Гүлмира Қанай түркістандық мектеп түлектерімен кездесті

0
613

Түркістан қаласына іс-сапары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай өңірдегі мектептердің биылғы түлектерімен және оқушылармен кездесу өткізді.

Түркістан қаласындағы №2 Хамза атындағы жалпы орта мектебінде өткен кездесуде Қыздар университетінің басшысы оқу орны туралы жан-жақты әңгімелеп, көпшіліктің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді.

– Қыздар университеті әлемдегі тек аруларға арналған бірден-бір жоғары оқу орны. Университет 75 жылдан астам уақыт ішінде 60 мыңнан аса педагог дайындап шығарды. Білікті мамандар дайындауда көш бастап келе жатқан оқу орнында бүгінде 300-ден астам тәжірибелі ғалым-ұстаз қызмет атқарып, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша білікті педагогтар даярлайды, – деді Гүлмира Әмірханқызы.

Сонымен қатар ол Қыздар университетін таңдаудағы басты себептерді атап өтті.

– Қазіргі таңда университетте 50 бакалавриат, 27 магистратура және 14 докторантура деңгейлері бойынша алты мыңнан аса білім алушы оқиды. Әр деңгейдегі білім беру бағдарламаларының мазмұны жылда жұмыс берушілердің сұранысымен жаңартылып отырады. Университет АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университетімен, Польшаның Катовице қаласындағы Силезия университетімен қосдиплом бағдарламасы бойынша тығыз байланыс жасайды. Оқу орнында қажетті құралдармен жабдықталған ғылыми-зерттеу орталықтары мен түрлі бағыттағы зертханалық кабинеттер бар. Педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша грантта білім алып жатқан студенттер 42 500 теңге көлеміндегі шәкіртақы алады. Сонымен қатар тек біздің университетте ғана грантта білім алатын студенттерге үш мезгіл тамақтың қаражаты ақшалай түрде студенттің жеке шотына түсіріледі, – деп атап өтті университет басшысы.

Айта кетейік, бірінші курсқа түскен барлық студенттер жатақханамен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары бойынша университет түлектері 94 пайыз жұмыспен қамтылған.

Жиын соңында мектеп басшылары Қыздар университетінің ректорына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here