өткенінде,
Көк өзек 1723-тің көктемінде.
Қалмақтар қайта шапты қазақ жерін,
Құйылып қалың қолмен төңкеріле.
Сол жылы ақсөңке жұт болған еді,
Белгілі жұртқа ауырлық еткені де.
Көктемнің бірде киіз, бірде мүйіз,
Ерекше болды ызғарлы өкпегі де.
Баршаға мұндай кезде белгілі жай,
Мал-жанның күйісі әбден кеткені де.
Дегенмен қайсар халық қаһарланып,
Мінген-ді буырқанып кектеріне.
Солардың тобын бастап Ақтамберді,
Тарих куә атойлап өткеніне.
Міне осындай береке-бірлікпенен,
Бөктеріліп кетпеді ел бөктергіде.

Қарап қалай ондайда ер тұра алады,
Ұрандап, әр қиырдан құралады.
Жөңкіле шапқан жаудың беті жаман,
Белгісіз қанша ұстап тұра алары.
Айқасты қайран ерлер аянбастан,
Сайма-сай болмаса да құралы әлі.
Мұндайда босқан халық байыз тауып,
Бір сәтке қалай ғана тына алады?!.
Жөңкіліп бара жатып батыс жаққа,
Құдайдан басқа амандық сұрағаны.
Белгілі бүгін бізге сол жылдарда,
Көл қылып көз жасын ел бұлағаны.
«Ақтабан шұбырынды» деген осы, –
«Алқакөл бастан кешкен сұламалы».
Қожаберген жыраудан сол күндерде,
Әйгілі «Елім-айдай» мұра қалды.

Ал енді сол бір сойқан арпалыста,
Қалған жоқ Ақтамберді қалтарыста.
Жүрді ол жел өтінде, ел шетінде,
Қаһарлы қатуланған буырқаныста.
Кес-кестеп жаудың алдын бөгеп жүрді,
Көрсетіп ерен ерлік әр соғыста.
Жалтарып жаудан қашпай шайқасты ол,
Қылаудай дақ түсірмей ар-намысқа.
Ондайда ылғида аман шығатұғын,
Қисапсыз қидаласқан қан шабыста.
Батырдың батыры еді ол арыстандай,
Тап басып ұратұғын талма тұсқа.
Жарқылдап жаудың шебін жарып өтіп,
Қалмақты қалдыратын таңданыста.
Осындай ерлері бар біздің халық,
Түспеді қиын кезде дағдарысқа.

Жыраудың арманы ерен асқақ еді,
Қыран самғау ол енді асқар еді.
Қиялдап кеткен кезде тебіреніп,
Іңкәрлік көкірегінде тасқан еді.
Ондайда жыр толғатып, күй тербетіп,
Ел-жұртын жақсылыққа бастап еді.
Ақыры жетті жырау арманына,
Халқының бақыт қонды бастарына.
«Алғадайдың жонына қой сыймады»,
Әнге басқан боз торғай аспанында.
«Көк алалы көп жылқы көлде жусап»,
Жұрт мінді түрлі тұлпар астарына.
Жүк түсіп түйелердің арқасынан,
Тербелді пойыздардың құрамында.
Ел-жұрты ең бастысы қоныстанды,
Ежелгі егін салған алқабында.

Әйгілі ақын-жырау, батыр бабам,
Өзгеше қымбат сенің нарқың маған.
Қолыңа он жетіңде қару алып,
Сайыстың қан майданда сатырлаған.
Қызғыштай туған жерді қорғадыңда,
Орнаттың қас жауыңа ақыр заман.
Осындай ерлігіңді еске алсам,
Рухтанып өз-өзімнен батылданам.
Сондағы жан аямай қорғап қалған,
Ата жұрт, жатыр аман, алтын далаң.
Сол жерде өсіп-өніп ұрпағымен,
Баяшат сүруде өмір халқың да аман.
«Құндызды», «Жүрек адыр» жеріндегі,
Самалда сартап болып салқындаған.
Аруағыңмен қолдай бер батыр баба,
Жалғассын бейбіт өмір, жарқын заман!

Ақаш КӨКСЕГЕН.

Аягөз – Құндызды – Аягөз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here