Қазақ руханиятының тарихында тағдырын бір ұлы есіммен тұтастырған, бүкіл саналы ғұмырын сол мұраға қызмет етуге арнаған тұлғалар сирек. Сол сиректің бірі – ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург, ақын, аудармашы Қайым Мұхамедханұлы. Оның өмір жолы – ғылым жолындағы табанды ізденістің ғана емес, азаматтық ерліктің, рухани беріктіктің айқын көрінісі. Қайым үшін Абай – зерттеу объектісі емес, өмірлік темірқазық, ар-ұждан өлшемі, ұлттық болмыстың асқақ биігі болды.
Қайым Мұхамедханұлы XX ғасырдың аса күрделі кезеңінде өмір сүрді. Бұл дәуір қазақ зиялылары үшін үнемі қауіп пен күдікке толы болды. Ұлт тарихын, рухани мұрасын зерттеу саяси айыптауға оңай айналатын. Осындай жағдайда Қайым Абай мұрасын зерттеуге белсене кірісті. Ол Абайдың әдеби ортасын, ақын шәкірттерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, жүйелі түрде зерттеген алғашқы ғалым болды. Шәкәрім, Көкбай, Уәйіс, Ақылбай, Мағауия, Әріп сынды тұлғаларды Абай мектебінің өкілдері ретінде танытуы – сол кезеңдегі үстем идеологияға ашық қарсы шыққан ғылыми батылдық еді.
Кеңестік саясат Абайды «жалғыз дара» тұлға ретінде көрсеткісі келді, оның айналасындағы рухани ортаны мойындамады. Ал Қайым тарихи ақиқаттан айнымады. Ол архив деректеріне, ауызша тарихқа, жазба мұраларға сүйене отырып, Абайдың әдеби мектебі болғанын дәлелдеді. Бұл ұстанымы үшін ол қудалауға ұшырады, қызметінен қуылды, ғылыми атақтарынан айырылды. Ақыры 1951 жылы тұтқындалып, 25 жылға сотталып, НКВД түрмелері мен Карлагтың азабын тартты.
Түрме мен лагерьдегі жылдар Қайым Мұхамедханұлының рухын сындыра алмады. Қайта оның ішкі беріктігін айқындады. Сол ауыр кезеңде ол өлең жазды, аудармамен айналысты, ой еңбегін тоқтатпады. «Туған ел – алтын бесік», «Балаларыма», «Жұбайым Фархинұрға», «Отырдық тар қапаста күнді санап» сияқты өлеңдері – ғалымның темір тордың ар жағында отырып та рухынан айырылмағанының дәлелі. Ол «Абай мектебінен бас тарт» деген талапқа ешқашан келіскен жоқ. Бұл – Қайым Мұхамедханұлының азаматтық болмысының ең биік көрінісі.
Ғалымның Абайға сіңірген еңбегінің ең ірілерінің бірі — текстология саласындағы қызметі. Ол Абай өлеңдерінің түпнұсқасын қалпына келтіріп, әр жолын, әр сөзін ғылыми сүзгіден өткізді. Кеңес кезеңінде түрлі идеологиялық себептермен бұрмаланған, өзгеріске ұшыраған өлең жолдарын салыстырып, шынайы мәтінін анықтады. Академик Рәбиға Сыздықтың «Абай текстологиясының кілтін алғаш ашқан Қайым Мұхамедханұлы» деуі – осы еңбектің әділ бағасы.
Сонымен қатар Қайым Мұхамедханұлы бұрын белгісіз болып келген Абайдың 31 өлеңін тауып, олардың ақынға тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұл өлеңдер 1945 жылдан бастап Абай шығармаларының жинақтарына енгізілді. Бұл – абайтану ғылымындағы аса ірі жаңалықтардың бірі. Ғалым Абайдың әрбір сөзіне, әрбір ұғымына жауапкершілікпен қарап, ойшыл мұрасының тазалығын сақтауды өмірлік міндетіне айналдырды.
Қайым Мұхамедханұлы Абай энциклопедиясын жасауға да үлкен үлес қосты. Энциклопедияның құрылымын айқындап, енгізілуі тиіс материалдардың ауқымды тізімін жасады, көптеген ғылыми мақалалар жазды. Сонымен қатар Абайдың шежіресін жүйелеп, оның барлық ұрпақтарының тізбегін құрып шықты. Абайдың орыс достары – Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьевтер жөнінде тың деректер тауып, олардың Семей тарихындағы орнына терең ғылыми талдау жасады.
Қайым Мұхамедханұлының Абай музейіне сіңірген еңбегі – өз алдына бір үлкен тарих. 1930 жылдардың соңы мен 1950 жылдар аралығында Абай мұрасын жинау мақсатында жүргізілген экспедициялар барысында Қайым Мұхамедханұлы 500-ден астам құнды жәдігерді анықтап, жинақтады. Бұл – Абайға және оның айналасына қатысты жеке заттар, тұрмыстық бұйымдар, жиһаздар, сирек қолжазбалар мен кітаптар. Осы құнды дүниелердің негізінде 1940 жылы Семей қаласында қазақ даласындағы алғашқы Абай музейі ашылды. Бұл музейдің ғылыми іргетасын қалаушылардың бірі әрі негізгі ұйымдастырушысы – Қайым Мұхамедханұлы болды.
Музейдегі директорлық қызметі – жай әкімшілік міндет емес, ғылым мен ұлт мүддесі тоғысқан жауапты кезең болды. Ол музейге аға ғылыми қызметкер ретінде келіп, жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметін қатар алып жүрді. 1947 жылы Абай музейі ҚазССР Ғылым академиясының қарамағына өткен тұста ғылыми бағыттың үзіліп қалмауы аса маңызды еді. Осы жауапты сәтте Академия президенті Қаныш Сәтпаевтың арнайы бұйрығымен Қайым Мұхамедханұлы музей директоры болып тағайындалып, 1951 жылғы репрессияға дейін осы қызметті атқарды.
Профессор Есмағамбет Исмаиловтың бағалауынша, Қ.Мұхамедханұлы Абай музейін алғашқы ұйымдастырушылардың және ғылыми қызметкерлердің бірі ретінде ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдарын айқындап, музей кітапханасы мен қолжазба қорын жүйелі түрде толықтырды. Сол жылдары музей залдарынан Абайдың ата-аналарының, айналасындағы тұлғалардың, ақын шәкірттері мен ізбасарларының портреттері, сирек шығыс кітаптары мен қолжазбалары орын алды. Бұл – Абай дәуірінің рухани кеңістігін тұтастай көрсетуге бағытталған ғылыми ұстаным еді.
Қайым Мұхамедханұлы музей жұмысы барысында Абай ұрпақтарымен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болды. Ақын әулетінің өкілдерімен арадағы бұл байланыс ғылыми ғана емес, рухани сипат алды. Абай ұрпақтарының музейге келуі, естеліктер айтуы, фотосуреттерге түсуі Қайымның тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асты. Сол тарихи сәттерді айғақтайтын фотосуреттер бүгінгі күні Абай музейінің қорында сақтаулы. Бұл деректер Қайым Мұхамедханұлының Абай мұрасын кабинеттен емес, тірі тұлғалармен, ұрпақ сабақтастығымен бірге зерттегенін дәлелдейді.
Карлагтан кейін ресми түрде музейде қызмет атқармаса да, ол өмірінің соңына дейін Абай музейімен тығыз байланыста болды. Күн сайын дерлік хабарласып, кеңес беріп, өз архивіндегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды музей қорына табыстады. Сондықтан да музейдегі әрбір жәдігер, әрбір құжат пен әрбір суреттен Қайым Мұхамедханұлының жанкешті еңбегі мен Абайға деген шексіз адалдығы сезіледі.
Қайым Мұхамедханұлы – ұлағатты ұстаз. Ол Семей педагогикалық институтында елу жылдан астам уақыт дәріс оқып, жалпы алғанда алпыс жылға жуық педагогикалық еңбек атқарды. Оның шәкірттері – ғалымдар, жазушылар, ақындар, мемлекет және мәдениет қайраткерлері. Ол жастарға тек білім беріп қана қойған жоқ, ар тазалығын, рухани жауапкершілікті үйретті. Қайым мектебі – адалдық мектебі болды.
Бүгінде Семей шаһарының әр көшесі, әр тарихи орны Қайым Мұхамедханұлын еске салады. Оның есімі Абай атымен қатар аталады. Бұл – кездейсоқтық емес, тағдырдың өзі жасаған рухани тұтастық. Қайым бар жерде Абай бар, Абай бар жерде Қайымның ізі сайрап жатыр. Жыл сайын қақаған қыстың аязына қарамастан, ғалымның туған күнінде шәкірттері мен кейінгі буын өкілдері ғалымның рухына тағзым етеді. Бұл – құрметтің ғана емес, рухани сабақтастықтың белгісі.
Қайым Мұхамедханұлының ғұмыры – Абай үшін күреспен өткен ғұмыр. Ол Абайды қорғау арқылы ұлттың рухани тұтастығын қорғады. Қанша қысым көрсе де, қанша азап тартса да, Абайдан бас тартпады. Сондықтан да Қайым Мұхамедханұлының есімі қазақ руханияты тарихында Абай атымен қатар атала береді.
Дильназ Ғалымбек,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
музей-қорығының экспозиция және көрме
ұйымдастыру бөлімінің редактор-маманы











