Тұңғышбай Жаманқұлов: «Әкімдерді мақтап мал табуға болмайды»

0
5458

ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты актер, режиссер, педагог Тұңғышбай Жаманқұлов Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына шығармашылық жұмыс бабымен келген еді. Алдағы мамыр айында қостанайлық көрерменнің назарына «Қазақтарды» ұсынғалы отырған Тұңғышбай Жаманқұловпен жолығып, отандық театрлардың жай-күйі, кинематография саласының жағдайы және өнердегі өзекті мәселелер туралы сұрадық.

– Тұңғышбай аға, Қостанайда алғаш қазақ драма театры ашылған тұста аяққа тұрып кетуіне көмектескендердің бірі – Өзіңіз. Сол уақытта шәкірттеріңіздің де біразы Қостанайға келіп жұмыс істеуге кірісті емес пе?

Қостанай театрымен менің ерекше шығармашылық байланысым бар. Кезінде театр ашылатын сәтте Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған менің шәкірттерім түгел атсалысты. Кейін Арқалықтағы актерлер келіп қосылды. Өнер ордасына Ілияс Омаровтың аты беріліп, жаңа театрда фестивальдер ұйымдастырылды.  Содан бері шығармашылық достық үзілген жоқ, жалғасын табуда. Осы жолғы сапарым да арадағы байланысты нығайтуға бағытталып отыр. Театр басшысы, өзімнің шәкіртім Әлімхан Мырзахан хабарласып, театр репертуарына ұлтымыздың тарихы, мемлекеттіліктің бастау алған кезеңдері сипатталатын, ата-бабамыздың дәстүрі мен тұрмысын баяндайтын қойылым енгізсек деп ұсыныс білдірді. Сол сәтте менің ойыма бірден Қалихан Ысқақ ағамызбенен марқұм Шахимардан Құсайынов жазған «Қазақтар» пьесасы есіме түсті. Мен кезінде бұл пьесамен жұмыс істегенмін. Өйткені, өзім тапсырыс беріп жаздырып едім. Сондықтан осы шығарманы қостанайлық көрермен назарына ұсынайын деп шештім. «Қазақтар» пьесасында қазақ хандығының тарихы, ата-бабамыздың аманат еткен өсиеттері туралы баяндалады.

Қостанайға уағдаласқан уақыттан кешігіп келіп отырмын. Қазіргі таңда «Қасым хан» деген киноға түсіп жатырмын. Мен келгенше труппа пьесаның сөздерін жаттап, декорацияны әзірлеп қойған екен. Қазір сахналық дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл менің Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының қоржынына қосқан сүйекті туындым болады деп сенемін. Қойылымды мамырдың алғашқы он күндігінде көрермен назарына ұсынамыз деп жоспарлап отырмыз.

– Театр ұжымына берер бағаңыз?

Байқауымша, актерлік труппа жаңарған. Талантты қыз-жігіттер келген. Менің көңілім толып отыр. Тәжірибе әртүрлі рөлдерді сомдау арқылы бірте-бірте жиналады. Жалпы труппаның негізгі шығармашылық қайнар көзі өте мықты. Сондай-ақ, мұндағы актерлердің барлығы театрды шын жақсы көретіндігін аңғартты. Қойылымға қатысып, рөл сомдауды қалап, армандап жүрген қыздар мен жігіттердің болғанына өте қуаныштымын.

– Қазақ киносының бүгінгі аяқ алысы қалай? Жеңіл-желпі кинолар экранды жаулап алған жоқ па? 

Күдігің өте орынды. «Қазақ киносы қазір дертті» деп талай айтып та, жазып та жүрмін. Біздің киностудия сапалы шығармаларды түсіре алмай жүргені рас. Ал, сериалдарды киностудия емес, телеарналар түсіреді. Оларда нақты, мықты кадрлар, режиссура жоқ. Актерлерді көшеден ала салғандықтан, шала дүние шығады. Қазір киностудияға Ақан Сатаев деген бауырымыз басшы болып орнықты. Ол жігіт өте үлкен, жақсы фильмдер түсіріп жүрген жігіт. Болашақта үмітіміз зор. Қазір ол бұрынғы кемшіліктерді түзетуге тырысып жатыр.

– Аға, көптеген тарихи фильмдерде басты рөлдерді сомдадыңыз. Өзіме «Отырардың күйреуіндегі» Қайыр хан рөліңіз ерекше ұнайды. Кейбіріне Абылай хан, енді біріне «Қан мен тердегі» Тәңірбергенді кейіптеуіңіз көңілінен шығады. Ал, Өзіңіз үшін сәтті шыққан рөліңізді айта аласыз ба?

Шығармашылық өнерде біраз дүниені жасадық. Менің кинода да, театрда да сомдаған рөлдерімнің барлығы жаныма жақын. Көбіне көп хандардың рөлінде болдым. Өйткені, хандар елінің болашағы, тағдыры жайлы мүйізі сырқырайды. Мен де өнер азаматы, аға буын ретінде еліміздің жағдайын ойлап, уайымдайтыным рас. Қазір тіл мәселесі қатты алаңдатады. Өнердің жағдайы өз алдына. Күнделікті қайшылықтармен бетпе-бет келіп жүргендіктен оны жақсы білемін. Экономикалық тұрғыдан алғанда ахуалымыз аумалы-төкпелі. «Айдаһарлар мен аюлардың қыспағында қалып қоймаймыз ба» деген ішкі қыжыл маза бермейді. Сол уайым қайғы өзіммен бірге сахнаға шығады. Абылай хан, «Отырардың күйреуіндегі» Қайыр хан және «Қан мен тердегі» Тәңірберген рөлдерінің барлығына ішкі күйзелісім мен уайымымды қосамын. Басты мақсат – сөз жаттау емес. Сол кейіпкердің санасына сіңу, ойына кіру, кейпіне ену, шерін тарқату. Сондықтан өзін-өзі сыйлайтын актерлер әрбір рөліне жауапкершілікпен қарап, ұлтына, еліне деген азаматтық көзқарасын өнері арқылы жеткізе білуі керек. Олай болмаса, онда оның шала актер болғаны. Барлық рөлдерімді өзімнің өміріме параллель жасайтыным бар. Менің санам, ойым сомдауым тиіс кейіпкермен үндестік табуы маңызды. Өмірдегі жиған-тергенім біріге келе, көрерменнің көңілінен шыға аламын және оларды соңымнан ерте аламын. Өнер – ойыншық емес, ол үлкен суреткерлік әлем.

– Бүгінде өнер адамдары лайықты бағасын ала алып жүр ме? Әншілерді меңзеп отырғаным жоқ…

Қазір әнші десе барлығы көріп қайтайық деп жылдам жиналып, зал толтыра қалады. Қазақта «Әсіре қызыл тез оңар» деген нақыл бар. Өссін, өрбісін, бірақ әндердің тақырыбы тарылып, сөз қадірі арзандап барады. «Алло, Алло», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деген мән-мағынасы жоқ әндер алдыңғы орынға шықты. Ондай әндер жан дүниеге әсер етпейді, ерекше сезімге бөлемейді. Бұл жерде тыңдаушыны да айыптай алмаймыз. Өйткені, теледидар мен радиодан насихаттау қызу жүріп жатыр. Ал, енді үлкен өнер үшін (театр мен кино) қоғам оң көзқарас таныта қойған жоқ. Ол үшін мемлекеттің идеологиясы дұрыс болуы шарт. Халық театр мен киноны жақсы көреді, бірақ дәл осы салаға келгенде көрерменнің ынта-ықыласын арттыру бағытында атқарылуы тиіс насихат жұмыстары сылбыр жүреді.

Екінші мәселе – театр саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға қолдау жетіспейді. Актерлердің еңбегі еш, тұзы сор. Айлықтары да өте төмен. Былтыр мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Сол кездесуде Мемлекет басшысына театр актерлерінің базынасын жеткізген болатынмын. Қазір актерлердің жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді, әлі де өседі деп отырмыз.

Ең бастысы, халықтың назарын үлкен өнерге аудару керек. Жеңіл дүниенің де өмір сүруге хақысы бар. Дегенмен, жеңілдің артынан жүгіруге болмайды, ол қауіпті. Философиялық терең ойға жетелейтін, патриоттық сезімге бөлейтін, тарихымызды таразылайтын, болашағымызды амалдайтын, ұрпақ тәрбиесін ойлайтын мәселеге баса назар аудару қажет деп есептеймін.

– Қазақ сахнасындағы сатираның негізін қалаушылардың бірісіз. Сол кезеңдерде күллі ел тұрғындары Сіз, марқұм Құдайберген Сұлтанбаев және өзге де таланттарымыздың басын біріктірген «Тамашаны» күтіп, «көк жәшікке» телміріп отыратын. Қазіргі сатираның саңлақтары деп жүргендерге көңіліңіз толады ма және олар қазақы қалжыңды жоғары деңгейде жеткізе алып жүр ме?

Мен «Тамашаны» ашқан сормаңдайлардың бірімін. Менің қасымда Құдайберген марқұм ағаларың болды. Біз ел ықыласына ие болдық. Алайда, мен бір жылдан кейін жастарға аманаттап, кино, театр саласына ауыстым. Сатира өнеріне де дұрыстап қарау қажет. Жанры жеңіл болғанымен, тақырып ауқымы кең болуы шарт. Әзілдей отыра астарлы ой тастауы керек. Ал, қазір керісінше орынсыз ырбаң көбейіп кетті. Сахнада шалбарын шешіп, ата-әжелерімізді мазақ етіп, біреуді кемсітіп көрсету арқылы халықты күлдіріп жүр. Нақтысын айтқанда, арсыз дүниелерге бой алдырып барады. Мен мұны көп жерлерде айтып жүрмін. «Айтқанның ауызы жаман, жылағанның көзі жаман» дегендей, көбіне ұнаған жоқ. Ұнамаса көшке берген тайын алсын. Мәселен, Құдекең екеуіміз әр әзілге жауапкершілікпен қарап, оның астарына үңілетінбіз. Орынсыз сөз айтып, ұятсыз қылыққа бармайтын едік. Оның бәрін тұспалдап, иба сақтап, ишарамен жеткізуге тырысатынбыз. Қазақта «Ойнай білмеген бала, шешесінің етегін көтеріп ойнайды» деген мақал бар. Бүгінде сондай жағдайға жеттік.

Қазіргі таңда біразы өнердегі өмірлерін тоқтатты, тарқады. Өйткені, халық мұның барлығы арзан дүние екенін түсінді. Дегенмен, жеңіл әзілге негізделген бағдарламаларды бірең-сараң кездестіріп қаламын. Бұл біздің сол аурудан әлі толық айыға алмай келе жатқанымызды дәлелдейді.

Бұрындары цензура, сараптау, іріктеу деген болатын. Сахнада айтқан сөзге абай болу керек еді. Қазір ондай талап жоқ. Сондықтан не болса соны айтып кетті. Осы орайда цензураны қайта енгізу керек сияқты. Халық алдына шығатын дүниені міндетті түрде сұрыптаудан өткізу маңызды. Идеологияға құл болмау керек. Әкімдерді мақтап мал табуға болмайды. Қоғамның дертін әзіл араластыра жеткізу ісінде арзан күлкіге бармаудың қамын ойлайтын бақылаушы болғаны дұрыс.

Аға, аймақтағы театрлардың ахуалы жайлы не айтасыз?

– Мен Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасымын. Елімізде 60-қа жуық театр бар. Қазір жаңадан ашылып жатқандарын санап үлгере алмай жатырмыз. Кейін Түркістанда, Нұр-Сұлтанда ашылды. Жоғарыда айтқан 60-қа тарта театрдың әлеуметтік-шығармашылық жағдайымен таныспын. Жасырып не бар?! Көбіне шеттегі театрлардың шығармашылық жағдайы өте ауыр. Әлеуметтік жағдайының да жайқалып тұрғаны шамалы. Қостанайдағы І.Омаров атындағы театрдың шығармашылық мүмкіндіктерін қарап отырып, шүкіршілік етемін.

Атап өткен мәселелерге жергілікті мәдениет басқармасы назар аударуы қажет. Кәсіби мамандарды тартып, оларға жағдай жасауы тиіс. Осылайша, театрды дертінен айықтыруға болады.

Жастар мен аға буынның сабақтастығы тұрғысынан жас өнерпаздарға көңіліңіз тола ма?

– Өнер ұлттың маңдайындағы жаһұт тасы тәрізді жарқырап тұруы керек. Олар жасанды емес, шын жаһұт болуы тиіс. Сол сияқты өнерпаздардың да тек талантты адамдардан құралғаны жөн.

Өнер – білектің ісі емес, жүректің ісі. Жүрек ең нәзік. Салқын ақыл деп басты айтамыз. Ал, ми жүректің нұсқауымен жұмыс істейді. Өзімнің шәкірттеріме өнерді ластамау керектігін әркез санасына сіңіріп отырамын. Өнерге атақты боламын деп емес, оған адал қызмет етемін деп келу керек. Таңдаған салаңа құл болсаң, халық сені көкке көтереді. Енді артымнан ерген іні-қарындастарыма өнерді есеппен емес, ессіз сүйіңдер деп айтар едім.

– Тұңғышбай аға, ашық әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Сералы МЫРЗАБАЙ, суреттерді түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ

Қостанай қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here