Абай тұлғасы бейнелеу өнерінде

0
4219

Абай шығармашылығы қыл қалам шеберлерінің қиялына жан бітіріп, Абай мұрасына, жалпы қазақ халқына деген шексіз ризашылықтарын өздерінің шығармалары арқылы жеткізді.

Әрхам Кәкітайұлы қазақтың бас ақыны Абайдың туған жерін: «Шыңғыстың күншығыс жағы жазық дала, 20-25 шақырымдай жерге дейін тастақ, шөбі тақыр, мық жусанды, қар жатпайтын қарабөктер деп аталады. Одан төмен Қарауыл, Тоқпамбет, Қан, Көкенші деген өзендердің суының жайылмасы жалпақ, пәйек, шабындық, қалың ши болады. Сол қыстаулардың күншығыс жақ даласы көкпек, жусан, жалман, құлақ, алғи дейтұғын ащылы-тұщылы шөпті болады. Үш айда жайлауда шалғын мен бетегеге жайылып ащы жерді аңсаған мал осы бауырға келгенде, құрт көргенде аузынан су ағатын қышқыл сағынған адамдай құмартып, құшырлана жеп, мейірі қанады… Таудың төскейіндегі күнбатыс жағы Ойқұдық даласына қарай ағып жатқан көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылақтап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбай күзеуі», – деп тамылжыта сөзбен суреттеп, суретшілердің де қызығушылығын тудырады.

Нұрбұлан Өтепбаев Нұғыманұлы

Осындай тамаша табиғат аясында дүниеге келген Абайдың өзі де көзі тірісінде тамсана аралаған өңір еді бұл. Тамаша табиғат аясында ақын әр қазақтың көңілін тербетер, ойын оятар, намысы мен жігерін қайрайтын поэзияны алып келді.

Жалпы, бейнелеу өнері туындыларына кескіндеме, графика, мүсін, театр декорациясы, сәндік-қолданбалы, монументті және көркемдеу тәрізді салалары жатса, әсіресе, Абай тақырыбы портрет, пейзаж, натюрморт, тақырыптық композиция, иллюстрация жанрларының барлығын қамтыды.

Абайтанушы М.Әуезовтің: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу де қиын, бұлар заманының туындысы», – деген пікірі тек әдебиетшілер емес, Абай тақырыбына тоқталған әрбір суретшіге де ой тастады. Осыған орай, Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының бейнесін және оның туған-туыстарын сомдаған өнер туындылары дүниеге келді. Е.Сидоркиннің «Құнанбай», «Құнанбай нөкерлерімен», «Ақынның анасы Ұлжан», «Абай әжесі Зеремен» линогравюралары, кенепке майлы бояумен салынған Т.Тоғысбаевтың «Құнанбайы», Н.Өтепбаев салған «Құнанбай» портреті Абайдың өскен ортасы мен шығармашылық, қоғамдық байланысын аша түседі.

Абайды танып-білуімізге өлеңмен емес, өз туындылары арқылы ат салысып, өнеге-үлгі ретінде өнер-білім-тәрбие саласында еңбек сіңірген, «Елім, Отаным, жұртым» деп соққан жүрек иелерінің біріне тоқталғым келеді.

Абай шығармаларының шынайылығын  өз шығармаларымен жеткізе білген, бере білген, кейінгі ұрпаққа паш етіп, мұра ретінде қалдыра білген және шығармашылығының көбін арнай білген суретші, кескіндемеші –  Нұрбұлан Өтепбаев Нұғыманұлы.

Ұлы ақын бейнесін бейнелеуде Нұрбұлан Нұғыманұлының да сіңірген еңбегі өте зор. Суретшінің шығармашылық еңбектері тарихта мәңгі қалатын туындылар.  

Н.Н.Өтепбаев 1951 жылы 10 қазанда Семей облысының Жаңасемей ауданы Баженово селосында дүниеге келген.

1973 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының көркем-графика факультетін «Сурет және сызу мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1992-1995 жылдары Семей педагогикалық институтының «Сурет» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі (1997), Семейдің Шәкәрім атындағы МУ-нің «Бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы, профессоры, көркем-графика факультетінің деканы, 2013 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» кафедрасының профессоры, 2013 жылдан Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі (2004).

Н.Н. Өтепбаев 20-дан астам кітаптарды көркемдеген суретші-иллюстратор. Көптеген қалалық, аймақтық, республикалық көрмелерге қатысқан суретші-график. 1993 жылдан 11 жеке көрмелерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Өскемен, Семей қалаларында өткізген. Суретшінің жұмыстары Қазақстан Республикасы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейдің қорында, ШҚО бейнелеу өнері музейінің қорында, Семей қаласының облыстық Невзоровтар отбасы бейнелеу өнері музейінің қорында, Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қорында, Павлодар қаласының облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында және АҚШ, Жапония, Қытай, Латвия, Ресей, Түркия, Алмания, Қазақстан жеке жинақ коллекцияларында сақтаулы.

Н.Н.Өтепбаев Абай қорық-музейімен 1990 жылдан тығыз шығармашылық байланыста. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай музейінің жаңа экспозициясы жасақталған кезде суретшінің Абай шәкірттерінің портреттерін тапсырыспен салған туындылары қазіргі кезге дейін экспозициялық залдарда орын алып келеді. Суретшінің 28 туындысы музейдің негізгі қорына кіреді.

«Жазира» көрмесі «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының ашылғанына 45 жыл толуына орай музейде ұйымдастырылды. Көрмеге музей қорындағы және суретшінің жеке қорындағы туындылары кірді.

Көрмедегі суретшінің жеке қорындағы туындылары: «Ғашықтар», «Қызыл тымақ», «Ақ қар, көк мұз», «Полигон соры», «Дала мұңы», «Сырт-Қасқабұлақ», «Шыңғыстау», «Ақбоз», «Күту»,  «Сәнқойлар», «Қымыз», «Дәстүр», т.б.

Абай  музейі қорындағы суретші Н.Өтепбаевтың туындылары: «Шәкір Әбенұлы», «Шыңғыстау», «Жазира», «Мұхтар Әуезов», «Ахат Құдайбердиев», «Абай Құнанбаев», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Кәкітай Ысқақов», «Ақылбай Құнанбаев», «Мағауия Құнанбаев», «Әубәкір Ақылбайұлы», «Көкбай Жанатайұлы», «Әсет Найманбаев», «Әріп Тәңірбергенов», «Бөрілі», «Еңлік-Кебек зираты», т.б.

«Мені қынжылтатыны ұлы Абайдың бейне образын суретшілер қандай ракурста бейнелесе де, оның бет әлпеті, шын кескіні айқын болуға тиіс. Ұлы адамның бейнесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Қазақстан баспаларында Абайдың фотосуреттері жеткілікті және кең тараған. Бірақ, сол фотосуреттер Абайдың бейнесін тұпнұсқадай анық бере алып жүр ме? Себебі, әртүрлі баспаларда қайталанып түсіріле береді және компьютерде өңделеді, көптеген суреттері ретушталған, яғни өңделген, кейбірі мүлдем өзгеріске ұшыраған. Осындай суреттерден Абайдың анық кескінін көріп елестету де оңайға соқпайды. Менің ойымша, деректі құжаттарды не суреттерді өңдеуге мүлдем болмайды. Тарихи құжаттарды сол алғашқы қалпында сақтау келешек ұрпақтың зерттеуіне мол мағлұмат береді. Бірнеше жылдар бойы Абайға байланысты картиналарды, фотосуреттерді зерттеп, ақынның кейіп-кескінін анықтап білу мақсатын қойдым. Ұлы ақын туып-өскен жерлерді зерттеп бейнеледім. Қасқабұлақ ауылында тұрдым және еңбек еттім. Ауыл ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап, мәліметтер жинастырдым. Мені Абайдың реалистік бейнесі, ақынның ұлттық кейпі мен мінезі ойландырды. Абайдың портрет суреттерін бірнеше қайталап бейнеледім. Оның көпшілігі жеке жинақтаушылардың қолында сақтаулы. Жылдар өткен сайын Қазақстан бейнелеу өнерінде жасалған картиналардағы Абай образы, кескіні көрермендерге үйреншікті болып кеткені рас. Әрине, адамның кейіп-кескіні күніне өзгеріске ұшырай береді, бірақ сол құбылмалы құбылыстан суретші мін таппайтындай кескін жасап шыққаны абзал. Ол жай ғана ұқсастық емес, жарқын бейне, мінездік кейіп, образдың біртұтастығы… 2019 жылы Абайдың екі баласымен түскен фотосуретін негізге ала отырып, ақынның графикалық портретін бірнеше қайталап бердім. Әрине, Абай образын жасау, оның тұңғиық жанына үңілу өте күрделі болды. Дегенмен, графикалық суретке мұқият қарасаңыз, сіз одан Абайдың кейіп-кескінін, шындықты аңғарасыз», – деп санайды Нұрбұлан Нұғыманұлы. 

Суретші мұқият зерттеулер негізінде туындаған Абайдың иконографикалық портретін ақынның 175 жылдығына сый ретінде музейге тарту етті.

Бүгінгі күнде музей қорында Абай тақырыбына арналған 640-қа жуық бейнелеу өнер туындылары бар. Бейнелеу өнер туындылары көненің көзіндей, ескінің сөзіндей ескерткіш болып қана қалмай, тарих пен әдебиетті, мәдениетті насихаттайтын тәрбие құралының бірі екені аян. Абайға жаңаша көзқараспен қарайтын білімді ұрпақ барда бейнелеу өнеріндегі Абай тақырыбы да өзектілігін жоғалтпайды.

Нұрбұлан Өтепбаевтың еңбектері бағаланып, бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ендеше, суретшіге сәттілік, шығармашылық табыс, Абайды өмірге әкелген қазақ елі, қазақ елін әлемге танытқан абайтанушылар Абай шығармаларын өнер туындыларымен асқақтатып, жасай берсін деген тілектемін!

Мархаббат ҚАРАМЕНДІ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here