Бір үміт пен сан күдік: БҰҰ өз міндетін атқара алып жүр ме?

0
5056

Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің белсенділік танытып, бас көтеруімен құрылған халықаралық ұйым. Басты мақсаты – бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынасты дамыту, халықаралық мәселелерді шешу, адам құқығын қорғау. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттар бірлесе әрекет ететін орталық құру қажеттігі туындады. Нәтижесінде 1945 жылы аталмыш ұйым өз декларациясын қабылдады.

Рас, халықаралық ұйымға соңғы кездері түрлі сын айтылып, мін тағылуда. Дәл осы жылдың сын сағаттары ұйымға тағылған айыптың айқындығын көрсетті.

Ұйым мен оның құрылымдары өздеріне артылған жүкті қалай арқалап келеді? Бір кездегі әлем елдерінің күш-жігерін бейбітшілік пен гүлдену жолында біріктіру идеясының бүгінгі жағдайы қандай? Неліктен әлемде соғыс пен дағдарыс жалғасуда? Осы және өзге де сұрақтар қызықтырса, ғасыр тарихты «Qazaq» газетінің бүгінгі шолуына құлақ түріңіз.

БҰРЫН ҚҰРЫЛҒАН ҰЙЫМНЫҢ БҮГІНГІ МІНДЕТІ

Сандарды сөйлетсек, биыл БҰҰ өзінің 75 жылдығын атап өтті.  Мерейтой коронавирус пандемиясымен қатар келгендіктен әлем басшылары бұл жолы Нью-Йоркке ат басын тіремеді. Әдетте, Ассамблея ашылғаннан Мемлекет басшылары мен жетекші дипломаттар Нью-Йорктегі штаб-пәтерге ағылатын-ды. Бас Ассамблея жылдағыдан ерекше форматта жалғасқанымен, дәстүрлі түрде басты саяси оқиғалардың бірі болды.

Адамзат тағдыры талданатын бұл отырыс трибунасында сенсациялық мәлімдемелер жиі жасалады. Ұйым елдегі соңғы жағдайларға қарай көпшілік іс-шараларды қалыс қалдырмады. Ассамблеяға қатысушы елдердің көшбасшылары әлемге трибуналардан емес, бейнеүндеумен байланыс орнатты. Соңғы 10 айдағы оқиғалар БҰҰ-ның әлем денсаулығы мен экономикасында қаншалықты маңызды екендігін, құрылымдардың қай жағына өзгеріс қажет екендігін көрсетіп берді.

Ұйымның құрылғандағы басты мақсаты – кейінгі ұрпақты әлемдік соғыстардың салмағынан сақтау болатын. Ғаламдағы түрлі геосаяси өзгерістерге қарамастан, ұйым әлі күнге дейін әлемді сақтау міндетін алғашқы орынға қойып келеді. БҰҰ жұмыс жасап тұрған 75 жыл ішінде әлемде құрлықаралық қарулы қақтығыстар мен атомдық соғыстар болмағаны белгілі. Еске сала кетейік, атом бомбасын басқа елде қолдану 1945 жылы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалалары арасында орын алған.

Алайда, әлемде болып жатқан әрекеттердің әрқайсысының алдын алу мүмкін емес. Тек соңғы 30-40 жыл ішінде орын алған Руанда мен Камбоджадағы геноцид, Сребреницадағы қырғындар, Югославиядағы азамат соғысы, Сомали мен Судан, Шри-Ланкадағы қарулы қақтығыстардың өзі елдердің ішкі-сыртқы жағдайына айтарлықтай зардап тигізгені анық. Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты қайта өршіген қақтығыстар ірі көтеріліс ошақтары ретінде тарихта қалғандығы тағы бар.

Қазіргі күні әлемнің дүниежүзілік соғыстан саулығы бір жағынан ұйым жұмысының жақсы атқарылып жатқандығынан болса, екінші жағынан жалпы адамзат тікелей қақтығыстың қажетсіздігін түсінді. Дәстүрлі соғыстар «үшінші мемлекеттер» аумағында ғана жүріп жатыр. Бұған дәлел ретінде, Йемен, Сирия, Ливиядағы ұзақ мерзімді қақтығыстарды айтсақ жеткілікті. Заманның ағымына орай «гибридтік соғыс» ұғымы жиі кездесіп жүр. Ғылым мен техника шегіне жетіп тұрған заманда қолға қару алып, «аттандаудың» қажеті жоқ. Соғыс ашқысы келген жақ шығынға батып оқ-дәрі қорын құрмаса болады. Инфрақұрылымға, электр желілері мен өндірістік нысандарға жасалған сәтті кибершабуыл әуеден бомбалаудан зор зиян келтіре алады.

Ұйым әскери қауіп-қатерлерге қатысты тұста ғана сынға ұшырамайды. БҰҰ құрамына кіретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2020 жылы коронавирус пандемиясымен күресте бүкіләлемдік күшке иелігін көрсетіп, бүкіл адамзат үшін орталық нүктеге айналуға тиіс еді. Бірақ, бір кездері безгек пен шешек ауруларын жою бағдарламасын сәтті аяқтаған ДДСҰ бұл жолы ұйымға қатысушы елдердің, тіпті ұйымнан шығатынын жариялаған АҚШ-тық «шабуылдардың» нысанасына айналды. Нәтижесінде біржақты пікірлер пайда болып, жаңа бастамаларын қаржыландыруда қиындықтарға тап болды. АҚШ президенті Дональд Трамп «ДДСҰ өз міндетін дұрыс атқармай, вирус Қытайда алғаш пайда болғанда мән бермегендіктен, жағдай пандемияға ұласты» деп ұйымды қаржыландыруды тоқтата тұратындығын мәлімдеді. «COVID-19 пандемиясының таралуын ескерсек, біздің бөлген мол қаражатымыз тиімді жұмсалып жатқандығына күмәніміз бар. Осылай жалғасатын болса, денсаулықты сақтау мақсатындағы келісімді өзге елмен жүргізуге тура келеді», – деді Ақ үй басшысы. Былтырғы есеп ДДСҰ-ның жылдық бюджеті 6 млрд доллар екендігін көрсетсе, ондағы америкалықтардың үлесі 400 млн долларды құрайды. Дегенмен, бұны деградацияға балап, ұйымға деген біржақты көзқарас қалыптастыруға болмайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, ұйымның құрылғалы атқарып жатқаны – адамзаттың игілігі. Мысалы, 2020 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аштықпен күрескені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды.

Бәрібір бұл күні ұйымға институционалдық, құқықтық, қаржылық реформалар жүргізу қажеттігі туындап отырғандығын бұрынғы және қазіргі саяси лидерлер қолдайды. Алайда, «қайта құрулар қандай болуы қажет» деген сұрақ көптің көкейінде.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ҚҰРАМЫН КЕҢЕЙТЕ МЕ?

БҰҰ-ға артылар айыптың бірі – ұйымының негізгі органдарынан саналатын Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы турасында. Бұл органды құруда негізгі орындар Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен бес мемлекетке берілді. Олар: Қытай, Франция, Ұлыбритания, АҚШ пен Ресей. Ұйымның қалған тұрақты емес 10 мүшесі географиялық негізге сай екі жылдық мерзімге сайланады.

 75 жыл бұрын ақылға салып шешілген мұндай құрылым бүгінде  елдің әлемдік жағдайы мен мемлекеттер арасындағы тепе-теңдігін көрсетпейді. Мысалы, сол кезде соғыста жеңіліс тапқан Германия қазір Еуропалық Одақта жетекші орынға ие. Сондай-ақ, ел өз аумағында ғана емес, бүкіл әлемде орын алып жатқан оқиғаларға айтарлықтай әсер етіп отыр. Бірақ, немістерде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігі жоқ.

Егер жалпы ішкі өнім бойынша бөліске салар болса, АҚШ пен Қытай «бестікте» кіріп, одан кейінгі орындар Жапония, Германия, Үндістанға үлестірілер еді. Ал, географиялық тұрғыдан алсақ, бәрібір біркелкілік жоқ: күн тәртібінде Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Африкадағы мәселелер жиі көтерілгенімен, аталған аумақтар ұйымның тұрақты мүшелігіне ұсынылмайды.

Қауіпсіздік Кеңесін қайта құру немесе кеңейту қажеттігі көп жылдар бойы талқыланып келеді. 2005 жылы Бразилия, Германия, Үндістан және Жапония «төрттіктер тобын» (G4) құрған болатын. «Төрттіктің» түпкі мақсаты – ұйымға тұрақты мүшелікке қабылдауды дамыту. Түгел әлем үшін шешуші мәселелерге толы болған 2020 жылы Бас Ассамблея декларация қабылдап, ұйымға мүше елдер тізімін кеңейтуге кірісті.

Басқа бірлестіктер, оның ішінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымы да Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің санын көбейтуді қолдайды. Африка Одағы Африка елдері үшін қосымша екі тұрақты орын құруды, ал Араб мемлекеттері Лигасы арабтарға бір орын беруді ұсынды.

КӨШБАСШЫЛАР КЕҢЕСІ ҚАНДАЙ?

Өзгерістер енгізу туралы түрткілер осы жылғы Бас Ассамблея көшбасшылары мен дипломаттарының жеке бейне-хабарламаларында да қозғалды. Мысалы, Германия канцлері Ангела Меркель өз сөзіне Ливия мен Сириядағы ұзаққа созылған қақтығыстарды қоса отырып, халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін елдер арасындағы бірлікті қалыпқа келтіру қажеттігін баса айтты.

«Бізге реформалар қажет. ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлеріне жауап беру үшін БҰҰ әрі қарай дамуы тиіс. Германия  Қауіпсіздік Кеңесінде жауапкершілікті  қабылдауға дайын», – деді ол.

Канцлердің көкейіндегіні Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди да қолдады. Ол БҰҰ-ға қайта құру қажеттігін сөзге тиек ете отырып, Делидің ұйым құрылымында маңызға ие болу ниетін білдірді.

«Соңғы сегіз-тоғыз айда бүкіл әлем коронавирустық пандемиямен күресіп келеді. Осы сәттегі Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымы қандай?» деп сауал тастады ол әріптестеріне.

БҰҰ мен оның Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың тағы бір белсенді қолдаушысы – Түркия президенті Тайып Реджеп Эрдоған да  тәжтажалдың таралуында тез шешім шығармады деп ұйымды сынға алды.

«Пандемия күн тәртібіне енгеніне айлар өтсе де, ұйым тарапынан үнсіздік жалғасып жатыр. Біз өткен ғасырдың қажеттіліктеріне сәйкес құрылған құрылымдармен бүгінгі қиындықтарды жеңе алмаймыз», – деп қорытындылады сөзін Түркия басшысы.

Дегенмен, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің санын ұлғайту оңай шаруа емес. БҰҰ-ның кез келген реформасы үшін Бас Ассамблея мүшелерінің кем дегенде үштен екісінің дауысы, сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшелерінің қолдауы қажет. Негізінен «бестік» елдері ұйымды кеңейту идеясына қарсылық танытпайды. Бірақ, тұрақты мүшелер тізіміне кімдерді қосу қажеттігі туралы ортақ ұстаным жоқ.

Тұрақты мүшелікке ұмтылған мемлекеттер өзінің аймақтық қарсыластарының кедергісіне тап болуы мүмкін. Мысалы, G4 идеясы мен оған қатысушылардың қарсыластары – Аргентина, Италия, Канада, Колумбия және Пәкістан «Бірыңғай келісім үшін» деген блок құрды. Олар «бестікті» сақтай отырып, тұрақты емес мүшелер санын 10-нан 20-ға дейін көбейтуді ұсынды.

Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелеріне кез келген қарарға, тіпті оны басқалар қолдайтын болса да, тосқауыл қою құқығы берілген. Бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар құзіреттіліктің бұл түрі дипломатиялық қатынас пен жалпы келіссөз жүргізуде кедергі келтіретінін айтты. «Соңғы уақытта «бестік» мүшелері бұл құқықты өз мүдделеріне негіздеп, асыра пайдаланады» деп шағымданушылар да бар екендігін ескерсек, онжылдық көлеміндегі маңызды оқиғалардың көбінің Қауіпсіздік Кеңесінің қарарында орын алмауының себебін сырттан іздеудің қажеті болмайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сайтының ақпаратына сүйенсек, 1946 жылдан бері вето құқығы 293 рет өзгертілген. 2019 жылы Кеңес қабылдаған қарарлар мен мәлімдемелердің саны соңғы 18 жылдағы ең төменгі көрсеткішті көрсеткен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ресей президенті Владимир Путин БҰҰ-ның 75-ші Бас Ассамблеясында: «Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен бес державаның бұл құқығы бүгінгі күнде де  нақты  әскери-саяси тепе-теңдікті көрсетеді», – деген болатын.

Тек Ресей ғана емес, «бестіктің» басқа мүшелері де өз құзіреттіліктерін қайта құрудың құрбаны еткісі келмейді. Ал, ұйымды кеңейту немесе реформалар қабылдау үшін бұл құқық иелерінің келісімі қажет.

Австралия ұлттық университетінің профессоры Рамеш Такур өз  сараптамасында: «Қауіпсіздік Кеңесінің реформасына қарсылық БҰҰ-ның күн тәртібіндегі басқа қайта құру бағдарламаларының іске асуына жол бермей отыр», – дейді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here