Құрыш білек, жолбарыс жүрек каскадер

0
5550

Қыр-сыры көп мамандықтар жетерлік. Соның бірі – каскадерлік өнер. Өнер дейтініміз бұл мамандық арқылы көптеген елдер киноөндірісін дамытып, ел мәдениетіне үлес қосуда. Каскадер мамандығының қызығы мен қиындығы көп. Бізге оңай көрінгенімен кез келген мамандықтың «ішкі асханасы» сол маман иелеріне ғана мәлім екені анық. Олай болса, 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде осы таныс әрі бейтаныс мамандық жайлы және Қазақстанда аталған мамандықтың жандануына күш салып жүрген жандар турасында сөз қозғайды.

СЕНІМ + РУХ = КАСКАДЕР

«Каскадер» сөзі – француз тілінен аударғанда «саscadeur» − «трюк жасайтын актер, тәуекелді жақсы көретін адам» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл мамандық кино және жарнама роликтеріндегі қауіпті трюктерді кәсіби түрде жасайтын екінші пландағы актер есебінде де жүреді. Түсірілім барысында көрерменді сендіру үшін түрлі тәсілдер қолданылады. Басты рөлдегі актер жасауы тиіс әрекеттерді оған сырт бейнесі ұқсайтын каскадер жасайды. Кинода қолданылатын түрлі эффекттер нәтижесінде көрермен каскадер жасаған трюктерді басты кейіпкердің өзі жасайтынына сенеді.

Каскадер мамандығы – қызық әрі қиын және өте қауіпті мамандық. Қайсарлық пен сенімділік қатар жүретін мамандықтың спорт пен өнерге жақындығы да бар. Өнер демекші, кино тарихында каскадерлердің мықты актерге айналған кезі де жоқ емес. Александр Иншаков, Жан Ма-ре, Джеки Чан сынды актерлер осы сөзімізге мысал бола алады.

Каскадердің әр қимылынан өзіне сенімділік, батылдық байқалып тұруы тиіс. Бұл мамандықтың биігін өзіне сенімділер ғана бағындыра алады. Каскадер өздеріне тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқаруы үшін өз басын бәйгеге тігеді. Ат үстінде шайқасу, қылыштасу, жауынгерлік өнердің базасын үйрену, биіктен құлау, акробатикалық қимыл-дарды меңгеру секілді іс-әрекеттерді, небір қиын әдістерді толық меңгерген маман – нағыз каскадер атына лайық болады.

Жалпы, каскадер жұмысына қарай екі түрге бөлінеді. Әмбебап каскадер – кез келген трюкті орындай алады: судағы, оттағы, автокөліктегі, мотоцикл үстіндегі қиын трюктер. Сонымен бірге, қылыштасу, садақ ату, қол күрес те оларға қиын емес. Ал маманданған каскадер – тек бір типтегі күрделі трюктерді орындайды.

Сонымен, бұл жұмбақ әрі қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін мамандық жайлы біраз мағлұмат алған сияқтымыз. Жастар арасында «Каскадер болу үшін қандай қасиеттер керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Байқауымызша, каскадер айналасында болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы шарт және қиындықтардан оңай жол табуы тиіс. Жан-жақты қабілетті, қырағы әрі батыл, епті жігіт нағыз шебер маман бола алады. Каскадер трюк жасау барысында денсаулығына зиян келтірмеу үшін қалай қорғану керек – соны да ойлауы керек. Сабырлы, төзімді үйренушіден жақсы каскадер шығады. Зерттеушілердің айтуынша, сабырсыз адамдар қиын трюктерді істей алмайды екен. Себебі, ол үшін маман ойлануы керек, өз-өзін, денесін меңгере алуы керек. Әйтпесе, трюк шеберлігін меңгеру мүмкін емес. Сонымен қатар, каскадердің көпшілігі осы «өнерін», яғни түрлі трюктерді өмірде қолданудан қорықпайды екен. Дегенмен, бұл әдет адамның болашағы үшін қауіпті саналады. Ең қызығы, бұрын істеп көрмеген трюктерді, іс-қимылдарды үйренгенде әрбір каскадер қуанады. Осы дүние оларға қуаныш сыйлап, шабыттандырады.

КИНОДАҒЫ ЕҢ ҚАУІПТІ ТРЮКТЕР

Бүгінгі таңда фильм түсіру барысында каскадер қызметіне жүгінетіндер көп. Ал кино тарихында ең алғаш каскадер қызметі қолданылып, кинодағы бірінші трюк 1910 жылдың қарашасында жасалған екен. Осы орайда каскадерлердің еңбегі мен өнерін бағалап, кинодағы ең қауіпті трюктер тізімін жасадық.

1993 жылы жарық көрген «Скалолаз» фильмінде әйгілі Сильвестр Сталлоне альпинист Гейба Уокердің рөлінде ойнайды. Алайда, басты рөлдегі актер жасауы тиіс қауіпті трюктерді каскадер Саймон Карн жасайды. Ол сценарий бойынша биікке өрлеп, әуедегі қауіптен сескенбеген каскадер кино тарихында ең қиын трюктердің бірегейін жасағаны үшін қалды. Каскадер бір ұшақтан келесі ұшаққа 4 752 метр биіктіктен қорықпай оңай ауысқан. Осылайша, Саймон Карн жасаған әуедегі трюк Гиннес рекордтар кітабына еніпті.

Ал атақты Том Круз каскадер қызметін аса қажет етпейді. Актердің төлқұжатына айналған «Миссия невыполнима – 2» фильміндегі жартаста жасалған қауіпті трюкті Круздың өзі жасаған. Актер жартастың шетіне «ілініп» тұрып, өзінің мақсатына қол жеткізіпті. Эпизод әсерлі болуы үшін бұл трюк бірнеше мәрте жасалған екен. Том Круз продюсерлік еткен осы фильмнің үшінші бөлімінде басты кейіпкер, супер агент Итан Хант 25 метр биіктіктегі ғимараттан төменге қарай құлдилайды. Осы трюк ойдағыдай жасалуы үшін 7 рет дубль түсірілген. «Әр дубль сайын менің жан-дүниемде ұлы төңкеріс болды. Ертеңгі газет беттеріндегі бізге қатысты жағымсыз жаңалық көз алдыма елестеді. Эпизод толықтай түсіріліп біткенше үрей мен қорқыныштан арыла алмадым», – депті трюктің қоюшысы Вик Армстронг.

Дегенмен, қоюшының үрейі мен қорқынышы сейіліп, фильм жоғары деңгейде көрерменге жол тартып, көптің қошеметіне ие болды.

1997 жылдан бері кино төрінен орын алған «Титаник» фильмі үшін Джеймс Кэмерон Гиннес рекордтар кітабына енген. Бұл құрмет түсірілім ұзақтығына да байланысты берілсе керек. Себебі, түсірілімге кеткен 6 000 күн ішінде 100 каскадер фильмге үлес қосыпты. Фильм сценарийі бойынша алып мұзға соғылған кемені көрсететін тұста 100 каскадер іске кірісіпті. Олардың бәрі бір мезгілде секіріп, тапсырманы орындауы тиіс еді. Бұл эпизодты түсіруге 77 млн литр су толтырылған бөшкенің де көмегі болған екен. Осылайша, «Титаник» фильмі ең көп каскадер қызметін қолданған фильм ретінде тарихта қалды.

Әр рөліндегі қауіпті трюктерді өзі жасайтын ең танымал актер – Джеки Чан. Оның «Час пик – 2» фильмі қайталанбас трюктерінің арқасында Taurus World Stunt Award жүлдесін иеленген. Ел арасындағы осындай мәртебеден соң Джеки Чан «Джеки Чан: менің трюктерім» атты деректі фильм түсіріп, онда өзінің командасымен бірге ең қауіпті трюктерді, биіктен құлауды, әуедегі апаттарға байланысты әдістерді, жарылыс кезіндегі әрекеттерді жеке-жеке көрсетіп, фильмде түсінікті тілмен баяндайды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ КАСКАДЕРЛЕР КЛУБЫ

Біздің елде бұл жолды кәсіп қылғандар өте аз. Десек те, басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлап жүргендер баршылық. Біздің бүгінгі нысанамыз солардың бірі де бірегейі – «Nomad Stunts» каскадерлер клубы. Әлем қазақ каскадерлерін осы клуб арқылы таныды деуге болады. Бұл – жекеменшік мекеме. Яғни, каскадерлерге арналған клубка мемлекет тарапынан көрсетілетін ешқандай қолдау да, шектеу де жоқ. Клуб кинорежиссерлермен жеке сөйлесіп, келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Фильм түсірілмес бұрын клубтағы өз ісінің шеберлерімен бірлесіп жасалатын дайындық жұмыстары көп екен. Мамандардың айтуынша, сол дайындықтарға көп уақыт кетеді екен.

Каскадерлік қиын да күрделі мамандық болғандықтан бұл мамандығына жігіттер ғана қызығады деп ойлаймыз. Дегенмен, елімізде каскадерлікке көз тіккен қыздар да жоқ емес. Мәселен, «Nomad Stunts» клубында 9 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жібек Жаппасбаева сөзімізге дәлел. Жылқыға мінуге қызыққан Жібек аттың үстінде өзін еркін әрі сенімді ұстауды үйрену үшін арнайы мектепке жазылады. Бастапқыда қорыққанымен кейіннен ат үстінде жасалатын ең қиын трюктерді оңай үйреніп алған нәзік жанды ару бүгінгі таңда талай каскадер жігіттермен бірге фильмдерге түсіп жүр. Содан бері тоғыз жыл өтсе де Жібек бұл хоббиін тастаған емес. Тіпті, циркте аттармен өнер көрсетеді екен. Көрермен толы залдағы қошемет пен сенім оны шабыттандыратынын айтады. Ал түсірілімдердегі әсер мүлде бөлек. Фильмдерде трюктердің сәтті шығуы каскадерге ғана емес, аттарға да байланысты екен. Жібек Жаппасбаева «Жаужүрек мың бала», «Алдар Көсе» сынды көпке таныс фильмдерге түсіпті. Қайсар қыздың айтуынша, әріптес жігіттер оның осы салада өзін көрсетуіне көмектесіп, әрдайым демеп жүреді екен. Шығармашылық тандем деген осы болса керек.

«Nomad Stunts» клубы осы уақытқа дейін Киану Ривз, Джет Ли, Джейсон Стетхэм, Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Брюс Уиллис, Колин Фаррел, Таданобу Асано, Боло Йен, Кэри-Хироюки Тагава, Шон Бин, Стивен Лэнг, Натан Джонс, Эд Харрис, Натали Портман, Дэнни МакБрайд, Кристиан Слейтер сынды кино жұлдыздарымен әріптес болып, көптеген фильмдерге үлес қосып үлгерген.

«Nomad Stunts» – еліміздегі каскадерлердің жалғыз кәсіби клубы. Клубтың негізін 2000 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі каскадер Жайдарбек Күнғожинов қалаған. «Көшпенділер» фильмінің түсіру тобынан бастау алған клубта 54 каскадер жұмыс істейді. Кәсіби клубтағы нағыз мамандар біздің сүйікті фильмдеріміздің әсерлі болуына зор үлес қосқан. Бұл фильмдер тізімі көп. Атап айтқанда, «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Рэкетир», «Шал», «Моңғол», «Құнанбай», «Кенже», «Алмас қылыш» фильмдерінде, сонымен қатар, «Сұлтан Бейбарыс», «Күндізгі шолушы», «Тежеусіздер – 2», «47 ронин», «Конан Варвар», «Марко Поло» сияқты шетел туындыларында қазақ каскадерлері өнер көрсеткен.

Қазір қазақ кинематографиясы жаңа қарқынмен дамып келеді. Оның ішінде тарихи фильмдерімізді ерекше атап өтуге болады. Ал қазақтың тарихи киносын жылқысыз, салт аттысыз елестету мүмкін емес. Осы себепті бүгінде каскадерлердің кино саласындағы орны бөлек. Отандық фильмдерде түрлі трюк орындап, киноға түсіп жүрген мамандар әлемдік аренада да өздерін жақсы жағынан көрсетіп жүр. Кино саласында жұмыс істейтін режиссер, актер, оператор – барлығы каскадерлердің ерен еңбегін жоғары бағалайды. Тіпті, көрермен қауым да бұл мамандық иелерін ерекше қадірлейді. Ал каскадерлердің айтуынша, өздері түскен фильмдердің алдын-ала көрсетіліміне актерлермен бірге арнайы шақырып, қошеметін білдіретін киногерлер құрметке лайық. Осы тұрғыда каскадерлер фильмдерде күрделі трюктерді орындайтындықтан актерлік олардың екінші мамандығы деп толықтай айтуға болатын шығар. Сонда бір ғана мамандықтың өзі сан түрлі салаларға бөлініп кетеді екен. Каскадерлар фильмде ойнауды, камерамен жұмыс істеуді бір кісідей үйреніп, фильмге үлестерін қосады. Мысалы, тарихи фильмдер ерте заманды, соғыс кезін көрсететін болғасын салмақтылықты, жинақылықты талап етеді. Түсірілім кезінде актерлермен бірдей каскадерлер де сол кездегі ел басына түскен қиындықты сезінуі керек. Каскадердің әр қимылынан батырлық пен ұлтшылдық көрінуі керек, яғни каскадерлер – бұрынғы заманның батырларының бейнесін сомдаушы.

«Nomad Stunts» клубындағы 54 кәсіби каскадердан бөлек арнайы трюктерге үйретілген 30-дан астам ат бар. Барлық кәсіби каскадерлер осы аттармен түрлі трюктер жасауға машықтанған. Бұл олардың басты ерекшелігі. Өйткені, нағыз каскадер ғана ат үстінде өзін сенімді сезініп, тапсырманы орындай алады. Бір өкініштісі, елімізде каскадерлер дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Сондықтан атпен шабу өнерімен әуесқой айналысатындар немесе жылқы мінуді жақсы көретіндер каскадерлер клубына барып, қабілетін дамыта алады. Осы тұрғыдан каскадерлікті спорттың бір түрі ретінде қарастыруға болады. Спорт болғанда да, бұл – спорттың қымбат әрі қауіпті түрі. Себебі, жылқыны баптаудан бөлек каскадер тәуекелге барып, бүкіл денсаулығын осы жұмысқа құрбан етеді. Кез келген трюк үлкен жігер мен күш-қуатқа негізделеді. Кейде каскадерлер жаттығу мен түсірілім уақытында болатын жарақаттар салдарынан 8-9 ай немесе 1 жыл бойы атқа міне алмай қалуы да мүмкін. Мұның бәрі денсаулық пен физикалық ресурстарға әсер ететіні анық.

«Жұмыс әр кезде әртүрлі. Түсірілімдер болмаған кездерде ипподромға келіп жаттығамыз, жаңа трюктер ойлап табамыз, фитнеске барып шынығамыз. Ал киноға шақырса, күндіз-түні қала сыртындағы түсірілім алаңында жұмыс істейміз», – дейді мамандар. Ипподромдағы жаттығу күніне екі рет, түске дейін және түстен кейін болады екен. Жаттығудан соң аттар 1 сағат тамақтанбауы керек. Себебі, олардың денесі қызып тұрады. Нағыз каскадер мұны да ескеруі тиіс.

«Nomad Stunts» клубының каскадерлері жақында «Томирис» фильмінің Қапшағайдағы түсірілімінен оралыпты. Қазір түсірілімдерден демалып, келесі киноларға дайындық үстінде. Клубтың 6 каскадері жұмыс барысымен Болгарияға кетсе, алдағы уақытта 15 каскадер Жаңа Зеландиядағы түсірілімге аттанбақшы. Кәсіпқой мамандарға Болливудтан да ұсыныс түсіпті. Енді олар 1 жылдық келісімшартпен Болливудқа барып, үнді фильмдерінде де төбе көрсетпек.

30 МЫҢ ДОЛЛАРМЕН БАСТАЛҒАН КӘСІП

«Nomad Stunts» клубы алғаш құрылған кезеңде 10 маманға, оларға қажетті жабдықтарға және екі атқа шамамен 30 мың долларға жуық қаржы кеткен.

«Мен Қазақ мемлекеттік циркінде ат акробаты болып жұмыс істеп жүріп, Қырғызстан каскадерлерімен әріптес болдым. Сол кездері өзімнің каскадерлік тобымды құруды армандадым. Бастапқыда мен үшін осы топ арқылы ақша табу бірінші орында емес еді. Тек елімізді таныту мақсатында сапалы дүние жасағым келді. Цирк бізге ай сайын еңбекақымызды төлеп отырды. Бірақ, біздің жобаны бөлек бірлестік ретінде құруға мәжбүр болдық. Сондықтан жеке клуб болып қалыптасты. Циркпен қазір де тығыз қарым-қатынастамыз», – дейді Жайдарбек Күнғожинов.

Клубтың негізін қалаған азамат өткен шақты осылай есіне алады. Сонау 2000 жылдан бері жолдан таймай, бағытынан адаспай келе жатқан басшының айтуынша қоластындағы каскадерлердің табысы жақсы екен. Бұрындары каскадерлер тобына бүкіл трюктері үшін ай сайын 1 000 доллар төленсе, қазір жағдай мүлде өзгерген. Бүгінде түсірілімге қатысқан бір маманның жұмысы үшін аптасына 400-ден 1 500 доллар аралығында қаржы төленеді екен. Әрине, қиын әрі қауіпті трюктердің құны бұдан да жоғары. Мәселен, «Неудержимый-2» фильмінде қазақ каскадерлерге аптасына 1 200 доллар төленсе, қытай каскадерлерінің еңбегі 800 долларға бағаланған. Өйткені, «Nomad Stunts» каскадерлер клубының мәртебесі жоғары әрі онда жан-жақты, қабілетті мамандар жұмыс істейді.

Біз тілге тиек етіп отырған еліміздегі жалғыз кәсіби каскадерлер клубы осыдан 18 жыл бұрын құрылыпты. Уақыт өте келе клуб мүшелері тәжірибе мен ізденістер жинақтапты. Клубтың негізін қалаушы Жайдарбек Күнғожинов – көптеген жүлделерге ие болған танымал отандық каскадер. Олардың арасында Халықаралық ат акробатикасы фестивалінде «Алтын аю», Қытайда өткен ат трюктері фестивалінде «Қола арыстан», спорттық «Оскар» және т.б. жүлделері бар.

Бүгінде бұл клуб әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр. Тіпті, түрлі қиын да күрделі трюктерді қоюшы әрі «Nomad Stunts» каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов – «Таурус» жүлдесіне үміткерлер тізіміне енген жалғыз қазақ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Елімізде каскадерлердің кәсіби шоғырын қалыптастырып, әлем аренасына шығарып жүрген «Nomad Stunts» каскадерлер клубы және оның негізін қалаған Жайдарбек Күнғожинов үздіксіз ізденіс пен табандылықтың, қажырлы еңбектің нәтижесінде осы деңгейді бағындырып отыр. Кәсіби каскадерлер әзірлейтін клубтың еңбегі жемісті болып, Қазақстанды өзге елдерге таныстырудан жалықпасын дегіміз келеді.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here